Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017
Дін 1434 22 пікір 22 Қараша, 2017 сағат 10:17

Қостанайдың діни ұйымға мүше дәрігерлері не істеп жүр?

 

Біздің Қостанайда «Свидетели Иеговы» деген атақты аты-шулы діни ұйымның екпіні тау жығарлықтай өктем болып келеді. Ешкім де ешқашан да оған қарсы қатты сөз айта алмайды. Қит етсе «біз Қазақстанда заңды түрде тіркелген ұйымбыз. Жұрт қатарлы жұмыс істеуге толық құқымыз бар. Ал оны шектейміз десеңіздер, сотқа беріп әкелеріңді танытамыз» дегендей доқ көрсетіп қояды. Онысы «біз өз дінімізге насихаттауды қалай жүргіземіз десек те еріктіміз. Тыныштық керек болса, дым көрмегендей болып жүргеніңіз мақұл» дегенін сыпайы түрдегі ескертуі деп қабылдаған жөн. Олардың бұлайша еркінсінуінің өзіндік қисыны да бар. Бізде ол шынында да заңды түрде тіркелген. Ал заңның ұңғұл-шұңғылын куәгерлер өте жақсы біледі. Сірә, шетелдердегі жанашырлары шетінен мықты заңгерлер ме деп қаласың. Әншейінде біз іргеміздегі Ресей не істесе соны істеп, ерекше еліктеуші едік. Ал олар бізге де пайдасы тиетін дүниелер істесе ештеңе көрмеген, сезбеген болып, көзімізді шел басып қалады. Мәселен, осы көршіміз әлгі біздегі көкірегіне нан піскен куәгерлерді әлдеқашан экстремистік ұйымдардың тізімене енгізіп, Ресейде жұмыс істеуіне мүлдем тиым салған. Мүмкін, мұны біздегі депутаттарымыз тіпті білмейтін де шығар. Әлде лоббилері мықты ма екен? Қайткенде де көршімізде дымын шығармайтын ұйымның біздегі тайраңдауын түсіну қиын болып тұр. Яғни әзірге жауабы табыла қоймайтын қиын жұмбақ.

Осындай тым жұмсақтығымыздан болар, куәгерлер басымызға шығып алды. Кейбір деректерге қарағанда олар бүгіндері облысымыздағы медициналық мекемелердегі қызметкерлерді уысына түсіруге белсене кірісіп кеткен сыңайлы. Олары табыссыз да емес. Осындағы баспасөздің жазуына қарағанда куәгерлердің қатарына қосылып жатқан медиктер, әсіресе медбикелер күннен-күнге көбейіп барады. Мұның зардаптары орасан болмақ. Мәселен, жаңағыдай медбикелердің бірі — Наталья Алексеевна Тимохина Қостанай қаласындағы №2 емханасында жемісті жұмыс істеп жүр. Өзінің куәгерлердің сапында екендігін жасырмайды. Қалай жасырады, оның сүйген жары Давид Тимохин сол куәгерлердің басышыларының бірі, яғни өздерінің тілімен айтқанда «Свидетелей Иеговы», Орталық жиналысының білдей бір ақсақалы. Бұдан қандай қорытынды туады? Бұдан олардың құпия жұмыс істеуінің кілтін және олардың табысқа жету әдісін сезу қиын емес. Мәселен, қандай да медбикенің қолында сол емханаға келетін ауру жандардың сырқатының толық мәліметі болады. Қай уақыттан бері сырқат? Қалай емделуде? Қашаннан бері қаралады? Осыларды медбике уысында ұстайды. Ал осы мәліметтер әлгі куәгерлердің қолына тиетіндігіне еш күмәнданбаңыз. Өзі куәгердің бірі болса, басшысы оның күйеуі болса араларында қандай құпия болуы мүмкін. Міне, осы мәліметтерді куәгерлер шебер пайдалана қояды. Мәселен, бір сырқат жанның үйіне келеді де өзінше сырласқан болады. Анау-мынау әңгіме айтқансып, арасында әлгі жанның неден сырқат екендігін тамырын дәп басқандай айта қояды. Сосын бұл ауруды куәгерлер жиынында емдеуге болатындығын, онда мықты мамандардың бар екендігін сыпайылап жеткізеді. Ем іздеп қиналып жүрген қандай да жанның не істейтіндігін елестету қиынға соқпас. Ауруын жазамын деген жаннан айналып кетпейсің бе? Қуана-қуана келісісесің. Өзің түгілі ауру жандарына батып жүрген туған-туыстарыңды, жақын-жуықтарыңды, дос-жолдастарыңды қоса тартасың. Міне куәгерлердің күн санап емес, сағат өсіп келе жатқандығының бір сыры осы. Мұны «Көрмес, түйені де көрмес» дейтін тиісті мекемелер ғана байқамас. Қалғандарының бәрінің де көз алдында болдып жатқан құбылыс.

