Сенбі, 21 Сәуір 2018
Көршінің көлеңкесі 1992 11 пікір 20 Наурыз, 2018 сағат 13:27

Қытайдағы қандастар. Шытырман шырға, талайлы тағдыр талқысы

Бірнеше жылдың жүзі болды, арғы беттегі ағайынның көңілі мұң шертіп тұр. Негізі бұл қытай қысымы жақын жылдардың еншісіндегі ауқым емес болатын. Қытай « Кегімізді жүз жылда алсақ ерте емес, мың жылда алсақ кеш емес», - деген қағиданы мықтап ұстанған халық.

Олар қазақты неге тұқыртуы керек, ала алмай жүрген кегі бар ма еді.  Біз тәуелсіз сараптама арқылы, кейбір түйткілдердің түйіншегін шешу үшін, қадари қалімізше тоқталуды жөн көрдік.

Әлқисса: Біздің алыстан көріп жүргеніміз бар болғаны қағаз айдаһар ғана. Әмір Темірдің тепкісінен қорқып қытай қорғанын тұрғызғанын тарихты оқыған жанның бәрі біледі. Үш жүздің басын қосқан Хан Абылайдың тұсында сауда-саттық орнатып, жібек жолынан өткені үшін салық төлегені ақиқат. Өткен ғасырдың белортасында шаһит кешкен көкжал батыр, сұңғыла қолбасшы «Далалық соғыстың стратегі » Оспан батырдың қытайдың қитұрқы жылымық саясатына қарсы шығып, үш отаудың басын қоспақ болуы азаттық жолында арпалысуы, соңында оққа ұшқаны, қараңғы қазақ көгіне күн болып туған, Зуқа батырдың басын кескені. Ғұлама ғалым Ақытты өлтіргені, ұшақ апаты деген желеумен қолдан ұйымдастырылған зұлматтың таңбасы санадан өшіп, көңілден сейілер емес.

Алаштың соңғы тұяғы саналатын, адуынды ақын Таңжарық Жолдыұлының төрмеде көрген азабы. Бүкіл қылмыстың пердесін сыпырғаны үшін, ширек ғасыр қапаста отырып көз жұмған, қабылан жүректі Қажығұмардың «Қылмысын» алыңыз. Енді қытай кеше қазақтың басынан сипап келіп еді, десе сенесің бе? Тарихққа қызыл қанмен мөрленіп қалған барса-келмес «Тарым лагері» оңай тиді ме, ел серкелерін атып, сүйегін егістік алқапқа паршалап шашып жіберді. Сөйте тұра әсіресе партияшылар қазақ арасынан құрып жоғалған жоқ. Өмірдің ақ пен қарасын, ақиқат алдында табасың.

Зымиян зиялылар мен зиянды зейнеткерлер

Елбасы Қазақстан тәуелсіздігін ала салысымен, шетелдегі қандастарды тарихи атажұртына жинау үшін,  батыл шешім жасады. Сол ұлы  көштің тоқтауына, тағы сол кедергі болған  зымиян зиялылар мен зиянды зейнеткерлер болды. Өті жарылып кетсе де айтатын шындық бұл. Арғы бетте қытайдан жапа шегіп, зәбір көрген бейкүнә ағайынның көз жасы ұрсын!

«Қытай коммунистік партиясына адалмыз», - деп ант беріп, шен алып, шекпен киіп, әнін айтып, жырын жырлап шашпауын көтеріп келген белсенділерді ешқашан кешіруге болмас. Мау Зыдұңның сеніміне тағзым етіп, біз «Мау атаңның балаларымыз», - деп шіренген шіріктерді қайтесің.

Солардың тұяғын басқан «құрметпен зейнет» жасына жетіп, ерігіп отырған да, аңсарлары ақшаға ауып, қытайдың ала дорбасын құшақтап тәуелсіздік алған, көкбайрақты елімізге қарай ағылды. Мақсат сол көздің құрты болған ақша, жалмаңдаған қу құлқын.

Ала тауға  аңсары ауған бұғы беттеніп ентелеп, екі өкпесін қолына алып жетті. Ондағы ойы квота мен пенция алу... содан не керек, екі жеп биге шығу.

