Жұма, 23 Ақпан 2018
46 - сөз 692 1 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 08:38

Тәубеңе түсірер қасіретті мекен

Кеше түс ауа Астананың іргесінде, жиырма шақырымдай қашықтықта жатқан қасіретті де қаралы жерге барудың сәті түсті. Келген сайын жоспарлағанмен жолым болмай жүрген.

Отанын сатқандардың жесірлерінің лагері, яғни сонда тұтқында болған әйелдердің өздері "АЛЖИР" деп атап кеткен бұл түрме - Қазақстандағы 26-шы нүкте екен.

Кіргеннен күңірене қарсы алатын бұл мекендегі болған жағдайды айтып жеткізу мүмкін емес. Тек көру керек, таныстырушыдан мәлімет есту керек. Бірақ қайдан тыңдадым дегендей тұла-бойың тітіркеніп, осыншалық азапқа аяулы арыстарымыздың жарлары, асыл аналарымыз қалай ғана шыдады екен деп қайран қаласың. Осы күніңе мың мәрте тәубе дейсің!

Енді қайтып мұндай зобалаң ел басына тумаса екен деп тілеумен боласың.

Әр қадам аттаған сайын күйеулерімен кездесеміз деп әдемі киініп, алыс-жақын аймақтан алданып келіп тұтқынға түскен нәзік жандылардың өксікке толы, зар-запыран араласқан дауыстары құлағыңның түбіне кеп тұрғандай екен.

Күні-түні азаптың нешетүрін көрсе де тағдырына мойынсұнып, алдағы атар таңның ақ сәулесінен күдер үзбеген ардақтыларымыздың тірі қалғандары аман-есен шашы ағарып шықты, көрер қызығы мен татар дәмі таусылғандары әлі күнге сол маңайды ауыр мұңға бөлеп, әлсін-әлсін өкіріп жатқандай.

Қайран жазықсыз аналар, қазіргі бостандық пен жарқын күнімізде Сіздердің үлестеріңіз мол, иманды болыңдар!

Бауыржан Халиолла

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір