Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017
«Соқыр» Фемида 2199 21 пікір 2 Желтоқсан, 2017 сағат 13:51

Айғайлай-айғайлай Қасымов ағадан да ұят болды...

 

(Бүгін болған оқиға)

Өтірік десеңіңіз, өзінен сұраңыз!
Сөйтіп, тағы бір қандас інімді ДЕПОРТАЦИЯДАН аман алып қалдым...

***
Бұл жігіттің аты-жөні Мұқият Еркін.
Он екі жасында ата-анасымен еріп, Қазақстанға оралған.
Сосын әкесі мен шешесі зейнетақыдан айырылып қаламыз деп, Қытайға қайтып кеткен.
Еркін батыр осында қалып, мектеп бітірген. Ал, мектепті тәмамдаған соң азаматтық алайын десе, жасы толмайды. Ол үшін әкесі не шешесі – біреуі азаматтық алуы керек. Олар жоқ. Кәмелеттік жасқа толып, азаматтыққа енді құжат өткізейін дегенде, визасының уақыты бітіп, бір рет әкімшілік құқық бұзушылық жазасына тартылады.
Содан, Қытайға барып, визасын аштырып, бәрін дұрыстап оралса, ешбір облыстың Көші-қон қызметі полициясы, манағы әкімшілік құқық бұзғанда тартылған жазаны көлденең тартып, құжатын қабылдамайды.
Айтпақшы, Еркін батыр жергілікті қызбен үйленіп алған. Қайын атасы қасында жүр.
Соңында Астана қаласының Көші-қон қызметі полициясына барады.
Бір емес, бірнеше мәрте.
Ол жердің Азамат Ерденов деген қызметкері де Еркіннің талабын кері қайтарады да отырады, қайтарады да отырады.
Қазір, жаны қысылған, барар жер, басар тауы қалмаған ел «Нұр Отан» партиясына келеді ғой. Еркін батыр да келді.
Мұқият тыңдадық.
Көші-қоны полициясының сауаты жетпей тұрғанын, сауаты жетпегенімен қоймай, қазақы қаны тартпай тұрғанын, əйтпесе, Заң бойынша, азаматтыққа құжат тапсыруға оның толық мүмкіндігі бар екенін білдік. Білдік те «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының қажетті бабын қағазға шығарып (тіпті, қажетті тармағын қараға бояп), бауырымыздың қолына ұстаттық.
«Астана қаласының Көші-қон қызметі полициясына бар, мына Заңды көрсет, сосын көнбесе, телефонмен менімен сөйлестір!»-дедік.
Барған.
Анау көнбеген.
Сосын, «Нұр Отан» партиясын айтып, телефонды жалғады бізге.
Сөйлесу бастады.

Азамат Ерденов мырза маған түсіндіріп жатыр:
– Көке, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабының 14-1 тармағына сай, «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;» адамды біз тұрақты тіркеуге алмаймыз.
– Өте дұрыс! Неше рет құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты бұл жігіт?!
– Бір рет.
– Онда, Сіз өзіңіз айтып тұрған Заңның сол 49-бабының 5) тармақшасын оқыңызшы!
– Қазір... қазір... міне, таптым... иә, оқыдым.
– Не деп жазулы тұр?!
– «5) Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деп, жазулы тұр.
– Неше рет бұзған депті?!
– Бірнеше рет...
– Азаматжан, енді сол тармаққа салмайсыз ба андағы бір рет қана құқық бұзған қандасыңыздың мәселесін!!!
– Жоқ, бастықтан сұрауым керек ол үшін.
– Неге?!! Сіз бастыққа жүгінесіз бе, әлде Заңға жүгінесіз бе?!!
– Заңға.
– Онда, бастықтан сұрап қажеті не?!!
– ...
– Егер, бастығың түк білмейтін топас болса, Сіз оның айтқанын орындасаңыз, жұртты обалды етпейсіз бе?!

Осы жерге келгенде телефон тарс етіп «үзіліп» кетті...
Олар ақыры бастыққа кіріпті.
Бастық екі жақтың да жағдайын ұғысқан соң, қызметкеріне Мұқият Еркіннің құжатын тұрақты тіркеуге қабылдауға тапсырма беріпті.

Жұмысы біткен Еркін батыр қайта «Нұр Отанға» жетті. Рахыметін айтып, қуанып жатыр...

Дәл, осындай жағдай бір аптаның алдында ғана Қарағанды облысы, Абай ауданында да болды.
Ол қандасымыз баяғы атың өшкір «Соттылық туралы» анықтамаға байланысты құжат өткізе алмай жүр екен. Айғайлап, аттандап жүріп, оны да тіркеткенбіз. Ол инспектор да «бастығынан сұрап» барып, қандасымыздың құжатын қабылдаған болатын. Оның алдында осы Астанада тағы бір қарындасты алып қалғам. Қайсы бірін айтайын, мұндай жағдай өте көп...

P.S. Менің ұғымымда Заң деген адамды қорлау үшін емес, қорғау үшін жасалады. Сонда мына Азамат пақыр ана Заңның ана бабымен емес, мына бабымен жұмыс істеп, Мұқият Еркіннің құжатын қабылдап, тұрақты тіркеуге тұрғызуы керек қой.
"Мынау менің қазағым, қандасым ғой!" -деген бауырмалдық сезім, саяси түсінік болмағаны ма сонда бұларда?!!

Байқаймын, Ұлт Көшбасшысының "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ" туралы Үндеуі осы Құқық қорғау саласына жетпеген көрінеді. Көрінеді емес, дым жетпеген!
Енді осы мәселемен айналысу керек болып тұр.
Өзі, айғайлай-айғайлай Қасымов ағадан да ұят болды ғой тегі!
Ал, айтпайын десең, қылығы - мынау!!!

Ауыт Мұқибек

30.11.2017

Abai.kz

21 пікір