Жылпостардың қулығына құрық бойламайды. Балалары делдал болып, ауызынан ірің төгілген қара қытайға төлқұжат алып берудің небір каналдарын ашты.  Бұл нағыз ұлттың жауы, ана сүтін аттағандық емей немене? Осыны егерәки ашық ортада айтсаң, айтаққа үрген будан иттер шәуілдеп шыға келеді.

Сол «зәнталақтардың» балалары бүгін ұлтшыл көрініп, ауызы көпіре сөйлеп, қазақтың жоғын жоқтаған болып жүр... «Біреудің жоғын біреу, ысқырып жүріп іздейді», - деген осы. Халықшыл хамелеондар. Солардың қасиетсіздігі мен алып сатар әрекетінің кесірінен қазақ көші кібіртіктеп қалды. Бүгін бар бәлені көші-қонға итеріп тастап, кердеңдеп жүрген жайлары бар. «Судың да сұрауы бар» емес пе?

Осы тұста құзырлы органдағы шенін пайдаланып, парақорлықпен ұсталып, өзіне қол салғандар да болғаны шындық. Жалпы ел саясатының  атқарып жатқан қызметін жоққа шығарып, күстаналаудың зияны қарапайым бұқараға келіп тиді. Кім сенімсіз? Оралман сенімсіз.  Кім кінәлі, тағы да сол оралман...

 

Бабалар бәйгесі

Осы бәйгелерді қағаз жүзінде қуаттап, барынша білек сыбанып кіріскен болып жүріп, көзі қарауытып мінберден «Оралмандарды ұрғаным бар», - деген, Талғат Мамаш басқаратын лицензиясы бар, заты жоқ мекеме басында тұрды.

Бұл бір түсініксіз жағдай. Неше  ғасыр бұрын өтіп кеткен, сүйегін қына басқан бабаларға зәулім-зәулім кесенелер тұрғызып, бабаларды бәскелестіріп таласып даурығып, конференция өткізуден не табамыз?

Елбасы «Өткен бабамызбен емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен мақтанатын ұлт болайық», - деді емес пе?. Біз мұндай науқанның өткеніне қарсы емеспіз. Алайда, арғы беттегі қиналып жатқан бауырларға қаншалықты пайда қылды?. Жоқ, керісінше орасан зиянын тигізді. Оны жарнамалап сайттарға, әлеуметтік желілерге таратты. Оны тамашалап, қызықтаған қара халық зәбір көрді. Қытай мен Ақ құлақтың  ішіне ит өлмей ме? Мыналар «Оянып кетсе шатақ», - деген үрей туындай ма? Сәл асықпай, әліфтің артын бағып тұра тұруға болар еді. Төлеген Айбергенов: «Бір тойым болатыны сөзсіз менің», - деген асқан көрегендік екен ғой. Етек жеңіміз бүтінделіп, бас-аяғымыз құралып алған соң,  тойласақ та кеш болмас еді...

 

Жазушылар  неге үнсіз

Негізі ұлтқа үндемей қызмет қылып, толағай еңбектер қалдырып  кеткен тұлғалар мен қазір арамызда жүрген жампоз жазушылар аз емес. Олардың көшбасында Халифа Алтай, Жағда Бабалық, Хасан Оралтай, Жақсылық Сәмит, Жәмлиха Шалұлы, Зардыхан Қинаятұлы, Ермұрат Зейіпхан, Серік Қапшықбай өзгеде аты аталмай қалған марқұмдар тұрды. Көзі тірі арамызда жүргендерден, ұлт тағдыры туралы өндіріп жазып жүрген Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдеш, Жәди Шәкенұлы, этнограф Баяхымет Жұмабайұлы, Елдеш Орда қатарлылар болса,  ақын, қоғам қайраткерлері арасынан Бекен Қайратұлы, Құл-Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Мұратхан Шоқан, Алмас Ахметбек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай,  қатарлы азаматтар бар.

