Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7772 5 пікір 29 Наурыз, 2018 сағат 09:56

Жұмақтан қашқан әйел

Коллекционерлер халықаралық көрмеге биыл  Түркияның Анталия қаласына жиналды.

Мағира мен Маркты әуежайдан күтіп алғандар Кемер аймағында теңіз жағасына орналасқан «Rixos Beldebi» мейманханасына жайғастырды.

Мағира жайғасып алған соң, жеңіл киініп демалыс аймағымен танысуға шықты. Ақтеңіз толқынымен жағаны сабалап жатыр екен. Одан соққан жылы да жұмсақ леп жаныңды жадыратады. Теңіздің арғы жағынан көтерілген күн арқан бойына жетіп қалыпты. Жағалаудағы ақ шатырлардың астына тізілген  жайма төсектерде дүниенің рахатын сезініп демалушылар жатыр. Келіншек жағалаудағы құмды кешіп келеді, тобығынан сусыған  құм ізін жауып барады. Табанына құмның ыстығы өтті. Жылдамдата басып келді, де аяғын суға салды, теңіз суы жып-жылы, жаны сүйсінді. Сол сәтте адуынды толқын екпінімен соғып, шайқап өтті. Талшыбықтай нәзік денесін әрең ұстап қалды. Жағалаудан ұзап, жүзіп жүргендерге қарады. Қызығып кетіп өзі де құлаштай жөнелді. Теңіздің тұзды суы денесіне май жаққандай әсер етті. Жүзуді бала кезінен жақсы көреді. Атасы Іленің жағасында «Қосағаш» деген жерде жаз бойы шөп орып, оны маялап жинайтын. Жан-жақтағы немерелері мен жиендерін алдырып, суға түсіріп, күнге күйдіріп, еңбекке шыңдап мектеп басталарға қарай қайтаратын. Суда құлаштап жүзуді сонда бөлелерінен үйренген.

Рахаттана, ортасына дейін жүзіп қайтты да жағаға шықты. Басқаларға ұқсап бірден күн астына жата қалмай, маңайдағы табиғатты тамашалап біраз жүрді. Қарсы алдында аспанмен таласқан көзге көгілдір болып көрінетін Кемер таулары. Бас жағы үшкір тастармен көкке өрлеген, ортан белі бұтақтары жан-жағына тармақталып, жатаған өскен шыршалы екен. Есіне өзінің балалық шағы өткен Тян-Шань тауларының көкпен таласқан қарағайлары түсті. Көңілін сағыныш сезімі тербете жөнелді.

Сол сезімнің әсерімен өткен-кеткенді есіне алып, бассейн жағасындағы жайматөсектің біріне келіп жатты. Түс әлетінде арбасына кесілген қарбыз бен жемістің бірнеше түрін тиеп алған негр қызы демалушыларға табақшаға салып таратып жатты. Қарбыздар да атасының Іленің жағасына егіп тастайтын қара ала қарбыздарына  ұқсады. Тек иісі атасының бақшасындағы қарбыздардай алыстан жанын жадыратып, аңқымады. Ішіндегі ұрығы да ондай қап-қара емес, ұсақ қоңыр болып келеді екен. Бірақ, дәмі  сондай тәтті екен.  Қарбызды рахаттана жеп отырып, атасы мен әжесін, бөлелерін сағынышпен еске алды. Сол кездер өміріндегі ең алаңсыз, ең бақытты кездері екен ғой. Сол ортадан алыстағаннан-ақ, бұл өмірде не көрмеді...

