Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 12962 20 пікір 25 Қараша, 2017 сағат 00:06

Қазақ дүние танымы мен дәстүрлі исламның жолы бір

Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, ел аузында жүрген сөз оралымдары мен өлең шумақтарынан имани ұғымдар мен ұстанымдардың жарқын мысалдарын таба аламыз. Мұның өзі Алаш жұртының салт-санасының, ақыл-ойының асыл діннен ажырамағандығын көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін діни мәтіндерді, нақыл сөздерді мән-мағынасы жағынан олармен бірдей немесе ұқсас ел арасында кең тараған мақал-мәтелдермен, сөз оралымдармен салыстыра ұсынып отырмыз. Ұлттың ұтқыр ойлау жүйесінде ойып тұрып орын алатын осы айтылымдар дәстүрлі қазақ мәдениетінің Ислам дінімен біте қайнасып жатқандығын айғақтайды. Салт-сананың шынайы сеніммен сабақтасып жатқандығын білдіреді.

Хадис: «Алланың атымен басталмаған әрбір маңызды сөз бен іс шолақ»[1].

Қазақ мәтелі: «Сөздің басы бісміллә, бісмілләсіз іс қылма».

Құран Кәрімде: «Мақтау-мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән»[2].

Қазақ мақал-мәтелдері: «Мақтауға Алла ғана лайық»; «Кірсіз – ай, мінсіз – бір Құдай»; «Ей, айташы, Алланы айт».

Хадисте: «Қайда болсаң да Алладан қорық»[3].

Қазақ мақал-мәтелдері: «Халықтан ұял, Құдайдан қорық»; «Құдайдан қорықпағаннан қорық»; «Қорқуға Құдай ғана лайық».

Хадисте:  «Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле»[4].

Қазақ мақал-мәтелдері: «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады»; «Аллаға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады».

Құран Кәрімде: «Әлемдердің Раббысы Алла қаламаса, қалай алмайсыңдар»[5].

Қазақ мақалы: «Адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады.

Құран Кәрімде: «Оған (Аллаға) ұқсас ештеңе жоқ! Әрі Ол – Естуші һәм Көруші!» (Шура, 11).

Хадисте: «Алла болды, Одан басқа ештеңе де болған жоқ»[6].

Қазақ өлеңдері:

Мәшһүр Жүсіп иләһи сипаттар туралы былай деген:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Боларға басқа басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,

Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам

Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,

Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам

Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,

Ауыз, мұрын,аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол һәм еш нәрсе де,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Данышпан Абай Құнанбайұлы қазаққа ортақ мұсылманшылық танымды былай жеткізеді:

Мекен берген, халық қылған Ол – лә мәкән,

Түп Иесін көксемей бола ма екен?

Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

 

Құран Кәрімде: «...Қандай да бір жапырақ жерге түспесін, (Алла) оны да біледі...»[7]

Қазақ мақалы: «Құдайсыз қурай сынбас»; «Тағдыр – Тәңір ісі».

Құран Кәрімде: «Ешбір жан ертең не істейтінін білмейді, ешбір жан қашан өлетінін білмейді»[8].

Қазақ мақал-мәтелдері: «Алдағыны Алла біледі»; «Ертең не боларын ешкім білмейді»; «Өлім айтып келмейді».

Хадисте:  «Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[9].

Қазақ мақал-мәтелі: «Қуған жетпес, бұйыртқан кетпес»; «Тағдырдан қашып құтыла алмайсың».

Құран Кәрімде: «...Алланың рахымынан күдер үзбеңдер..»[10]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Үмітсіз – шайтан»; «Күніне тоқсан пәле көрсең-дағы, Сонда да күдер үзбе бір Алладан»; «Тәңір ісінен түңілу – күпірлік».

Хадисте:  «Жұмақ – аналардың аяқтарының астында»[11].

Қазақ мақалы: «Жұмақ – ананың аяғының астында».

Хадисте:  «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында»[12].

Қазақ мақалы: «Ата-ана разы болмай, Алла разы болмас».

