Жұма, 19 Қаңтар 2018
Әдебиет 1800 2 пікір 28 Желтоқсан, 2017 сағат 09:11

Нұрлыбек Саматұлы. Шайтан болған

әңгіме

Өмірінде дәл бұлай қорланбаған шығар.

Шамдары самаладай жарқыраған зәулім сарайдан ақтарылған жұртпен бірге сыртқа сытылып шыға беріп, өзінің тым жұпыны өмірін ойға алды. Содан жүдеп сала бергені. Сөмкесіне салған диктофоны мен кассеталарын сыртынан сипап қойды да, шаршаулы жүзбен маңайына назар жықты. Осы әзірде ғана аяқталған халықаралық саммиттен шыққан жұрт әлемдік шетін мәселелерді талқылаған басқосу әсерінен айыға алмай, саясат жайын қозғап, екеуара, үшеуара қызу әңгімеге кіріскен.

Басы сынып ауырып барады екен. Қарны шұрылдап, шөл қысқанын енді байқады. Түскі ас ішпегені еске түсті.

Жұмыстан қайтқан жұртпен таласа-тармаса автобусқа жармасты. Артқы отырғышқа жұртпен қыстырылысып гүмп берді. Берзент сөмкесін, айырылып қалмайын дегендей, қос қолдап қармап, қысып отыр. Бірінің аяғын бірі басқан ығы-жығы халықты сықай тиеп алған автобус орнынан ыңырана қозғалып, жұмысшы қыстағына қарай сызып келеді. Күні бойғы тынымсыз жұмыстан шалдыққан жүргіншілердің сіркесі су көтерердей халде емес. Қабақтары қату. Қалта түбіне сақтаған тиын-тебендерін жағы сембей қақылдап, ақша жиған билет кесушіге самарқау ұсынып жатыр. Соңғы cексен теңгесін билет таратушының алақанына бұл да тастай салды.

Ойында Достық-Дружба сарайында өткен саммит. Дүниенің төрт бұрышынан арнайы келген президенттер мен премерьлер жиналған осы басқосуда нелер айтылмады дейсің. Адамзат баласы жер бетіне сыймай, неше қилы қиындықты қолдан туындатып алып, енді соның салдарынан құтыла алмай әлек. Саясат дегенің сәт сайын мың құбылып, шиыршық атып тұратын бірдеңе екенін бұл енді ұққандай. Әр мемлекет өз ішіндегі тыныштықты сақтап тұрғаны бүкіл дүниенің тыныштығына кепіл емес екен. Өз жағдайыңмен қоса көршіңнің де көңіл күйзелісіне мүдделі болмай, жер жүзі тыншу таппайтын көрінеді. Өзгенің қас-қабағына қарамасаң, өзіңнің де құрдымға кеткенің. Адам адаммен, мемлекет мемлекетпен мидай араласқан кезде, балалаған үстіне балалаған мәселе сыздауықтай сыздап, жұмыр Жердің мазасын қашырып бітеді екен. Оны дәл бүгінгідей саммит жасап, дүние жүзінің ықпалды фигуралары бірігіп сапырмаса, саясаттың қызуы басылуы екіталай. Мұхитпен шектесіп жатқан әне бір көршілес екі елдің талай жылдан бері неге қырғи қабақ боп келгенін адам түсініп болмайды. Солардың тоңтеріс қабағын дүниежүзінің саясат серкелері жиылып жұмсартпаса, сол кетіскені кетіскен. Қоңсы қонған екі ел тату болмаса, олардың бұл қылығы әлемнің әр қиырында жатқан өзге мемлекеттердің де бүйіріне шаншудай қадалып, жамбасына тастай батқан мәселеге айналып шыға келмек екен.

Ертеңгі сағат оннан кешкі сағат алтыға дейін тарқатылып бітпеген мың сан түйткілді түсінем деп отырып, ойы әлемді шарлап, не қиырға бармады дейсің. Капитал билеген елдерден ат арытып келген тісқаққан саясаткерлер айтқан сөздің бәрі, сол капитал жолына енді түсіп жатқан елдер үшін таңсық. Бірін ұғып, бірін ұқпайсың. Кейбіріне ой-өрісің жетпей, онсыз да шөкімдей миың аталаға айналып бара жатады.