Мағира елден кеткен жылдары Қазақстан Тәуелсіздігін жаңадан алып, жас мемлекеттің халі ауыр, халқы қиыншылықта өмір сүріп жатқан болатын. Мектепте мұғалім болып жүретін анасы бір күні:

- Мен мектепті тастаймын, Күлдәрі мен Сәлімге еріп Қытайдан тауар тасыймын, әйтпесе, мұғалімнің күні күн бе?! Табысым шәй пұлдан аспайды. Қызым бойжетіп келеді, қатарынан қалдырмаймын. Сенің жүрісің мынау, жұмыстан қысқарғалы бас жазудан босамайсың. Не тұрған жұмыс жоқ, не тапқан табыс жоқ.,- деп әкесін нұқыртып, тәп-тәуір ұстаздық жұмысын тастап, бел шешіп саудаға шықты.  Содан Қытайдан асып, Түркиядан тасып киім-кешектің алыпсатарлығымен алысып кетті. Әкесіне ақыры жұмыс табылмады. Анасы сапарға шығысымен ауладағы бөтелкелестеріне қосылып содан әйелі келер уақытқа қарай бірақ есін жиятын. Сөйтіп жүріп бауыры шыдамады ма, жоқ арақтан уланды ма сұмдық құсып ауырды. Ауруханаға да алмады. Бір жеті қиналып жатып, көз жұмды.

Мұғалімнің баласы болған соң ба, сабаққа ұқыпты еді. Анасы да сабағын қатты қадағалайтын. Мектепті жақсы бітірді. Бағы жанып педогогикалық институтқа оқуға түсті. Өзімен қатар бойжеткендерге ұқсап сабағын оқып, арасында бозбалаларға да назар салып қойып жүретін. Сол жылдары мектепте тіпті балабақшада Қыз сыны, Арулар байқауы, Жігіттің сұлтаны деген  байқаулар басталған болатын. Студенттер арасында «Көктем аруы» байқауы өтіп, Мағира студент арулар арасында бас жүлде алды. Одан «Алматы аруы» байқауына таласты, онда да жұлдызы жанды. Келер жылы республикалық байқауда жолы болып, сол жылғы Қазақстан аруы атанды. Содан кейін-ақ  сұлу қызға жаңа өмір басталып, жаңа жол ашылған болатын.

2

Мағира алғашқы күндері байқамап еді, мұнда демалып жүрген қазақ отбасылары көп екен. Бүгінде Қазақстан Орта Азиядағы ғана емес, бұрынғы тараған Кеңестер Одағы елдері ішіндегі ең бай-қуаттысына айналған. Әлемнің барлық демалыс орындарынан бала-шағаларымен шалқып жүрген қазақтарды көруге болады. Келіншектің назарын аударған отбасының ата-анасымен жастары шамалас. Төрт ұлдарымен теңізге шығады. Әйелінің бесіншісіне аяғы ауыр ма, жоқ денесі толып кеткен бе, әйтеуір домаланып бес еркектің ортасында жүреді. Отағасы қалың қастарының арасынан от шаша қарайтын өткір жанарлы, бойы екі метрге жуық, алып тұлғалы. Тіп-тік қайратты шаштары нағыз ер мінезді екенін көрсеткендей. «Елде жүрсем, осындай бір еркекке күйеуге шығар едім ғой, ел аралап, жер аралап бақыт іздеп қаңғымай-ақ»,- деп ойлады іші күйіп.  Іздеген бақыт дегені – жатып ішер жұмақ өмір ма еді. Қатарынан бұрын ел көрді, жер көрді. Аспанда ұшақтармен ұшты. Теңіздерде яхталармен қыдырды. Көкпеңбек әуіздерде шомылды, алтын құмды жағалауларда жатып ақ мәрмәрдай денесін күнге сүйдірді. Хан сарайындай жұмақта тұрды. Қане шыққан мүйізі?! Думанды кештердің сәні болды. Мәрмәрдан салған сарайларда ең дәмді тағамдардан татты, шараптарға мас болды. Құлақты жаратындай даңғаза әуендерге талықсығанша биледі. Қане шыққан мүйізі?! Он сегіз жасынан-ақ төсек ләззатын сезініп, небір серкелердің қойынын жылытты. Олардың ен-тегін ақшасын шашып әлемді шарлады. Төсек сиқыры мен ләззатының небір қитұрқысын үйреніп, тәтті-тәтті қылығымен еркек атаулыны есінен тандырды. Қане шыққан мүйізі?!

