Сейсенбі, 24 Сәуір 2018
Әдебиет 3641 1 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 13:52

Үш бурылдың мұнары

                                                Үш бурылдың мұнары

Қуатбайдың хикаясы

- Кеудемнен шырлап жаным ұшып, маңдайдан шырақ жанарым өшіп, Алланың жіберген шәйіт ажалын құшып кеткенше оралмаспын, шешеке. Аяулы Ағаяздың бейкүнә бастауын кәпірге бастырғанша тірі жүрмей-ақ қойдым.

- Текестің тұнығы лайытар болса сенің тірілігің кімге дәрі?!

Меңсіз торы айғырдың тұрманын жөндеп тұрған қаршығадай жігіт жалт бұрылып жіберіп қарқылдай күлді. Сосын жүгіріп кеп, жұдырықтай қара кемпірді құшырлана бір құшақтап, маңдайынан сүйді де, лып етіп атқа қонды. Көтере жортақ, желіске таман екпінмен шығыс бетіне қан жаққандай алаулап тұрған Тәңіртауға қарай жөнеле берді...

Қуатбайды содан кейін тірі көрген ешкім жоқ.

Бірақ, Іленің бойы тауға қарай қия басқан қытайдың желкесін қиып жүрген жолбарыс туралы небір аңыздар есітті... Әуел баста ішкі Қытайдан «өзен бойынан алтын іздеуге геологиялық экспедициялар» жөнелтетін шүршіттер енді Қуатбайға қарсы ашықтан ашық тұтас жазалаушы топтар аттандыра бастады. Бірақ, титтейінен тауда өскен, көзіне намыс пен кек толған тағыны ұстау мүмкін болмады. Табаны күректей он төрт жыл бойы Тәңіртауды мекендеп, не ойранды салды дейсің... Амалы құрыған өкімет айлаға салды. «Қанішердің» басына ат басындай алтын тағайындап», сол болмашы жылтыраққа жергілікті қазақтар қайран батырды қапияда атып өлтірулі...

Иә, Қазақты тек қазақ жеңед, Қазақ жеңбесе Құдай жеңед...

... Ерболды ойласам көз алдыма иен тауды паналап жападан жалғыз жортқан сол Қуатбай келед...

Барады зулап өтіп сағым жалған,

Асығам табатындай жоғымды алдан.

Кекілді бал күнімді бауырына ап,

Түбінде Хантәңірдің ауыл қалған...

​«Батыр Қуатбайдың басын алған бұл үкіметтен жақсылық көрмеспін» деген шығар мектепті бітіре сала сапарға аттанды. Бағыт Қазақия. Баба күлдік өскен өлке, шығандап ұзап шыққанда Құлжадан ғана қайтып жүретін бозбалаға бұл сапар оңайға соқпаған шығар. Бірақ, «түбінде тағдырым қазаққа, Қазақстанға байлануы керек» деген ой шекара сызығының арғы бетінде қалған Ағаяз, Мұңғұлкүре, Текеске деген сезімнен оттырақ екен...

​Хантәңірден кетпеске шара да жоқ. Кішкенеден естіп өскен бір ғана Көрсайдың тағдыры төбе шашын тік тұрғызып, нақақ күюге төзбейтін жүрегінің басына еске оралған сайын қып-қызыл шоқ басқандай қинайтын.

​... Қағынса сол қара жел атқа қонып,

​Бітетін аспанға айбар, тасқа желік.

​Қобыз жел аңыратқан ақбас шиден,

​Шығатын қалың әруақ қаптап өріп.

​Әп сәтте қалт құбылып кер құла күн,

​Сабау жел қара жолды тоздыратын,

​Қаптаған қалың әруақ гөй-гөйімен,

​Даланың құса кегін қоздыратын.

​... Төрт жағын тау қоршаған бір ауылды тұтас қырып, өліктің бәрін өртей салған сол күннен кейін ол мекеннің аты өшіп, Көрсай аталыпты. Түн баласы маңынан өткен кісінің құлағына төбе құйқаны шымырлатып өкірген

еркектің ажал алдындағы айғайы, шыңғырған қатын-қалаш, шырылдаған баланың дауысы келед дейді...