Олармен салыстырғанда, әрине, біздің елдің тіршілігі бейшаралық деп ойлады бұл. Енді ше? Иә, иә, қазір бұрынғы құндылық атаулының бәрі аяғы аспаннан келіп, дүниені түсінудің өзі қиын боп барады.

Қылыштың өзін соншалық бейшара сезініп, қор санауы бұл да емес, басқа.

Автобустан қысыла-қымтырыла түскен соң, дедектеп үйге жеткенше ымырт үйіріліп қалыпты.

Кешкі асын ішіп-жеп жан шақырды. Бұдан кейінгі жұмыс – асхана үстелінің үстін жалаңаштап, халықаралық тақырыпты толғайтын мақаласын жазу.

Берзент сөмкеден диктофоны мен кассеталарын шығарды. Кассетаның біреуін диктофонға сұқты. Қосып көрді. Біреу саңқылдап сөйлеп жатыр. Германия президенті ме, Франция премері ме, әйтеуір еуропалық біреу. Тасада тұрған аудармашы оның сөзін орысшаға аударып, аузы аузына жұқпайды. Басы жоқ, аяғы жоқ, саммиттің қай тұсы екенін белгілеп қоймағанын-ай. Қайтерін білмей бірауық дағдарып отырды да, екінші кассетаға қол созды. Күні бойы сапырылған сөзді диктофоннан қайта тыңдап шығудың өзі тағы бір сондай уақытты алатынын ойлағанда, басы солқылдап қоя берді. Қашан тыңдап, қашан жазып бітіреді? Өл, тіріл, мақала таңертең бас редактордың алдында жатуы тиіс. Сол үшін ұйқыны ұмыта тұрған абзал. Ұмыта тұрар еді-ау, бірақ осындайда ұйқы шіркін қас дұшпан екенін дәлелдеп бағады емес пе?

Көзің еріксіз жұмылып бара жатса, оған қылар айлаң кәні? Сондайда ғой, қағазға бір жол жазу жазудың күшке түсетіні. Қалам-қағазды былай ысырып тастап, салулы төсекке сұлай кеткің келеді-ақ. Бірақ ұйқысын қандырып келген бас редактор «Мақала қайда?» деп жалақтап отыратыны еске түскенде, салулы төсекке сұлай кетсем деген әлгі бір тәтті ойдан дереу айнып, қағаз-қаламға қалай жармаса кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Қалғып кетпеудің амалын жасап бағасың.

Айтпақшы, осы өткен аптада ғой, мектеп бітірушілерге сынақтың тест түрін енгіземіз деп ентігін баса алмай отырған реформашыл министрге қарсы мақала жазбақ болғанда, кездейсоқ ойға түскен ұйқыашардың бір пайдасы тиген. Онда да дәл осылай, бала-шаға ұйқыға бас қойып, үй іші тынышталған соң, қағазға үңіліп еді, ілезде маужырай бастағаны; Құдай атып кірпігі кірпігіне ілінісе бергені; кірпігі кірпігіне ілінісе бергеніне өзінің де ит жыны келгені.

Өзін өзі тірілтіп алмақ боп, ваннаға барды. Тыр жалаңаштанып ваннаға түсті. Сөйтті де бір шелек салқын суды тас төбесіне ақтара салды. Аһ... деп, шортандай шоршып түсті сосын. Шоршығаны бар болсын... табаны тайып кетіп, шатқаяқтап шалқасынан түсе жаздағаны. Екі қолы ербеңдеп, әрең құламай қалды. Еденге ұшып түскен қаңылтыр шелек қаңғыр-күңгір. «Өй, әкең... өй, енең... – деп күйінді, – өстіп жүріп бұтымды айырып алмайын!» Ваннадан шыға беріп, қалт тұра қалды: «Ах! Не дедім мен!? Бұтымды... жо-жоқ, бұтымызды болу керек». Осы сөз өзіне қатты ұнасын. Өзіне ұнаған осы сөзден бе, әлде тас төбесінен ақтарылған он бес литр тастай судан ба, ұйқысы шайдай ашылғаны. Апыл-ғұпыл шалбар балағына аяғын сұға салып, шашының суы сорғалап үстелге қарай түра жүгірді. «Бұтымызды айырып алмайық! Бұтымызды айырып алмайық!» БҰТ – «Бірыңғай ұлттық тест». Тамаша! Табылған тақырып!