Сол бір тылсым түндер мен отты сәттерден бойына бір тамшы адамзатты жалғастырар асыл нәр сіңіріп, бір перзент сүйе алмады. Заманында Қазақстанның еркектерінен кейін әлемнің талай серкелерін таңдандырған  мұның ай жүзінен анау қисық аяқ, шермек қарын, қазан бас төрт ұлдың анасы – домалақ әйел мың есе бақытты ғой. Жары пен перзенттерінің ортасында дәл осы сұлу сайқал демалған  Жер Орта теңізінің суына түсіп жүр әнекей. Есіне әжесінің айтатын:

«Жалғыз ұлы бардың

 Шығар-шықпас жаны бар,

 Екі ұлы бардың өкпе-бауыр  жалы бар,  

Үш ұлы бардың Самарқан мен Бұхарада малы бар,

 Төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар»,- дегені түсті.

Бұл жалғыз еді атадан, сонда анасына әжесі осы сөзді айтып отыратын. Енді тіпті сол жалғыздың өзі бір түйірге де зар болып қалды. Әкесінің ішіп алғанда «ұрпағымды жалғастырар ұлым жоқ, қызың ертең кетіп қалады»- деп жылайтыны болатын, сол қызы енді қызыл жүнге зар болып отыр.

Мағира мейрамханаға таңғы асқа келгеннен әлгі улап-шулап жүретін алты қазақты іздейді. Күйеуі Маркке «мыналар менің қандастарым, Қазақстаннан»,- деп сырттарынан көрсетіп те қойды. Марк жаны нәзік әрі балажан адам. Қазақтардың бұзықтау, ерке кенже ұлын «Бэбби»,- деп атап жақсы көріп кетті. Мағираға алғашқы қосылған жылдары «маған кішкентай азиатик туып берші, азиаттарды жақсы көрем»,- деп жүретін. Оның бұрынғы екі әйелінде екі қызы кеткен. Біреуі Амстердамда, екіншісі Киевте тұрады аналарымен. Соларға жылына бір рет «Рождество»,- деген мейрамдарына барып келеді. Сол мерекеде балаларға ата-аналары сыйлық жасаса, жыл бойы бала бақытты болады деген ырым бар көрінеді, соны қатты ұстанады. Әттең, бұл да бір бала туып бергенде ғой...

Бөлмелері бірінші қабатта, терезелері тура теңізге шығады. Терасса есігі мен терезелерді жаппайды. Түнімен теңізден соғатын қоңыр салқын леппен тыныстап, теңіз шуылын естіп ұйықтайды. Марк бұрын тұрып сыртқа серуенге шығып кетеді.  Таңертеңгі тамаққа баратын уақыт таяғанда сол жақтан бейтаныс бауырларының улап-шулап сыртқа шыққаны жетеді құлағына.

-Қанат!

-Санат! Тоқта!,- деген ана тіліндегі сөздер жанын жадыратып,

төсегінен атып тұрып терассаға жүгіреді. Жақтауға асылып тұрып қаздай тізіліп бара жатқан қазақтарды көреді. Жүрегі елжіреп, жан-дүниесі езіліп сол бақытты отбасына еріп кеткісі келіп тұрады. Алқымын сағыныш буып, жанарына ып-ыстық жас толады. Көзінен жып-жылы болып ағып, жүзін жуады. Теңіз толқынының шуылымен құлағына алыстан-алыстан туған жерінің желінің ызылы келеді. Туған жерінде жыңғыл деген басы қызғылт болып гүлдейтін өсімдік болатын. Соны отқа жаққанда ысылдап әдемі бір дыбыс шығаратыны есіне түседі. Балғын балалығы...