Хадисте: «Білім іздену әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз».[13]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ»; «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен»; «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады»; «Білім таппай мақтанба, өнер таппай баптанба»; «Ақыл азбайды, білім тозбайды».

Риуаятта: «Білімді бесіктен табытқа дейін іздеңдер».

Қазақ мақал-мәтелдері: «Білімді тал бесіктен, жер бесікке дейін іздеңдер»; «Жүз жыл өмір сүр, жүз жыл үйрен».

Хадисте: «Уа, Алла! Өзіңмен пайдасыз білімнен сақтанамын»[14].

Нақыл сөз: «Амалсыз білім – жеміссіз ағаш»[15].

Қазақ мақалы: «Еңбегі жоқ ғалым – ыстығы жоқ жалын».

Нақыл сөз: «Білім – нұр, надандық – қараңғылық».

Қазақ мақалы: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп»; «Білім – гауһар, бағасы жоқ, надандық – кесел, дауасы жоқ».

Құран Кәрімде: «(Аяттардан) ақыл иелері ғана үгіт алады»[16].

Хадисте: «Адам дәл ақылдан асқан артықшылыққа ие болған емес. Ақыл иесін тура жолға салады, жамандықтан қайтарады. Ақылы кемелденбейінше пенденің иманы толықпайды, діні түзелмейді».[17]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Ақылмен алтын табылар, алтынмен ақыл табылмас»; «Ақыл – адам көрігі, сабыр – ақыл серігі»; «Ақыл азбайды, әділдік тозбайды»; «Ақыл айнымас, алтын шірімес»; «Ақылдының сөзі – дарияның өзі»; «Ақыл – алтын сандық, адамына қарай ашылар»; «Ақыл көпке жеткізеді, өнер көкке жеткізеді».

Хадисте: «Даналық сөз – мүміннің жоғалтқаны, егер тапса, оны алуға басқадан гөрі хақылы»[18].

Қазақ мәтелдері: «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез»; «Нақыл сөз – ниеті аққа жақын сөз».

Хадисте: «Сөздің сиқырлы күші бар»[19].

Қазақ мақал-мәтелдері:  «Өнер алды – қызыл тіл»; «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады»; «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады»; «Ақынның тілі қылыштан өткір».

Хадисте: «Әрбір мақамның, орынның өз сөзі бар».[20]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Орынды айтылған сөз орнына қағылған шегедей»; «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табар»; «Сөз тапқанға қолқа жоқ».

Нақыл сөз:  «Сөздің қайырлысы – аз әрі саз болғаны». Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) айтқан.

Қазақ мақал-мәтелі: «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады»; «Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын».

Хадисте: «Отбасыңа кірген кезде оларға сәлем бер. Ол өзіңе де, отбасыңа да береке әкеледі»[21].

Қазақ мәтелдері: «Сәлем сөздің – анасы»; «Сәлем беру – сүннет, қайтару – міндет».

Хадисте: «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін, не үндемесін».[22]

Қазақ мақалдары: «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық, бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық»; «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер».

Нақыл: «Сөзі көбейгеннің қателігі көбейеді». Омар ибн Хаттабтың (р.а.) сөзі.

Қазақ мақалдары: «Кісі қызыл тілден өледі, түлкі қызыл жүннен өледі»; «Мал басынан байланады, адам тілінен байланады»; «Айтпас жерде тілің тарт».

Хадисте: «Кім үндемесе, құтылады».[23]

Қазақ мақалы: «Үндемеген үйдей бәледен құтылады».

Хадисте: «Адам баласының қателіктерінің көбісі  – тілінен»[24]

Қазақ мақалдары: «Басқа бәле – тілден»; «Адам көңілінен азады, тілінен жазады»;

Хадисте: «Жиһадтың ең абзалы – қатыгез сұлтанның алдында әділ сөз айту».[25]

Қазақ мақалдары: «Ала сөйлеп ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп халыққа жақ».