Ертеңгі газеттің бірінші бетіне «Бұтымызды айырып алмайық!» деген атпен бас мақала жарқ ете қалсын. «Бұт» деген бірінші буын бас әріптермен терілді. Өрекпіген министр осыдан соң кілт өзгеріп, БҰТ деген қысқарған сөзді ҰБТ-ға өзгертті де жіберді. Сыңар ауыз сөзі жоғары жаққа түрпідей тигеніне мәз. Кейде ұйқыдан қалудың осындай тәтті ләззаты да болады-ау!

Көзіне тағы да ұйқы тығылып, маужырап бара жатыр екен. Амалы таусылып, он бес литрлік қаңылтыр шелекке ұмтылды.

Ұйқысын ашып келіп, диктофонды тағы да құлағына тақады. «Әй, ит-ай, тым болмаса аударма қазақша болса ғой. Мына бір орысшасын қалай түсіндік?»

Сағаттың қысқа тілі түнгі екіні түрті. «Ойпырмай... қашан бастаймын?» Орнынан еріксіз тұрып кетті. «Күнұзақ дауыс зорайтқыштың жанынан шықпай, диктофонға жазып алғаным зая кетпек пе?» Жүрегі күйіп, қорлана қалғаны осыдан ғой. Өзінің ғана ма, әріптестерінің бәрінің басында осы хал.

Бағана... жоқ, енді ол кеше боп кетті ғой. Кешегі саммитке келген шетелдік журналистерге арнап алдыңғы жақтан қаз-қатар үстел дайындалыпты. Әр үстелде бір-бір компьютер. Интернет жалғанған. Бұл болса, дауыс зорайтқыштың жанынан шыға алмай, диктофонын қолына ұстап, бүкшиіп тұрды да қойды. Тұрған жері залдың түкпірі. Тізе бүгіп отыратын орындықты бұған кім беріпті, тікесінен тік тұрғасын тізесі талып, белі құрысқан.

Шетелдік журналистерге жасалған жағдайға қызыға да қызғана қарады. Олардың екі көзі сөйлеп жатқандарда, екі қолы пернетақтада. Он саусағы жыбырлап, пернетақтаны жәй ғана сипап отыр. «Шіркін-ай, – деген сонда қиялдап, – біздің журналистар мынадай комфортқа қашан жетеді! Қашан!»

Диктофонның үні өшіп қалыпты. Жалма-жан басқа кассета ауыстырып, қайта қосты.

«Ай, қорлық-ай, қорлық-ай! Олар ғой, ақпаратын жаза салып, интернетпен табанда редакциясына жөнелтіп жатыр. Ал, біз... диктофонды ырқылдатып, сөзді әуелі қағазға көшіреміз. Орысшадан қазақшаға аударымыз. Мақала жазу сонан соң ғана».

Диктофондағы сөзді ыждақаттап көңілге тоқудың орнына, қиял қуып кеткен екен, ұйқы тығылған көзін уқалап-уқалап жіберіп, дыңылдап кеткен басын шайқап-шайқап қойды. «Қой, – деді сосын өзіне өзі, – бұлай болмайды. Бұлай тыңдап отыра берсем, таң атып кетпей ме?»

Ең қиыны – алғашқы сөйлем. Алғашқы сөйлем жазылса болды, қалғаны өзінен өзі құйылып келе бермек. Тәуекел деп алғашқы сөйлемді жаза бастап еді... Құдай тас төбеден ұрғанда тағы да көзі жұмылып, басы салбырап бара жатыр екен. Жалма жан орнынан ұшып тұрды. Ойында – он бес литрлік қаңылтыр шелек.

Сағаттың қысқа тілі түнгі төртке барып қалыпты. Қалғып-шұлғып отырып жазғаны бір жарым бет. Оның да соңын ала бере қаламсап тайып кетіп, қиғаш бір сызық түскен. «Қой! Қой-ә! – деді өзімен өзі сөйлесіп, – болмады. Болмай барады. Бас қатып кетті. Жатайын. Қисаяйын. Ертең... бірдеңесі болар».

Аяғының ұшымен басып барып, жатын бөлмеден жамылғы алып келді. Асханада тұрған ескі диванға құлай кетті. Қатты шаршапты. Екі құлағы шу-шу, денесі былқ-сылқ. Удай ашыған екі көзі еріксіз жұмыла бастаса да, кешегі саммит ойында. Саңқылдаған, сампылдаған дауыстар құлақ түбінде.