Жуынатын бөлмеде салқын сумен тез-тез себезгіленіп, желеңін іле сала сыртқа шықты. Теңіз жағасында ойнап жүрген бауырларына сыртынан қызығып қарап тұрды. Оғландары суда алысып-жұлысып, бірін-бірі суға лақтырып ойнап жүр. Бақытты аналары басын күйеуінің кеудесіне қойып күнге қыздырынып жатыр. Батырлардың әкесінің бура саны жайма төсекке тастай салған қос бөрене секілді. Аяғының басы бәшпайларымен күректей екен. Кеудесі көріктей болып, бір көтеріліп, бір басылып әйелдің басын тербетіп жатқандай. Басына жауып алған күнқағарынан бет-жүзі көрінбейді. Денесі шойыннан құйғандай. Әжесі айтатын ертегілердегі алып батырларға  ұқсайды. Алыстан қызықтап қарап жатса да, келіншектің денесі қызып, ана алыптың қойнына сүңгіп кеткісі келді. «Елде жүрсем ғой, осындай алыптың бірі маған да бұйырар еді!»,- деген арман жүрек түпкірінен өкінішпен оянды. Баяғыда алғаш жарқ етіп шыққанда небір азаматтар көз салғанда, сөз салғанда көңілі аспандап, өзіне қазақтан жар тең еместей көрініп  еді. Әсіресе, әкесімен жерлес батырдың немересіне құда түспек болып, екі отбасы ниет білдіргенде азар да безер болған  ақымақ басы. Сондағы көксегені – ойдан жасап алған жұмақ өмір болды ғой. Ұшақпен ұшып, теңіз жағасында демалып, әдемі киім мен жылтыраққа әуес еді. Ұзын сирақты аяқтарын сәнмен тастап, нәркес жанарымен көзін қадағандарды осып өтіп келе жататын. Оның жібектен тоқығандай жұмсақ та жібектей сусылдаған  денесін көздерімен суарып қаншама еркек қала беретін жолында. Бұл соларды ынтықтырғанына мәз.

Елден кеткелі жиырма жылға жуық уақытта Отанын аңсап, сондағы балалығын аңсап дәл бүгінгідей ешқашан көңілі бұзылмаған шығар. Марктің шексіз байлығы мен ессіз махаббатына шомылып жүре беріпті. Ол да «Сендей сұлу азиатка көрмедім!»,- деп әлі күнге тамсанумен келеді. Мына бауырларын Маркке «Қазақ! Менің қандастарым.»,- деп таныстырды сырттарынан. Ол «kazzak!»,- деп қайталады күліп тұрып қуанышпен.

- Иә, қазақ!,- деді ол ұзақ жылдардан кейін бірінші рет ана тілінде сөйлеп. Көзінен жасы бұршақтай жөнелді. Марк оның жылап жібергеніне аяныш білдіріп:

- Отаныңды сағындың ба? Қазақстанға апарайын ба, Мэгги?!,- деп құшақтады.

Мағира басын изеп, оның бауырына кіріп, елге деген сағыныштан солқылдап:

-Мен бірінші рет ана тілімде сөйлейтіндердің дауысын естіп жүрмін,- деп жатты.

- Онда сол туыстарыңмен танысайық, сен сөйлесесің,- деді.

Осы ұсынысы Марктің өзінің сорына айтылғанын кім біліпті.

Сол сәттен-ақ,  Мағира-Мэггидің өмірінде адам айтқысыз өзгерістер басталды.

Ертесіне Мағира жайма төсекте жатқан бақытты әйелге жақын жерден орын таңдады. Балалар мен әкесі теңізде шулап жүзіп жүрді. Марк те құлаштай жүзіп алыс кетіп қалған еді. Мағира танысудың сәтін іздеп, сары мысыққа ұқсап ана әйелді аңдуда.  Әйел күнқағарын басына киіп, орнынан тұрып теңізге беттеді. «Танысудың сәті туды!»,- деген Мағира да орнынан атып тұрып әйелге ілесті. Таңертеңгі тыныштықта жатқан теңіз суына әйел аяғын сала бергенде жетіп келіп:

- Сәлеметсізбе?,- деді.

Ана тілінде оқыс шыққан жіңішке дауысқа жалт бұрылғанда керемет келіншекті көріп, жылдамдата ол да «Сәлем...сәлем...»,- деп тіл қатты.

-Сіздер Қазақстандықсыздар ма?,- деді таңғажайып сұлу.

-Иә...

-Қай жерінен боласыздар?,- деген Мағира өз ана тілінде  мүдірмей тұрғанынан, ана тілінің сондай құлаққа жағымды естілетініне іштей сүйсінді.

- Ақтауданбыз. Сіз ше?,- деді әйел мұны да қазақ болған соң, сол жақтан келген шығар деп.