Хадисте: «Ащы болса да хақты айт».[26]

Қазақ мақалы: «Ащы болса да шындықты айт».

Хадис: «Естіген хабар көзбен көргендей болмайды»[27].

Қазақ мақалдары: «Көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік»; «Мың естігеннен бір көрген артық».

Әли ибн Әбу Талибтен (р.а.) жеткен риуаятта: «Шындық пен өтіріктің арасы төрт саусақ».

Қазақ мәтелі: «Өтірік пен шындықтың арасы төрт елі».

Хадисте: «Әрбір адам жолдасының дінінде болады»[28].

Қазақ мақалдары: «Ері жігіт жолдасымен танылады»; «Ағаш тамырымен мықты, адам дос-жарымен мықты».

Хадисте: «Жолдан бұрын жолдас ізде, үйден бұрын көрші ізде»[29].

Қазақ мақалы: «Жолға шықпас бұрын, жолдасыңды сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла».

Хадисте: «Жақсы сұхбаттас пен жаман сұхбаттастың мысалы миск тасушы мен көрік үрлеушінің мысалындай. Миск тасушы не саған (әтірін) тарту етеді, не өзің одан сатып аласың, тіпті болмағанда (қасыңнан өткенде) жағымды жұпар иісті сезінесің. Ал көрік үрлеуші не киіміңді күйдіреді, не одан жағымсыз нашар иісті сезінесің»[30].

Қазақ мақалы: «Жақсыменен сөйлессең, құмарыңды қандырар, жаманменен сөйлессең, Көңілінді қалдырар».

Хадисте: «Игі кісі игі хабар әкеледі, нашар кісі жаман хабар әкеледі»[31].

Қазақ мақалы: «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат».

Хадисте: «Аз барсаң, ардағың артады»[34].

Қазақ мақалдары: «Ағайынмен алыстан сыйласқан жөн»; «Жиі барсаң, жалықтырасың».

Хадисте: «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!»[35]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»; «Өлімнен басқаның ертесі жақсы».

Хадисте:  «Пенделер аман-сау тұрған әрбір күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла! Қайыр шығарғанға қарымта бер!» – дейді, ал екіншісі: «Уа, Алла! Шығармағанға шығын бер!» – дейді»[36].

Қазақ мақал-мәтелдері: «Қолы ашықтың жолы ашық»; «Қайырлы іс адамнан қайтпаса, Құдайдан қайтады».

 

Алла Тағала былай дейді: «..Олардың (мүміндердің) істері кеңеспен бітеді..»[37].

Алла Тағала былай дейді: «..(Уа, Мұхаммед) Іс туралы олармен (мүміндермен) кеңес..»[38].

Қазақ мақалдары: «Кеңесіп тіккен тон келте болмас»; «Кең киім тозбайды, кеңесті ел азбайды»; «Бір кісінікі мақұл, екі кісінікі ақыл».

Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар, Елшіге және әміршілеріңе бойсұныңдар!»[39].

Қазақ мақалы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды».

Хадисте: «Расында байлық дегеніміз заттың көптігі емес, байлық дегеніміз жанның байлығы»[40], – деген.

Қазақ мәтелі: «Басты байлық – көңіл байлығы».

Хадисте: «Қанағат – таусылмайтын байлық, жойылмайтын қазына»[41].

Қазақ мақалдары: «Қанағат – сарқылмас қазына»; «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар»; «Азға қанағат, көпке шүкір».

Хадисте: «Үнемдеу – тіршіліктің жартысы»[42].

Қазақ мақалдары: «Есептемегенге бәрі түгел»; «Базары жақын байымас»; «Шашу оңай, жинау қиын»; «Теңге тиыннан құралады».

Хадисте: «Көпшілікпен бірге болыңдар! Шынында, қасқыр да шетке шыққан қойды жейді»[43].

Қазақ мақалдары: «Бөлінгенді бөрі жейді»; «Жалғыздың шаңы шықпас»; «Жалғыз ағаш орман емес»; «Айырылсаң азарсың, қосылсаң озарсың».