Шырын ұйқыға шым батып бара жатыр екен, тақау тұрған үстел жақтан тықыр-тықыр еткен дыбыс естілгені. Анық естіді. «Тышқан ба... атжалман ба... қап, қуып жіберетін... тайраңдатпай...» Санасына саңлаулап келген ойын орындауға ерінді.

Тықыр тағы естілді. Естіліп қана қойса бір сәрі ғой, біреу жамылғының бүйір тұсын көтеріп, қолын сұғып жатыр. Мұп-мұздай, тап-тастай. Тұла бойы түршігіп сала берді. Сұғынған қолды қағып жібермек боп еді, сірескен денесі илігер емес. Қолы көтертер емес. Ұйып қалған ба, жаны жоқ. Сығырайтып көзін ашқаны болмаса, тырп етіп қозғалуы мұң.

Көріп жатыр. Біреу, екі езуі екі құлағында, ыржиып қарап тұр. Көзі жылт-жылт. Танауы шу-шу. Дем алысы да тым жақыннан сезілді. «Мәссаған, – деп ойлады өн бойы мұздап, – сары серке ғой мынау! Менің бала кезімде бар еді осы серке.» Миы зеңіп, өз ойынан өзі шошыды. Сол-ақ екен, сары серке бақылдап қоя бергені. Бүйіріне тап-тастай сирағын сұғыңқырап-сұғыңқырап жіберді. Жаны шығып кете жаздасын. Үрейі ұшсын. Суық тер сау-сау құйылды. Зәулім сарайда өткен саммит емес пе ойлап жатқаны. Енді мынасы немене... Марқұм әкесі сонау жылдары сойып тастамап па еді? Саудыраған сүйегін ауыл иттері тасып кетпеп пе еді? Сары серке... соның дәл өзі... тіріліп кеткен бе, зәнталақ! Бақылдаған дауысы қандай жаман! Құлағы тұнып, қимылдауға зар боп қалғаны қалай? Қимылдау былай қалып, дыбыстауға дәрмені жетпегені несі? Әттең-ай, адам деген де бір бейшара мақұлық-ау! Қапелімде басқа түскен не мүшкіл хал? «Пі... пі...» Ерні ерніне жуыспады. Ернінен де жан кетіп қалған ба? Мұп-мұздай тұяқ бүйірін тесіп бара жатыр ғой. Жаны бүйірінде ғана ма? Көзінен ыстық жас саулап төгілді. «Пі... піс... піссімілла!» Тілі кәлимаға келгені сол екен, әлгі серке дегені бүйіріне қадаған сирағын суырып ала салды да, «бақ» етіп, шоңқиып сұлай кетті. «Піссімілла, піссімілла!» Дауыстап, басын көтеріп алуға күші әрең жетсе... екі көзін тарс жұмып алған. Ашса, үйдің іші тым-тырыс. Сары серке... жоқ елес... қайсысы болса да зым-зия. Түс пе сонда?

Мылжа-мылжа болған денесін қозғап, ауыр дем алды. Өзінің өлі емес, тірі екенін түйсініп, көкірегіне азғантай қуаныш құйылды. Әлгі бір түстен, Құдай сақтасын, түс деуге де келе қоймайтын үрейлі оқиғадан соң денесі дел-сал. Есеңгіреп бірауық отырды. Үрейден біржола арыла алмастан төсекке қайта қисайды. Көрпенің бүйір тұсын астына басып, мұқият қымтап қойды.

Ұйқы деген тәтті бір тұңғиық. Кірпігі кірпігіне байлана берген екен дейді... тағы да «бақ» еткен дыбыс. Жүрегі зырқ етіп, тас төбесіне жетсін. «Бақылдаған» дыбыс бас жақтан шықты ма, әлде аяқ жақтан естілді ме, қапелімде шамалай алмады. Тіпті, өзінің басы қай жақ, аяғы қай жақ... жаңылысқан бір хал. Саңылауланған санасы ғана. Сол... сол сары серке... енді ол жалғыз емес. Көп. Самсап тұр. Құлақтары салпиып-салпиып, бірін бірі кимелей жеткен. Біреуі табанына тап-тастай тұяғын тигізді. Енді бірі тоқ еткізіп тас төбесінен нұқып жіберсін. Аяқ-қолы жансызданып, тағы да сіресе қалған. Тартып ала алмайды. Қауқарсыз. Өзін піссімілла ғана құтқаратынын санасы сезіп жатса да, тілі күрмеліп, ерні ерніне жуыспады. Сары серкенің осымен екінші рет пайда болғаны ғана анық. «Сары серке емес, сары серке боп кеп тұрған шайтан ғой, – деп ойлады. Өз ойынан өзінің зәресі ұшты. – Бет-аузымды қисайтып, есалаң етіп қоймаса... Қап, дәрет алып, дұға оқып, тазаланып жату керек деуші еді... Соған бір мұрша болмай-ақ қойды-ау.»

