Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5850 28 пікір 8 Қаңтар, 2018 сағат 10:25

Мәңгіруден – жаңғыруға...

Сөз басы

Міне, Тәуелсіздігіміздің тізгіні қолға тигелі де, аттай ширек ғасырдан асып барады. Тарих үшін осы бір қас-қағым сәтте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында  зор жетістіктерге қол жеткіздік. Еліміз аяғынан тік тұрып қана қоймай, әлем алдында қанымызға cіңген  бейбітшілік сүйгіштік  қасиетімізбен де, ара ағайындық игі істерімізбен де беделдің биік шыңына шыға білдік.

Сонымен қатар, Елбасымыз  2017 жылдың 12 сәуірі күні жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы  ұлтымыздың әлемдік бәсекеде қабілетті болуы үшін ұлттық кодын, салт-дәстүрі мен  мәдениетін шыңдай  беруі керектігіне  де бағыт-бағдар беріп, жол сілтеді.

Ұлтқа   қалтқысыз  қызмет ету үшін,  алдымен, мінез,  сосын барып білімнің қажеттілігін ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары ескертіп кеткенділігі баршаға аян .

Осы қағидатты басшылыққа алған шенділеріміз алдымен қимылдап, елдің алдына түсті. Ерекше белсенділік танытқан олар, бұрын-соңды байқатпаған «мінездерін» көрсетіп, Елбасы мақаласы үшін отқа да түсуге, суға да батуға, әзір екендіктерін жарияға жар салды. «Рухани жаңғыруды» қолдап мақала жазудағы өз ара бәсекелестікте бір-біріне есе жібергісі келмейтіндіктерін білдірді.  Ақпараттық құралдарда  пікірталастың көркін қыздырды. Мұның бәрі, сайып келгенде, қарапайып халық үшін орасан  зор пайдасы болды. Көңілдерінде болашаққа деген үміт оты жанған халықтың рухы күрт көтерілді.

«Ұра берсе, киіз қазық жерге кірер!» демекші, жер-көкті жаңғыртып жатқан «рухани жаңғырудың» әсері талайдың соқыр көзінен жас ағызып , қараңғы көкіректеріне нұрдан шашу шашты!

Бұрын-соңды болмаған мұндай күрт өзгерісті бірер сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Әсіресе, табан асты қалыптасқан ұлттық рухқа толы мінезіміздегі құбылыстарды айтсаңызшы!...

Сондықтан, қазақтың «рухани жиналысына» айналған бүгінгі садақа-тойлардағы  асқақтаған «рухани жаңғырудың» кейбір сәттерін барынша ыждағаттылықпен, аса салтанатты түрде, патриоттық  сезімге бөлене отырып жеткізуді өзімнің Отан алдындағы тікелей азаматтық  борышым деп санадым.

«Қарағайдай мүйіз» немесе «билер кеңесін» аңсау

Садақа үсті. Әңгіме қызған шақ. Әңгіме арқауы – «рухани жаңғыру!» Шайдан соң, ет әкелінді. Аңқыған жас еттің иісі жұрттың рухын  көтеріп, кейбірінің делебесін қоздыра түсті.

Кенет ет турап отырған жігіт садақадан қалмай, ер кісілермен жағаласып, төрге шығып алатын жылмаңдаған кемпірлерге қарай кәрі жілікті ысырып жіберді.

Мұны көріп, манадан бері еттің иісіне мастанып, ұлттық рухтан қуат алып, делебесі қозып, арқасы ұстап, «рухани жаңғырып» отырғандардың бірі:

– Әй, көргенсіз!... Салт-дәстүрді неге сыйламайсың?! Ер азамат отырғанда, қатындарға кәрі жілік ұсынғаның, қай сасқаның?! – деп ақырып қалды.

Әлгі ет турап отырған жігіт не газет оқымайтын, не теледидардан жаңалық тыңдамайтын, тек үнді фильмдерін көрумен шектелетін, айналаның бәрі  «рухани жаңғырып» , өре түрегеліп жатқандарынан  еш хабары жоқ, көкірегі қалың ұйқыдағы сорлы-ау, шамасы!

