Бейсенбі, 18 Қаңтар 2018
Деп жатыр 910 7 пікір 27 Желтоқсан, 2017 сағат 09:25

Ұлттық банк "22 млрд доллардың бұғатталуын" қиын жағдай деп есептемейді

Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық қордың 22 миллиардтан астам қаржысының шетелде бұғатталуын "қиын кезең" деп есептеуге болмайды дейді. Ақышев үкімет отырысынан кейін, жағдайды түсіндіріп берді.

«Актив жоғалды деп ойламаймын. Шын мәнінде заңдық дау бар. Ол шешімін табады деп ойлаймын. Біздің жеткілікті білімді кеңесшілеріміз бар. Ұлттық қорда бұрын қанша қаржы болды, солай болып қала береді», - деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы істі сотқа бергенін айтады.

«Біз шешімнің қаншалықты заңды жасалғанын анықтау үшін сотқа бердік. Біз Лондондағы Жоғары сотқа шағымдандық, сот бұл мәселеде бас тартты, бірақ бізде аталған шешімге апелляция беруге мүмкіндік бар. Біз кастодиан-банк [New York Mellon] заңға қайшы әрекет жасады деп ойлаймыз, шағым сомасын активпен салыстыруға келмейді»,- деп мәлімдеді ол.

Өткен аптада New York Mellon банкі Ұлттық қордағы (шикізатты сатудан түсетін қаржы) 22,6 миллиард долларды бұғаттағанын хабарлады. Мұндай шешім Қазақстан үкіметі мен молдовалық инвестордың арасындағы дау өршіген кезде қабылданған. Молдовалық кәсіпкер Анатол (Анатолий) Стати мен оған тиесілі бірнеше компания Қазақстан үкіметін өздерін шығынға ұшыратты деген арыз бойынша бұған дейінгі бір сотта жеңіп шыққан. Банктегі дереккөздің айтуынша, енді арызданушы шығынын өтеу туралы шағым түсіріп, Қазақстанның мұнай табысынан құралған Ұлттық қорының 40 пайызын бұғаттауға қол жеткізген.

Қазақстан тарабы Стати компаниясы алаяқтық әрекет жасады, Астана келісім-шартты бұзуға мәжбүр болды дейді. Стати шағымы бойынша Қазақстанға қарсы сот ісі бірнеше жыл қатарынан жалғасып келеді.

Abai.kz

7 пікір