Сәрсенбі, 23 Мамыр 2018
Анық-қанығы 1801 1 пікір 7 Наурыз, 2018 сағат 13:30

Терістеме. Қор не үшін қажет?

Ақпан айының соңында "Abai" порталында бір хат жарияланды. ҚР Үкімет басшысы мен Бас прокурорының атына жолданған хаттың авторы - маңғыстаулық зейнеткер-дәрігер Іргебай Жарылғасынов. (Президент қол қойған заң күшті ме, әлде, Бахмутованың жарлықтары күшті ме?) Саналы ғұмырын денсаулық сақтауға арналған азаматтың саланың ертеңіне алаңдап отырғаны қуантады. Алайда, хат ауанына қарағанда, жұртшылық арасында, соның ішінде, аймақтарда бұл мәселені жете түсінбеушілік бары байқалады. Сондықтан "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ осында айтылған бірқатар мәселелерге қатысты түсінік беруді жөн көрді.

Қор не үшін қажет?

Жыл сайын елімізде Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бюджеттен 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отырады. Нақтырақ айтар болсақ 917,4 млрд теңге. 2018 жылы осы 1 триллионның 88% мемлекеттік бюджеттен алынады. Мемлекеттен бөлінетін бұл қаржы Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің келісімінен өтеді, Парламентте, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП талқыланады. Бюджет қаржысы Қаржы министрлігінің қазынашылығынан «шығады» және Есеп комитетінің есебінде бар. Яғни, қаржы бюджеттің бақылауында болады.

Заңда Қор қаржысын бақылаудың тағы бір тетігі қарастырылған. Ол – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне тәуелсіз аудит жүргізу. Аудит жөніндегі есеп коммерциялық құпия емес және ол міндетті түрде толық жарияланады. Қор медициналық қызметтерді жалпыға ортақ Тәртіп бойынша сатып алады. Мұның бәрі Әділет министрлігінде тіркеледі. Осы күнге дейін медициналық көмекті сатып алуға арнап бөлінетін осы 1 триллион теңгені бір емес, 17 орган жұмсап келді. Олардың қатарында Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті мен 16 Денсаулық сақтау басқармасы бар. Болашақта осы 1 триллион теңге үшін тек қана Қор жауап беретін болады. Еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан 17 мекемені бақылағаннан гөрі, бір ғана Қордың қызметін қадағалау оңайырақ болары даусыз.

Сөзіміз түсінікті болуы үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры атқаратын жұмыстардың бір сыпырасын оқырман назарына ұсынайық:

Біріншісі - медициналық қызметтерді пайдаланатын 18 млн адамнан жарна жинап,  оның есебін жүргізеді. Осы бір ғана функцияның өзі Бірыңғай жинақтаушы зеййнетақы қоры атқарып отырған қызметпен пара-пар. Бірақ зейнетақы қорына жарна төлейтіндер саны бұдан әлдеқайда аз.

Екіншісі - медициналық қызметтерді жоспарлайды, сатып алады және бағалайды. Қор барлық азаматтарға арнап сапалы да білікті медициналық қызметтерді сатып алушы міндетін атқарады. МСҚ инфрақұрылымды сүйемелдеу немесе жеке меншік секторды дамыту үшін емес, азаматтардың мүддесін қорғау мақсатында құрылған.

Үшінші - медициналық қызмет ақысын төлеу. Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті стационарлық көмекпен (жыл сайын ауруханаға жатқызу саны 2,2-2,5 млн) және амбулаторлық көмекті де әкімшілендірумен айналысты. Ал, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры болса, медициналық қызметтерді пайдаланатын 18 млн адамды тіркеп, жарналарды басқарып қана қоймайды. 2,7 млн жуық стационарлық көмекті жоспарлаумен, сатып алумен, оның сапасын бағалаумен және ақы төлеумен айналысады. Оған жыл сайын орындалатын 7 млн жедел жердем шақыртулары мен амбулаторияларда емделетін 100 млн пациентке көрсетілетін қызметті қосыңыз.

Жүйе кейінге шегерілді. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?

Жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Өткен жылдың соңында сақтандыру жүйесі екі жылдан кейін, яғни 2020 жылы енгізілетін болды. Бірақ бұл қор өз жұмысын тоқтатады деген сөз емес. Себебі, кез-келген заң жобасын іске асыру үшін оған тыңғылықты дайындық қажет. Оның үстіне, Қор заң бойынша тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, осы Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарған болатын. 2018 жылы комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан МСҚ қазір заңда көрсетілген міндетін атқаруға кірісіп кетті. Қор қыркүйек айында аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасады. Мемлекеттік тапсырысты орындауға ұзын-саны 1600-ге жуық денсаулық сақтау субъектісі өтініш берді. Оның 43 пайызы – жеке меншік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен бедел жинаған клиникалардың қызығушылық танытып отырғанын білдіреді. Сонымен қатар, бұл біздің жеке меншік секторды жұмысқа көптеп тарту бағытында атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі. Мұның түптеп келгенде салада бәсекелестікті күшейтіп, сапаны жақсартуға септігін тигізері анық.

Сақтандыру не үшін қажет?

Сақтандыруды енгізуге медицина саласындағы қаржы тапшылығы түрткі болып отыр. Сақтандыру әлемнің көптеген елдерінде қолданысқа енген, тиімділігін дәлілдеген жүйе. Себебі соңғы кезде әлемдегі демографиялық ахуал өзгерді, жаңа технологиялар қарыштап дамып келеді, қарттар мен балалардың үлесі артып, созылмалы сырқаттармен ауыратындар саны көбейіп барады. Яғни, қай елде болмасын денсаулық жүйесіне жұмсалатын шығын өсіп отыр деген сөз. Өкінішке орай, бізде қаржыландыру деңгейі төмен. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанда денсаулық сақтауға бөлінген жалпы қаржы ІЖӨ-нің 3,4 пайызын құрады. Шынын айтқанда, бұл Африка елдерінің деңгейімен бірдей.

Дамыған мемлекеттерді айтпағанда, экономикалық деңгейі біздікімен шамалас елдердің өзі ішкі жалпы өнімінің 8,7 пайызын денсаулық жүйесіне беріп отырады екен. Біздің елде 2016 жылы ұлт саулығын сақтауға бөлінген қаржы көлемі 1,6 трлн теңгені құраған болса, 2017 жылы ол 1 трлн теңгеге де жетпей қалды. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызға жуығы азаматтардың қалтасынан шығып отыр. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңгеге жуық (38 пайыз) қаражат жетіспейді. Атап айтқанда, стационарлық көмекке 61 млрд теңге, консультативтік-диагностика қызметіне 51 млрд теңге, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 41,9 теңге, онкология қызметіне 37 млрд теңге жетпейді. Салдарынан емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болады. Әсіресе, салалық дәрігерлердің тапшылығынан кезек күтіп шаршаған жұрт ауруы жанына батқанда жеке меншік сектордың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұрын кепілдендірілген тегін көмекке бөлінетін қаржы әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінетін болса, биылдан бастап ол республикалық бюджетке шоғырланады. Бірақ басты артықшылық неде? Себебі, бұрын бюджеттен бөлінген қаржы мемлекеттік тапсырыс алған денсаулық нысандарына бөліп берілетін. Жалпы, қаржыны реттеу жүйесі бөлінген ресурсты таратып беруге негізделді. Тарифтің өзі дұрыс есептелген жоқ. Салдарынан аймақтар арасында тепе-теңдік бұзылды. Медициналық көмектің бір ғана түрінің өзі әртүрлі тарифтер бойынша қаржыландырылды. Өйткені қаржы әр өңірдің бюджетіне қарай бөлінді. Ал, әр аймақтың мүмкіндігі әртүрлі. Қазір біздің алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі осы. Сатандыру қорының мақсаты тарифке қатысты ұсыныстар әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыну. Біз тым болмаса сол тарифтердің барлық жерде біркелкі болуын қамтамасыз еткіміз келеді. Екінші, медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесі. Өкінішке орай, бізде іс жүзінде медициналық көмек қолжетімді емес. Бұл да бір ұшы қаржыландыру деңгейіне келіп тірелетін мәселе.

Енді не істемек керек?

Дей тұрғанмен, денсаулық саласындағы мәселелерді бір ғана қаржыландыру мәселесімен шешеміз десек қателесеміз. Ұлт саулығын жақсарту үшін әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырмай жағдайды өзгерту қиын. Мемлекет басшысы бір сөзінде адам денсаулығы 10-15 пайыз жағдайда ғана дәрігерлерге тәуелді, қалғаны оның өзіне байланысты деген болатын. Шынында, өзіміз ұмтылып отырған озық елдер қатарына қосылу үшін мықты адами капитал қажет. Біз медициналық қызметтерді жиналған қаржыға қарай сатып алатын боламыз. Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаржы 2018 жылы екі есеге дерлік қысқарып отыр. Яғни, мемлекет медицинаны толық қаржыландыра алмайды. Іс жүзінде тегін делінген жүйенің көбіне азаматтардың қалтасын қағатынын аурухана жағалағандар жақсы біледі. Сақтандыруды енгізу мерзімі екі жылға шегерілді. Бұл нені білдіреді? Яғни, 2018-2019 жылдары да денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы ұлғаймайды деген сөз. Сондықтан қор бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді жұмсау мәселесіне ден қоймақ. Медициналық көмекті жоспарлау процесін түбегейлі қайта қарау қажет. Қор алдағы уақытта медициналық көмекті халықтың сұранысына, тұтыну деңгейіне қарай жоспарламақ. Атап айтқанда, өлім-жітімнің басты себепкері болып отырған сырқаттарға, аурудың құрылымына, халықтың жасы мен жыныстық ерекшеліктеріне мән берілмек.

