Жұма, 25 Мамыр 2018
Әдебиет 1668 2 пікір 1 Ақпан, 2018 сағат 10:10

Эдгар По: Иірім

Біз ең биік жартастың төбесіне көтерілгенде, толқындарымен Лофоденді* үсті-үстіне ұрғылап жатқан ашулы теңізден 500-600 фут** жоғарыда тұрдық. Қасымыздағы қария қалың ойға шомып кетті де, тіл қатуға мұршасы болған жоқ. Сөзін біраз уақыт үнсіздіктен соң бастады:

-Бұл жерге бірнеше жыл бұрын бірге келгенімізде, менің қылыштай қылшылдаған жас жігітің күш-қуатынан кем түспейтін қайратым болғанын көрер едіңдер. Ал қазір жігерім жасыған, рухым мұқалған, сағым сынған. Үш жыл алдын адам баласы бұрын-соңды аман қалып көрмеген апатқа ұшырап, 6 сағат бойы зәремді алған сұмдық қорқынышты бастан өткердім. Нәтижесін өздерің көріп тұрсыңдар. Кәрілік келмесе де қартайып, шөгіп кеттім. Әлі қырау шалып үлгермеген шашым бірнеше сағаттың ішінде қардай ағарып, аяқ-қолым әл-дәрменінен айрылып, жүйкем тозған матадай жұқарды. Мен көрген сұмдықты жақыннан сезінсін деп сендерді осы жерге әдейі ертіп келдім. Біз қазір үстінде тұрған Хелсегген немесе Клауди атты бұл жартас Норвегия жағалауынан аса қашық емес. Отырып, теңізге мұқият қараңдаршы.

Алдымызда шеті мен шегі көрінбейтін қаракөк түсті айдын қанатын кеңге жайған алып самұрықтай көсіліп, шалқып жатыр. Екі жағымызға көз тіксек, көкжиекке дейін жететін жартастың үшкір ернеуі жіп-жіңішке сызықтай көрінеді екен. Құрлық пен судың шектесетін тұсы екі әлемнің ымдасып, жымдасып, әлдебір жұмбақ тілмен сөйлесіп жатқанындай елестейді.

Жасыл түгіне қарап, өсімдік өсетінін аңғаруға болатын бір кішкентай арал шамамен 5 миль қашықтықта тұр. Одан 2 мильдей беріде түнерген жартастар жүзік тәрізді айнала қоршаған тағы бір кішірек арал бар. Арыда орналасқан арал мен жағалаудың арасындағы су бетінде түсініксіз бір құбылыс байқалады: желдің бағытымен де, желге қарсы да аласұрып асыққан ағыстың көрінісі сондай сұсты.

-Арғы аралдың аты – Вурх, бергісі – Москэ, – деп сөзін жалғастырған қария кенет шошып кетіп:

-Естідіңдер ме? Теңізден қандай да бір өзгеріс байқадыңдар ма? – деп сұрады.

Расында да, сұрапыл дауылдың үніндей қорқынышты дауыс сәт сайын үдей түсіп, теңіз түлен түрткендей бүлініп, алапат ағыс шығысқа қарай өршелене ұмтылған еді. Табиғаттың долы мінез көрсетіп, бұлқынуын жіті бақылап тұрған мен ағыс жылдамдығы мен екпінінің қас қағым сәтте адам сенгісіз деңгейде еселенгенін көріп таңғалдым. Небәрі 5 минуттың ішінде Вурх пен Москэнің арасы шарқ ұра айналған мыңдаған шеңберге толып, шығыс жаққа лап қойды да, жаралы жыртқыштың ақырған ызалы үніндей, күннің күркірегеніндей зәрені алар дыбыс мүлде күшейіп кетті. Алайда бірнеше минуттың ішінде жағдай тағы өзгерді: кішкентай иірімдер жайылғанның үстіне жайыла түсіп, жоқ болды да, орнына ұзындығы 1 мильге*** жететін өте үлкен бір иірім пайда болды. Дөңгелек шекарасы су-белдеумен айналдырып, белгілеп қойғандай жылтырап көрініп тұрған алып шеңбердің іші барған сайын қарақошқылданып, дөңгеленген су-жартастар тереңге қарай мүйістене түсіп еді. Сол бағыттан аждаһаның ысқырғанындай үрейлі леп есіп, тіпті, біз отырған жартас та теңселіп кеткендей болды. Мен етпетімнен жата қалып, тасқа сүліктей жабысып алдым.

