Сенбі, 21 Сәуір 2018
Мәңгілік ел 644 16 пікір 5 Сәуір, 2018 сағат 16:41

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған бағдарлама

Бүгінгі таңда Қазақстан жаһандық әлемге еніп, өзінің интеллектуалдық даму деңгейін анықтап, мәртебесін биіктету жолына түсті. Әзірге бізді өзгелер шикізат көзі ретінде қабылдайды. Сондықтан біз өзімізді аяғынан нық тұрған мемлекет ретінде танытып, серпінді серпілісіміз бен ішкі өзекті мәселелерімізді оңтайлы шешіп, алға басар қадамымызды қайта нықтауымыз керек.

Біз «рухани жаңғыру» туралы сөз қозғағанда, қоғам мен мемлекеттің тарихи цейтнотта тұрғандығын, яғни уақыттың аздығын түйсінуіміз қажет.

Қазір біз «қым-қиғаш», «шұғыл бұрылыстары» көп, былайша айтқанда турбулентті заманға кіріп бара жатырмыз. Сырттан келетін тәуекел мен қауіп-қатер күннен күнге қабатталып келеді. Сондықтан рухани жаңғыру тақырыбының күн тәртібіне дер шағында қойылып отырғанын айта кеткім келеді. Бірақ осынау тарихи жүк арқалаған міндетті шешпес бұрын, жаңғыру дегеннің түп негізіне үңіліп, талдау жасағанымыз абзал.

Модернизация, яғни жаңғырту – еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саладағы ілгері дамуының алғышарты.

Американдық әлеуметтанушы Самюэл Хантингтон елді алға сүйрейтін даму мүмкіндіктердің бірнеше қадамын көрсетеді.

Бірінші қадам – жаңғыртусыз вестернизация, яғни Батыс мәдениеті үлгілерін, батыстық мәдениеттің жеке құндылықтарын қабылдау. Бұл бағыт көпшілікке күмәнді болып көрінуі мүмкін. Себебі, вестернизация мен модернизация ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты.

Дәл осындай жолға Египет, Филиппин елдері түскен болатын. Бұл екі елде де нәтижесіз болып, екеуі де бүгінгі таңда қиын жағдайда тұр.

Екінші қадам – бұл вестернизациясыз жаңғырту. Классикалық жаңғырту вестернизация ұғымымен егіз болғандықтан, дамудың бұл әдісі түбегейлі жаңа да тың болып саналады. Кейде оны постмодернизация деп те атайды. Ал бұл жолға жаңа индустриалды Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері түсті. Олар өздерінің бірегейлігін өзгертпей-ақ жаңғыру бағытын таңдады.

Жапонияда Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі американдық басқыншылық ұжымдық құрылымдардың ыдырауына әкеліп соқтырды, милитаристік санаға жол ашты, нәтижесінде либерализация, яғни ырықтандыру басталды. Бірақ ол өз кезегінде дәстүрлі қоғамның бұзылуына алып келді. Сондықтан 50-жылдарды жапон әлеуметтанушылары «дәстүрлі жапон қоғамын емес, мемлекеттің міндет-мақсатын өзгертетін» басқа бағдарлама ұсынды.

Дәл осы сияқты, біздің «Рухани жаңғыру» – қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын және ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, мемлекетімізді жаңғыртудың берік іргетасы деуге болады.

Ендеше, бұл бағытты постмодернизация кезеңіндегі «егеменді модернизация» деп бағаласақ артық емес.

 

Ерлан Саиров, саясаттанушы

Дереккөзі: «Алматы ақшамы» газеті

Abai.kz

16 пікір