Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 4092 0 пікір 19 Қыркүйек, 2017 сағат 14:56

Ел ертеңі - бірлікте!

Ұлы Тұранды салқар далада қыран қылған, қайсар Ғұнды көктегі күн қылған бірлік еді. Сол бірлік, осы ұғым бүгін де маңызын жойған жоқ. Қасиетті қазақ жері татулықтың талбесігіндей болып тербетіліп тұр. Осы тыныштық, татулық пен бірлік біздің берік қамалымызға айналды. Қазақ жерін мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыстың балалары бір шаңырақ астында осы бірлікті қасиетті де киелі ұғым ретінде қастерлеп, жүректеріне терең сіңірген. Өйткені олар бірлігі бекем елдің болашағы да зор екенін біледі.

Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болған Ассамблея біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды.

«Бір халық – бір ел – бір тағдыр». Астарында үлкен мән бар осы бір сөз тірекстері біздің ынтымағымызды, халықтар достығын одан сайын нығайта түскен сияқты. Жақсы сөздің жағымды энергиясы әр қазақстандыққа өздерінің бір біріне бауыр екенін ұғындыра түскендей.Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды алдынан күтетіні – бір тағдыр. Осылайша, елдігіміздің ертеңі «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген ошақтың үш тағаны сияқты сөзге сыйып тұр. Осы сөздің аясында болашаққа бет алып, ынтымағы жарасқан ел ретінде талай асулардан асармыз. Алаштың жұрты әлемдегі айбарлы халықтың біріне айналады деген үміт бар. Жеті киелі сан. Осы санның киесіне бас ұрған Қазақ елі алдына жеті басым бағытты мақсат етіп қойған еді. Сол жеті басымдықтың бірі Қазақстан патриотизмі. Ассамблеяның XX сессиясының жұмысына қатысқан Елбасымыз патриотизмге баса мән беріліп, айырықша назарға алынғанын айтып өткен болатын. Өйтпей ше, қазақ атамыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзді бекер айтпаса керек. Отанды сүю бала жастан адам бойында қалыптасатын қасиетті ұғым. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер арасында патриоттық тұрғыдағы тәрбие-тәлімдерді тереңдеде түсудің маңызы зор. Елдің тұтастығы һәм беріктігі мақсатты жүргізілген осындай жүйелі істерге байланысты болмақ. Елбасымыздың меңзегені осы еді.  «Қазақстан этностық жанжалдардан азат аумақ болып саналады. Экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді. Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды. Біздер мен сіздер атқарған жұмыстың басты нәтижесі, міне, осы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әлем өзгеріп жатқанын, онда көптеген оқшаулағыш сызықтар: өңірлік және конфессиялық, әлеуметтік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болғанын айтты. «Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ басқан кезде қоғамның көпқырлылығын өзіміздің пайдамызға жарата білуге тиіспіз. Ассамблея нағыз жалпыазаматтық және жалпыхалықтық институт болуы тиіс. Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді», – деген еді Қазақстан Президенті. Елбасымыз осы жиында ұлттық бірлікті нығайту жөнінде бірқатар міндеттерді атап көрсетті. Ол қазақ халқы Қазақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлттық мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи діңі болып табылатынына тоқталды. «Қазіргі заманғы қазақтар ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс», – деді сонда Мемлекет басшысы.

Ия, елдің иесі – қазақ ұлтына өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға септесетін жалпыұлттық тарихи сананы дамыту қажет. Қазақстан Президенті толеранттылықты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ережелерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақсаттағы материалдық емес мәдени мұралардың белгі-нышаны ретінде қарастыратын қазақ қоғамының ішкі бірлігін нығайтқан жөн екенін атап өтті. Ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып саналады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ментальділік моделін, елдің болашақ бейнесін «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде қалыптастыру қажеттігін тағы бір еске салды.

«Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы сипатта болуға тиіс. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз өзіміздің мәдени кодымызды – тілді, салт-дәстүрді, құндылықтарды сақтай отырып қана оған балама бола алатын жауап қайтара аламыз. Ұлт бірлігін нығайтуда интеллигенция қызметі айрықша маңызға ие. Тек интеллигенция ғана қоғамды топтастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады», – деді Елбасы.

Елде индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда, әлеуметтік жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұл – Қазақстан халқының бірлігінің ең берік, материалдық негізі. Бүгінде баршаға мәлім шындық мынау: бейбітшілік пен келісім саясаты тікелей экономикалық тиімділікке ие. Ішкі тұрақтылық инвесторлардың сенімінің бекуіне, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді. Осы жиында Ұлт Көшбасшысы мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара ықпалдастығының тиімді моделін табу қажеттігіне назар аударды. Ол біздің еліміздің тарихи таңдауы зайырлы мемлекет пен қоғам болып саналатынын атап өтті. Қазақстан дәстүрлі діндерді қолдайды, бірақ кез-келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарады. Мемлекет басшысы екі онжылдық ішінде Қазақстанның жолы ұлттық табыстың өнегелі үлгісіне айналғанын тілге тиек етті.

«Бұл – бүкіл қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен топтасуының нәтижесі! Бұл – ұлттың нағыз пассионарлық бұлқынысы! Бұл – тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет. Біз осындай халыққа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіспіз! Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау. Алдымызда үлкен жоспарлар тұр. Оларды жүзеге асыру жаһандық өзгерістердің күрделі жағдайында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін барлық күш-жігермен нығайту қажет. Өйткені, біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!» – деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.

Татулығы мен ынтымағы жарасқан елге әрқашан бақыт қонып, құт даритынын данышпан бабаларымыз, ақын-жырауларымыз өсиет қылып айтып кеткен еді. Кейінгі ұрпақтың ата сөзін қастерлеп, сол сөздерді жадында ұстауы, өзге ұлыстармен ортақ мәмілеге келіп, достыққа ұмтылуы бүгінгі Қазақ елін осындай қуатты елдің деңгейіне көтергені анық. Лайым, бірлігімізге ешқашан селкеу түсірмей, Алаштың айбынын асқақтата берейік, ағайын!

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577