-Бұл, – дедім мен қарияға, – ұлы иірім Маэлстром шығар.

-Иә, кейде солай аталады, – деді ол, – бірақ Москэ аралының маңында болатындықтан, біз, норвегиялықтар, Москэстром дейміз. Мұның кітаптарда жазылған сипаттамасы мен менің көргенімнің айырмашылығы жер мен көктей. Дөп суреттеді деген зерттеуші Джонас Рамустың өзі Москэстромды Хелсеггеннің төбесінде отырып бақыламаған сияқты. Табиғат құбылысының ол берген мәліметтегі қуаты әлдеқайда әлсіз, ақиқатқа сай келмейді.

Рамустың пікірінше, бұл тұсқа ағыс лап қойғанда, Лофоден мен Москэ арасындағы су жанын қоярға жер таппаған мақұлықтай шарқ ұра жөнеледі. Ал ағыс кері серпілгенде, құзар биіктен құлаған сарқыраманың шуынан да асып түсетін гүріл бірнеше миль қашықтықтан естіліп тұрады. Мұндай кең әрі терең иірімге жақын келсе, тіпті кемені де тартып әкетіп, тұңғиыққа батырып жібереді де, теңіз астындағы жартастарға соғып, күл-паршасын шығарады. Су кері серпілгенде, кеменің қирандылары мен бөлшектеніп кеткен бөліктерін көрер едіңіз. Иірім алты сағат бойы төңірегіндегі жанды-жансыздың бәрін түгел жалмап, тереңге сүңгіткен соң, шамамен ширек сағат тыныштық орнайды да, содан кейін қиямет құбылыс қайта басталады.

Бастапқыда Джонас Рамустың Москэ-стромды бұлай бейнелеуін шындықпен үндеседі деп ойладым, – деді одан әрі қария, – бірақ қар көшкініндегідей алапат дауыс құлағымның түбінде әлі жаңғырып тұрғандықтан, қазір Рамус жеріне жеткізіп сипаттай алмғанын жақсы түсінемін.

Көз алдымыздағы қорқынышты көрініске қарап тұрып, маған Кирчер және өзге де ғалымдардың көзқарасы ақылға қонымды болып көрінді. Олар су астында мұхиттың басқа бір бөлігіндегі шұңқырмен байланысып жатқан үлкен ойық не жарық бар деп есептеген. Бұл болжамды қарияның есіне салғанымда, ол норвегиялықтардың көбі осыған иланатынын, алайда өзі сенбейтінін айтты.

-Иірімді жақын жерден көрдіңдер, – деді жолбастаушымыз, – енді сәл әрірек барып, тыныш жерге жайғассақ, Москэ-стром жайлы өз көзіммен көрген шындықты әңгімелеп беремін.

Біз жартастың басқа  бөлігіне барып отырдық.