Секондхендттен киініп, шашына май жағып тарап, кезінде  делдал болған, сары қарын жылпос халтуршиктердің бір тобы бүгінде, ұлттың жоғын түгендеген болып, өздерінің жарнамасын жасап әлек болып шауып жүр. Халық надан емесқой, көріп отыр. Ұялу керек қой негізі. Олардың  алды бірқанша күнделікте жазып үлгерді.  Атаң қоқи, ертерек жазып,  қамдансаңдар шошқа тағаладыңдар ма?  Бүгін танауларың желбіреп, қараөкпе болып жүрсіңдер.

 

Өте күлкілі жағдай

«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» атам қазақ философ екен ғой. Әлеуметтік желіде «Бекболатпен суретке түскендер сотталуда», - деп шулап жатқан жантықтар жоқ емес. Абыздардың соңғы сарқыты секілді, от тілді, орақ ауыз азаматты күстаналап жүргендердің көбі, кеше Бекболат мырзаның қанатының астына тығылып, жалынып-жалбарынып құжат алғандар еді.

Сол найсаптардың Бекболатқа жасаған рахметі, екі күн қарыны тойса Құдайын ұмытқандай болып, ел ағасына жала жауып, шала лақтырып отыр. Тәуелсіз  еліне келіп,  астынан су шыққандай, ұйғырлармен тіл біріктіріп, асын ішіп, енді «Түркиядан баспана сұраймыз», - деп жүрген бір тобыр тағы бар.

Сонда Алты Алашқа тигізген зор пайдасы осы болғаны ма. Әттең  тексіздікте шек болсашы.  Арғы бетте халық күйзеліп жатса, ұлттың сөзін сөйлейді деген тұлғамыз «Қазақша - қытайша үлкен сөздік» шығарып ұпай жинап әлек. Ол азаматымыз бөсе келе, бір де «Оралмандар экстремист», - деп айды аспанға бірақ шығарғаны тағы бар. Жарты қытайдың шағанына барып ән салып, суретке түсіп мәз болып жүр. Үйден тамақ ішіп, далаға жұмыртқалаған қосмекенділерде әлі ар алдында жауап берер.

Білдей бір партия тапа - талтүсте өтірік хабар таратты. «Біз қандастардың мұңын хат арқылы, Ши Жин Пиңге тапсырдық», - деп, күлкілі жағдай, халық тағдырының шешілуі сенің бір парша шимайлаған қағазыңа қарап отыр еді. Әрине, ақымақтарға аяушылық танытасың, іштей зілді күлесің, қарадай күйзелесің...

 

Ұят пен ұждан өлгенде...

Бір ақ үрпек балапан оқияттан  бүлдіріп қойды. Айдың-күннің аманында «Менің спермамды қытай алып қалды», - деп сандырақтады. Осындай  өрескел ұждансыздық танытып дақпырт тарату кімге, неге керек болғанына таңбыз. Құрттай құжынаған қытайға сенің спермаң керек еді, олар сондай зәру ме еді? Асыра сілтеп жіберу ғой мұнысы. Ертең ұрпағың айтып жүрер «Әкеміз қытайға сперма берген» батыр деп, осы керек пе топасым. Сүйегіңе  зор таңба емес пе, есуас  алаңғасарым.

 

Бір аптада бәрін білген «Холмыс» кім?

Алаштың асыл айнасы секілді, қоғамдағы келеңсіздікті індете қаузап жүрген, ел іші-сыртындағы күллі қазаққа танымал Abai.kz сайытында «Қытайға барып қайтқан қазақтың ойы» атты мақала жарық көрді. Бұл сауатсыз адаманың сандырақ сараптамасы ғана деуге болады. «Мен өз басым, қытай ұлтына қарсы емеспін, Қытай мен қазақ арасында ұлттық жік салу маған да, қазаққа да, Қазақстанға да еш пайда әкелмейді. Қытай өзі неше мың жылдық тарихы бар халық», - деп күмілжіп желкесі құрысып, мідуәрсіп, кілжігірленген  жаннан не күтуге болады. Ұлттың сөзін сөйлеген болып ұпай жинап жүргендер, ең дұрысы өнер алды арт қысқан екенін түсінсе екен!

Ахат Қарымсақ

Abai.kz

 

11 пікір