Жұма, 24 Қараша 2017
Тұлға 1480 2 пікір 9 Қараша, 2017 сағат 11:52

Есенғали Раушанов: Әмірхан Балқыбек деген балаға неге асықтың дегім келді…

Жақында Есенғали Раушановтың «Амал деген айыңыз…» атты кітабы жарық көрді. Ақынның ол жинағын жастар жағы баспадан шықпай жатып-ақ оқып, өлеңдерін жаттап алдық десем, артық айтқандық емес. Кітабының электронды нұсқасын Есенғали ағаға жиі баратын жас ақындардың бірі маңайындағы жастарға таратыпты. 

Кітабын оқып шыққасын өз арамызда талқыладық, сосын көкемізден сұқбат алғымыз келді. Осы ойымызды айтып, жанына жақын інісімен бірге ақынға бардық. «Сұқбат аламыз дейсіңдер ме?! Өлеңдеріме байланысты ма? Қойыңдаршы, не керегі бар сол сұқбаттың?! Сұқбат берсең, соңыра құлағыңа тыныштық болмайды екен. Мен кейде ойымды іркімей, оқыс бірдеңелер айтып қалам ғой. Содан жау көбейтіп аламын», – деді.  «Ол сұқбатты қайда бересіңдер?!» деп сұрады. «Қолай көрсеңіз, еліміздің бас басылымына, сосын бүгінгі жастар көп оқитын журналға берейік», – дедік. Сөйтіп, ақын інісі екеуміз екі жақтап әупірімдеп көндіріп, екі күннен соң сұқбаттасар уақытты келісіп кеткендей болдық. Сұхбат "Ақ желкен" журналында жария болды.

….Екі күн бойы көкеміздің телефонына кезек-кезек хабарласамыз. «Шаруаларым қабаттасып кетті, сосын хабарласайық», – дейді де, артынша хабарын ала алмай қаламыз. Содан шыдамай, жастардың (жалпы оқырманның десек те болар) көңіліндегі көп сауалды үш-төрт параққа жазып алып, көкемізге айтпай бардық. Көңілімізде сұқбат бермеймін деп айнып қалды ма деген күдік те жоқ емес. Осы оймен кеңсесіне абдырай кіріп барғанымызда, қазіргі интеллектуалды поэзияның бір өкіліне жекіп, ұрысып: «Бәрін қой да, өлеңіңді жаз» деп отырғанының үстінен түстік.

Туған күнімен құттықтап жатырмыз. «Айтпақшы, ертең менің туған күнім екен ғой, ертең үйде кісі көбейіп, алашапқын болады-ау», – деп ойланып қалды. Сосын интеллектуал інісіне: «Мына екі бала екі күн болды, сұқбат аламыз деп, соңымнан қалмай жүр. Қазір әңгімелесіп отырып, сұқбат беріп қоямын-ау осы», – деп риясыз күлді. Осы арада ақыннан кітабына қолтаңба жазғызып алуға келген ҚызПУ-дың Оралай есімді студент қызымен де сөйлесіп үлгерді. Оралай эссе жазады екен. Көкеміз: «Оқыған  дұрыс, айналайын, арасында қалам түртіп тұрыңдар, сол жақсы», – деп, ол қызға да шығармашылық туралы аз-кем әңгіме айтып, бағдар бергендей болды. Сосын жаңағы интеллектуал ақынды шығарып салды. Кабинетте қалған үшеу аз-маз даудырап отырдық та, осы сұқбатты бастап кеттік…

- Тұманбай ағамның өлеңі бар еді:

«Гүлдерді үздім, ол өзіме белгілі,

Талай гүлдің обалына ортақпын.

Тірлігімде ендігі

Гүл үзуге қорқақпын», – деп басталатын. 60 деген не? Алпыс деген – өкініші көп екі отыз екен. Өткен өмірдегі көп нәрсені қайта жасауға болар ма еді. Бірақ, ол мүмкіндікті маған кім береді? Неге өкінбейін? Өкінішім бар. Ол – жазу. Бастап қойған, ортасына келген, аяқтай алмай жүрген дүниелерім бар. Ендігі жерде Алла өмір берсе, соларды бітірсем деймін. Аяқтай алмасам, өмірдегі үлкен өкінішім сол болады. Ал сендер шен-шекпен дейсіңдер. Болмады енді… Не істеймін, - деп ағамыз әңгімесін бастап кетті..

– Кітабыңызды оқып шықтық, сол жинағыңыздағы өлеңдеріңізге байланысты бірнеше сауал қояйын. Нағыз досыңыз жалғыздық екен. Сол досыңызбен жиі кездесіп тұрасыз ба?

– Бұрын мен оны жолатпауға тырысатынмын. Жас ұлғая келе ол сенімен дос болып, үйіңнен шықпай қояды екен. Тұмағаңның: «Екі бетім бар менің, бірі өзімдей қап-қара, Ит қосып қу сен оны, жолатпағын қақпаңа» дейтін өлеңі бар. Жалғыздықты ит қосып, жанымнан қуып тастау менің қолымнан келмеді.

Қарындасым жұмаққа да кірмей, есіктің алдында мені күтіп жүргендей сезіледі

– Домбыра туралы өлеңіңізге қатысты білгім келіп отыр. Арманда кеткен ағасын еске алып, сорлы інінің айтқан бір сөзі ретінде жазған өлеңіңіз әсерлі екен. Домбыраңыздың шанағы қай күні шашылды? Қай күні домбыраңызды ұрып сындырдыңыз?