Жіліктен дәмелі «рухани жаңғырған» жанның, ақырғанына қарсылық ретінде  үндінің көк бет қатындарынша бүйірін таянып, бақырмақшы боп ұмтылғаныменен  ет турағыш жігіт  үлгере алмады. Қақ маңдайына тиген  кәрі жілік  тіл-аузын байлап, жарты жолдан кілт тоқтатты. Көзінің оты жарқ ете қалған байғұс қапелімде түк көрмей, жер сипады да қалды. Есесіне, қақ маңдайға тиген кәрі жіліктің орны  алғашында үнді қыздарына тән маңдайдағы нүктедей боп көрінгенімен, артынша кішігірім текешіктің мүйізіндей  шортиып шыға келіп, айналасына үрей туғызды.

Күтпеген соққыдан сәл-пәл абдырап, көзі түк көрмей жер сипап қалған ет турағыш жігіт те қайтпас қайсар екен. Мінезді екен.  Сәл ес жиған бойда-ақ, шалт қимылдап, еш ойланбастан, алдындағы ет толы  табақты « рухани жаңғырып», ұлттық салт-дәстүрді қызғыштай қорғап отырған «намысқойдың»  басына төңкере салды.

Бұл оқыс қимылдың нәтижелі болғаны сонша – әлгі «намысқой» құлындай шыңғырды. Артынша биеге таласқан айғырларша қып-қызыл қырғынды бастап кеп жіберді. Кімді-кім ұрып жатқаны белгісіз. «Аттан!Аттан, қазақ!...» деп ұрандатқан дауыстар Амантай қажыны еріксіз  еске түсіріп, құлақтың құрышын бір  қандырғандай!

Апай-топай төбелестің саябыр сәтін күтіп тұрған бір жүдеулеу жігіт дастарқаннан аш қасқырша бірдеңені іле далаға қашты. Мұны көріп, ізіне өзіндей  арық біреу түсті.

– Әй , нақұрыс! Ілген олжаңмен бөліс! – дейді әлгі ізге түскені қырылдай.

– Бөліспеймін !... Өзімнің де аузым қызылға тимегені аттай бір ай болды!... Оның үстіне , мынауың қас қылғандай, ет емес, желке боп шықты! – дейді қашып бара жатқаны . Десе де, мұрнын еттің исі қытықтап-ақ  бара жатқаны да анық-ты. Онысын иіскелектеген мұрны жасыра алар емес.Үні де «ырылдағандай» ерсілеу естіледі.  «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген  осы- ау! Ізіне түскен жүдеу де «ет дегенде, бет бар ма?!» қағидасын қатты қадір тұтатын, қадалған жерден қан алмай қоймайтын  нағыз «мінезді  ойыншы» боп шықты.

–  «Желке ас болар – майлы болса,  жиен ел болар – жайлы болса!» – деп мақалдап қойып, үмітін үзбестен әлгі желке «егесінің» соңынан бір елі қалар емес.

Иә-ә,  желкеге таласқандардың жан дүниесін түсінуге де болар!... Бұлар  «рухани жаңғыруда» шатағы жоқ,  әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жататындардан еді. Ауылда жұмыс жоқ . Шиіттей бала-шаға . Анда-санда қолға тиетін азын-аулақ тиын-тебен қайсыбіріне жетсін! «Қасқыр мен қазақтың түсіне ет кіреді» демекші, кей-кейде ет жегісі кеп, қызылсырағанда осындай садақалардың үстінен түсіп, «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» дегендей, «шала байып» қалатындары бар еді. Бүгін оның да сәті түспеді. Әкім – қараны жағалап, көңілдерін тауып, бала-шағаларын жұмысқа орналастырып, жан-жағын қамтып алғандар, қысқаша айтқанда, кілең тойынып, « рухани жаңғырғандар» жаға жыртысып, берекелерін кетірді. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген  осы екен - ау!

«Тең теңімен, тезек қабымен» деген! Бұлар желкені бөлісе алмай, бірін-бірі қуып кеткенде, іште  қалып, дастарқан басында «рухани жаңғырып», төбелесті қыздырып жатқан өңкей дөкей еркектердің арасында ішкі есептері «дастарқан сыпыру» өнерлері толық іске аспай,  қыстырылып қалған әлгі «жілік ұстағыш» кемпірлердің жағдайы мүлде мүшкілденіп кеткен-ді.

Бұл да аз болғандай, төбелестің туындауына «басты себепкер» ретінде, кемпірлерді кінәлап жатқандар да жыртылып- айырылады.

– Осының бәріне мына жалмауыз кемпірлер кінәлі!

– Аштан өлетіндей дастарқанды сыпырып!....

– Бәрінен де, кәрі жілік ұстап, салт-дәстүрімізді бұзғандарын айтпайсың ба?!

