Жұма, 19 Қаңтар 2018
Әне, көрдің бе? 7191 6 пікір 10 Қаңтар, 2018 сағат 09:05

Электронды күнделіктен бас тартамыз!

Электронды күнделік жобасы мұғалім жұмысын «оңайлатуға» арналған жоба. Ол қазір барлық жерде пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп жатыр. Десе де, сол электронды күнделіктен бас тартудың дәлелді себептерін ұсынуды жөн санап отырмыз. Біздің ойымызға министр Сағадиев не дер екен? 

1. Жүйе тек қана интернет бар ортада жұмыс жасайды. Қазақстанның әр аумағындаға мектептердің интернетке қолжетімділігі әртүрлі. Кезекпен немесе интернеті бар жерлерде ғана күнделік толтыруға мүмкіндігің бар.

2. Бұл Ресейден көшіріп алынған жоба. Қазақ тіліндегі нұсқасында көп жерлері қазақшаға аударылмаған, біраз өңдеуді қажет етеді.

3. Күнделік жүйесінде сабақ кестесі автоматтандырылмаған. Әр сабақты әр тоқсанға жеке-жеке қолмен толтырылады. Мұғалімдердің қай сабақтан беретіні, тарифтік жоспар бойынша қай мұғалім неше сағатпен жүргендігі, СЭС-тің талаптары бойынша әр сабақтың қиындық дәрежесі бойынша автоматты түрде сабақ кестесін жасауға қауқары жоқ. Сондықтан оны жүргізу үшін арнайы адам болмаса ары қарай жұмыс жасау мүмкін емес.

4. kz қолдау қызметтерінің сілтемелері Ресейдің «Дневнигіне» қарай жол тартып тұр

5. Бұл жүйеде де мониторинг жүргізіледі. Olap.kundelik.kz сайтына пайдаланушы аты: MONITORING, құпия сөз: kundelikkz теріп Қазақстанның кез келген жерін көре аласыз. Түрлі диаграммалармен қай облыс нешінші орында, қай жер белсенді барлығын көре аласыз. Осы рейтинг арқылы кіруге жағдай болмаған мектептердің мұғалімдері ескерту, сөгіс алуда.

6. Ата-ана мен оқушының үйінде жағдай бар ма? Қалалы жерде бар шығар, біреуге ыңғайлы шығар. Бірақ ата-ана мен оқушыларды мұғалімдер өздері кіре алмай жүргенде қалай кір деп айтады? Кейбір жерлерде ата-ана мен оқушының кіруін қадағалау туралы бұйрықтар бар. Бұл дегеніміз көзбояушылық, мұғалім ата-ананың, оқушының орнына өзі кіріп рөлін сомдайды деген сөз.

7. Электронды күнделіктің қағазбен қоса қолданылуы екі жұмыс екенін барлығы біледі. Білім және ғылым министрлігінің екеуінің біреуін ғана таңдауға болатынына бұйрығы бар екенін біле тұра екеуін де толтыруды талап етіп отыр.

8. Электронды күнделікті толық автоматтандыру қажет, жеке штат берілуі керек. Онымен жұмысты қазір «қоғамдық» жұмыс ретінде мұғалімдер атқарып жүр.

Күнделікті толтырмау үшін де осындай сын пікірлер айтылып жүр деп келіспейтіндер де бар. IT саласының маманы ретінде күнделік жобасы толық автоматтандырылмайынша,  қолданылуы көпшілікке ыңғайлы болмайынша қолдау табуы екіталай.  Көп жағдайда кейбір жобалар көпшіліктің ескеруінсіз еніп кетіп жатыр. Бізден сұраушы ма еді. Не болса да соңы қайырлы болсын

М. Темірбек, «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігі

Abai.kz

6 пікір