– Біз бір үйде 8 ұл, 4 қыз – 12 бала өстік қой. Раушанұлы Әбдіжаппар деген кісінің ұрпағы кешеге дейін бүп-бүтін, бәрі аман-есен, сау-саламат жүр едік. Амантай дейтін ағам Бекет ата мешітіне зиярат етіп барып, кенет сол жерде жүрегі ұстап, қайтыс болды. Біз өзі Бекет атаның тұқымымыз, атаның Жайлау деген баласынан тараймыз. Мен ол кезде іссапарда жүр едім. Жайсыз хабарды естіген бойда жеттім. Содан бастап біздің ірге сетіней бастады. Ал жаңағы домбыра туралы өлеңді айтсақ, Амантайдың қайтқаны – отбасымызға түскен тұңғыш ауыртпалық. Бұл өлең сол кездегі дәрменсіздіктен туған бірдеңе ғой, оны қайдан тауып алдыңдыр, басқа ештеңе жоқтай, тоба. Қойшы басқа сауалың бар ма?! Соған жауап берейінші…

– Құстар қайтқанда айғай салғыңыз келеді екен. Құстар қайтқанда тағы қандай сезімде боласыз? Мұны сұрап отырғаным, ағаларыңызға деген сағынышыңызды қалай басасыз?

– Ағаларымның бірінен соң бірі кетіп жатыр ғой. Жалғыз қарындасым бар еді, ол да жоқ бүгін… Осы 50 мен 60 жастың арасы айналамды сиретіп кетті. Туған ағаларымдай болған Тұмағаң мен Қадекең келісіп алған сынды бірінің соңынан бірі кетіп қалды. Әбіш ағам мен Фариза апай да жоқ. Бірінен кейін екіншісі… Жүр ғой сол кісілердің кейбір қатарлары. Өмірге де, өлеңге де ештеңе бермеген, әдебиетте түк бітірмеген ақсақалдар да жүр ғой анау. Жүре берсін, көпсінбейік. Бірақ, олардан гөрі мен Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің ортамызда болғанын жақсы көрер ем. Ағаларыма деген сағынышты оңаша қалып, соларды ойлап отырып қана жеңесің. Сағынышты тежеудің басқадай жолы жоқ…

– Әңгімеңізден де, өлеңдеріңізден де ағаларыңызға, келмеске кеткен жақындарыңызға сағынышыңыз барын білдік. Сіз үшін сағынышыңыздың ең аяулысы қайсы?

– Туу, сен менен лирик жасайын дедің ғой. Ол бола қоймас. Дегенмен… Қарындасым 12 баланың ең кенжесі еді. Жаман аурумен ауырды. Оның жазылмайтынын біз білдік. Әйтсе де, соңғы сәтке дейін үміт үзбедік, жазылады деп жүрдік. Үзілер сәтіне дейін қасында болдық. Осы кітаптағы «Менің аңқау тәтем» дейтін өлең сол Сәлимаға арналған. Мен оны еркелетіп, «тәте» дейтінмін. Тірі жүрсе, қарындасымды өзім көрмеген жерлерге апарғым келетін. Сол көктемде екеуміз Еуропаны аралап, қыдырып қайтуға құжат рәсімдеп, билет алып қойып едім. Өйткені, қарындасым Еуропаға, Көне Рим мәдениетіне аса құштар еді. Сол туралы материалдарды көп оқитын. Римді көрсетіп, ар жағында Флоренцияға, Миланға барамыз деп жүргенімде, жағдай мынадай болды… Кетіп қалды, мамамды сағынған шығар. Маған қатты бататыны сол. Қарындасым әлі күнге жұмаққа да кірмей, есіктің алдында мені күтіп, жылап жүргендей сезіледі ылғи. Бір-екі өлеңімді осы кітабыма кіргізіпті редактор бала Шерхандар. Тұмағамның әпкесі қайтқанда: «Әпкем жатқан тас қабір өмір бақи, Жас боп тұнып тұрады жанарымда» деп жазған өлеңі бар. Тұмағаның сол халіндей біздікі. Маңғыстауда жерлеу рәсіміне, бейіт тұрғызуға ерекше мән береді. Біздің аталарымыз сол Үстіртте, Көне бейнеу деген зираттарда жатыр. Пантеондар сияқты құдды. Зираттың етегінде Бекет атаның жерасты мешіті бар. Сол бейіттегі биіктігі кісі бойындай үлкен құлпытас менің анамның арғы атасы Хафиз Меңдіқұл батырдікі. Анам да, ағаларым да сол бейіттен орын тапты. Қарындасымды да сол бейітке, анамның қасына жерледік.

– «Сен қалтырамашы, жалғыз жапырақ, Менің жалғыз қарындасым бар» деп келетін қарындасыңызға арнаған ілгеріректегі өлеңіңізді қай жасыңызда жазып едіңіз?

– Ол кезде Сәлима жас еді. Мамам қайтқан жылы ғой. Мен 35-36 жаста шығармын. Ол өлеңде «Сен қалтырамашы, жетім жапырақ, менің жанымды ауыртып» деп жазғаным – анамның өмірден өткені бәрімізден бұрын сол балаға қатты батты. Ол – менің өмірімдегі жүрегімді ауыртып, сыздататын жағдай…

– Жан жараңызды тырнап, көңіліңізді ауыртар әңгімелерге жетеледік, кешіріңіз…

– Жо-жоқ, ештеңе етпейді, бірде болмаса да, бірде айтылады…

– Ауылыңызға соңғы рет қашан бардыңыз?

