Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Не дейді?! 6685 28 пікір 21 Ақпан, 2018 сағат 15:09

«Хамелеондар» жайлы бір ауыз сөз

Кеше ғана Айдос Сарымның  жаңа әліпбиге қатысты жазылған бір ауыз пікірінің ішінен тамаша ойдың ұшқынын көріп, қоғамымызды дендеп бара жатқан «хамелеондық» ауруды тағы бір есіме түсірдім.

Әлі есімде, осыдан көптеген жылдар бұрын, өлім жазасын алып тастау керек пе, әлде сол күйінше сақтау қажет пе деген пікірталасқа сарапшы ретінде қатыстым. Өлім жазасын алып тастау бағытын менің досым, адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис қорғаса, осы жазаны сақтау жағын атақты заңгер, проффесор бір ақсақал ағамыз қолына алды. Айта кету керек, ол уақытта бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқан болатын. Тағы бір ескерте кететін құлаққағыс – бұл уақытта Президент те өзінің осы мәселеге деген көзқарасын айтпаған еді... Қысқасы, пікірталас аяқталып, сарапшылар өздерінің бағасын беруге кіріскен уақытта, жаңағы профессор ағамызға «Сіз бүгін өлім жазасының қажеттілігін ғылыми түрде де, заң тұрғысынан да, өзіңіздің азаматтық көзқарасыңыз тұрғысынан да тамаша қорғадыңыз. Алайда ертең Президент өлім жазасына маратория жарияласа, өлім жазасының керегі жоқтығын да дәл солай қорғайтын боларсыз» деп, сәуегейлік айтып едім. Шынында да, үш күннен кейін, Президент өлім жазасына маратория жариялады, ал жаңағы профессорымыз беделді газетте өлім жазасының қажеті жоқтығын дәлелдеп табақтай мақала жазды. Ұялаған да жоқ, қызарған да жоқ...

Айдос өзінің пікірінде әліппенің «қараша нұсқасындағы» апостроф мәселесі қоғамда қызу таласқа түскенде, апострофқа шаң жуытпаған азаматтар  қазір, апострофсыз әліпби бекітілген уақытта, қандай жағдайда қалды екен дегендей ой тастапты.  Шынында да, қоғамда көтерілген кез келген жаңа бастамаға өздерінің нақты ойларын, пікірлерін айта алмайтын, жоғары жақ не дейді екен деп, жалтақтап отыратын адамдар, мамандар, қайраткерлер көбейіп кетті. Ал жаңа әліпби жырына келетін болсақ, Парламентте бір дыбысты екі таңбамен беретін (диграфтар) алғашқы «қыркүйек нұсқасы» жарияланған күннен бастап «жасасын жаңа әліпбиіміз!», «бұдан артық нұсқа жоқ!» деген мадақ пікірлердің БАҚ бетін басып кеткенін де көрдік. Сол нұсқаны қолдау бағытында ресми, партиялық, т.б. жиындар да өткізілді. Оған қарсы сын айтқандарға сөз бермей, мақалаларын жарияламай қойған кездер де болды (Сол уақытта мен солтүстік және батыс облыстарда кездесулер жүргізіп жүргенмін. Д,К.). Сол азаматтар диграфтар алынып тасталған «қараша нұсқасы» жарияланған уақытта, «біз жаңылыппыз» деген жоқ, «мынау тамаша екен, осыны қолдайық» деп шыға келді.

Бұл - авторитарлық билік туғызған «хамелеондық» дерт. Хамелеондарды ұялтудың қажеті жоқ, себебі – олардың түр-түсін өзгертуі – өмір қажеттілігінен туған, Алла берген  қасиет. Ал жел қайдан соқса, соның ығына қисаятын біздің хамелеондар үшін бұл – өмір қажеттілігі емес (олардың бірі – депутат, бірі – ректор, енді бірі – мемлекет қайраткері, қысқасы, аштан өлетін адамдар емес) – қарапайым жағымпаздық ауруы. (Желтоқсан кезінде ұлт үшін алаңға шыққан жастарды «нашақорлар» деп жала жапқызған да – осы ауру). Алдыңғы жылы болған Жер комиссиясының тоғыз отырысында «жерді сатпасақ – болмайды, онда аулшарауышылығына инвестиция келмейді, бәріміз құримыз!» деген белгілі азаматтар маратория жарияланғанда «Жер сатылсын!» деп көшеге неге шықпағаны да түсінікті. Табанының бүрі жоқ жандарда ұят та болмайды екен.

Кезінде «Алаштың» арыстарын, олардың халыққа жасаған қызметтерін іске алғысыз қылған, сол бағытта мақала жазған үлкен ағаларымыздың бірі 90-жылдардың басында «Алашты» көкке жеткізіп, мақала жазғаны есімде. Сол екі мақаланы бір газеттің бір  бетке қатар жариялағаны да бар...

Адамды тек сөзіне қарап бағаламау керек екен, азаматтық - сол сөзді ұстап қалғанында сияқты.

Дос Көшім

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3508