Жұма, 24 Қараша 2017
Көкжиек 384 0 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 13:20

«Тілдарын» олимпиадасы полиглот жастардың көбейе бастағанын байқатты

 

Үштұғырлы тіл саясаты бойынша, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын» республикалық олимпиадасы бүгін  мәресіне жетті. Біз олимпиада жүлдегері Айдана Абубакированы сөзге тартқанымызда ол былай деді:

-Үш тұғырлы тіл саясатын жүйелі жүргізу үшін жастарымыздың ықыласын тіл үйренуге аудару керек. Сонда ғана Қазақстан бәсекеге бейім, ағылшын тілін меңгерген, ғылымның қай саласында болсын қажетті ақпаратын ала алатын жастарымен мақтанатын болады. Бүгінгі байқау жоғарғы деңгейде өтті. Әр аймақтан үш тілдің жілігін шағып, майын ішкен жастар келген. Сондықтан олардың әрбірі жеңімпаз.

Сонымен, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған шара өз деңгейінде өтті.

Астана, Алматы қалалары мен аймақтық іріктеуден сүрінбей өткен сайыскерлер бүгін «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында білімдерін таразылады. 18-20 жас аралығындағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін игерген жастардың білімін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасы құрамында академик, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шетел тілдерінің теориясы және тәжірибесі кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Жайнаш Нұржанова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Шоқабаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Орыс филологиясы және кітапхана ісі кафедрасының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнара Фаткиева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Оқу-әдістемелік және ағылшын тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Исмағұлова бар.

Олимпиада ережесіне сай қатысушылар үш кезең бойынша тапсырма орындады. Олар алғашқы айналымда берілген тақырыптардың үш тілде мазмұнын ашса, екінші кезеңде ілеспе аударма жасады. Алғашқы екі айналымда үш тілді білу деңгейлерін көрсетсе, соңғы сайыста қазақ тілінде берілген тақырыпқа эссе жазды.

- Ауқымды ұйымдастырылып отырған бұл шараның мақсаты - қазақ тілін, орыс, ағылшын тілдерін жоғарғы деңгейде білетін жастардың көбеюіне ықпал етіп, қазіргі жасампаз Қазақстанның үш тұғырлы тілді дамыту бағдарламасының орындалуына жағдай жасау. Және өзге тілдерді меңгерген жастарымыз арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Ілеспе аударма жасайтын кәсіби мамандар санын арттыру болып отыр. Сондықтан жастарымыздың білім деңгейін бағалап, оларды ынталандыратын мұндай жарыстар жиі болып тұрса артық етпейді,- дейді қазылар алқасының төрағасы Жандос Смағұлов.

Олимпиада қорытындысы бойынша, бас жүлдені Әлібек Марат жеңіп алды. Үш тапсырманы да тиянақты орындаған ол қазылар шешімімен нағыз полиглот атанды. Ал бірінші орын қызылордалық Айдана Абубакироваға бұйырды. Екінші орынды Кәмила Ахметова еншілесе, үздіктер қатарын Гүлмира Каменова мен Екатерина Бобка толықтырды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.  «Тілдарын» республикалық олимпиадасы кейінгі жылдары елімізде үш тілді мегеріп алған полиглот жастардың көбейе бастағанын байқатты.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10434
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18677