Жұма, 29 Наурыз 2024
2844 1 пікір 15 Наурыз, 2018 сағат 13:51

Ақсу қант зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Ақсу қант зауытында қаңтар айында басталған жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда. Жаңғыртудың бірінші кезеңінде зауытта технологиялық құрал-жабдықтар жаңартылады. Атап айтқанда жаңа центрифугалар, вакуумдық аппараттар, фильтрлер және басқа да қажетті жабдықтар қойылады. Жалпы 3 жылға белгіленген кәсіпорынды жаңғырту жұмысына 12 млрд. теңге инвестиция бағытталмақ.

Ақсу қант зауытының өндірістік қуаты 12 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы қазан айында іске қосылған зауытта осы маусымда 67 797 тонна қант қызылшасы өңделіп, 4 мың тонна қант алынған.

«Бұрын Көксу аданына арнайы апарып өткізетінбіз. 150 шақырым жерде орналасқан аудан орталығына бір ақ рет апарамыз, оның үстіне кезекте тұратынбыз. Зауыттың қайта іске қосылғаны қандай жақсы болды, күніне 4-5 рет тәтті түбірді алып келіп өткіземіз», - дейді шеке шаруа Бауыржан Аймұханов.

Ақсу қант зауытының директоры Мұрат Төлегеновтің айтуынша, биыл жаңғыртудың бірінші кезеңінен кейін 140 мың тонна тәтті түбір өңдеуге мүмкіндік тумақ. Зауытта жомды сығып, қаптайтын технологиялық желінің орнатылып, іске қосылатыны осы жылдың басты жаңалығы болмақ.

«Біз жомды сығып, қаптайтын италияндық құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Егер бұрын жом 4 айдан артық сақталмайтын болса, аталмыш технологиялық желіні сатып алғаннан кейін бұл пайдалы мал азығы бір жылға дейін сақталынады. Қазір Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында біздің дайын өнімдерімізді сатып алуға ниет білдіріп отырған сүт тауарлы фермалар, шаруа қожалықтары бар. Тауар өткізу нарығын одан әрі кеңейту де ойымызда. Сонымен қатар, зауытта биылғы жылы салмағы 25 пен 50 келілік қанттарды қаптайтын 3 заманауи желі іске қосылады. Сондай-ақ, құрал-жабдықтарды жаңғырту мен жаңасын орнату жұмыстары да жүріп жатыр», - деді Мұрат Төлегенов.

Келесі жылы атқарылатын екінші кезеңде жылу электр орталығы жаңғыртылып, оған 4 жаңа қазандық пен турбина орнатылмақ. Сол сияқты бу генераторлары да ауыстырылады. Жалпы зауытқа ресейлік, украиндық, шведтік, италияндық, германиялық құрал-жабдықтар да қойылады.

Зауыт басшысының айтуынша, қазір зауытта 190 адам еңбек етеді, көктемгі-жазғы маусымда 250-280 адам, ал маусымына 600 адам жұмыс істейді.

Облыстың қант қызылшасын өсіруді бұдан әрі дамыту жоспарларын айта келе облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров өңірдің көктемгі егіске дайын екенін атап өтті.

«Қант қызылшасының француздық және неміс тұқымы сатып алынып, олар қазір сараптамадан өткізілуде. 1 сәуірден бастап бұл тұқымдар шаруаларға беріле бастайды. Сол сияқты биылғы жылы солярка жеңілдікпен беріледі. Оған облыс бойынша 6 оператор белгіленіп, жұмыс істейді. Барлық ауыл шаруашылығы техникалары дайын. Биылғы жылы өңірде қант қызылшасының алқабын 12 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Серікжан Бескемпіров.

Айта кетейік, өткен жылы Алматы облысында қант қызылшасының алқабы 9,2 мың га, ал қант қызылшасының жалпы өнім жиынтығы 334 мың тонна болды, Көксу және Ақсу қант зауыттары 31 мың тонна қант шығарды.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541