-Мен...мен...,- деген Мағира кекештеніп, тұрып қалды. «Не десе екен? Қайданмын десе екен? Қазақстаннанмын дей ме,  әлде, қаңғып жүріп Англияға тұрақтағанмын дей ме?! Ол Отаны емес қой. Құдай-ау, қайдансың? дегенде сарт еткізіп Отаныңды аузыңа ала алмаудан асқан сорлылық бар ма екен? Қазақстанды қалай Отаным дейді, кеткеніне жиырма жылдан асты. Азаматтығының өзін ауыстырып жібергелі қашан... Сонда Отаны жоқ, оны ауыстырып жіберген опасыз болғаны ғой. Оны дүние боққа, қиялдан жасалған «жұмақ өмірге» алмастырды. Бір кезде өзіне жұмақтай көрінген өмір бүгінде Қазақстанда да орнаған екен. Сол жұмақтан келген бауырлар әлемді шарлап жүр»,- деп ойға батты.

Бақытты әйел салмақты, көп сөйлемейтін, не болса соны сұрай бермейтін жан көрінді. «Ммен...ммен...»,- деп кекештеніп тұрып қалған келіншекке таңдана қарады да қойды. Араға біраз уақыт салып барып Мағираның тілі:

- Мен де Қазақстанда туылып, өскенмін. Қазір Англияда тұрамын,- деп шешілді.

Екі әйел танысып-білісіп біраз әңгімелесті. «Құдай-ау, ана тіліңде емін-еркін сөйлеген қандай бақыт! Басқа тілде сөйлегенде әр сөзді ішіңнен ойланып, оның айтылуы мен оқылуын еске алып, мән беріп барып ауыздан шығарасың. Ал, ана тіліңде есіңе түскен ой аузыңнан жосылып шыға береді. Әрі өз құлағыңа қандай жағымды естіледі. Тура жүрегіңнен шығып, ауаға тарап жатқандай. Жаныңнан өрбіп, басқа құлаққа жетіп жатқандай.»,- деп өзінің бағанадан бері еш жаңылмай, ағылып сөйлегеніне іштей таңданып отырғанда жанына аяғын көстеңдетіп жирен шалы келді. Құм үстінде ұзын денесін әрең игеріп,  қолы ербең-ербең етеді.

-Мэгги, отандастарыңмен таныстың ба?,- деді де, бақытты әйелге ағылшын тілінде амандасты. Анау да заманына сай екен, жауаптаса саулық сұрасты. Ағылшын әйелге басын иіп:

- Марк!,- деп танысты.

-Нұрзия!,- деді бақытты әйел.

Марк «Нур-р-з-э-э!»,- деп ежіктеп есімін еске сақтауға тырысты.

-Күйеуің бе?,- деді Нұрзия. Селдір ақ шашты ағылшынға құрметпен қарап.

- Иә, соңғы он жылда осы кісімен тұрып келемін. Картина жинаумен айналысады. Соның көрмелері бойынша әлемді шарлап жүреміз. Биылғы басқосу Түрік елінде, Стамбулда өтіп жатыр. Ол жұмысымен сонда барып-келіп жүр. Мен осында демалып жатырмын. Салқын, таулы жер деп осы Кемерді таңдадық,- деді Мағира өз өмірінен хабар беріп.

