Жұма, 23 Ақпан 2018
Алашорда 1310 4 пікір 19 Қаңтар, 2018 сағат 09:39

Тарихи келіссөзге – бір ғасыр

«Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Ресей Федеративтік Республикасы үкіметі – Халық Комиссарлары Кеңесімен (Совнаркоммен) – тұңғыш рет келіссөз жүргізгеніне биыл 100 жыл толады.

Бұл тарихи келіссөз 1918 жылғы наурызда болған еді. Оның тарихилығының себебі – сол жолы Совет өкіметінің жоғарғы басшылығы монархия ыдырағаннан кейінгі революциялық ахуалда шаңырақ көтерген қазақтың ұлттық автономиясын мойындаған болатын.

Бұрынғы империя орнына бекем билікке келгені аныққа шыққан жаңа өкіметпен келіссөз жүргізуге Алаш-Орда делегациясын Жанша (Жаһаншаһ, Жаһанша) Досмұхамедов басқарып барған-ды. Делегация Мәскеуге сапарға Орал облысы қазақтарының кезекті съезінің шешімі бойынша шыққан. Құрамында облыстық земство басқармасының бірнеше мүшесі мен бастығы Халел Досмұхамедов болды.

Олар сол шақта большевиктердің  билеуіндегі Семейде іс жүзінде жұмысына кірісе алмай тұрған Орталық Алаш-Орда атынан,  Халық Кеңесінің мүшелері ретінде, Предсовнарком (Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы) Владимир Лениннің алдында баяндама жасап, Орынборда 1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда қазақ автономиясын құрған Екінші Жалпықазақ съезінің құжаттарын тапсырды, солардан заманауи өзгерістерге орай туындаған өзекті талаптарды алға тарта сөйледі.

Келіссөз сәтті өтті. Ұлттар істері жөніндегі халық комиссары Иосиф Сталин төте желімен Семейдегі  Орталық Алаш-Орда басшыларымен сөйлесті. Делегация Кіші Совнаркомда (РСФСР үкіметінің жанындағы Халкомкеңестің қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау үшін құрылған  тұрақты комиссияда) шешуге қойып отырған ұсыныстарын большевиктік билік талаптарымен ұштастыра пысықтаумен шұғылданды. Совнарком қорытылған ұсыныстарды мақұлдады,  Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмысын жалғастыра беруіне келісті, сондағы қазақ ұйымдарын совет рельсіне аударуға қажетті қаржылық сома бөліп берді.

Делегация осылайша Алаш ұлттық автономиясын орталық кеңес өкіметіне танытып-мойындатып, кері оралуға бет алды. Бірақ жолда ойламаған кедергіге тап болды. Кіндік билікпен тіл табысып келе жатқан күрескерлердің алдын  Саратов қаласындағы  жергілікті билік бөгеді. Саратов совдепіне  наурыздың соңында казачество құлатқан Орал совдепінен өкіл жеткен де, Алаш-Орданың Мәскеуге аттанған делегациясы жайында теріс пікірмен құлақтандырып үлгерген еді.

Саратов Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары советінің Атқару комитеті өзінің арнайы мәжілісінде делегацияның барлық мүшелерін тыңдады. Тек делегация жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовтің өзіне үш мәрте сөз алуға тура келді. Одан Атком  мүшелері өздері оңаша пікірлесті. Ақыры Досмұхамедовті соңғы мәжілісіне жеке шақырды.