Қатты қиналып, ерін ұшына бар күшін жинады. Зорланып, күшеніп піссімілла деп сыбыр етті. Сонан соң ғана қаттырақ сөйлеуге демі жетті. Сары серкеге ілескен пәлекеттер піссімілланы естігенде әуелі жым-жырт бола қалды да, бұл басын көтергенде дүркіреп, тым-тырақай безе жөнелді. Сылқ-сылқ күлгендей дыбыс құлаққа шалынды. Әп-сәтте көзден ғайып болды.

Буын-буынын діріл алған. Тамағы құп-құрғақ. Орнынан тұрып, су ішпек еді...

Енді тұңғиыққа құлдырап емес, керісінше, шырқау биікке самғап кетіпті дейді. Далиған жер беті ілезде бүрісіп, алақанға салғандай қалайша тез кішірейіп кеткеніне қайран. Шырқау биікке тез көтерілгені сонша, басы шыр-көбелек айналып, көзі бұлдырап кетті. Басының айналғаны да, көзінің бұлдырағаны да жанына жағып, көңіліне ұнап барады. Көкке көтерілген үстіне көтеріле түссем екен дейді; басым айналған үстіне айнала түсе екен дейді. Мұндай тылсым ғажайыпты жер бетінде жауынқұрттай жыбырлап, әрең жылжыған адам бейшара қайдан сезінсін?

Алыстан, туу алыстан сырт-сырт басқан тұяқ дыбысы естілді. Естілгені сол, қанаты қайырылған қаршыға құстай көк төрінен сылқ етіп, аяқ астына құлап түсті. Тұяқ дыбысы жақыннан, дәл іргесінен естілді. Көріп жатыр. Қол созым жерге келіп, іркілді. Сол... сол баяғы сары серке. Сүйір тұмсығын алға оздырып, пырс-пырс күйсейді. Қос мүйізі артқа емес, алға қарай иілген. Жылтыраған жіпсік көзі жап-жасыл. Жанып тұр. Жағын қайшылап, күйсеген сайын сапсиған сақал селтең-селтең. Сүп-сүйір қос құлақ, қос құлақтың арасында ербиген қос мүйіз. Төрт аяқтап емес, бұ жолы екі аяғына мініп, тікесінен тік тұр. Денесіне қылшық емес, қауырсын өскен бе, қырғауылдың қоразындай қызыл-жасылға малынып алған. «Айттым ғой, сары серке емес бұл... шайтан» деп ойлады.  Жүрегі суынып бара жатты. Тыпырлап тұрып кетсе, бой бермес еді. Кеудесі көтертпеді. Тұншығып, қимылдай алмады. Өзін жалғыз «піссімілла» ғана құтқаратынын, «піссімілланың» соншалық қаһарлы қару екенін енді санасы анық аңғарды. Қиналып барып «піс... піс... піссімілла, піссімілла» деп бақырды. Серке-шайтанның қызылды-жасылды қауырсыны ғана дір етіп басылды. Піссімілладан қаймықпай жанына жетіп келді де, секіріп үстіне қона кетті. «Бақ-бақ» етіп, мыжғылап жатыр. Қылыштың көмейіне өксік тығылып, тұншығып барады. «Өл-дім, өл-дім» деп айқайламақ еді, жағы қарысып, дауысы шықпады. Жылай да алмады. Демін әрең алып «Алла, Алла» деуге шамасы зорға жетті. Көк желкеге қонып алған құбыжық сонда ғана үстінен аунап түсті. «Алла деген құдіретті сөздің «а» деген дауысты дыбыстан басталғаны қандай жақсы болған» деп ойлапты. Неге олай ойлағанын бір Құдай білсін.