Нұрзиямен тілдескеннен-ақ Мағираның Маркпен тұрғалы тынышталған өміріне қайта алаң кірді. Күндіз де, түнде төсегінде жатқанда да көз алдынан қазақтардың балалары кетпейді. Әсіресе, ана бір кішкентайын Марктің өзі «бэбби-кассак»,- деп жақсы көре кетті. Аты – Темірлан екен. Осы бір сары бала аналық сезімін оятып жібергендей. «Осы менікі не жүріс? Не өмір? Ал, әлемді шарладым. Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда дегенімен осы «жұмақ өмір» қашанға созылады. Мына жирен шал қисая қалса, ана екі елде жүрген екі қызы мұны алтындатқан сарайдан айдап шықпай ма?! Ең болмаса мұрагері деп бетке ұстар бала да жоқ. Қашанғы аяқты айқастырып тастап, жылтыр мұқабалы журналдарды парақтап жайлы диванда немесе жағалауларда жата берер дейсің. Бұрын күн сайын жанын жеп қызықтыратын киімдер үлгісі мен әшекейлері де қадірсіз болып барады. Париж бен Лондон қанша керемет дегенмен өз туған топырағыма, өз Отаныма жетер ме!»,- деп күңіренді. Бұрын есі кетіп әлемдік, Голливудтық жұлдыздардың өмірін бақылап, киген киімдерін саралап отырушы еді. Соларың мына Нұрзия мен Ерболдың, балаларының жанында ешкім де болмай қалды Мағира үшін. Нұрзия мен Ербол туралы біле бергісі келеді бір қызығы. Марк екеуі оқыған жазушылар мен көрген суреттері, суретшілердің әлеміне дәл осындай қызықпаған шығар.

Енді телевизор мен ғаламтордан тек Қазақстанды іздейтін болды. Сондағы отандастарының қараторы жүзінен жылы, солардың жанарынан мейірімді ештеңе жоқ сияқты әлемде. Жирен шалы қорылына кіріскенше қиялдап жатады да, ол қорылына кіріскен соң бала кезінде айтатын қазақша әндерді есіне түсіріп, ыңылдап жатып ұйқыға кетеді.

Есіне анасы айтатын «Ақ бантик»,- деген ән түсті. Өз сыныптастары шырқайтын «Достар, достар жүрсің қайда?»,- деген ән қандай керемет еді. «Елігім еркем»,- деген ән болатын, сыныптас Өмірхан гитарамен тебіренте салатын.  Құдай-ау, қайдан ғана бірінші курста сол «Көктем аруына» қатысып еді, бар бәле содан басталды емес пе! Ол студенттер арасында өткен тұңғыш арулар байқауы болатын. Сол жолы көзге түскен мұны қалалық байқауға қатыстырды. Ана тілінде сайрап тұр, салған әні қандай, сәні қандай. Жанары оттай жанып, ақ мәрмәрдай мүсіні көзді арбаған аруды көрген де арманда, көрмеген де арманда емес па еді, дүние-ай! Айдай жарқырап Бас жүлдені алды талассыз. Келесі мәре –«Қазақстан аруы» болатын. Жетекшісі Гүлден Бейсенқызы белсеніп жүріп оған дайындады. Еңбектері ақталып Мағира Қазақстан тарихындағы тұңғыш республикалық арулар байқауының Бас жүлдесіне ие болды. Анасының қуанышында шек жоқ. «Алла жетім мен жесірдің көз жасын көрді!»,- деп жылай береді. Бұл жақсылаққа емес, сорға бастағанын қайдан білсін. Әттең сонда байғұс әйел жалғызының жолы басқа жаққа бұрылғанын білмеді ғой.

Мағира содан кейін-ақ арулар байқаулары бар, өнер сайыстары бар сабаққа қатысуға да уақыты болмай кетті. Бара-бара оқу қалды жайына өзі атақты ару болып қолдан-қолға, соңында төсектен-төсекке дегендей ауысып қалай жеңіл өмір мен жеңіл табысқа әуестеніп кеткенін байқамай да қалды. Ұшақпен ұшып, сәнді сарайлар мен қымбат мейрамханалар, жанды елітіп, жүректі тербейтін әуен, сол жұмақты жасап жүрген қалталы еркектердің от құшағы жиырмаға толмай-ақ қызықтырып ала жөнелді. «Дәнікеннен құныққан жаман»,- деген сол екен, көрген рахатын қомағайлана қарпып, от құшақтарда өртеніп, бір қаладан екіншісіне, тіпті бір мемлекеттен екіншісіне ұшып жүріп анасының жалғыз қалғанын да ұмытты. Есіне түскенде ғана әр жер, әр жерден телефонмен үнін есітіп, халін сұрап қояды. Оның тұншыға жылағанына жыны келетін. «Өзіне не керек, мен одан ештеңе сұрап жатқан жоқпын. Өз күнімді өзім көрудемін. Кейде көмекке қаржы жіберемін. Әлемді шарлап жүрмін. Ал, менімен қатар қыздар әлі ақша тауып, рахат өмір сүріп, мен құсап шалқымақ түгілі әлі оқуларын аяқтай алмай жүр. Осы жүрісіме риза болмай ма, сықсыңдап «ел не дейді, ел не дейді»,- деп жылай бергенше»,- деп ренжитін. «Не десе, со десін!»,- деп шешесіне зекіп тастайтыны да болатын.