 

«Түсініксіз» өлеңдер

​Мен оның өзінен бұрын өлеңін таныдым. Он жылдың жүзі болған шығар-ау Жасұланнан:

​... Артымда қалған он сегіз,

​Алдымнан іздеп өтермін-, деген жолдарды естіген кезде алғаш таңғалыппын. «Жиырмадан асса енді асқан шығар, аһ ұрып он сегіз іздеп жүргені несі» деп ойлағам басында. Сол таңғалысым күшеймесе әлі басылған жоқ.

Әр өлеңін жазған сайын айшықталып, әдіптеліп, көркемделіп, зорайып келе жатқан талантына таңғалам;

Не әңгімелесе де түбін қазып, тұнығын іздеп, бұрын соң естіп, білмеген дүния тауып айтатын біліміне таңғалам;

Сынық сөйлем оқыса да, санасына тоқып, ұтырлы сәті келгенде ұтымды қолданатын зердесіне таңғалам;

Ашуланса Анасына да қайырылмайтын, елжіресе өлең оқып отырып та көзіне жас мөлдіреп отыратын сезімталдығына, сонша алапат сезімдердің бәрін сыйдырып тұрған жүрегіне таңғалам...

... Дала менің шерімді ұғар бір тумам,

Туласа егер қысқандай боп безгек қыр,

Кеңістікке сыймай толқып бұлқынған,

Мендегі сол айтылмаған сөз деп біл.

Айта алмаған сөзім қалды.

Ендігі ол,

Шайнайды өзін бөрідейін жаралы.

Мен білемін құтырынған шерлі жел,

Неге кезіп жүретінін даланы...

Ол біледі. Оның білмейтіні аз-ақ шығар. Ал, біз білмейміз. Себебі, біз кешегі «айналасы теп-тегіс, жұмыр өлеңдерді» оқып өскен ұрпақпыз. Мағжан, Жұмекен, Төлегендерге, Есенғали мен Светқалиға әлі ынтық екеніміз сондықтан. Ал, Ерболдан сәл үлкені бар, біршама кішісі бар көп ақын жапатармағай бұлыңғыр, түсініксіз өлең жаза жөнелгенде абдырап қалғанымыз рас. Орысты оқыдық, жапонды оқыдық, ағылшынды оқыдық, түсіндік, қуанып отырып қазақша оқысақ түсінбей пұшайман болдық. Кінә өзімізден шығар дедік, бұндай өлеңді оқуға өре керек болар-ау деп топшыладық.

Ербол өлеңді қиындатам деп қиналмайды. Ерболдың өлеңі қиындатпай-ақ бір шумағынан бір өлең жасауға болатындай тым ауыр. Сөздері ұғынықты, буын, тармағы жарасыммен жасалған жып-жинақы жырлар сырттан қарасаң. Бір оқып, ұқпайсың. Бірақ, анау бұйрабастардың өлеңіндей ұқпадым деп тастап та кете алмайсың, бір дәмін алсаң талмай бергің келетін ғажабы бар. Екі оқып, сығыраясың. Үш оқып, көзің ашылады, көкірегің кеңіп сала береді. Сосын отырып ойлайсың Асекең, Сүлейменов «Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының міндеті – идеяны ашу емес, мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. Оқушы шыңғырғандай боп қиналса, несі айып?! Алсын қамау терін!» деп шамырқанғанда осыны айтқан екен ғой....

​... Мен жоқтаймын, жел де сені жоқтасын,

​Жанарында жанбай қалған жасын бар.

​Қағып-қағып кәрі өмірдің қақпасын,

​Кірмей кеткен ақындар!

​Тақа түсінбей жатсаңыз, төртінші рет те оқып көріңіз...

​Сөйлесе қалсақ, Ерболдың Хантәңірін сағынатынын анық байқаймын. Ол мен өнген Маңғыстауға өлердей ынтық, сол ынтызарлықтың түбінде патшалықтың тырнағы бата қоймаған түбекте сақталған тілге, дәстүрге іңкәрлік, ал, оның түбінде соның бәрі көз алдына көлбеңдетіп қоятын Тәңіртау бауырындағы құлын күндерге сағыныш жатқанын аңғарам.

​... Ер тумас ертеңгіге алаңдамай,

​Бұлғаққа салса да елді заман қалай.

​Қоштасқан Қойбас ақын жерді қимай,

​Әні осы маң далаға қарай қарай.

