Жұма, 19 Қаңтар 2018
Білгенге маржан 842 6 пікір 21 Желтоқсан, 2017 сағат 10:22

Қазақтың дәстүрі мен ислам дінін бөліп қарауға болмайды

Ұлттың тілі мен ділі және діні мен дәстүрі сынды ұғымдар ұлттық руханияттың мәні мен маңызы екеніне дау жоқ. Бұларды зерделеп, сақтап кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыс ету бүгінгі күннің талабы. Жаһандану заманында алпауыт мәдениеттер мен өркениеттер арасында жоқ болып жұтылып кетпеу үшін аталмыш құндылықтарды (ұлттық тіл, діл, дін мен салт-дәстүр) сақтап қалуымыз қажет. Осындай жолмен ғана өзіміздің ұлттық нақышымызды, пішініміз бен ерекшелігімізді аман алып қала аламыз. Сол үшін ұлттың дүниетанымдық көзқарасын, өмірлік ұстанымын, өзіне тән бітім-болмысын, ішкі жан-дүниесін, тарихи мәдениетінің рухани негіздерін қайта жанғыртып, дұрыс танып-білу аса қажет. Өйткені жер шарын мекен еткен сан алуан ұлттар мен ұлыстардың өзіне ғана тән атадан балаға беріліп келе жатқан уақыт сынынан өткен дүниені тану, пәлсапалық ой жүгірту, дін ұстану, дұрыс өмір сүру сыңды өз дәстүрлері мен жолдары бар. Қазақ халқы өзіне осындай жолдардың ішінен мұсылманшылық жолын таңдап алды.

Қ. Мұхамеджанов айтқандай: «Бізге келген ислам діні арғы аталарымыздың тәңірлік әдет-ғұрпымен, халқымыздың менталитетімен табиғи үйлесіп кетеді. Біздің бұрынғы билеріміз: «Құдайдан қорықпаған – Ханнан қорықпайды, Ханнан қорықпаған, Заңнан қорықпайды» - дейді екен. Меніңше, табиғаттың дүлей күшімен ұдайы бетпе-бет келіп, тайталаста жүрген көшпелі қазақтар қарапайым сезім-түйсігімен-ақ Құдайдың бір екеніне көзі жеткен. Халықтың көптеген ырымы, салт-санасы, дәстүрлері Құранның Аллаға мінәжәт ететін аяттарын еске түсіреді». Оылайша діліміз, салтымыз бет дәстүріміз мәдет тұтқан дініміз исламмен біте қайнасты, ал діндегі кейбір араб сөздері тілімізге енді.

Ислам діні – ғаламдық мәдениет пен өркениет жолы. Ислам қандай болсын ұлтқа, дін өкілдеріне қарсы шықпайды және басқаларды бірлікке шақырады. Қайта олармен әлеуметтік деңгейде жақсы қатынаста болуға шықырады. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Бұл ұстанымның түсіндірмесі – тағдыр концепциясы, яғни, болмыс (Құдай Тағала бізді осылай түрлі нәсілдерге бөліп жаратты).

«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» (49: 13).

Жоғарыдағы аятта айтылғандай Алланың Өзі адам баласын ұлттар, ұлыстар, тайпалар етіп жаратты. Демек адам оны өзгерте алмайды. Оны өзгертуге адамны құқығы жоқ, қауқарыда да жетпейді. Сондықтан да мұсылман ғалымдары осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, адамдардың ұлттарға, тайпаларға бөлінуі ақыр заманға дейін жалғаспақ деп сенеді.

Мұны қағида етіп ұстанған ислам діні ешбір ұлтты басқа ұлтттан үстем, бір нәсілді басқа нәсілден жоғары, бір текті келесі тектен артық немесе жақсырақ деп санамайды. Бұған қатысты Мұхаммед пайғамбардың да (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар:

«Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше болады ма? Артықшылық тек – тақуалық пен жақсылықта ғана болады!». Сөйтіп, Исламда адамның тегі мен нәсіліне қарағанда рухани жақындық пен тақуалық бірінші орынға тұр.

Өміршеңдігі мың жарым жылдық тәжірибемен дәлелденген ислам этикасы орасан зор өркениеттің негізі. Мұндағы әдептілік қағидалары, жақсылық пен жамандық анықтамалары, ізгілік, мейірім мен жұмсақтық, кешірім, қайырымдылық, жомарттық, үлкенге құрмет кішіге ізет, ата-ана қадірі, ұй алма көрші ал, кісі ақысы, құдайы қонақ, дүние мен ақырет, сауап пен обал, жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару сияқты сансыз адамгершілік құндылықтар мен діни ұғымдар қазақ халқының ділінде, салты мен дәстүрінде ажырамас орын алды. Оның жан дүниесін байытып, халықтан шыққан абыз даналар, ұлы ойшылдарға «кемел адам» бейнесін сомдатты.

«Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» – деп жырлаған Абай атамыздың қара сөздерінде келетін «адам бол», «толық адам» ұғымдары дін исламдағы «инсанун кәмилун» (кемел адам) тұжырымдамасын түсіндіреді. Исламдағы кемел адам – рухани бай адам. Ол өзгеге жамандық ойламайды, жетімді жылатпайды, кісінің ақысын жемейді, үлкеннің батасын, ата-ананың разылығын алады. Жарына адал, досқа берік, жарлыға жәрдем береді, кішіге құрмет қылады, аманатқа қиянат жасамайды, сөзінде тұрады, отанды сүйеді және т.б. Бір сөзбен айтқанда әрбір адам жақсы көретін үлгілі тұлға.

Сондықтан дін исламның құндылықтары, мұсылман әлемі мәдениетінің өзегі және мұсылман халықы ар-ұжданының айнасы. Ислам жай ғана ережелер жиынтығы емес, оның ішінде жүздеген ұлттар мен этностардың мәдениеттері мен дәстүрлері бар. Бұл дегеніміз, ислам діні – мәдени дәстүр ретінде жер бетіндегі этникалықтың элементтерін жоққа шығармайды, керісінше, оны өз ішіне қамтиды. Жергілікті халықтың дініне айналған ислам сол елдің салты мен дәстүрін алып, ділімен біте қайнасады. Мысалы, жоғарыда аталған адамгершілік құндылықтар мен діни ұғымдардың барлығы да толықтай қазақ халқының ділінде бар. Бұл ұлттық діл мен діни құндылықтардың өзара үйлесімдігіне, олардың біте қайнасқанына айқын дәлел.

Жалғас Сәдуақасұлы, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

Abai.kz

6 пікір