Делегацияның Саратовта қалай большевиктік тезге салынғанын советтік зерттеуші Бақытжан Қаратаев өзінің Алаш-Орда жайындағы еңбегінде (ОММ, 1227-қ., 1-тізім, 2-іс, 1-байлам) толық жазған екен. Қарт қайраткер ХХ ғасырдың басында қазақ азаттық қозғалысының бастауында тұрғанмен, кейін, нақты айтқанда, 1917 жылы алдымен социал-демократтар, одан большевизм жағына біржола ойысқан болатын. Қазан төңкерісінен кейін совет платформасында біраз жыл белсенді жұмыс атқарған да, 1926 жылы коммунистік партиядан шығып, қалған өмірін ұлт-азаттық көтерілістер мен революциялық қозғалыс тарихын зерттеуге арнаған  еді. Оның «Алаш-Орданы» өте ұнатпағаны белгілі, сондықтан, тиісінше, тілге тиек болған зерттеуі ұлттық құрылым мен оның қайраткерлерін барынша қаралау тұрғысынан жазылды. Және бұл тақырыпты А.К. Бочаговтың арнайы зерттеуі (Алаш-Орда. Краткий исторический очерк о национально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917–1919 гг. Кзыл-Орда, 1927) мен Н.И. Мартыненко құрастырған алашордалық құжаттар жинағы (Алаш-Орда. Сборник документов. Кзыл-Орда, 1929) шыққаннан кейін көтеріп отырғандықтан, советтік оқырманның қолына тиген сол кітаптарда келтірілген деректерді қайталамай, оларда жоқ мәліметтерді айналымға қосу жолын мақсат етті.

Қаратаевтың  «Алаш-Орда» жайындағы еңбегі сонысымен – қазіргі зерттеуші үшін маңызды деректерді біздің заманға жеткізуімен құнды.

Міне, Алаш-Орда қатты сыналатын, оның қайраткерлеріне аяусыз қара күйе жағылатын сол жұмыс ішінен біз Мәскеуге 1918 жылғы наурыздың ортасында барған «Алаш-Орда» делегациясының билікті бекем қолға алған Совет өкіметі басшылығымен бірінші келіссөзі қандай жеңіске жеткенін көре аламыз. Ленинмен, Сталинмен кездесулерінде ұтымды келіссөздер жүргізіп, Кіші Халкомкеңесте тиісті құжаттарды сенімді түрде дайындаған, алға қойған мәселесіне орай үлкен Совнаркомның  шешімін шығартқан, сол орайда елде атқарылуға тиіс саяси жұмысқа  қажет қаржы бөлдіртіп, өздерімен алып келе жатқан делегация мүшелері өздерін Саратовта өте лайықты деңгейде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дәлелді түрде қорғады, орталықпен келісімдерін жүзеге асыруға Саратов совдепшілерінің жәрдемі қажеттігін дәйектеді.

Саратов Атқару комитетінің Орал делегациясы жайын қараған соңғы мәжілісіне  Жанша ғана қатыстырылған-ды. Ол тағы да орталыққа сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепінің құлатылғаны делегацияға Мәскеуде ғана мәлім болғаны жөнінде айтып, Саратов совдепімен қалай бірлесіп жұмыс істегенді жөн көретінін әңгімеледі. Саратов совдепінің көмегімен Орал өңірінің тұрғындарына үндеу жазып, оны ұшақпен жеткізіп таратуға көмек сұрайтынын айтты. Жанша Досмұхамедовтің Саратов совдепі Атқару комитетінің 1918 жылғы 17 сәуірдегі мәжілісінде жария еткен үндеуінің мәтіні мынау:

Орал облысының Жайық сыртындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды тұлғаларға және барлық азаматтарға

Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесі Ресей Федеративтік Республикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссарлары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты.

Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құрылады  да, ең қысқа мерзім ішінде қазақ өлкесінің автономиясы жайында декрет жарияланады.

Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде өткен Халкомкеңес мәжілісінің № 335 Қаулысына сәйкес, Зауральенің (Жайық сырты) земство мекемелері өздерінің әдеттегі міндеттерін бұрынғысынша атқара беруге тиіс.

Осыларды хабарлай отырып, біз, үндеуге төменде қол қойып отырғандар,  Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақтың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауазымды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қозғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге шақырамыз.

Естеріңізде болсын, қандас қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңізге тұңғыш рет еңбекшілердің Совет өкіметі ресми түрде құлақ асып отыр, Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі билеу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-мәрттігін бағалай біліңіздер!

Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұхамедов».

Алаш-Орда қызметін сыни тұрғыда зерттеу еңбегінде Бақытжан Қаратаев Саратов Аткомы мәжілісіндегі талқылауды, жарыссөзде  орын алған күдік пен үмітті саралап баяндай келе, қабылданған қаулының мәтінін келтіреді, ол мынау:

«Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жаһанша Дос-Мұхамедовтің баяндамасын тыңдап, жарыссөздерді қорыта келе, Саратов Атқару комитеті былай деп қаулы алды:

1. Баяндамашы арқылы қазақ халқына сәлем жолдап, оның совет өкіметін қолдауға деген ұмтылысына қоштау көрсетілсін.

2. Қазақ халқымен өте тығыз саяси және экономикалық байланыс орнатылсын.

3. Баяндамашы ұсынған қазақ халқына үндеу «Известия» бетінде жариялансын.

4. Саратов мұсылман тобынан таңдап сайлап, қазақ ұйымына делегат жіберу принципті түрде қажет деп табылсын».

Большевик-зерттеушінің жазуына қарағанда, үндеуге барлық делегация мүшелері қол қойған да, көп дана етіп бастырылған. Сосын аэропланмен қазақтар мекендейтін аймаққа жеткізіліп, жоғарыдан тасталған екен. Оның бірер данасы Оралдағы казактардың Әскери үкіметінің (Войсковое правительство) қолына тиген. Одан арғы тауарих – Алаш туын 1918 жылдың басында-ақ советтік негізде көтеруге тырысқан Досмұхамедов миссиясының құрдымға кетірілуі – өз алдына терең де жан-жақты қарастырып, жеке әңгіме етуге тұратын тақырып. Біздің қазіргі сөз етіп отырғанымыз – «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Совет өкіметімен бұдан 100 жыл ілгеріде жасаған алғашқы келіссөзіне қатысты деректер ғана.

Келіссөз нәтижесі ретінде Жаһаншаһ Досмұхамедов аталмыш Үндеуде «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құрылады» және «ең қысқа мерзім ішінде қазақ өлкесінің автономиясы жайында декрет жарияланады» деп хабарлады. Осыған орай 1918 жылғы мамырда РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық  комиссариаты ішінен Қазақ бөлімі ашылғанын, ал 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ автономиялық республикасы жайында декрет жарыққа шыққанын еске алып қояйық. Бұл – бір. Екіншіден, Наркомнацтың Қазақ бөлімі Қазақ Совет автономиясын дайындауға бағытталған сан салалы қызметін абыроймен атқарып болғаннан кейін, оның орнын Қазақ Республикасының Тұрақты өкілдігі алғанын, одан, мемлекеттік тәуелсіздікке байланысты, Тұрақты өкілдік орнына Қазақстан Республикасының Елшілігі орнағаны белгілі. Сабақтас оқиғалар.

Байқағандарыңыздай, өткеніне үстіміздегі жылы жүз жыл болатын «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Ресей Федерациясы  Халық Комиссарлары Кеңесімен жүргізген алғашқы келіссөзінен кейін, сонда уәде етілген «Қазақ істері жөнінде комиссариат» (Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Қазақ бөлімі) артынша құрылды. Яғни оған да биыл бір ғасыр толады. Демек, қызметі Наркомнацтың Қазақ бөлімі салған ізбен сабақтаса жүрген Қазақ Республикасының (әуелі РСФСР-дегі, одан СССР-дағы) Тұрақты өкілдігі мен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі тарихына бұл дата етене жақын.

Қорыта айтқанда, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің Ресей Федеративтік Республикасы үкіметімен  жүргізген алғашқы келіссөзі сынды бұдан 100 жыл ілгергі тарихи оқиға жан-жақты зерттеліп, әділ бағасын  алуға әбден лайық.

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

 

 

4 пікір