Өксіп оянды. Бөлме іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Сары серке түгілі сары сайтан да жоқ. Үрей жаулап алған жүрегі қалтырап, көрпесін сүйрете-мүйрете келіншегі ұйықтап жатқан бөлмеге сүрініп-қабынып жетті. Дүңкілдеп жүгірген аяқ дыбысынан оянып кеткен келіншегі жастықтан басын үрке көтеріп алып:

– Не болды? Нағып жүгіріп жүрсің, – деді ұйқысын бұзғанын жақтырмай.

– Ү-ш-ш... ү-үш... үш рет келді! – деді бұл тұтығып.

– Не? Не келді дейсің?

– Ша-ша.. Ша-й-тан... шай-тан!

– Баршы әрі, шайтаны несі... Әрі жүр, баланы басасың, – деді қолымен жанына алып жатқан сәбиін қорғаштап. – Өзің шайтан! Бар оныңа! Жат тыныш! Елірме!

Сүйретіліп төсегіне қайтып келді. Маңайына секемдене көз салды. Шайтан жайлаған жерге еш ұқсамайды. Бәрі-дағы орын-орнында. Тамағы құрғап, аңқасы кеуіп бара жатқаны есіне түсіп, тоңазытқыш есігіне қол созды. Ішінде аузы ашылған бір бөтелке арақ тұр екен. Мөп-мөлдір. Суырып алды. Жалма-жан екі кесеге толтыра құйды. Уф-ф деп, бір дем шығарды да, бірінен соң бірін жөпемелдемелете тартып-тартып жіберді.

...Көзі ілініп бара жатса да сезді, біреу тық-тық сақтана басып, жанына таяды. Тым-тырыс, дыбысын шығармастан сілейіп тұрып қалды. Көзін сығырайтып қараса, қарсы алдынан үсті-басын қауырсын басқан әлгі... «Сол ғой тағы, шайтан ғой». Бұл жолы иманы селт етпеді. Қорқыныш, үрей.. атымен жоқ. Соған аздап таңырқады. Қол-аяғы да сіресуден аман. Піссімілласын дайындап жатыр еді, бірақ қапелімде өзін өзі зор сезініп сала берді де, басын көтерместен піссімілланың орнына «шәйт» деп жекіріп жіберді.

Аяғын абайлап басып, алға жылжи түскен серке-шайтан қаймығып, қалт тұра қалды. Серке-шайтанды қаумалай қоршап, ентелескен бір қора шібіш-шайтан да ошырыла тоқтасты. «Шәйт, – деді тағы батылданып кетіп. – Енеңді ұрайын!» Дауысы өктем.

Жіпсік көзі жылт-жылт еткен сары серкенің жүні жығыла қалсын. Бір адым артқа шегінді. Соңында топынған шібіш-шайтандар да бастарын сілкіп-сілкіп алысып аңтарылып тұр.

Қылыш қол-аяғын бірдей сермеп, жатқан орнынан жұлқынып тұрды.

– Кет! Құры!– Түкірігі шашырап, түйулі жұдырығын басынан асыра жоғары көтеріп, қаһарлана айқай салды. – Жоғал! Пошел!

Аңтарыла қалған сары серкенің жап-жасыл жіпсік көзі жыпылық-жыпылық. Жасқанып сәл тұрды да, кенет орғып түсті. Шібіш-шайтандар да толқып кетті. Топынған тұяқ дыбысы тарсылдап-сартылдап, барлығы түгел билей жөнелісті. Қайран қап қараған Қылыштың құлағына ысқырып-пысқырып, бақылдап-қақылдаған үндері жылы тиіп, тіпті жағып барады. Осы күндері хит боп кеткен эстрадалық музыкадан қылдай кем естілсе не дейсің. Делебесі қозып, бұның да билегісі кеп кеткені. Қараса, басын бұлғақтатып, аяғын ырғақтатып теңселе бастапты. Бірте-бірте қимылы ширап, басын сілкіп-сілкіп, белін ырғап-ырғап биге ынты-шынтымен кірісіпті. Белін тап осылай ырғағаны өзіне қатты ұнап барады. Осы бір қимылды жасағанда тұла бойы түгел шымырлап, алпыс екі тамырын от кеулеп, тілмен айтып жеткізгісіз айрықша бір ләззатқа кенелетін сияқты еді. Сол өзі қашан, қандай жағдайда болатынын еді, еске түсіре алсашы. Еске тез түсіргісі кеп бел қимылын екіленіп қайталай берді. Сондай бір ләззатты аңсап, екі иінін жұлып жеп, құтырына биледі. Екі қолын екі жағына жазып жіберіп, екі көзі алақтап, белін изеңдетуден танбады. Изеңдеген сайын әлдебір ләззатқа сүйсініп ыңырсығандай, құмардан шыға сыңсығандай түсініксіз дыбыстап, ешкі боп келген қалың шайтанның арасына еніп бара жатыр екен. Олардың желп-желп еткен қылшық жүндері жалаңаш сирағын сүйкеп өткенде, қытығы оянып, өзін қоярға жер таппай, рақаттана қышқырып, қос аяқтап көкке секірді. Бір кезде аңғарса, шайтан біткен хормен ән салып жүр. Өмірі естімеген әуен. Қайырмасы еркінен айырып, қанын тасытты.

