Жұма, 29 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 4880 4 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 08:09

Балам ДЦП-мен ауырады, күйеуім жазықсыз сотталып кетті...

                                                    Қазақстан Республикасы

                                            Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Ә. Мәмиге

Құрметті Қайрат Әбдразақұлы!

Мен, Данаева Назгүл Медерқызы, Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық соты құрамында төрағалық етуші судья Қ.Т.Өтешевтың 2017 жылы 18 қыркүйектегі №2710-17-00-1/6 19 шығарған үкіміне, сотталушы С.У.Темірғалиевтың ісі бойынша қарсылық білдіргім келеді. Сол себепті де Сізге хат жазып, басымдағы ауыр жағдай мен әділетсіз сот үкімі туралы баяндап, әділ шешім шығаруға ықпал етуіңізді сұраймын.

Жолдасым Саламат Темірғалиев білімі жоғары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, отбасы жағдайы – заңды-некеліміз, кәмелетке жетпеген үш баламыз бар. Олардың біреуі бала кезінен мүгедек (ДЦП), жүре алмайды.

Жолдасым Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекциясында 2010 жылдан бастап кешегі сот үкімі шыққан күнге дейін бас маман болып жұмыс жасап келген. Мемлекеттік қызметші, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Жолдасымды әділетсіз соттап жатыр, 277 баптың 2 бөлігінен қорғалып, 279-1 бабына ауыстырған, яғни әділетсіздік жасалды деп есептеймін. Негізі кінәлі адам Алтай Қобыланов (астынғы пәтерде тұратын жігіт) жолдасымнан мұржаның өткізуін, жасауға көмектесуін рұқсат сұрап өтінген еді. Бірақ ол сотқа келгенде сөзінен айнып, басын алып қашты, ол біздерден көмек сұрамағанын және біздің үйге кірмедім деп айтқан, яғни жолдасымды сатып кетіп отыр. Оған айғақ та бар, яғни куәгер. Мен бұл жағдаймен келісе алмаймын. Себебі жанұяда үш баламыз бар. Біреуі ДЦП жүре алмайды. Қызым даярлықта мектепте оқиды, кіші ұлым үш жаста бала-бақшаға барады, өзім жұмыссызбын. Мүгедек ұлыммен үйде отырамын. Енді кіші ұлымды балабақшаға, қызымды сабаққа кім тасиды? Жолдасымсыз менің бір өзіме өмір сүру жағдайым қиын. Жолдасымның ай сайын табатын 70-80 мың ақшасына күнелтетінбіз. Үлкен ұлым жиі ауырады. Жалғыз адамға жуындыру да оңай емес. Енді қалай күнелтемін, біздің жағдайды кім ойлайды? Пәтердің жағдайы да мынау, тогы тартылмаған, бітпеген үй, төбесі жабылмаған, қысқа жарамысыз, ата-анамыз үйдің қорабын тұрғызып берген, қыста жалдамалы үйде тұрдық, бұдан бұрын да жалдамалы үйде тұрып жүрдік. Енді алдағы уақытта күн көрісім қалай болатынын білмеймін. Оны кім ойлайды. Балаларыма әке керек, күнде әкелерін сұрайды, күтеді.

Осы жағдай болғалы ұйқымыз қашты, үйде тыныштық кетті. Жағдайым өте қиындады. Енді міне, Қайрат мырза сіз бәрін көріп, естіп-біліп отырсыз. Енді әділ шешімді қабылдайды деп сенгіміз келеді. Жазықсыз адамды босатуыңызды сұраймын. Қазіргі жағдайым өте нашар, соттан әділ шешім күткен едік, алайда, бәрі керісінше болып шықты. Жолдасым ауылшаруашылығы саласын ұзақ жылдар зерттеп, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан. Орал қаласында жоғары оқу орнында сабақ берген. Осы уақытқа дейін біреудің ала жібін аттамаған, өзінің үш баласымен қоса, қарт әке-шешесін асырап-бағып отырған жалғызы еді. Бар үмітім Сізде, істі қайта қарап,орын алған жағдайда күйеуімнің кінәсіздігі дәлелденсе деймін. Өзімнің де, күйеуімнің де заң жағынан сауатымыз жоқ. Тергеушінің қол қой деген құжаттарына қол қоя беріппіз. Соңында оның барлығы бізге қарсы жазылған құжат екенін білдік.

Құрметті Қайрат Әбдразақұлы! Менің және үш баламның көз жасымен жазылған өтініш хатымды назардан тыс қалдырмайсыз деп сенемін Сізге! Мен соңғы мүмкіндік деп өзіңізге хат жазуға бел будым, себебі алдағы күніміз бұлыңғыр. Мүгедек шиеттей балалармен қазір далада қалып отырмын. Жалғыз асыраушы жолдасым темір тордың ар жағында. Егер де ол қылмыс істеген болса, амалсыз жазасын тартсын деп көнер едік. Бірақ ол осы уақытқа дейін өмірін ғылымға арнаған адам ғой! Оны жазықсыз соттап отыр! Оның мыңдаған шәкірті мен әріпестері де зор үмітпен ақталып шығатынына үміттерін үзбей күтіп отыр. Мен де сол сеніммен осы хатты жазып отырмын...

Сәлемнен Назгүл Медерқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584