– Анам арғы дүниеге аттанған соң ауылға біраз уақыт бармай кеттім. Шешең кеткен соң орны ойсырап, біртүрлі боп тұрасың. Сондықтан ба екен, көңілімде ауылыңа деген өкпе, наразылық болды. Соңғы кезде ауылға бармаймын десем де, баруға тура келіп жүр. Өйткені, қайтқан кісілерге көңіл айтуға кіремін әрі той-томалаққа да қатысу керек. Оның үстіне тағы бір үлкен ағам Жолдасбай кеткен соң бала-шаға маған қарайлайды, туыстардан, ауылдан тамырды үзбей, қарайласып тұру керек. Әрі жас ұлғайған соң, туыс-туғанның, туған жердің қадірін білесің. Қазір ауылға жиі баратынымның себебі содан. Әрі мен ресми жөнінен келгенде, сол ауданның Құрметті азаматымын. Анау профессор Жауынбай Қараев екеуміздің ауылдың автобусында тегін жүруге хақымыз бар. Бірақ біздің ауылда автобус жүрмейді.

Іштегі шемен шындықты жасыруға тура келетін кездер болады

– Өлеңіңізден «Бақыты кемдеу адаммын, Абыройы артық ақынмын» деген жолдарды оқып, ойға қалдық. Сіздегі бақыттың кемдігі неде?

– Оны тап басып, бақытымның кемдігі мынада деп айдар тағып, айтып бере алмаспын. Бірақ, әйтеуір кемшін екенін білемін. Өзім солай сезінемін. Әрі онымнан қателеспейтін сияқтымын. Ал абыройы артық ақын екенімді ішім сезеді. Неге сезбейін?

– «Жаңа жылдағы ескі өлеңіңізді» оқысам, сыртыңыз бүтін, ішіңіз ала дауыл болатын кезіңізді көрем. Ондай кезіңіз көп пе? Әрі нендей оқиғаларға?

– Бала кезімде «Бесік мола» дейтін өлең жаздым. Біздің ауылда бір үйде кішкентай сәби шетінеген еді. Неге екенін, бейітінің басына бесігін апарып қойыпты. Бесіктің басында қоңырау бар. Зираттың жанынан әрі-бері өткенімізде әлгі қоңырауды жел тербеп, зарлап қоя беретін шылдырлап. Сол сияқты, жел үп етсе, сарнап қоя беретін көне бесіктің қоңырауы сынды ғой ақынның көңілі деген. Латын тілінде «Totus mundus agit histrionem» деген мәтел бар. Орысшаға аударғанда «Весь мир разыгривает спектакль» деген сөз. Бұл – Англиядағы Шекспирдің өзі ойнаған атақты «Глобус» деген театрдың маңдайшасындағы жазу. Шекспир артист болған ғой. Әлемнің бәрі спектакль ойнап жүргенде ішіңдегі шемен шындықтарыңды жасырып, сырт көзге сенде бәрі жақсыдай жақсы көрінгің келіп немесе көңілділеу боп көрінетін кездерің болады. Ондай кез менде де болып тұрады. Кейде одан да шаршайсың. Осыдан бір демалайыншы дейтін сәтім де болады. Бірақ, әй, қайдам-ау?! Көңілдің алай-түлейі таусылса, өмір де бітетін шығар. Тіпті, оған келіспесеңдер, шығармашылықтың аяқталғаны болар. Ал мен шығармашылықтың біткенін қаламаймын. Шығармашылықтан өзге менің нем бар?!

Шетелге кеткен қарындастардың көзінен мұң көремін…

– «Басы бар, бірақ аяғы жоқ өлеңіңіздің бірін» кітабыңызға енгізіпсіз. Мұндай өлеңіңіз көп пе?

– Иә, көп. Сол өлеңде байқағаныңдай, келіспеушілік бар. Дүниедегі ең жауыз, ең кеще – Әйел деп айтқанмын. Ол аздай, оның алдында «Әйелден ақын шықпайды, Әнші не күйші болмаса» деп өлең жазғаным тағы бар. Осыларды ескерсек, әйелдер жағы мені ату жазасына байлап беруге дайын, негізі. Жас кезімде мені көп әйел жақсы көреді деп ойлайтынмын. Бірақ Әйел-Ананың даналығына, ананың мейірімділігіне қаншалықты таңғалсам, әйелдердің жауыздығына жағамды ұстап, түңіліп кеткен кездерім де аз болған жоқ. Ондай жауыздықты, соншама кещелікті тек әйелдер ғана жасай алады. Әлбетте, әйелдерді жек көремін деген сөз емес. Мұным – алдыңғы айтқан пікірлеріме келе-келе көзім тағы да жетті дегенім. Ана жолы Бунин туралы мақаламда шетелге тұрмысқа шыққан әйелдер туралы айттым. Сол мақаладан соң маған біраз қыз-келіншек хабарласып, мені «жерден алып, жерге салды». Көбінің сөзі «Қыздардың шетелдікке шығып, шекара асып кеткендерінде тұрған не бар?! Есенғали ағамыз оны неменеге жазғырады?» дегенге саяды. Байлыққа қанша малынып, төгіліп тұрса да, мен шетелге кеткен қарындастарымыздың көзінен мұң көремін. Жарайды, мен Америкада бәліш сатып немесе Италияда жүзім суаруға есекпен су тасып жүрген қыздар туралы айтпай-ақ қояйын. «Баймын, бармын, бақыттымын» деп жүргендердің өзі біртүрлі қоңылтақсып тұрады. Әлде менің соларға деген көзқарасымды сезіп қоя ма екен, кім білсін?! Асылы бар ғой, қазақтың әйелі түзелсе, қоғамы да түзеледі. Бұл қазақтың қыздары бұзық дегенім емес, қаракөздеріміз еліктеу-солықтаудан арылып, өзін кем сезінбей, артық та сезінбей, баяғы әжелеріміз секілді таза ұлттық тәрбиеге көшсе, Қазақстан жасарады, жаңғырады.