Хадисте: «Бір нәрсені қатты жақсы көруің (жамандығын) көрсетпейді, естірпейді»[44].

Қазақ мақалдары: «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер».

Хадисте: «Әрбір ізгілік – садақа»[45].

Қазақ мақалдары: «Жақсы сөз – жарым ырыс».

 

Хадисте: «Бір-біріңе сый беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» [46]

Қазақ мақалы: «Орамал тон болмайды, жол болады».

Алла Тағала былай дейді: «Расында, жеңілдік қиындықпен бірге болады»[47].

Қазақ мақалдары: «Ер тарықпай, молықпайды»; «Таршылық болмай, кеңшілік болмайды».

Хадисте: «Асылы, сендердің ең қайырлыларың – мінез-құлқы ең жақсыларың».[48]

Қазақ мақалдары: «Кішіпейілділік – кісінің көркі»; «Кішіпейілдік – кішілік емес, кісілік»; «Әдептілік ар-ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі».

Хадисте: «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық».[49]

Хадисте: «Ұяттың барлығы да қайырлы».[50]

Қазақ мақалдары: «Ұят кімде болса, иман сонда»; «Ұят – иманнан»; «Өлімнен ұят күшті».

Хадисте: «Адамдардың алғашқы пайғамбарлықтан үлгерген үлесі «Егер (Құдайдан) ұялмасаң, білгеніңді істе» деген (нақыл сөз)»[51].

Қазақ мақалдары: «Ұялмасаң білгеніңді істе»

Хадисте:  «Алла кешірім еткен пенденің мерейін асырады»[52].

Қазақ мақал-мәтелі: «Кешіре білу – күштілік»; «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш».

Хадисте:  «Адамдарды жыққан күшті емес, өз нәпсісін жеңген күшті»[53].

Қазақ мақал-мәтелі: «Өз нәпсісін жеңген – батыр».

Нақыл сөз: «Кім өзін, нәпсісін таныса, Раббысын таниды».

Қазақ мақалдары: «Өзін-өзі таныған Құдайын таниды».

Нақыл сөз: «Өз шамасын білген ерге Алланың рахымы жаусын». Омар ибн Абдулазиздің сөзі.

Қазақ мақалдары: «Өзін өзі білген ер бақытты, өзін өзі билеген ел бақытты»; «Көтере алмайтын қылышты беліңе байлама»; «Әлін білмеген әлек»; «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл».

Хадисте: «Ақиқатында, Алла менің үмбетімнен қателесіп, ұмытып, не мәжбүрлікпен жасаған қателіктерін кешіреді»[54].

Қазақ мақалдары: «Жаңылысқанға жаза жоқ»; «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң»; «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ».

Хадисте: «Қауымның мырзасы – қызметшісі».[55]

Қазақ мақалдары: «Ер азамат белгісі: түзде мырза, үйде құл».

Хадисте: «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін».[56]

Қазақ мақалдары: «Қонақтың асын Тәңірі өтейді»; «Қонақ келсе есікке, жүгіріп шық кешікпе».

Хадисте:  «Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы»[57].

Қазақ мақал-мәтелі: «Қонақ үш күнге дейін құт».

Хадисте: «Алла кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды, кімді адастырса, оны ешкім тура жолға салмайды».[58]

Қазақ мәтелі: «Алла адастырғанды адам тура жолға сала алмас».

Хадисте: «Егер Аллаға нық тәуекел етсеңдер, онда Ол сендерге таңертең қарындары қабысып шығып, кешке қампайып қайтатын құстарды ризықтандырғанындай ризық берер еді».[59]

Қазақ мақалдары: «Тәуекелді тау жығар»; «Құдайға шын сенген құстай ұшар»; «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің»; «Ер жолдасы – тәуекел»; «Алла деген ар болмас, Алла деген пенделер, еш нәрсеге зар болмас»; «Алла деп барсаң, аман келерсің».

Хадисте: «Адамдарды тамақтандырыңдар, сәлемді таратыңдар және түнде жұрт ұйықтап жатқанда тәһәжүд намазын оқыңдар, сонда жұмаққа аман-есен кіресіңдер».[60]

Қазақ мақалы: «Аллаға жағам десең азанды бол, адамға жағам десең қазанды бол».

Хадисте: «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес»[61].

Қазақ мақалы: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы».

Хадисте: «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген[62].

Қазақ мәтелі: «Ақыретте алдымен көршіден сұраласың».

Хадисте: «Мүмін адам бір іннен екі рет шақтырмайды».[63]

Қазақ мақалдары: «Ақылды бір жерде ер екі рет сүрінбес»; «Ақылды бір рет мүдіреді, ақылсыз мың рет сүрінеді».

Хадисте: «Шын мәніндегі сабыр алғашқы соққыда көрінеді».[64]

Қазақ мақалы: «Ер сасқанда белгілі, ат шапқанда белгілі».

Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге»[65].

Қазақ мақалы: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар».

Хадисте: «Берермен қол аларман қолдан қайырлы. Өйткені берермен қол – садақа беруші, ал аларман қол – сұраушы».[66]

Қазақ мақалдары: «Қолы ашықтың жолы ашық»; «Береген қол алаған қолдан қайырлы».

Хадисте: «Байсалдылық – Алладан, асығу – шайтаннан».[67]

Қазақ мақалдары: «Асыққан – шайтанның ісі»; «Асыққан қалар ұятқа, сарғайған жетер мұратқа».

Хадисте: «Жеңіс сабырмен келеді».[68]

Қазақ мақалдары: «Сабыр түбі – сары алтын»; «Бейнет түбі – зейнет».

Хадисте: «Соғыс қулықтан тұрады».[69]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Айлалы батыр алдырмас»; «Ұрыста тұрыс жоқ»; «Найзамен ала алмағанды айламен ал»; «Айла мен ақыл қосылса, алдырмайтын екеу»; «Арыстандай айбатың болсын, түлкідей айлаң болсын».

Хадисте: «Сапар – азаптың бір бөлігі».[70]

Қазақ мақалдары: «Жол азабы – көр азабы»; «Жолаушыны жол сынайды»; «Жол асусыз болмайды, той шашусыз болмайды».

Хадисте: «Адамдардың көпшілігі екі нығметтің: денсаулық пен бос уақыттың қадірін білмейді».[71]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Денсаулық – қадірсіз»; «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің»; «Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені»; «Қолда барда алтынның да қадірі жоқ»; «Ауруыңа ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».

Хадисте: «Алла қандай дерт түсірмесін, оның шипасы мен дауасын да түсірген»[72]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Әр дерттің дауасы бар».

Хадисте: «Дүние – қызықтау, ондағы қызықтардың ең қайырлысы – ізгі әйел».[73]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Жақсы әйел – зейнет, жаман әйел – бейнет»; «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас»; «Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді. Жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді»; «Жақсы болса әйелің – үйіңдегі ырысың».

Хадисте: «Қажет-мақсаттарыңа жасырын қол жеткізіңдер, өйткені әрбір нығмет иесі қызғанышқа тап болады».[74]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Жаман досқа сыр ашпа»; «Жақынға өтірік айтпа, жатқа сыр айтпа»; «Бар болса көре алмас, жоқ болса бере алмас».

Хадисте: «Қиямет күні болғанда біреуіңнің қолыңда бір бұтақ болып, оны отырғыза алатындай мұршасы болса, отырғызсын».[75]

Риуаятта: «Дүниең үшін мәңгі өмір сүретіндей қарекет ет, ақыретің үшін ертең өлетіндей амал ет».

Қазақ мақал-мәтелдері: «Түстік өмірің болса, кештік мал жина»; «Дүние – ақыреттің егіні»; «Ертеңін ойламаған ер емес»; «Жағың талғанша жақсылық жаса».

Хадисте: «Қандай да бір мұсылман көшет отырғызып, не егін егіп, одан құс, адам, жануар жесе, ол үшін садақа болады».[76]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Артыңда мал қалғанша тал қалсын»; «Бір тал кессең, он тал ек».