Мұндай психологиялық шабуылға кемпірлер айылын да жиған жоқ. Айқайға «ойбайларын» қосты.

– Әй, оңбаған!Біз – анамыз! Анадан шықпай, қайдан шықтың?!

Мұны естіген  ерлер қарсы шабуылға шығып,  дүрсе қоя берді.

– Өй, сендердей жалмауыз кемпірлерден шыққанша, сол «іннен» шықпай, жатып алғанымыз қандай жақсы!

Бұл пікірге кемпірлер келіспей, еріндерін сылп-сылп еткізді.

– Пш-ш-ту!...

«Бөріктінің намысы – бір» деген! Кемпірлердің  күш алып бара  жатқанын байқаған  көзілдірікті бір кісі оқығандығын байқатқысы кеп:

– Біле білсеңдер, аналар еркектердің сол қабырғасынан жаратылған.

Мұны естіген кемпірлер шоқ  басқандай бастарын кекшең еткізді.

– Сонда сенің сол  қабырғаңнан жаратылғанбыз ба?

– Иә!

– Пш-ш...

Өкінішке орай,  кемпірлер бұл жолы  «піштулерін» айтып үлгіре алмады.  Қас қылғанда, осы сәтте тәтті тағамдарға тола бастаған қолдарындағы  қалталарын жағаласып  жүрген әлдекімдер қағып кетіп, ұшырып жіберді. Онысымен қоймай, батпандай аяқтарымен әлгі қалталарды былш-былш еткізіп езіп кетті. Бұл да аз дегендей, енді бір сәтте бастарындағы орамалдарын жұлып-жұлып әкетті де, дастарқан үстіне топ-топ еткізді.

Дастарқан үстіндегі ақ орамалдарды көрген еркектер көздері алақандай боп,  алысып-жұлысқандарын кілт тыйды. Өйткені, жақында болған бір садақада «соғысты тоқтатқан» ақ орамал туралы аңызды естіп,  құдіретіне тәнті боп, бас шайқасқандары естеріне түсе кеткен-ді. «Кепетіне ұшырармыз!» деп шошынды.

– Ағайындар! Ортаға ақ орамал тасталды! Шайқас тоқтатылсын! Ата дәстүрден аттамайық! – деп айқайлады алдымен ес жиған біреуі.

Мұны естігендер айылдарын тез жиды. «Ойпырмай! Ақ орамалдың құдіреті- ай!» – дескен жұрт «соғысты»  аяқ асты тоқтатып, пікірталасты бастап кеп жіберді.

– Қап! – деді  осы арада өкінген біреу жұтына. – Ең болмағанда, майлы еттен бір асағаным да ғой!

– Енді өкінгеннен не пайда!

– Ойбай-ау, осының  бәрі – мынаның кесірі! – деді біреу дастарқанда «шіреніп» жатқан кәрі жілікті нұсқап.

– Жоқ! – деді мұны естіген манағы «рухани жаңғырған» патриот, кәрі жіліктің «жанашыры» . – Мұның бәрі қатындарға жілік ұстатқан ананың кесірі!

Жұрт назары  енді  ет тураған жігітке ауды. Көпшілік ішінен біреуі шыдай алмай:

– Ата дәстүрді бұзып, қатындарға жілік ұстатқанда шыққан мүйізің қане! – деді ашына.

– Әне ! Мүйізі әне! – деді бір сақалды кісі ызалана . – Кішігірім текешіктің мүйізіндей шүртиіп, қақ маңдайында тұрған жоқ па?!

Енді жұрт жапырыла ет турағыш жігіттің маңдайына үңілді.

– Пах, шіркін!  «Мүйізі қарағайдай» деген осы-ау!

Бұл «теңеу» даудың қайта өршуіне себеп болды. Жұрт енді мүйіз туралы дауды  қыздыра бастады.

– Ақымақ!  «Мүйізі қарағайдай»  деген – «данышпан», «мықты»  дегеннің баламасы емес пе?! Ал, мынаның басы!... Кәрі жілікті қатындарға ұсынып жүрген мынаның басы – бас емес, нағыз қауақ қой!

– Қауақ болса да, Құдайға шүкір, «мүйізі» бар. Ал, сенде, ол да жоқ!

– Ай, не дейсің, әй?!....

Абырой болғанда, осы арада біреу: «Ойбай, аяғым!» деп бақырып жіберіп, даудың ауанын басқа жаққа бұрып жіберді. Әйтпегенде, төбелес қайта басталып  кететіндей еді.