– «Аз жаздым деп емес, аз оқыдым деп өкіну керек» деген сөзіңіз бүгінде жастардың арасында қанатты сөзге айналды деуге болады. Кімді оқымадым деп өкінесіз?

– Оқи алмай жүрген дүниелерім бар. Қажет деген кітаптардың біразы оқылды ғой. Енді соны қайталап оқуға уақыт таппай жүрмін. Қайталап қараған сайын бұрын оқыған дүниеңді жаңадан ашасың. Соған қолым тимегеніне ішім удай ашиды. Менің үйдегі кітапханам біздің жігіттердің ең тәуір деген кітапханаларына, кем түсті деген күннің өзінде, жетеқабыл шығар деймін.

Әлем әдебиетінің 200 томдығы өз қатарымызда ә дегенде менде ғана болды. Кейін байығандар сатып алып жатыр. Рас, оның бірсыпырасы кеңестік идеологияға сәйкес шыққан кітаптар, дей тұрғанмен деңгейі өте биік. Ол уақытта әдебиетке деген көзқарас, талғам жоғары болды. Алда-жалда мына директорлықтан кететін болсам, бос уақытым мол болса, шіркін, сол кітаптарды қайта оқып шыққым келеді.

– Ілгерідегі бір сұқбатыңызда «Өмірімнің соңына дейін оқып бітуім тиіс кітаптардың тізімін жасап қойғанмын. Ол тізімде кімнің кітабы барын айтпаймын. Әрі ол кітаптардың қатарында Раушановтың кітабы жоқ» деген болатынсыз. Бәлкім, сол кітаптарды осы сұқбатыңызда айтарсыз?!

– Жо-жоқ, оны айта алмаймын. Әрине, кітаптардың сұлтаны аспаннан түскен төрт кітап қой. Ал менің өмірімнің соңына дейін оқылуы тиіс кітаптардың тізімі басқа. Оны тағы бір келгендеріңде айтармын. Әрі ол тізімде Раушановтың кітабы жоқ екені айдан анық.

Әмірхан Балқыбек деген балаға неге асықтың дегім келді…

– Меніңше, поэзияда бағаланбай жүргендерден гөрі, артық бағаланып жүргендер көп. Мұқағалиды да уақытында бағаланбады дейсіңдер. Мұқағалидың өлеңдері жарияланбай қалған кезі болды ма? Сейдақаң Бердіқұлов марқұм басқа-басқа, оның өлеңдерін «Лениншіл жасқа» үзбей шығарып тұрды. Ол Мұқағалиды жиі жариялағандай ешкімге кеңдік жасаған жоқ. Комсомолдың газеті, заман солай-тын. «Райымбек, Райымбек» деген поэмасы да кейін сонда жарық көрді. Кітаптары да үзбей басылып тұрды. Рас, марқұм Сағат Әшімбаев сынады оны бірде, ел соны әлі айтады. Бір айда «Қазақ әдебиеті» газетіне екі рет жамандап жазған кісілер де тірі жүр емес пе? Ал сендер әділдік дейсіңдер! Бағаланбады деуге негіз жоқ тегі. Мұқағалиға Мемлекеттік сыйлық берілмеген шығар, иә?! Кезінде Мемлекеттік сыйлық алмаған тек ол ма? Тоқаш көкеміз бен Өтежан Нұрғалиевті неге айтпаймыз? Сағи Жиенбаев ше? Мұхтар Шаханов ше? Тынымбай Нұрмағамбетов ағаларыңды қайда қоямыз? Сайын Мұратбековтің өзі кеш құрметтелді ғой. Оған тек бір «Жусан иісі» үшін ғана бүкіл сыйлықты берсе, артық па еді? Сосын бағалау-бағаламауды, мемлекет сыйлығымен өлшейтініміз не осы? Бүгін Мемсыйлықты үйтіп-бүйтіп алғандар ертең бүйтіп-үйтіп қайтып береді, көресіңдер. Өзгерді бәрі. Мақатаев Партия қатарынан шығарылған шығар кезінде. Партия қатарынан неге шеттетілгенін мен білмеймін. Бірақ, оның несі өкініш?!

– Қазіргі ақындардың өлеңдеріне көркемдік жетіспейді дегенге қалай қарайсыз?

– Жылдар өте келе тәжірибесі молайғанда жастар көркемдік жағын қалыптастыра жатар. Осылай деп жұбатуға да болады жас ақындарды. Бірақ, Поэзия деген дүние оны көтермейді. Поэзияда бар немесе жоқ деген екі шет бар. Егер сол шетте болмасаң, қатардағы 700 жазушының бірі болып жүре бересің. Қазіргі жас ақындарға бірінші кезекте шынайылық керек. Өлеңді есеппен жазатындар көп. Мүшәйраға өлең жазып, бір жүлдені қағып кетейінші, несиемді жауып, жыртығымды жамайыншы деу дұрыс емес. Өлеңмен жан сақтап, онымен баюға болмайды. Баюдың жолын іздесең, басқа шаруа істе. Тіпті болмаса, француз ақыны Артюр Рембо сияқты бәрін қойып, сауда істе. Артюр Рембо құл иеленушілердің заманында құл әкеліп сатқан, мысалы. Сол сияқты дүние табуға Өлеңді араластырма. Сосын ағайын қуалау, жерлестікке салу да – өлеңге керек емес нәрсе. Ағайыныңды үйіңе шақыр, қонақ қыл, бауырыңа тартып, бас сыйла, бірақ әдебиетке араластырма. Сосын оқу керек, яғни білімді болу қажет.