​​Көңілді көп шеменге қақпайлаттым,

​Тағасыз тарланымды тасқа ойнаттым.

​Шер қозғап, жер көшірген осы сөзден, ​

​Кеудемде кісінейді көкмойнақ мұң...

​Сезеді... Біледі өзі. Ендігі қалған өмірі Хантәңірі баурайында басталған аяулы әннің қайырмасын шырқаумен ғана өтерін... Содан келіп ылғи да Маңғыстау жайлы сөз қозғаса алқымына өксік тіреліп отырып, тебіренбей сөйлей алмайды. Жүрегінің түкпіріне сақталған Ағаязына деген сағынышын әлдилеп отырып Маңғыстауға арнап өлең жазады.

​Қиялым, жорт қиырға құба керік,

​Зар қосып алты қазға жылап едік.

​Маңғыстау сол ерлерден Сізге қалды,

​Ал, зары қалды маған мұра болып...

​Жоғарыда аталған «Есен бол енді, он сегіз» өлеңі осынау өткенге деген сағыныштардың бастауы ғана болғанға ұқсайды.

​Жуырда ғана жарыққа шыққан «Түрік» те осы сағыныш сериясының... Жо-жоқ, бұл сағыныш қана емес.

​... Айды жұтты аждаһасы уақыттың,

​Мен де тасқа қайрай-қайрай кетілдім.

​Өзендердей ай толғанда тасыппын,

​Қазір күзде жуасыған Есілмін.

Семсерімді кесе ұстап алдыма,

​Аймен бірге аждаһаға жұтылдым.

​Көнтерісін болар ма деп қанжыға,

​Таспадайын екі бөліп түсірдім!

​Ербол өлеңдерінде сағыныштан бөлек, қамыраққан қапа, жүректің басын шыжғырып жатқан зәрлі запыран, ең жоқ дегенде күңіреністен гөрі пәс, күйзелістен гөрі тереңірек бір сезімдер жатады.

​Әсілі, ол қаламын тұтып үстелге шегеленерде ғана емес, күйкі тірліктің кез-келген күнінде де Бабасы кешкен барақат кезеңді бір сәт естен шығармай, сол сайрат күндердің тәтті елесін үнемі таңдайына басып талмап жүретіндей. Содан болар, үнемі кешегіге көп қарайлап, өткеніне жиі бұрылып, бүгінгісіне анша көңілі толыңқырамай, жүрген жүрісін олқысынып жүреді. Оқыған көзді де, жүректі де кешегі кереметтер қойнауына жетелей жөнелетін өңкей бір жұтынған жұмыр өлеңдер сондайда туатын болса керек.

​Иә, «біздің кешегіні көксей беретініміздің себебі, жоғалтқанымыздың көптігінен» ғой. Абыз Әбіштен асырып қалай айтайық?! Ал, бұл сөздің жалғасы былай өріледі «ертеңгіні көксей беретініміздің себебі, күтетініміздің көптігінен»

​Солай, Ербол.

Үш бурылдың мұнары

​Күнестің басы Адуынгер, Қастың басы Арыстанды тауы болғанда, Текес Хантәңірінің мұздығынан жаралады. Езуі көпіріп, үйдей тастарды домалатып, атанның беліндей қарағайларды қақпақыл ойнататын осынау үш тентекті Іле бойының қазағы «Үш бурыл» деп еркелетер еді.

​Ал, Ерболдың Ағаязы Текеске барып құятын тұнық өзен. Суы тісіңді қақыратып, шекеңнен барып бір шығатын суық, сұмдық мөлдір өзен...

​Хан Тәңірі етегінің қысы да алабөтен суық. Желсіз, тымырсық, алайда аязы атан жығар күндерде де тентек су Текес қатуды білмейді. Қаңтарда жараған бурадай буы бұрқырап, өзен бойын қалың мұнарға бөктіреді. Ал, аяз сына сол мұнар өзен бетін тастап Тәңіртаудың ұшар басына қарай өрмелейді. Қияға жеткен соң, қарға айналады, қайта жауады, ериді, ағады, бу, мұнар... Мәңгі қозғалыс.

​Ербол да солай. Бағыты айқын, беталысы биіктік. Өлеңі де мәңгілік!

                                                                                      Алмас Алтай

                                                                                       Астана қаласы 

 

1 пікір