– Әй, аяғыңа не болды?!

– Мана «қырғында» аяғымды табақтағы ыстық сорпаға тығып ап,  удай ашып әрең шыдап тұр едім. Күйіп қалды-ау, шамасы! Оны мына мәжүгүн басып кетіп, шыбын жанымды көзіме көрсетті-ау!

– Әй, мәжүгүнің не?!... Өй, аяғыңның...!

Енді «аяққа» байланысты төбелестің басталып кететініндей  жағдайы туындады. Тап осы арада кемпірлер де қалыс қала алмай, дауға араласты.

– Сен, оңбаған! Аяғыңды сорпаға емес, менің қалтама тығып алған шығарсың?!

– Ойпырмай, мынадай «дастарқан тонағыш»  үп-үлкен адамдар жастарға қандай үлгі болып жарытады дейсің?!...

Алайда, дау одан әрі өрши алмай  қалды. Кемпірлер бірін-бірі  қоштап,  даудың  отына  май  құйып үлгіре алмады.   Манадан бері  ештеңеге араласпай, тыныш отырған төрдегі ақ  сақалды кісінің бітпес даудан басы қатып кетті-ау, шамасы?!  Сол қолымен маңдайын ұстаған күйі, оң қолымен столды қойып қалды.

– Уа, жетер! «Өспейтін бала өнбейтін дауды даулайды» демекші, өңкей өспейтін бала боп кеттіңдер ме, түге?!

Мұндай қаһарлы дауысты Кеңес үкіметі құлағалы естімеген  жұрт «тағы да «қызыл командир» келіп қалды ма?» дегендей бір сәт жым болды.

Ақ сақалды кісі салмақты сөзін әрі қарай жалғады.

– Уа, жұртым!  Бұлай етуге болмайды ғой!...

Өкінішке орай, ақ сақалды кісі  аталы сөзін аяқтап үлгірмеді.  Сөзін  кезінде Кеңес  үкіметінің жандайшабы болған қырма сақал бөліп жіберді.

– Расында да, бұлай етуге болмайды. Төбелесті тамақтың  алдында, я тамақтан кейін бастау керек еді...

Сөйтті де, жан-жағынан қолдау іздегендей алақтай қарады.

Бір қызығы, бұл сумаң пікір даудың отына май құйғандай әсерлі шықты.  «Басшысыз үйдің иті осырақ» дегендей, жұрт енді аталы сөзге де, баталы сөзге де дес бермей, айқайға басты.

– Төбелесті тамақ ішіп болған  соң, бастау керек  еді. Енді  не болды, аш адам  қалай төбелеседі?!

– Тәйт!  Жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Тамақты ішіп болған соң, қалай төбелесесің?!  Осырып-тышып!...

Дау енді қыза бергенде, әлгіндегі жуан жұдырық столды тағы да дүрс еткізді де, артынша гүр еткен «қызыл командир» даусы айналаны дір еткізді.

– Тоқтат, өңкей шуылдақтар! Байқаймын, бәріңді де жын қаққан екен! Енді жындарыңды мен қағайын!  Дәстүрді сыйлау, рухани жаңғыру – сендердің не теңдеріңді алған! Біреудің дастарқанын бүлдіріп!... Шеттеріңнен қамату керек!

«Қамату керек!» дегенді естігенде, көпшілік мұрындарына мұрындық салынған түйелердей жуаси қалды. Тіпті, кейбірі «байтал түгіл бас қайғының» күйін кешіп, «рухани жаңғырамыз» деп, ит жеккенге айдалып кетер жайымыз  жоқ!»  дегендей, сыртқа қарай жылыстай бастады. Дегенмен, бұл гүріл нәтижелі боп, байлаудан босанып, еркіндіктің ауасын қалай болса, солай жұртқандай күйде, мұрындарына иісі  бармаса да, «Демократия!», «Бостандық!» деп даурығып, «демократияның балалық ауруына шалдыққандай», қарапайым тәртіпті ұмытқан көпшіліктің  алыста қалған «Кеңестік синдромын»  қайта оятып,  қорыққандарынан алдарында тұрған «көсемдеріне»  бас шұлғыта берді.

Бақтарына орай, бұл  «көсем» –  «қызыл көсем» болмай, есті «көсем» болып шықты. Көпшілікті  ақылға шақырды.  Әсіресе, мына рухы орнықпаған қоғамдағы ер азаматтардың отбасында күрт түсіп кеткен беделін қайта көтеру керек екендігін, отбасы құндылығын қайта жаңғырту,  ата-баба айтып кеткен «Қатынды – бастан, баланы – жастан» қағидасының жалғасы іспетті  «Қатын бастаған көш оңбас» ескертпесін  естен шығарғанымызды баса айтты.