– Аға, ақындардың аузынан өмірден өтіп кеткен ақындар Бауыржан Үсенов, Артығали Ыбыраев, Әділ Ботпановтардың есімін жиі естиміз. Көпшілігі аты аталған ақындарды «мықты ақын еді, тірі болса әдебиетке берері бар еді» деп жатады. Ал сіз не дейсіз?

– Ел аузында айтылмай, ұмытылып бара жатқан ақындар тек олар ма, мысалы, Қайнекей Жармағамбетов, Еркеш Ибраһим, Ізтай Мәмбетов, Нұрлан Мәукенұлы ше?

«Мен туыппын ақпандатқан боранда,

Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?!

Алақұйын мінезім бар ашулы,

Қапелімде басылам ба, қоям ба?!» деген Ізтайдың керемет өлеңі болатын. Артығали, сөз жоқ, жақсы ақын еді, ол туралы Аманхан Әлім жазды. Маралтай жоқтайды. Ал сен сұрап отырған Әділдің өлеңдерінің жариялануына ең алғаш мен ықпал жасап едім. Есімде жоқ, Қызылордадан біреудің хатын әкеліп еді. Маған келіп кетіп жүрді ол бала. Бұлай болады деп ойлаппын ба? Бауыржанды болса, алғашында әнші ретінде білдім. Марқұм Табылды Досымов екеуі қосылып, гитарамен керемет әндер орындайтын. Кейін өлеңдерін оқысам, мөп-мөлдір, шынайы. Сосын Нұрлан Мәукенұлы деген жақсы ақын болды. Өкініштісі, өмірден ерте қайтып кетті. Одан беріде мына Әмірхан Балқыбектің кетіп қалғаны жүректі ауыртады. «Көкелеп» тұрушы еді айналайын. Университетке оқуға түсуіне мұрындық болған да өзім едім. Өткенде Шардараға Жұмабек Мұқанов дейтұғын қырықмылтық курстасымның жаназасына барғанда бейітін көріп, құран оқып кеттім. «Неге асықтың, батыр?!» деп сұрағың келеді. Құдай-ау, жап-жас жігіттер ғой солар. Әдебиетке сондай көп оқитын, шығармашылыққа шын берілген адамдар керек еді. Амал не?!

Өмірде әртістік жасаған кездерім болды ма?.. Неге?..

– Қазақ әдеби сыны үшін жұмбақ күйінде өмірден өткен көкеңіз Тоқаш Бердияровтың шығармашылығын, табиғатын, өлеңін бір кісідей түсіне алдым, жұмбағын шеше алдым деп ойлайсыз ба?

– Жоқ, әрине! Тоқаш көкемнің жанында жүргенімде ол кісінің қатарлары, тіпті, Тұмағамдардың өзі маған біртүрлі қызғанышпен қарады. «Тоқаштан басқамыз жоқпыз ба?» дейтіндей көрінетін. Тоқаш көкем алғашында маған адам ретінде қызық болды. Күтпеген жерден бірдеңелерді шығарып жүретін. Мінезі қызық еді. Отырып-отырып партияны боқтайтын, елдің сол кездегі патшасына тиісетін. Оған біздің «жанымыз кіреді». Көшеде әскери киімді адам көрсе, соған тап беріп, жоқ жерден бүлік шығаратын. Сонысы үшін апарып, қамап қоятын. Ертесіне қамаудан шығарып жібереді. Сөйтсек, көкеміздің қолында «соғыста жүйкесі жұқарған» деген сынды қағазы болады екен. Ештеңеден қорықпайтын еді. Қазір ойлап отырсам, қазақ тілінің тағдырына қатысты сол заманда оңды пікір айтып жүргендердің бірі сол кісі екен. 500-ден астам қазақ мектебі жабылыпты Кеңес өкіметінің тұсында. Алматыда жалғыз қазақ мектебінің барына күйініп жүретін. Өлең басатын «Қазақ әдебиеті» мен «Лениншіл жас» қана. Есесіне ешкімге керек емес газет-журналдар көп болатын. Жастардың «Жалын» альманағы 2 айда 1 рет қана шығатын. Ал ол уақыттағы әдеби қажеттілік басылым екі аптада бір жарық көрсе де болатын еді. Ал Тоқаш Бердияровтың өлеңдеріне келсек, көкем өлеңді қырсықтық, қыңырлықпен бұзатын. Қазақтың қара өлеңіне қатысы жоқ ұйқастарды жасайтын. Көкем бауырына тартқаннан кейін қатарластарымның жанында мәз болып, қоқиып тұратынмын. Сөйтіп, жүргенімде бір күні маған айтқаны бар: «Жо-жоқ, Тоқаш Бердияровқа жақын жүремін деп ты даже не надейся, дорогой! Маған сенен гөрі Нұх Пайғамбар жақын. Өйткені, ол өзім сияқты матрос!», – деп.

Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағының бірінші хатшысы болды ғой. Өзі қатал кісі болатын. Бірде баспалдақтан дік-дік етіп, әскери жүріспен түсіп келе жатты Жұбағаң. Алдынан Тоқаш көкем айғайлап шығады. «Товарищ капитан!» дей ме, әйтеуір орысша бірдеңелер айтты. Мына жақта мен қазір Жұбан көкеме ұрсып тастайды-ау деп қорқып тұрмын. Жоқ… Тіп-тік ағамыз Тоқаңды қапсыра құшақтап, көтеріп алды да, орнына дік еткізіп қайта қойып, кете берді. Сонда таңғалдым. «Көрдің бе, мені Молдағалиевтің өзі құшақтап, бетімнен сүйді» дегендей мәз болып көкем тұр шекесінен қарап. Әйтпесе, алдынан айқайлап шықпақ түгілі Жұбақаңа жолау қиын. Тоқаң 16 жасында өз еркімен соғысқа сұранып кеткен кісі. «Соғысқа неге сұрандыңыз?» деп сұраймын ғой. «Екі тетелес ағамды соғысқа алып кетті. Ағаларымды сағынып жылайтын едім», – дейді. Военкомға барса, «Әлі баласың, әскерге жарамайсың» деп қуып жіберіпті. Содан ақыры қоймаған соң, Тоқаңды майданның ең қиын аймағы теңіз әскеріне жіберген. Сондықтан Тоқаңды түсіну қиын. Көп адам ол кісінің кейбір әрекеттерін ұқпай: «Жұртты жынды ету үшін әртістікпен істейді», – дейтін.

– Бәлкім, бұл сұрағым әбестік болып көрінер, әйтсе де сізді де жіті танымайтын, өзіңізбен жақын араласпаған жандар «Есенғалида әртістік бар. Керек жерде әртістігіне салып, жұртты әдейі жынды ғып қояды» деуі мүмкін. Әртістік сізге Тоқаш көкеңізден жұққан жоқ па осы?

– Мүмкін… Көрсең жының келетін, оқысаң қай-қайдағы сайтаныңды қоздыратындарға жөн сөйлеудің неге керегі барын ұқпаймын. Жөн сөзіңді қор қылғың келмейді. Әсіресе, соңғы ширек ғасырда сондайлар қаптап кетті. Бірақ, бір нәрсенің басы ашық. Басым жерге жеткенше Өлеңге шынайы болып өтемін. Өлеңге әртістік жүрмейді. Ал өмірде «вариациялар» жасалуы әбден мүмкін, жасадым да әкесін танытып талай рет, оны мойындаймын.

Римге рухани тазару үшін барамын

– Жуырда Бунин жайлы мақала жаздыңыз. «Әлем қалаларының қай-қайсысында да сиқырлы нүктелер болады. Сол нүктелер қашан келсең де, қанша рет келсең де сені өзіне тартып тұрады», – дейсіз сол мақалаңызда. Сізді әлемнің қай қаласының сиқырлы нүктесі өзіне жиі тартады?

– Париж. Онда Келісім алаңы деген бар. Сол жер көбірек ұнайды. Әрине, мен жиі тартады деп Римдегі Императорлар пантеонын айтуыма болады. Әйтпесе, Американың Лос-Анжелес қаласының төңірегіндегі Hollywood, Вeverly Hills не Las Vegasты айтуыма болар еді. Мәскеудегі Третьяков галереясын, Санкт-Петербордағы Петергоф деген қалашықты атауыма әбден болады. Ондай ғажап сұлулық еш жерде жоқ. Бірақ, сол сұлулықтың бәрі маған жасанды, суықтау болып көрінеді. Ал Париждің маған ұнайтыны – қазақтың табиғатына келетін қала сияқты. Еркін, қалай жүрсең де болады. Қызым Нұргүл екеуміз Парижге көп бардық. Нұргүлтай ол кезде  Англияда оқып жүрді, Еуропаны менімен бірге 2-3 рет аралаған бала. Маған ылғи: «Әке, Парижді емес, басқа қалаларды да көрейікші», – дейді. Бірақ, мен көнбей, бір күнімді Парижге арнаймын. Өйткені, Парижге  таяу Версальды айтпағанда, атақты Лувр бар ғой. Ал Луврде Мона Лиза тұр. Ол туралы мен жаздым кезінде. Мона Лизаны айтам…

– Әдетте адамдар саяхатқа, шетелге, өзге қалаға тек демалу үшін емес, ойлану үшін аттанады. Сіз де шетелге көп шығасыз. Рухани тазару үшін қай қалаға жиі барасыз, сіздің рухани тазару қағбаңыз қай жерде?

– Рим. Мен ғана емес, кезінде көпшіліктен «Неге Римге келесіз?» деген әлеуметтік сауалнама жүргізіліпті. Сонда саяхатшылардың басым бөлігі «тазару үшін» деп жауап берген екен. Жарты әлемді уысында ұстаған Юлий Цезарь немесе Клавдии, болмаса Калигула туралы айтсақ та, бәрі Римнің тарихымен байланысты. Калигула өзінің мініп жүрген қара айғырын Сенатқа жетектеп әкеп, депутаттардың қатарына қосқан: «Міне, мына жылқы да Сенатор болсын, өйткені, тілі жоқ болса да, ол сендерден гөрі ақылды, шынайы», – депті. Астындағы атын Сенатқа мүше етпек болған тарихтағы осы оқиғаға қатысты менің «Осының дұрыс болды» дейтін бір тұспал өлеңім бар. Римдегі Колизей – кезіндегі гладиаторларды, құлдарды соғыстырған, ат жарыстырған, садақ атқан стадион ғой, бүгінде соның бірі жоқ. Қазақ айтпақшы, дүние жалған… Италиядағы Помпеи деген асып-тасқан, шалқыған керемет қала бүгінде құмның астында жатыр. Осының бәрі адамды шынымен ойландырады.

– Бунин туралы жазғаныңызда «Дүниенің қай нүктесіне барсаң да, бір-бірінен аумайтын кәсіп иелері болады. Олар бірінші кезекте полицейлер, сосын көше жезөкшелері мен депутаттар және таксистер. Олардың бәріне ортақ қасиет – қатігездік» деп Эрнест Хемингуэйдің сөзін келтіресіз. Полицейлер мен жезөкшелердің қатігездігі түсінікті ғой. Депутаттар мен таксистердің қатігез болатыны неліктен?