Хадисте:  «Сендердің біреулерің жасырын ізгі амал жасауға шамасы жетсе, жасасын»[77].

Қазақ мақал-мәтелі: «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр»; «Жақсылығыңды санама, сауабы кетеді».

Хадисте:  «Ақиқатында, Алла біреулерің бір іс істесе, оны мүлтіксіз жасағанын жақсы көреді»[78].

Қазақ мақал-мәтелі: «Қайыр қылсаң, бүтін қыл».

Хадисте:  «Адамдардың ең қайырлылары – адамдарға көбірек пайда әкелгендері»[79].

Қазақ мақал-мәтелі: «Ер жігіттің белгісі – еліне тиген пайдасы»; «Би жігітке жарасар – халқына тиген пайдасы».

Хадисте: «Төрт нәрсе бақттылықтың белгісі: жақсы әйел, кең үй, жақсы көрші, жайлы көлік. Төрт нәрсе кесірліктің белгісі: жаман әйел, нашар көрші, нашар көлік, тар баспана».80]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Атың жақсы болса – пырағың, алғаның жақсы болса – шырағың»; «Атың жаман болса, арманың кетеді, алғаның жаман болса, мейманың кетеді»; «Жақсы көрші жақыныңнан артық»; «Үйі жаманның күйі жаман»; «Үйі жоқтың күйі жоқ».

Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас ісі. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер! Шайтан сендердің араларыңа арақ пен құмар ойындары арқылы дұшпандық пен жеккөрушілік салуды және Алланың зікірінен, намаздан тоқтатқысы келеді. Енді сендер доғарасыңдар ма? Аллаға бойсұныңдар, Елшіге бойсұныңдар һәм сақ болыңдар! Ал егер теріс бұрылсаңдар, онда Елшімізге жүктелгені анық жеткізу ғана екендігін біліңдер»[81].

Хадисте: «Арақ ішпе! Асылында, ол – барлық жамандықтың кілті».[82]

Қазақ мақал-мәтелдері: «Арақ – барлық бәленің басы»; «Арақ атаңнан қалған ас емес»; «Арақ ақылдан айырады, азапқа сай қылады»; «Апаттан өлсең амал жоқ, арақтан өлсең обал жоқ»; «Арақтың құмырасы – албастының құжырасы»; «Арлы адам адамдыққа құмар, арсыз адам араққа құмар».

Құран Кәрімде: «Алла бір адамның кеудесінде екі жүрек жаратпады»[83].

Қазақ мақал-мәтелдері: «Бір адамда екі жүрек болмас, бір көңілге екі тілек сыймас».

Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Келісімдеріңде (уағдаларыңда) тұрыңдар!»[84].

Қазақ мақал-мәтелі: «Мақал – сөздің атасы, уәде – ердің опасы»; «Уәде – Алланың сөзі»; «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені»; «Аманат, аманатқа қылма қиянат».

Хадисте:  «Көп күлме, көп күлу жүректі өлтіреді»[85].

Қазақ мақал-мәтелі: «Көп күлген бір жылар»; «Адам көңілден азады, тілден жазады».

Хадисте:  «Өздеріңнен төменге қараңдар, жоғарыларға қарамаңдар. Солай еткендерің өздеріңдегі Алланың нығметін кемсінуден сақтайды»[86].

Қазақ мақал-мәтелі: «Алғыға қарап пікір ет, артқыға қарап шүкір ет».

Нақыл сөз:  «Әрекетте берекет бар». Қазақ мақал-мәтелі: «Әрекет түбі берекет»; «Жүргенге жөргем ілінер»; «Кәсібі бардың нәсібі бар»; «Қайраттансаң, қайыр бар»; «Қолы қимылдағанның аузы қимылдар».

[1] Әбу Дәуіт, Ахмет Әбу һурайрадан (р.а.) риуаят еткен.

[2] Фатиха сүресі, 2-аят.