– Нәтижесінде, – деді ойын сабақтай  түсіп, – қазақ қоғамында  «қатын билеген» заман орнап, «Қызды қырық үйден тыю» тәмсілінің тереңіне үңіле алмайтын халге жеттік. Ол –ол ма?! ... «Қыз ауыр ма , тұз ауыр ма?» демекші, ұлт намысының өлшемі боп келген ару қыздарымыз әлем алдында – интернетте сәукелелерін киіп ап, уәж емес ақша үшін  анадан тумай тыр жалаңаш шешінуге дейін баруын немен түсіндіруге болады?!... Міне, осының бәрі отбасын билеген көк айыл қатындардың «өзім білемге» салынып, ұлтымыздың ар өлшемі – қыздарымызды  шетелдіктерге байлық үшін, ақша үшін,  басқа да нәрселерге дәмелі боп, еш ойланбастан қолдарына ұстата салуды үрдіске айналдырғандарының кесірі екені өкінішті-ақ!...

Осылай дей келе, әлгі ақ сақалды кісі «қатындар билеген елде» ұлтымыздың рухани іріп бара жатқанын жеткізді. Сондықтан, бұл үрдісті тоқтатып, ұлт боп ұюымыз үшін шара ретінде әр ауылда ұлттық  салт-дәстүрді дұрыс дәріптеп,  оны бүгінгі күні ел алдына қойылып отырған ұлы мақсат  – «ұлттық жаңғырумен»  ұштастырып, дәстүріміздің  жаңа үлгісін  жасауда «Билер кеңесін» құруға шақырды.

Көпшілік бұл ұсынысты  бір ауыздан  мақұлдады.

Есті «көсемнің» бұл тәмсілін естігенде, «дастарқан сыпырғыш», көк бет кемпірлер қалталарын тастай қашты.

Иә, бұл пәлсапа иесінің аталы сөзі  «Ел іші – өнер кеніші» дегеннің растығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Сонымен қатар, бұл оқиға  – ел ішінде белең алған есерсоқтық сезімге бөленгендерден бөлек, ұлттық дәстүрге берік, нағыз патриоттардың да әлі аз емес екенін көрсетті!

Тек осындай қаймақтарды су бетіне тезірек қалқытып шығарар жағдай қашан туар екен?!

Сөз соңы

Иә-ә!... Бұл оқиғаның негізі – бүгінгі қазақ қоғамындағы, оның ішінде рухани тірегіміз – ауылдардағы   шындықтың бір сынығы іспетті. Сонымен қатар, бұдан елімізде  қолға алынып жатқан «рухани жаңғыру» әсерінің жұртшылық үшін қаншалықты пәрменін де аңғара аламыз.

Бірақ, қай  қоғам  болмасын әр ұлттың толық қанды ұлт болуы үшін өзіне тән мінезі керек екені – бұлтартпас шындық! Бұл туралы талай даналарымыз  кезінде қайта-қайта айтып кеткен. Оның дәлелі ретінде, сөз басында келтіріп кеткендей,  ХХ ғасырдың басында Алаш  көсемі, ұлтымыздың мақтанышы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – алдымен, мінезден, сосын білімнен» деп мінезді алдыға қойса, хакім Абай:

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

- деп бүгінгі біздің қоғамымыздағы белең алған мінезсіз жандарды да тап басып, міней отырып:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.

– деп ұлтымызға қандай мінездің керек екенін, керек емес екенін талдап,

айырып, жөн сілтеп кеткен.

Ендеше, бізге, бүгінгі еліміздің халықтарына, адуын, оспадар, ойсыз мінезден  арылып, парасатты, қиындыққа  мойымайтын, жігерлі, сабырлы, қайсарлық сынды адами құндылықтарға толы мінез қажет-ақ!

Олай болса, осы жолда аянбай  тер  төгіп, Қазақ елінің болашағын  баянды ету, Тәуелсіздігімізді  тұғырлы қып, мәңгілік   өркениетті ел боп қалыптасу жолында мінезді түзеп, алға нық қадам басуымыз керек-ақ!

Міне, менің патриоттық сезімге толы  азаматтық  парызымды  жеткізудегі бір парам – осы!

Нұрбай Жүсіп

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3579