Сол жүрістерінде ішіне біткен тұңғышын алдыртты, «әлі жаспын, сән бизнесінде биіктерге шығуым керек»,- деп өзі кесіп, өзі пішті. Өмірде бәрін өзің шеше бермейді екенсің, сол шешімдеріңе жауап беретін кездерің болады екен. Сол кез келіп, бармағын шайнап, өзегі өртеніп Нұрзия мен Ерболдың қара домалақтарына қызғанышпен, өкініштен өртене қарап, түн ұйқысын бұзып отырысы мынау. Басынан бәшайына дейін сүйетін жирен шалдың ықыласының өзі жиренішті бола бастады. Оның дүниесі жанын көрсетпей жыландай шағып жатқандай есін жиғызды. Өзегін өртеп өткенін түсірді. Түнгі теңізден соққан жылы лептен денесі қызудың орнына – тоңазып, көзі ілінсе Тянь-Шаньның баурындағы балалығы өткен ауылы кіріп аунақшып шығады. Үстіне жамылған жібек жамылғы қара тастай бастырып, шошып оянады.

-Мэгги, жаным, саған не болды?,- деп қояды ұйқылы-ояу сары шал. Таңға ұйқы жоқ. Таң алдында көзі ілінгендей еді:

- Темірлан, тоқта!

- Қанат, ананы ұста!,- деген Ерболдың отбасының у-шуынан оянып кетті. Олар терезесінің алдынан теңізге өтіп бара жатыр. Мағира атып тұрып террасаға шықты. Алтауы тізіліп кетіп барады. Солармен бірге Бақыт кетіп бара жатқандай. «Рахат, тыныш өмір, шаттық деген өз Отаныңда, өз отбасыңмен бірге болу екен ғой. Соны неге осы күнге дейін білмегенмін. «Сен бәрінен әдемісің!»,- деп бетінен қақпай, жанындағы құрбыларын бұдан төмен көріп өсірген ата-анасына ренжіді. Неге өмірдің мәні – отбасында, өмірдің нәрі – балаларда, өмірдің негізі – Отанда болатынын ұқтырмаған. Елді сүюді, туған жерді сүюді үйретпеген, тек «Америка керемет! Париж ғажап! Шетелдегі өмір ерекше!,- деп өзімен орыс тілінде сөйлесетін анасына ренжіді. Ана тілі – ата мен әженің тілі сияқты тек, ауылға барғанда сөйлесетін. Нөмірі он екінші мектепте қазақша оқығанымен сабақтан шыға бар бала орысша сөйлесетін. Мектепте қазақ тілі тек ұстаздармен қарым-қатынас құралы сияқты.

Мағира күнде теңіз жағалап, суға түсіп, қандастарының тіршілігін қызықтап жақын араласқан сайын елге деген тартылысы ұлғайып, Отанға деген махаббаты арта берді. Марк көрмелерінің қорытынды күндеріне Стамбулға кеткенде түн жарымына дейін Нұрзиямен жағада отырып сырласты. Бәрін...бәрін...бәрін ақтарып салды. Жиырма жылдан бері тірі жанға айтпай келген іштегі дертінің жарасының аузы ашылып кеткендей. Не болды, не көрді, неге қолы жетті, неден құр қалды, неден қамықты, неге жабықты... Жүрегінен қанды ірің ағып жатқандай. Енді ішін не өртеп жатыр, ендігі арманы не. Осынау «жұмақтағы өмірінен» неге безіп отыр. Бәрін...бәрін Нұрзияға жайып салды. Ағыл-тегіл жылады да...