 

Шайтан, шайтан,

Шайтан болды,

Шайтан болды-ай-и!

Жуанды-жіңішкелі дауыспен шырылдап-бырылдап салған ән буынын босатып, жанын суырып, еріксіз елірте түсті. Алпыс екі тамыры балқыды.  Сиқырлы әуен түгесіліп қалмаса екен, осылай тоқтаусыз есіле берсе екен деп тіледі. Сары серке бастаған шыбыштар кетпесе екен деп көкседі. Бір қараса, олар еденді тырсылдата басып, сыртқа сытылып шыға бастаған екен.

Шайтан, шайтан,

Шайтан болды,

Шайтан болды-ай-и!

 

Қылыштың құлағына сонша ғажап боп естілген сиқырлы әуен бірсін-бірсін алыстап, ақыры үзіліп тынды. Бұл солығын баса алмай, соңдарынан тұра жүгірмекші боп оқтала беріп еді... Кенет дүние жап-жарық боп кеткені. Соған ілесе «ойбай, ой-бай-й» деген әжептарқы дауыс құлағын тырнап өткені. Селт етіп тұра қалыпты. Қарсы алдында алақандай боп бақырайған екі көз. Алақандай боп бақырайған екі көздің іші толған үрей.

– Ойбай! Жын ұрды ма, ойбай! Жи есіңді, ойбай!

Көз алдын кіреукелеп тұрып алған қалың тұман сыпырылып түсті. Үрейге толы бақырайған екі көз сол сәт келіншегіне айналып жүре берсін. Ол-дағы табалдырықтан бері аттауға бата алмай, босағаны қармап ұстап, тұра қашуға оқталғандай шошынып тұр. Өзі бөлменің қақ ортасында қос қолын көкке тік көтерген күйі қалшиып қатып қалыпты. Бөлменің қақ ортасында қолын көкке тік көтеріп не қып қалшиып қатып қалғанын, бірақ еш түсіне алмады. Қолы сылқ төмен құлады. Қараса, тыр жалаңаш. Неге олай? Бұтындағы лыпасын де сыпырып тастапты-ау! Қалайша?

– Ойбай! Ойбай! – деп зар еңіреді келіншегі. – Қызың оянып кетер, ойбай! Не көрінді саған, ойбай! Орныңа жат, ойбай!

Түкті түсінбеді. Неге жекиді бұл?

Үстел үстінде состиған бос бөтелке. Соған іш киімі асылып қалған. Тырқылдап күліп жіберді. Тырқылдап күліп тұрып, мынадай қызыққа келіншегінің неге күлмей тұрғанына таңғалды.

Бос бөтелкеге асылып қалған іш киімін саусағымен іліп алып, жалт бұрылды. Төсегіне гүрс құлады. Келіншегі жарықты сөндіріп, есікті нығырлай жауып қойды. Бір сәт демін ішінен алып, сырттан тың тыңдады.

Қылыштың құлағынан әлгі бір еліткіш ән қайырмасы кетер емес.

Құмары қанбай қалғанына қатты өкінді. Өкініп жатып, шайтандар тағы да келсе екен деп тіледі.

10.08.2017 жыл

***

Нұрлыбек Саматұлы

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, «Жаңаталап» кеңшарында (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ауыл) 1966 жылы туған. Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Еңбек жолын осы оқу орнында қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Қызылорда облыстық Телерадио хабарларын тарату компаниясында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде бөлім меңгеруші, «Хабар» телеарнасында редактор, республикалық «Таң-Шолпан», «Жұлдыз» әдеби журналдарында проза бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазір республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.

Abai.kz

 

 

2 пікір