-Бір кездері екі бауырым және мен – үшеуміз, үлкен қайығымызбен Москэ мен Вурх арасында балық аулаушы едік. Теңіз қаһарланып, таудай толқындар аласұрып, бір-бірімен соқтығысқан сәттерде балық жақсы түсетін. Бірақ мұндай уақытта теңізге шығуға бұл өлкеде үшеумізден басқа ешкімнің батылы жетпейтін. Балық аулауға қауіпсіз аймақ оңтүстік бағытта болса да, біз оңай олжаға қарық болу үшін Москэнің жартастарына дейін жүзіп келіп, иірімге қатты жақындайтынбыз. Теңіз 15 минутқа тыншығанда, Москэ-стром болатын тұсты кесіп өтіп, көздеген межеге жетіп аламыз. Содан соң 6 сағат бойы балық аулап, келесі ширек сағаттық үзілісте жағаға қайтуды дағдылы кәсіпке, үйреншікті іске айналдырғалы қашан. Алайда жел соғып тұрмаса, тәуекелге бармайтынбыз. Өйткені, жел арқылы ауа-райын долбарлайтын едік. 6 жыл тәжірибемізде иірімнің басталатын уақытын есептеуде екі-ақ рет жаңылысыппыз. Екі жағдайда да арал маңын паналап, жан сақтадық. Басқа кезде Москэ-стром болатын тұсты дәл уақытында кесіп өтсек те, бірер минут ерте не кеш қимылдағандай жүрегім аузыма тығылатын. Ағамның 18 жастағы тепсе темір үзетін ұлы, ал менің жігіт болып қалған үш балам бар. Күнкөріс қамындағы арпалыста олар бізге кәдімгідей қолғанат болар еді. Дегенмен, өзіміз тәуекелге бел байласақ та, жастардың өмірін қатерге тігуді жөн санамай, перзенттерімізді ертпейтінбіз. Ақыры осыдан үш жыл бұрын 18__ жылдың 10 шілдесінде бұрын жан баласы көрмеген сұмдықты бастан өткердік. Бірақ сол күні түске дейін де, түстен кейін де аспан шайдай ашық болып, оңтүстік-батыстан жібектей самал есіп тұрды. Мен және екі бауырым – үшеуміз аралдарға қарай сағат түскі екілер шамасында жүзіп бардық. Қанжығамыз майланып, балық көп түсіп, мол пайдаға кенелдік. Иірім болып жатқан тұсқа қарай ақырын жылжи бастағанда, қолсағатыма қарап, кешкі жеті болғанын көрдім. Сағат сегізде теңізде 15 минут тыныштық орнайтынын білетінбіз. Ішкі есебіміз бойынша, 1 сағатта қауіпті аймаққа жетіп, иірімнің ширек сағаттық үзілісінде жағаға қарай өтіп кету керек едік. Ойымызда ештеңе жоқ, қайықпен баяу жүзіп келе жатырмыз. Кенет аяқ астынан алапат дауыл басталып кетті де, төбемізге қып-қызыл бұлтты айдап әкелді. Не істеу керек екенін ойлап та үлгермей қалдық. Үш минутқа жетпей, төңіректі түгелдей түнек жайлап, айналаны қою қараңғылық басып, көз байланды. Қайықтағылар, тіпті, бір-бірімізді көрген жоқпыз. Мұндай қорқынышты сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Норвегиялық ең кәрі теңізшінің өзі бұрын-соңды дәл осындай сұмдықты көрмеген шығар. Дауыл бар екпінімен алғаш соққанда, інім қайықтан ауып түсіп, тұңғиыққа жұтылып кеткен екен. Еденге қағылған шынжырға жармасып алмағанда, мен де оның кебін киер едім. Қайықтың ішіне су толып қалғандықтан, демімді ішке тартып алған мен біраз уақыт тұншығумен болдым. Одан әрі шыдауға дәрменім қалмағанда, шынжырды қысып ұстаған қалпымда тізерлеп отырдым да, басымды судан шығардым. Содан соң жел қайықты судан шыққан иттің сілкінгеніндей шайқап жіберді