Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 9006 15 пікір 13 Наурыз, 2018 сағат 09:04

Қазіргі ұстаздардың қателігі

Мектеп формасы туралы заңды әрине бәріміз қолдаймыз. Ұстаз болып еңбек ету қазіргі таңда өте ауыр және қиын. Тіл үйрену, технологияларды дамытып, оны алып жүру бұл салаға өзінің үлкен кері әсерлерін тигізіп отыр. Өз мамандығыммен қызмет істемесем де барлығын көріп, біліп отырмын. Ата-анамен, оқушымен тіл табысу үшін де мықты жүйке керек. Жоғары жақ білім сапасы деп қыспаққа алса кейбір ата-аналар баласының сөзін сөйлеп мұғалімдердің миын ашытып жатады. Көбіміздің бала күнімізде мұғалім деген дәрежесі жоғары, қадірлі адамдар еді. Оған сол ұстаздардың өздері де үлгі бола білетін. Қазір кейбір жас мұғалімдер өз дәрежесін өздері төмендетіп жүр.

Біріншіден: аманыңды алмайды. Мейлі таны-таныма сәлемі түзу болсын. Ұстаз ата-аналармен, балалармен амандасуды әдетке айналдырсын.

Екіншіден: үзіліс арасында бір-бірімен қазақ тілінде сөйлессін.

Үшіншіден: тізеден жоғары көйлек, юбка немесе шалбар киеді. Бұл балаларға көрсеткен үлгілері ме? Оқушылардың алдында беделді болуы үшін етектері тізеден жоғары болмауы керек. Қыздарға шалбар кимесін десе, ұстаздар үлгі болсын, шалбар кимесін.

Төртіншіден: ұстаз болғаннан кейін дұрыс сөйлей білу керек. Баланың санасына сіңдіретін аталы сөздер көп. Балағаттамай, кемсітпей, жәй сөзбен жетесіне жеткізіп айтсын.

Бесіншіден: жоғарғы класс оқушыларының тырнақ өсіру, кірпік жапсыру, қас жұлу, бояну сынды үлкен кемшіліктері белең алып кетті. Бұған да тосқауыл қою керек. Аралас мектеп болса да тәртіпке бірдей бағынатындай шара қолдану керек. Мектеп заңы, ережесі бәріне ортақ.

Алтыншыдан: Жас ұлан, жас қанат т.б. топтарының жұмысын жаңғыртып, жұмылдыра жұмыс істейтіндей жауапкершілікпен қарау керек.

Жетіншіден: әр түрлі үйірмелер өткізуге, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануларына тиімді жағдай ойластырған жөн.

Сонда ғана ата-аналар да ұсақ-түйекке бола баланың сөзін сөйлемейтіндей болар. Оқушылар мен ұстаздардың арасында түсініспеушілік кеміп, тәртіп орнар. Біз мектепте оқығанда темірдей тәртіп ұстаздардың өздерінен басталатын. Тәртіпсіз оқушыны тыңдамаса тілдемей-ақ теріс қаратып бұрышқа тұрғызатын. Сумкасын көтертіп қоятын. Оған бола ата-анамен мұғалімнің арасында араздастық болған емес. Ол тәртіп еді. Үйде отырғанда мұғалімге қарсы шықпа, артық сөйлеме, сабағыңа мұқият бол, дұрыс киін, түзу жүр деп отырамыз. Барлығы сондай тәртіпке бағынсын. Бұл менің жеке ойым.

Лаура Ануарханқызы

Facebook-тегі парақшасынан

15 пікір