Бейсенбі, 24 Мамыр 2018
529 2 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 08:49

Ташкенттегі жаңа мешітке шейх Мұхаммад Садык Мұхаммад Юсуфтың аты беріледі

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің бастамасымен Ташкенттегі Чиланзар ауданында салынып жатқан мешітке шейх Мұхаммад Садык Мұхаммад Юсуфтың аты беріледі. Осылай деп Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шавкат Мирзияев өткен жұмада мешіт құрылыс жұмыстарымен танысты.

«Шейх Мұхаммад Садык Мұхаммад Юсуф (1952−2015) тек Өзбекстанға ғана емес, ислам әлеміне танылған ғалым болды. Ол өмірін қасиетті ислам дінінің негіздерін игеріп, оны насихаттауға арнады», – деді президент.

1989 жылы шейх Мұхаммад Садык Мұхаммад Юсуф Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі болып сайланған. Осы қызметі арқылы ол көптеген ислам елдерімен мәдени-ағартушылық қарым-қатынас орнатқан.

Кейін шейхтің Ислам Каримов үкіметімен қарым-қатынасына сызат түскеннен кейін, ол көп жылдар бойы Ливияда тұруға мәжбүр болған.

1999 жылы Ташкенттегі жарылыстан кейін, елдегі жағдайды тыныштандыру үшін, сол кездегі президент Ислам Каримов мүфтидің беделін пайдаланып, оны елге шақырған.

Мұхаммад Садык Мұхаммад Юсуф 2015 жылдың 10 наурызында Ташкентте жүрек талмасынан қаза тапты. Оны жерлеу рәсіміне 200 мыңнан астам адам қатысқан.

Abai.kz

2 пікір