де, іштегі судың біраз бөлігі сыртқа төгілді. Иығыма әлдекім қолын қойған соң, артыма жалт қарап, ағамды көрдім де, жүрегім қуаныштан, ойнақтаған лақтай, атқақтай жөнелді. Өйкені, мен оны да батып кетті деп ойлаған едім. Алайда ол құлағымның тұсына «Москэ-стром!» деп айқайлағанда, жаңағы шаттық жүрегімнен лезде ғайып болды да, оның орнын үрей басты. Төбе құйқам шымырлап, бүкіл денем қорқыныштан қалш-қалш еткен менің сол кездегі күйімді жер бетінде ешкім сезініп көрген жоқ! Ешкім! Ағам бір ауыз сөзбен нені меңзегенін ұқтым. Құтырынған жел мен өршеленген ағыс бізді тура иірімге қарай алып бара жатқан еді. Теңіздің 6 сағаттан соң болатын тыншитын уақытына енді аман жетуіміз екіталай. Ескектердің қайда қалғанын да білмейміз. Қайығымыз жел қуалаған қаңбақтан да салмақсыз болып қалғандай ағыс бағытымен зымырап барады. Бұрын көрмек түгілі, елестете да алмаған таудай толқындар лек-легімен келіп, сабалап жатыр. Қара пердемен тұмшалап қойғандай қап-қараңғы аспанда кенет мөлдіреп ай көрінді де, айналаға сүттей жарық сәулесін шашты. Жан-жағыма лезде бажайлап қараған мен мұндай сұрапыл көріністі көрмей-ақ қойғаным дұрыс еді ғой деп ойладым. Ағаммен тілдесіп, не істейтінімізді ақылдасуға тырыссам да, жел менің үнімді айдалаға алып қашып, сөйлесуге мұрша бермеді. Керісінше, теңіз үстіндегі алапат шу күшейе түсті. Бауырым басын шайқап, сұқ саусағын көрсетіп, «тыңда!» деген ишара жасады. Кенет әлдене есіме түсіп кетіп, мен жалма-жан сағатыма қарадым да, ай жарығымен сағат тілінің жетіде тоқтап қалғанын көрдім. Иірімнің үзіліс сәтін өткізіп алғанымызды, қазір ол нағыз кемеріне келіп, күшіне мінген уақыт екенін түсінгенімде, еңкілдеп жылап жібердім. Үлкен бір толқын бізді биікке көтеріп әкелгенде, айналамды лезде шолып үлгерген мен Москэ-стром иіріміне шамамен жарты миль қалғанын аңдадым. Сөйткенше болған жоқ, балапанын сынаған қырандай, толқын қайықты төменге тастап жіберді. Қорқыныш пен шарасыздықтан көзімді тарс жұмып алдым. Екі минутқа жетпей жатып, біз иірімнің шекарасы – ағараңдаған су-белдікке еніп кеттік. Қайық бір қырына бұрылды да, шеңберді бойлап көз ілеспес жылдамдықпен айнала жөнелді. Дауыл тоқтап, манағы күннің күркірегеніндей гүріл, енді, бір мезетте мыңдаған кеменің дабыл белгісін басқандай құлақ жарар ысқырыққа ұласты. Қас-қағым сәтте бататын шығармыз деп ойлаған мен, қайық өте жоғары жылдамдықпен айналып жатқандықтан, иірімнің түбіне зер салып қарай алған жоқпын. Әйтеуір, иірімнің тысындағы теңіз суы көкжиекке дейін жететін үлкен жартастай болып елестеді. Ажалдың апандай аранына түскендіктен, өмірден күдерімді үздім. Өлген жерім осы шығар деп ойладым. Іштей өлімге көндіккен сәтте о дүниеге Жаратушының шексіз құдіретін танып барып аттанған қандай бақыт екенін сезіндім. Қазір сендерге ақымақтық болып көрінер, бірақ мен иірімнің тереңдігін анықтағым келді. Сол кезде осындай адам таңғаларлық құбылысты өз көзіммен көргенімді жағада қалған достарыма айтып бере алмай, өліп бара жатқаныма қатты өкіндім.