– Апам да айта береді демекші, Хемингуэйдің сөзін таза шындық деп қабылдамау керек. Десек те, таксистердің ала-құласы болатыны сияқты, жаңағылардың арасында жақсысы да, жаманы да бар. Жаңа айттым ғой, классиктің полицейлер мен көше жезөкшелерін, депутаттар мен таксистерді қатігез дегені – ұрымтал айтылса да ұтымды сөз емес. Солай деп жаз. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бірақ, әйтеуір сол сөздің бір жерінде шындық бар.

– Көне бейіттерді аралауды ұнататын көрінесіз. Әрі жаңа жердегі, шетелдегі көне бейіттерді аралаған адамды өзіңізге дос санайды екенсіз. Себебі неде?

– Еуропаның ескі қалаларында айталық, Париж бен Римдегі немесе Германиядағы ескі бейіттерді араласаң біртүрлі қызық. Құлпытастарын біздің елдегідей үлкен күмбез етіп, мұнара сынды салмайды. Кішкене ғана, елеусіз  тұрған құлпытас. Ал ондағы жазуды оқысаң, 1500 бірдеңесінші жылы қайтыс болған кісі. Оның кім екенін де бүгінде жұрт ұмытқан. Аралап жүргенде шіркеудегі Поптардан, Папаздардан, бұл кісі кім болған деп сұраймын ғой. Жауабы біреу-ақ. «He was the sun of Christ». «Бұ да Иса Пайғамбардың баласы еді», – дейді. Болды… Көне бейіттерді аралау әдетім қайдан пайда болды білмеймін. Азия елдеріне барсам да, көне қорымдарды аралағым келіп тұрады. Құлпытастардағы ескі жазулар ойландырады. Бейітке барғаннан қорқатындар да бар ғой. Мен керісінше сол зиярат жасауды ұнатамын.

Мен жастарды ертіп жүрмеймін, олар маған ергісі келеді

– Дәурен Қуат айтпақшы, қарымына толмайтын қай пендеге де қабылан мінез көрсетіп, маңайынан жүргізбейтін Есағамыз бүгінде жастарды ертіп алып, сағаттап әңгіме айтады екен. Тіпті, үйіне қонаққа шақырмақшы екен деп естиміз. «Жабық» едіңіз, бұлай «өзгеруіңізге» не себеп?

– Мен оларды ертіп жүрмеймін, олар маған еріп жүреді. Менің кез келген нормальный ақын сықылды, өзіме өзім разы болмай, оны ешкімге білдіргім келмей, өзімнен өзім жалғызсырап жүретін кездерім болады. Сонымды мына жастар байқайтын болуы керек. Жалғызсырап қалмасын деп, бәлкім аздап аяп дегендей, не болмаса «осы жолы не айтар екен, не бүлдірер екен?!» дей ме, осы отырған өздерің құсап, іздеп келеді. Қулық-сұмдығы жоқ балалар ғой бәрі. «Осы Есенғали ағаның өлеңін оқып, ол кісіге жағынайыншы. Бірдеңесін пайдаланып қалайыншы» деген сынды есеп-қисап жоқ. Ондай есеп мына менің жасымдағы және менен кейінгілердің қатарындағы қуларда бар. «Ертең бұл адамның маған керегі болады, тым құрыса мерейтойыма келіп сөз сөйлеп береді ғой» деген сияқты. Ондай ғадет менде жоқ. Мен той-томалаққа, қонаққа көп бармайтын қазақпын, ара-тұра болмаса. Ырду-дырду да менің қолым емес. Мұнымды қатыгездікке санайтындар бар.Санай берсін. Мұқағали:

«Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,

Тапты да түсірді ғой торға мені», – дейді. Торға түспей кеткен кім бар екен, сірә?!

Бала күнімде Байшұбар атанғанмын

– Аға, сұқбатқа келерде интернетті ақтарып, сіз жайлы пікірлерді шолып шығып ем. Бақытжан Алдияр деген ақын ініңіз өлеңдеріңізге ғажап деп тамсанып, «Ешкімге қимайтын Өгем өлеңге, Мақпалкөл мақамға тек осы кісіні ертіп барар ем. Құбылыс қой Есағам» деген пікір қалдырыпты. Кезінде Қадыр Мырза Әли ағамыз шығармашылығыңызға тамаша баға берді. Күні кеше Серік Ақсұңқарұлы да әлеуметтік желіде сіз жайлы жылы лебізімен бөлісіп жатыр. Осындай өзіңіз туралы жақсы пікірлерді естігенде, қандай сезімде боласыз?

– Оған етің үйреніп кетеді. Біраздан соң қаша бастайсың. Бәрі де жалықтырады, шырағым. Өлеңнен басқасы. Бақытжан туралы осы жерде бір сөз айта кетудің реті келіп тұр. Бұрын мен оның өлеңдерін оқымаппын, ондай ақынды білмейтінмін. Кейін газет-журналдың бірінен Аманхан байқапты. Менің хабаршым – Аманхан. «Шымкент жақтан Бақытжан Алдияр деген ақын жігіт шығыпты. Өлеңдерін оқышы», – деді. Өзі Шымкент болса, ол аздай Алдияр болса неге оқымайын?! Оқыдым, жақсы-ақ. Сосын кітабын іздеттім, қарап шығып, жүдә разы болдым да. Ол баланың қай ақыннан көп үйренгенін, кімді үлгі тұтатынын ішім білетін сияқты және оның талғамын, именно сол ақынды бағалайтынын өте және мөте дұрыс деп хисаптаймын. Солай деп айтып барыңдар оған. Ал Серік Ақсұңқар – менің жас күнімнен бергі қандыкөйлек досым. Қартаймайтын, мәңгі жас ақын. Алматыға бірге келдік. «Есенғалидың Алматыға алғаш келуі» деген оның өлеңі бар. Естуімше, бүгінде Ұлықбек, Аманхан үшеуі интернеттен «шықпайды» екен. Дұрыс шығар. Менің сол интернетке мойным жар бермей-ақ қойды. Үйрене алмадым. Енді кеш сияқты. Расында, маған ол неге керек?

