Сейсенбі, 24 Сәуір 2018
Айтқыш екен 2344 11 пікір 29 Желтоқсан, 2017 сағат 10:18

Хиджаб – бутафория болғанда...

Біздің үйде ТВ қосылып тұра береді. «КТК»-дан кезекті бір – тек әншілерге қатысты бірдеңе боп жатыр. Әдеттегідей, үйлену тойларынан үзінді көрсету, отбасылық керемет өмірлері жайлы айту...

«Біз – өнер адамдарымыз ғой» деген сөзді айтуды қатты жақсы көреді мұнда қатысушылар. Бір жас сазгер мен «жұлдызды келіншек» (ойбай, оны мен емес айтып отырған, жүргізуші солай деді, суперредактор солай жазып берген шығар) сөйлеп жатыр. Осындай сөз тіркесі, теңеу бар ма еді өзі? «Жұлдызды сәті» деп жатушы еді: жұлдыз да «нұрланып» кетті, құрысын...

«Жұлдызды келіншек» – xиджабтағы келіншек екен, басымды көтеріп қарасам. Танысқандарын айтты, ғашық боп қалғандарын айтты. Сөз байласқан шақта қыздың үйінде біреу дүние салса керек: соның жылы өтпей, тұрмысқа шығуға рұқсат кешірек берілген сияқты. Оған өліп-өшкен ғашықтар көнбей, жігіт қызды алып қашыпты...

Хиджабты қалыңдық пен күйеу жайлы тойдағы сәт көрсетіліп, әңгіме той көйлегі жайлы өрбіді. «Ол кезде жүкті болғандықтан, бір күн бойы киіп жүретін ақ көйлегімнің ыңғайлы әрі жеңіл болғанына мән бердім және сондай көйлек табыла кетті», – де-е-еп отыр.

Айтам ғой – киім, анығы, xиджаб – бутафория деп! Бу-та-фо-рия! Сыртқы қабық! Бағанадан бері айтылған әңгіме ноль болды. Ал осындай жоба (жүргізушінің сөзі) керек пе? Мынадай әңгіме ше? «Жобаның» кейіпкерлерінің ең жиі айтатын сөздері – «өнер адамы болған соң». Көкетайлар-ау, жарты жұмысыңды теxника «жасап» беріп отыр, біреу сенің жеңіл-желпі әніңді фонограммамен айтады. Одан қалды инкубатордың жұмыртқасы мен балапаны сияқты бірдей «xалаулайды» күшікше шұбыртып жатқан мұның «әнін» жер бетіндегі бар қазақ шырқап жүр ме? «Әлемге, бар қазаққа белгілі сазгерсің», – деп келіншектің айтқаны... Шәмшінің тірі жүрмегеніне қуандым. Мынаны естіген заматта өлетін еді!

Әй, «жобасымақтан» көрінген, көрінетін «өнер адамдары»! Нағыз ӨНЕР АДАМДАРЫ – Нүкетай Мышбаева, Төлеубек Аралбаев, Саят Мерекеновтер! Бұлар күніне қаншама бет сөз жаттап, аптасына қаншама қойылымды теxниканың көмегінсіз көрерменіне ұсынатын тірі өнерде жүргендер! Ал сендер – жеңіл жолмен табыс тауып жүрген мейрамxана «бұлбұлысыңдар». Арзан өнер, арзан әңгіме. Тыңдап біткен кезде-ақ ұмытылатын арзан ән.

Пы.Сы. Осындай «жұлдызды келіншектің» бірі өзінің ата-енесін мақтап, білмегенін үйретіп, келген жеріне сіңіп кетуі үшін көп еңбек сіңіргенін мақтана баяндап отырып, көпке танымал қайын атасының атын былш еткізіп айта салғаны...

Енді бірде бір әнші жеңешеміз әнші күйеуінің аты мен тегін xабарлап, саxнаға сондай көтеріңкі ырғақпен шақырғаны... Алдында ғана бір бағдарламада ибалы келін екенін айтқанын тыңдап, жақсы көріп отырған едім. Құдай-ау, кайфты олай бұзбасаңдаршы! Ұлтты сақтайтын – әйел, бірақ қазақтың еркегінде де парасат пен сұс болса екен. Неге жаңағыдай «жобасымаққа» нағыз өнер адамы түспейді? Өйткені олардың үйіндегі жеңешелерімде қазақы иба, ағаларымда ұлттық намыс бар!

Айгүл Болатханқызы 

Abai.kz

11 пікір