Ішінен сағыныштың бұлағы ашылып, көзі арқылы сыртқа шығып жатқандай. Нұрзия да әйел емес пе: «О, сорлы сұлу, бұтын бұлдап, дүние көремін деп жарты өмірін өткізіп алыпты-ау!»,- деп мұны аяп қосыла жылап қалды. Бақытты әйелдің неге жылап отырғанын түсінбеген тас жүрек ару:

-Сен неге жылайсың?,- деді.

-Сені аяп та. Осынша сұлулықтың саған бақыт емес сор әкелгенін айтам да,- деп құшақтап, бауырына басты.

Қазақтың әйелінің мейірімді құшағы, сен қандай кең де ыстық едің! Мағира сұлудың тас болып қалған жүрегін ерітіп, жан-дүниесін елжіретіп жібердің. Ол қазақ әйелін құшақтап алып сүйіп жатыр, сүйіп жатыр.

Ертесіне Ерболдың отбасы «Rixos Sungate» демалыс орнына Мағираны ала кетті. Аквапаркте бәрі суға түсіп, балалар ойнап, мәре-сәре болды. Мағира Темірланды ойнатты. Қазақтың даласындай дархан мінез жігіттен жаратылған перзент те ақкөңіл, кісі жатырқауды білмейді екен. Томпиған сары баланы бауырына қысып, елжіреп кетіп, сүйіп-сүйіп алды. Иіскей берді. Қазақтың иісі! Сен қандай керемет едің! Мағира бала кезінде иісшіл еді. Байқауларға қатысып жүрген алғашқы жылдары жанындағы қыздардың иісін талғайтын. Басқа діндегі, әсіресе, доңыз етін жейтіндердің иісінен жиіркенетін басында. Кейіннен беті ашыла келе солардың қойнына жата-жата иісін алып кетсе керек, үйреніп кетті ғой. Шетелдіктердің иісі тіпті басқа. «Жеген тағамдарына қарай адамнан иіс шығады»,- деген шын екен. Қазақ жылқы етін жейді көбіне. Жылқы малы шөпті талғап жеп, суды таңдап ішеді. Сондықтан шығар еті пісе бастағаннан-ақ маңайына хош иіс таратып, күллі үйдің ішін алып, есік ашылғанда аулаға тарайды, жаныңды рахаттандырады. Атасының үйінде осындай иістен рахаттанып, ет піскенше ертегі оқып отыратын. Қазақтардан да сондай хош иіс шығады. Мына баланың иісі өзі білетін небір әтірлер иісінен ғажап. Әлде бауырға деген сағыныш иісі ме тартып тұрған. Әлде, жасы  отызды орталағанда перзентке деген сағыныш пен аңсау ма?!

Бақытты әке мен шеше анау жақта жайма төсекте жатыр. Мағира оларға байқатпай Темірланды бауырына басып алып өксіп-өксіп, ұзақ жылады. Бала да бауырына тығыла түсіп, үндемей жабысып отыр, жылағанынан шошыған жоқ. Оның кіп-кішкентай жүрегі мына әйелдің жаралы жүрегінің дертінің емі өзі екенін сезетіндей.

-Менің елге қайтқым келеді,- деді Мағира ертесіне Нұрзияға.

-«Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң»,- деген бабаларың. Қайт! Жаңа өмір баста өз Отаныңда.

- Азаматтығым жоқ. Әкемнен қалған шаңырақты кім иемденіп кеткенін де білмеймін. Қайда барып баспаналаймын, кімді пана тұтам?

- Біз сені шақырып алайық. Мейман болып кел де қалып қой. Арғы жағын маңдайыңа жазғаннан көрерсің,- деді әр нәрсеге байыппен қарайтын қазақ әйелі.

-Жарайды. Біз ертең қайтамыз. Хабар өзімнен болады,- деп қоштасты Мағира бауырларын қимай, көзі боталап.

ХХХ

Арада үш ай өтпей Мағира «жұмақ өмірден» өз еркімен безіп Лондон-Астана бағытындағы ұшақпен өз Отанына оралды.

Сәуле Досжанова

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610