Мен кейінгі жас ақындардың менімен «ауыратынын», менің өлеңдерімді жатқа айтатынын білемін. Бірақ білмеген боламын. Бұрын біз де сөйтетінбіз. Төлеген Айбергеновті, Қадекеңді, Сағи, Ғафу, Сырбай ағаларымызды, Фариза апайды, Ақұштап, Марфуға, Күләш апайларды жатқа оқитынбыз. Тұманбай ағама ертеректе шыққан «Қош, көктем» деген көк кітабындағы өлеңдерін жатқа оқып бергем, жартысына келгенде тоқтатты. «Сендім, бала!» – деді. «Не, мені суайт деп естіп пе едіңіз?» деп шатқаяқтадым. Енемді бір боқтады да қойды есіл ағам. Қазір жастар менің жырымды жатқа айтқан сайын ана жақта Тұманбай ағам мені біртүрлі «сыбап» жатқан сынды ыңғайсызданамын. Ғафекеңді ойласам, орынымнан тұрып кетемін. Мен кімнің шікірәсімін. Мына жүгермектер, Құдай біледі, менің ағаларымды оқымайды, оқыса  Есенғали жолда қалар еді. Есіл ағатайларым менің, олар білсе ғой маған қаншалықты қымбат екендерін. «Мен де алпысқа келдім, көке!» деймін іштей жасып.

Жастардың менің өлеңдерімді оқығандары, жаттағандары, еліктегендері конечно приятно. Бірақ, менен үлгі алмаса екен. Мен жастар үлгі тұтардай жақсы адам емеспін. Сендер мені просто білмейсіңдер. Маңыма көп ешкімді жақындатпайтыным да содан. Обалына қалам ба деп. Одан да менің ағаларымды, сосын шетел әдебиетін, орыстың классиктерін оқысын.

– «Құстар – біздің досымыз» деп көлемді кітап жазған көкеміз құс асырай ма үйінде?

– Құстар – еркіндіктің, азаттықтың дүниясы. Олардың ешқайсысын да қолда бағу дұрыс емес деп ойлаймын. Неге дүр, біздің үйдің маңына құстар өте көп келеді. Күзде жылы жаққа өте кеш қайтады. Шетелге болсын әйтеуір жаңа жерге барып, қонақүйге тоқтаймын ғой, сонда сол үйдің терезесіне құс қонақтағанын арқаммен сеземін. Ақырын үркітіп алмай, терезеге келіп қарасам, көз алдымда немесе терезенің алдындағы бұтақта қандай да бір құс тұрады. Мен көңіл тоқтатып, ақырын бажайлап қараған соң ұшып кетеді. Ол сәйкестік пе, не екенін білмеймін.Бала күнімде дарияның жағасында өстім. Жарқабаққа құстар ұя салатын. Балалық білместікпен құстың жұмыртқасын көп жардым. Содан бетіме секпіл қаптап, Байшұбар атанып кеттім. Мұнымды байқаған үлкен жеңгем: «Құстарға тие берсең, секпілбет болып кетесің. Құстың да киесі болады, тиме», – деп ескертті. Кейін ол «жауыздығымды» қойып, құстарды жақсы көріп кеттім. Оларды жақсы көргенім соншалық, дауыстарын тыңдап, қай құс екенін ажыратамын. Мәселен, торғайдың да бірнеше түрі болады. Ерте көктемде ерекше сайрайтын шымшықтың бір түрі бар, сарышымшық деген. Бұрын жоғалып кетіп еді, соңғы кездері Алматыға оралып жүр. Орыстар оны синица дейді. Оның дауысы бөлек. Сосын таң атқанда сайрайтын таңшымшық бар. Орыстар оны зарянка деп атайды. Бұрын мен таңшымшықтың сайрағанын тыңдап жатып, мені «таңертең оятуды ұмытпашы» деп өтінетінмін. Ал қазір «мені ұйықтатшы» дейтін болдым. Бүгінде бізде ұйқы жоқ қой…

P.S. Біз сұқбатты аяқтап, далаға шыққанда күн батып, қас қарайып қалған. Алматы көшелерінде көлік кептелісі қаптаған. Жаңа ғана жауып басылған жаңбырдың әсерінен ауа тап-таза. Дәл Есенғали ағаның жастарға, жас буынның ағаға деген көңілі сияқты.

Диктофонымызда 1 сағат 40 минуттық жазба қалыпты. Үйге келген бойда ақынның айтқандарын түсіре бастадым. Қайта-қайта тыңдай беремін, тыңдай бергім келеді. Өйткені, осы сұқбатта ақынның әлеміне аздап енгендей болдық. Сұқбат басталардан бұрын: «Аға, оны бір білсе Аманхан біледі» деп, досыңызға сілтей салмай, сұрақтарға өзіңіз жауап беріңізші» деп өтінген болатынбыз. Бұл сұқбатта «Оны Аманханнан сұраңдар» деген сөз айтылған жоқ…

Әңгімелескен 
Қарлыға Ибрагимова

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10434
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18677