Қарапайым ғана мысал:

Қазақстанда ауруханаға жату көрсеткіші жыл сайын артып отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 500 млн артып, 2,8 млн дейін жеткен. Оның 70 пайызы ауруы асқынып, ішкі ағза жұмысы бұзылуына байланысты жеткізілгендер. Оған жыл сайын тіркелетін 7 млн жедел жәрдем шақыртуын қосыңыз.  Ал, өлім-жітім құрылымына үңілетін болсақ, бізде қайғылы жағдайларға душар ететін сырқаттардың «үздік» бестігі бар. Олар: жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс жолдарының аурулары, онкология, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің сырқаттары екен. «Отандастарымыздың өліміне себепші болатын осы сырқаттардың төртеуі созылмалы аурулар. Дер кезінде анықтаса емдеуге болатын дерттер. Негізі, адам өмірін қиятындай сырқаттар емес. Өкінішке орай, дәрігерге уақтылы қаралмай, ауруын асқындыру салдарынан азаматтарымыз жарық дүниемен қош айтысып жатады.

Сондықтан әр адам өз денсаулығына деген қарым-қатынасын өзгертуі тиіс. Тіпті, дені сау азаматтың өзі жылына кем дегенде бір рет дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу шараларына көңіл бөлгені жөн. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мысалы, флюорография, қан және несеп талдауларын тапсырып, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Егер қандай да бір ақау табылып жатса осы кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін ем-дом қабылдауға болады. Өйткені көптеген созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді. Мұны бір адам істесе, нәтижесіі көріне қоймайды. Ал, елдің бәрін жұмылдырсақ ұлт денсаулығының жақсарары сөзсіз.

Сонымен, сақтандыру реформасы қазірдің өзінде іске қосылды деуге болады. Жаңа жүйенің қажеттігі даусыз. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшу керектігін елбасы өзінің биылғы Жолдауында да айтқан болатын. Жалпы, ешбір реформа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда жасалмайды. Және реформаны бүге-шігесіне дейін болжап білу мүмкін емес. Әрине, денсаулық саласына енгізілген реформаның қоғамда қызу талқыланып жатқаны қуантады. Өйткені бұл «еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін» қамтитын, әр адамның денсаулығына қатысы бар реформа. Біз сіздермен ашық диалог жүргізуге дайынбыз және конструктивті сын күтеміз.

P.S: 2018 жылы Маңғыстау облысының денсаулық саласына (амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтуды есепке алмағанда) 23,4 млрд теңге бөлінген. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштерден 4,8 пайыз артық. Сонымен қатар, биыл емханалық-амбулаторлық көмек былтырғы жылмен салыстырғанда 5 пайыз жоғары (0,4 млрд теңге). 2018 жылы облысқа ЖТМК* қызметін дамытуға деп 0,5 млрд теңге берілген. Бұл, өткен жылғы көрсеткіштерден 17 пайызға жоғары. Ал, туберкулез, жұқпалы және психиатриялық аурулармен ауыратын сырқаттарға көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыру мөлшері 2017 жылғы деңгейде қалдырылды.

* ЖТМК - Жоғары технологиялы медициналық көмек. Жүрек, бүйрек, буын т.б. алмастыру сынды, диагностика, емдеу мен оңалту саласындағы заманауи технологияларды пайдалану арқылы жасалатын, бағасы қымбат ота түрлері. Қазақстандық дәрігерлер бүгінде ЖТМК-тің 216 түрі бойынша қызмет көрсете алады. Мұның бәрі бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы үшін, 2016 жылы аталған қызметтерге 72,9 млрд теңге жұмсалған. Осындай бір отаның орташа құны 1 млн теңгеден асады.

Серік Тәңірбергенов, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарушы директоры

Abai.kz

1 пікір