Біз иірімнің шекарасы – ағараңдап көрініп тұрған су-белдікті бойлап бір сағаттай айналдық. Мен темір шынжырдан айрылған жоқпын. Ал ағам қайыққа арқанмен байланған шағын бөшкеге жармасып алыпты. Дауыл алғаш соққанда-ақ, басқа мүлікті түгелдей ұшырып әкеткен. Су-белдіктен төменге, иірімнің ішкі бөлігіне қарай өтейін деп жатқанда, жанарына үрей ұя салған ағам шынжырдан менің қолымды күшпен жұлып алып тастады да, өзі ұстады. Жан тәтті ғой, дегенмен, бауырымның бұл қылығынан одан сайын жүрегім ауырып, еңсем түсіп кетті. Бірақ ақырында өлетін болған соң, шынжырдан ұстасаң да, ұстамасаң да бәрібір емес пе деп ойлап, еш қарсыласпастан, қайыққа арқанмен байланған бөшкеге жармастым. Бастапқыда жаңа орнымның ыңғайын таба алмағандықтан, бір саты төмен түскенімізде, ауып кете жаздадым.Иірімнің ішкері бөлігіне енгенде, бәрі жылдам аяқталатын шығар, тез өліп кететін шығармын деп ойладым. Күбірлеп, Құдайға жалбарынып, дұғамды оқыдым да, көзімді тарс жұмып алдым. Арада бір минуттай уақыт өтті. Мен әлі тірімін. Неге суға тұншығып, бір жұтым ауаға зар болып, өліммен жан-дәрмен арпалысқа түспей жатқаныма түсіне алар емеспін. Бар ерік-жігерімді жинап, көзімді ашқанда көрген көрініс мәңгі бақи жадымда сақталады-ау. Төменге қарай мүйістенген терең шұңқырдың қарақошқыл түсті су-қабырғалары ай жарығымен шағылысып, жалтырап тұр. Су көз ілеспес жылдамдықпен ұршықтай айналып жатыр. Иірімге алғаш енгенде, екпінмен жартысына дейін түсіп кеткенмен, біздің төмендеу қарқынымыз бірте-бірте бәсеңдей берді. Шеңберді әр айналған сайын қайық шамамен бір ярд**** төменге түсіп отырды. Ажалды күтіп жатқан сол бір сәтте мен бізден төменгі жақта да, жоғарғы жақта да кеменің бөлшектері, ағаштың діңдері, жәшіктер, бөшкелер, таяқтар шеңберді айнала жүзіп жүргенін аңғардым. Басқа істейтін ештеңе болмаған соң ба, келесі кезекте осылардың қайсысы құрдымға кететінін жорамалдай бастадым. Иірімнің түбіне таяп қалған анау бір ағаш бөлшегі суға батып, көзден жоғала ма деп едім, кеменің қирандысы оны басып озып, бірінші болып су түбіне кетті. Тағы бірнеше болжамым қате шыққанына таңғалдым. Кенет жүрегім аттай тулап кетті. Бұл жолы қорқыныштан емес, қуаныштан. Өйткені, үлкен зат кішісіне қарағанда төменге анағұрлым жылдам жететінін түсінгенде, тірі қалам ба деген үміт оты қайта жанған еді. Маған тым кішкентай заттар иірімнің түбіне теңіздің тыншитын уағына дейін жетіп үлгермейтіндей көрінді. Үзіліс уақытында оларды ағыс басқа бағытқа, бұл тұстан жыраққа алып кету керек. Осыны ойша сараптап жатып, жаңа ғана бір деңгейде болған ағаш діңі қазір бізден әлдеқайда биікте қалғанын, сәт сайын арамыздағы арақашықтық ұлғая түскенін байқадым. Енді көп ойлануға уақыт жоқ. Өзімді бөшкеге арқанмен мықтап шандып байлап, қайықтан секіруге бел будым. Жанымызда жүзіп келе жатқан ағаш бөлігін нұсқап, ағама жоспарымды ым-ишарамен барынша түсіндіруге тырыстым. Ұқты ма, жоқ па анық білмеймін, бірақ әбден шошып қалған ол қайта-қайта басын шайқап, ұстап жатқан шынжырынан айрылмайтынын білдірді. Бұдан артық бөгеле алмадым. Қайыққа байланған арқанды жұлқылап жұлып алдым да, беліме орап, суға қойып кеттім. Расында да, менің ойлағанымдай болып, аман қалдым. Міне, өстіп сендерге осы хикаяны айтып беріп отырмын. Мен секіріп кеткеннен кейін, бір сағаттан соң, арамыз қатты алшақтап кетті. Ақыры жарты минуттың ішінде қайық сұмдық жылдамдықпен 3-4 рет айналды да, менің ғазиз бауырымды тұңғиыққа, су түбіне мәңгілікке ала кетті... Көп ұзамай-ақ, теңізде өзгеріс байқалып, табиғаттың ашуы тарқай бастады. Су бірте-бірте жайылып, иірім тоқтады. Алапат дауыл сап тыйылып, қаһарлы жел оңалып, аспандағы қараңғы бұлттар да ғайып болды. Тек әлі сабасына түсе қоймаған тентек толқындар ғана аласұрып, жаңа ғана тура осы жерде болған сұмдықтан хабар беретіндей. Қатты ағыс мені оңтүстіктегі балық аулайтын аймаққа апарып тастады. Судан шығарып алып, қайыққа мінгізген балықшылар жолдастарым еді. Алайда бірнеше сағат бұрын ғана көмірдей қап-қара болған шашым қудай ағарып кеткендіктен, достарым мені танымай қалды. Қорқыныштан тілім байланып, ұзақ уақыт сөйлей алмай отырдым. Біраздан кейін бастан өткергенімді айтып бергенімде, олар маған сенген жоқ. Сендер иланбасаңдар да, таңғалмаймын.

*Лофоден – жартас атауы

** 1 фут – 0,3048 метр

*** 1 миль - 1.609344 шақырым

**** 1 ярд – 91,44 см

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Abai.kz

2 пікір