Жұма, 29 Наурыз 2024
Не көріп жүрсіз? 6285 10 пікір 5 Наурыз, 2018 сағат 08:44

Халың нешік, "Қалаулым"?

 

Әңгіменің ашығын айтсам, телеарналарға уақыт бөлмеймін, анда-санда ғана болмаса... Себеп: мен үшін тақырыптар алдын ала түсінікті, не айтылатыны белгілі, жағымсыз жаңалықтар, жылап-сықтаған ток-шоулар... Бірақ "Мирас" қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде біршама әріптестерімнің Евразия-ОРТ арнасының "Қалаулымына" шүйліккені менің назарымды еріксіз аударды. Ол бағдарламаны мүлдем қарамаппын. Айыптаушы тарап қазақтың табиғатына, мәдениетіне, руханиятына, менталитетіне қайшы деген тұжырымда.

Содан тұмауратып үйде жатқан адамда қыруар уақыт болмай ма? Әрине, бұл арна – өзімді журналистік салада жаңа қырымнан ашылуыма мүмкіндік берген, екінші жағынан рейтингі төмен деген сылтаумен командаммен қоса қуған арна. Сылтауратып сыбап алуыма әбден болады. Бірақ ондай екіжүзділікпен ұзаққа бармаспыз. Қолыма 150-түсірімі түсті - қарадым.

Басынан тартымды басталды. Ортаға 20 жасар бойжеткен шықты. Телекөрсетімнің мазмұны ресейлік «Давай, поженимсяның» қазақыланған нұсқасы екен. Жүргізуші Аша Матай да бағдарламаны еркін бастады.

Бір сөзбен айтсам, мен бағдарламадан ойбай салатын ештеңе таба алмадым. Керісінше, өз тағдарларына алаңдаған жастар мен жасамыстар, бір бірін іздеп жүр, заман форматына сәйкес оларға телеарна делдал болып, соны көрерменге сатып отыр. Бәрі орнында. Сөйлеген сөздері жастардың орнықты, сауатты, жауапты әрі қызу, әрі таласқа толы. Біреулері түсірілім барысында тіл табысып, жарасып жатыр, біреулері қарым - қатынастарын жалғастырып жатыр, оларын жұрттан именбей бөлісіп жатыр. 19 немесе 20-ғасыр емес, ауламызда 21-ғасыр. Бәрі сәйкес, жарасымды. Артық-кем кеткендерін қатысушылардың өздері-ақ тойтарып отыр. Жұлындай жастарымыздың өз болашақтарын өз қолдарына алу арқылы бүкіл ұлттың болашағына кірісіп отырғанына неге ден қоймаймыз? Ау онсыз да сүрбойдақ пен кәріқыздар аз ба бізде?

Мәселе телеарнада емес, қазақ ұлтын арабы-бұйығы мәдениетке кіргізе алмай шерменде болғандарда екенін сезгесін, амалсыз жазып отырмын.

Шетінен педагог, бүкіл бір ұлтты тәрбиелеп тастағасы келеді, жеке кодекстерін тықпалайды. Ұлтқа қамқорсығансып, әке болуға ұмтылады. Сол арқылы халықтан өздерін жоғары қойғансиды. Бұл не деген данышпандар?! Қайдан шыққан?

Әуелі өз бала-шағасын тәрбиелеп алса қалай?

Енді немене, бұл қазақты 18-ғасырдан бір-ақ шығару қалды ма оларға?

Сауд әйелдері машина айдай бастады, керек болса, тіпті орамал мәселесін қолға алып жатыр. Ал...

Бүкіл бір ұлтты бейшара көру, оған сенбеу, оны кез келген нәрседен қорғаштау қайдан шыққан қамқорлық? Жоғалатын болса, бұзылатын болса, бұл қазақтан ендіге ештеңе қалмас еді ғой! «Ұлт қамқоры» болудан атақ шығарудың басқа жолдары қалмады ма?

Қазақтың бәрі ақымақ болса, бұл бағдарламаны қарай ма? Демек, әлеуметтік сұраныс бар. Демек, халық замани аспаптарды өз қажетіне жаратқысы келеді, дәуірдің жалынан жармасқысы келеді. Қазақы менталитет деген көп сылтаудың бастысы бар, тіпті бүгінгі қазақ өткен ғасырдың 90-жылдардағы қазақтан бөлек, оның арғы жағынан бойламай-ақ қоялық. Сонда немене, қазақ болудан қалыппыз ба? Жоқ, уақыт толқынына көмілмей аман келеміз және соңғы орында емеспіз. Жаңалыққа жаны құмар, жақсылыққа ұмтылғыш қазаққа ешкімнің әкелік қамқорлығы керек емес, тек жанашырлық керек. Жанашырлық ойбаймен жасалмайды. Мына түрімізбен жұртымызды сіңбіртпейтін жағдайға жетерміз...

 

ӘРИНЕ: аталған бағдарламада журналистік-техникалық жағынан сын көтермейтін жайттар жетіп артылады.

  1. хронометраж - 3 сағатқа таяу. Бұл тым ұзақ! Қазақты бала көріп әлдилемей-ақ көрсетілім уақытын 1 сағатпен шектесе болмай ма? Телеарна саясаты аз оқпен көп қоян ату екені байқалады - 3 бағдарламаның орнына біреуін беру әлдеқайда арзан және оңай. Санмен емес, сағатпен отандық өнімге деген талапты орындап отырмыз деген ақталудың жолы.
  2. Перденің ашылуы кербез келіннен де жаман іш пыстырады. жасанды жолмен уақытты созып қойған. Көрерменнің уақытын өлтіріп, оған емізік беріп қойғандай.
  3. Жанры - реалити-шоу болса да, арасына әлеуметтік ток-шоуды қосып қойған. 18 жастағы жігіт пен 20 жастағы бойжеткенді ортаға алып, ақырында ажырасу мен тоқал жайы сөз болып, тақырыптан қиыс кетіп қалды. Уақыт созу үшін арасына әлгі тақырыпты салып жіберіп отырған қитұрқы жағдайдың жайы ток-шоу тобын басқарған маған айдай анық көрініп тұр.
  4. Техникалық-режиссуралық шешімдер де ақсап жатыр. Орысша болса ондайды жібермес еді. Ажырасқан әйелдің көз жасын қайта-қайта көрсету, оны баттитып бере беру ешбір этика мен эстетикаға сиып тұрған жоқ. Арзан тауар сатушының қылығы.

5.Қызмет персоналдары базардың жұмысшылары секілді бір қыз тонмен жүр, бір жігіт күнделікті киіммен қайта қайта студияға кіріп- шығады да,  қаздаңдай басып қыздарға  гүлді таратыды.

Бұлардың бәрі телеарнаның мәдениетін, көрерменге деген көзқарасын байқатады.

  1. Ішім пысып кетті. Себебі бағдарламада қарқын жоқ, өрбу мен өрлеу жоқ, сценарий ізі байқалмайды, самотек, бірсарын бір бірін қайталайтын көріністер. Бірақ қатысушылардың деңгейіне қарап халқымыздың біршама өскеніне риза болдым.

Әрине, телеарналарды бекерге күйдіруге болмайды, ол қыруар еңбектің, тер мен жүйкенің шаруасы. Бұл ретте мен ақты – ақ, қараны – қара деп саралайтын журфактардың теоретиктері мен профессорлары сөз алғаны жөн шығар деп ойлаймын.

Серік Әбдірешұлы,

журналист, мәдениеттанушы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604