Жалпы Тимохина жалғыз емес. Қаламыздағы №4 емханасында статист болып істейтін Оксана Николаевна Ившина да куәгерлермен жақсы қарым-қатынаста. Ол да аурулардың картотекасынан мол хабардар. Бұл куәгердің осында жұмыс істейтіндігін емхананың меңгерушісі Маргарита Бейсенова да жақсы біледі. Оның айтуынша қандай да діни бірлестікке кіретін жандардың медициналық мекеме секілді жерлерде жұмыс істеуіне жол беруге болмайды. Алайда біздің елімізде оларға тиым салынбағандықтан ештеңе де істей алмайсың. Заң солардың жағында. Осыны біле тұра мекеме басшыларын қалай кінәларсың. Заңның жілігін шағып, майын ішетін куәгерлердің заңгерлері оларды қорғауға қашанда дайын. Сонан соң қалғандары да «аш құлақтан тыныш құлақ» дегендей діни бірлестік дегенен аулақ жүруге тырысады. Қармағындағылардың барлығы түгелдей солардың белді мүшесі болса да білмеген болып, үн-түнсіз жүре береді. Бұл олардың кінәсі емес. Мәселе тереңде жатыр. Бұл проблема құқықтық негізде шешілмесе, діни бірлестіктер бұдан әрмен еркінсірей береді. Қолдан келер қайыр жоқ. Біз тек жаңағыдай діни бірлестіктердің қатаң тиым салуының салдарынан қандай жанның қандай қайғылы жағдайға ұшырағандығын жазып көрсетуден басқа істер дәрменіміз жоқ. Ащы да болса, да шындық осы.

Айтпақшы, біз кезінде осы Қостанайда әлгі куәгерлердің тиым салуының кесірінен жас нәрестеге қан құйылмай, өмірінің күрт үзілгендігін жазғанбыз. Ал қазір Қостанайдың хирургиялық орталығында 77 жасар қария ауыр халде жатыр. Оған дереу қан құйылмаса, о дүниелік болып кетуі әбден мүмкін екендігін айтады дәрігерлер. Алайда әлгі қария өзінің діни сенімінің бұған қарсы екендігін айтып, қан құюдан мүлдем бас тартып отыр.

Біздің бұл айтып жүргеніміз әншейін ойыншық екен. Қауіптің атасы енді ғана келе жатқан көрінеді. Мына көрші Ресейде адам шошырлық ауру — ВИЧ індетін тіпті ауру қатарына санамайтын, оны дәрігерлердің ойлап тапқаны, сондықтан да бұл сырқатты емдетудің қажеті жоқ деп ұран көтерген секта пайда болыпты. Сектаның осындай тиым салуының салдарынан онда бір отбасының үш бірдей адамы көз жұмыпты. Оу, ол көршіміздегі жағдай  ғой деп арқаны кеңге салсақ, өкініштің көкесі сонда болады. СПИД-тің алдын алу мен оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Бауыржан Байсеркиннің айтуына қарағанда ондай тиымды қолдайтын бірді-екілі адамдар бізде де кездесіп қалатын көрінеді. Бүгін бір-екеу болса, күні ертең ондаған, тіпті жүздеген адамға айналып, діни бірлестік құрып шыға келмесіне кім кепіл? Олар сонан соң біздің кеңпейіл де кең қолтық елімізде заңды түрде тіркеліп алып, ойран салмасына күмәндануға да болмайды. Құдайға шүкір, бізде ондай тәжірибе жетерлік. Ал біз болсақ «енді қайтейік. Қазақстан — демократиялық мемлекет, ешкімнің де құқығын шектей алмаймыз»  деп қол қусырып қарап отыра береміз бе? Солай болатын шығар да.

Осы мақаланы аяқтау барысында өзіміз жоғарыда сөз еткен 77 жасар қарияның өмірден өткендігін естідік. Бұл ба болса әлгі сектаның бір «жеңісі» шығар.

Жайберген БОЛАТОВ, Қостанай

Abai.kz

 

22 пікір