[3] Термези риуаят еткен.

[4] Термези риуаят еткен.

[5] Тәкуир сүресі, 29-аят.

[6] Бұхари риуаят еткен.

[7] Әнғам сүресі, 59-аят.

[8] Лұқман сүресі, 34-аят.

[9] Термези риуаят еткен.

[10] Зүмәр сүресі, 53-аят.

[11] Әбу Бәкір әш-Шафиғи риуаят еткен.

[12] Термези риуаят еткен.

[13] Ибн Мәже риуаят еткен.

[14] Нәсәи, Ибн Хаббан Әне сахабадан (р.а.) жекізген.

[15] Аббасидтер халифасы Абдулла ибн әл-Муътазз (861-909) айтқан.

[16] Әли Имран сүресі, 7-аят.

[17] Әл-Һәйсәми риуаят еткен.

[18] Термези, Ибн Мәже жеткізген.

[19] Бұхари Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткізген.

[20] Әл-Хатиб, Ибн Адий риуаят еткен.

[21] Термези риуаят еткен.

[22] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[23] Термези риуаят еткен.

[24] Хайсами, Мәжмәуз-Зәуәид, 302.

[25] Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен.

[26] Ибн Хиббан риуаят еткен.

[27] Ахмет, Табарани, Хаким риуаят еткен.

[28] Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен.

[29] Табарани, Хатиб, әл-Аскари риуаят еткен.

[30] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[31] Ас-Суюти риуаят еткен.

[32] Табарани риуаят еткен.

[33] Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен.

[34] Табарани риуаят еткен.

[35] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[36] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[37] Шура сүресі, 38-аят.

[38] Әли Имран сүресі, 159-аят.

[39] Ниса сүресі, 59-аят.

[40] Бұхари риуаят еткен.

[41] Бәйһақи, әл-Асфаһани риуаят еткен.

[42] Ас-Суюти Әнес ибн Мәліктен риуаят еткен.

[43] Нәсәи Нұғман ибн Бәширден риуаят еткен.

[44] Әбу Дәуіт Әбу Дардадан риуаят еткен.

[45] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

[46] Бұхари риуаят еткен.

[47] Шарх сүресі, 6-аят.

[48] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[49] Ибн Мәже риуаят еткен.

[50] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[51] Бұхари Әбу Масғұдтан риуаят еткен.

[52] Мүслім риуаят еткен.

[53] Ибн Хиббан риуаят еткен.

[54] Ибн Мәжә риуаят еткен.

[55] Әл-Хатиб, ас-Сахауи риуаят еткен.

[56] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[57] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[58] Ахмет, Нәсәи риуаят еткен.

[59] Ибн Мәже риуаят еткен.

[60] Ибн Әбу Дуния риуаят еткен.

[61] Әл-Баззар риуаяты.

[62] Ахмет риуаят еткен.

[63] Бұхари риуаят еткен.

[64] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[65] Бәйһақи риуаяты.

[66] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[67] Әбу Яғла, Термези риуаят еткен.

[68] Ахмет, Хаким риуаят еткен.

[69] Бұхари риуаят еткен.

[70] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[71] Бұхари, Термези риуаят еткен.

[72] Ибн Әбдул-Бирр риуаят еткен.

[73] Мүслім риуаят еткен.

[74] Бәйһақи, Табарани риуаят еткен.

[75] Ахмет риуаят еткен.

[76] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

[77] Әл-Хатиб риуаят еткен.

[78] Әбу Яғла, Табарани риуаят еткен.

[79] Бәйһақи, Табарани риуаят еткен.

[80] Ибн Хиббан, Табарани риуаят еткен.

[81] Мәида сүресі, 90-92-аяттар.

[82] Ибн Мәже риуаят еткен.

[83] Ахзаб сүресі, 4-аят.

[84] Мәида сүресі, 1-аят.

[85] Ахмет, Термези риуаят еткен.

[86] Ахмет, Мүслім, Термези, Ибн Мәже риуаят еткен.

Ілияс Ақбай

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577