Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 5708 59 пікір 6 Сәуір, 2018 сағат 15:45

Тоқаев: Денсаулық саласына бөлінген қаржы тиімді пайдаланылуы керек!

Бүгін Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік денсаулық сақтау ісі – дені сау ұлт» атты жиында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір түйткілді мәселелерді сынға алды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

 

Адам денсаулықтың қадірін ауырғанда біледі. «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді қанша жиі айтқанымызбен, бүгінде дертіне шипа іздегендер қатары көбірек болып тұр. Бұл бір жағынан әр азаматтың өз денсаулығына ерекше көңіл бөлу мәдениетінің қалыптаса қоймағандығынан болса, екінші жағынан еліміздің денсаулық сақтау саласы өзге елдерден оқ бойы озық тұр деп айта алмаймыз. Сондықтан да болар соңғы жылдарда халықтың денсаулық сақтау саласына қатысты аз сын айтылған жоқ. Алайда, құрғақ сын бар да, мәселені тереңінен зерттеп, кемшіліктердің алдын алуға арналған обьективті әрі нәтижелі жұмысқа негізделген сын бар. Бүгін Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің ұйымдастыруымен «Үздік денсаулық сақтау ісі – дені сау ұлт» атты нәтижелі сын мен қызу талқылауға құрылған парламенттік тыңдау өтті.

Тыңдауда әр адамның денсаулығы – ұлттың денінің саулығын құрайтынын, ал денсаулығы мықты ұлт қалыптастыру мемлекеттің ең басты мақсаттарының бірі екенін айтқан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір түйткілді мәселелерді сынға алды:

Елімізде денсаулық сақтау мәселелеріне үнемі ерекше мән беріліп келеді. Жеткілікті заңнамалық база қалыптастырылып, саланы қаржыландыру айтарлықтай арттырылуда. Дегенмен, айтарлықтай табысқа қол жеткізгенімізге қарамастан, әлі күнге дейін шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар. Олар ең алдымен, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігіне байланысты.

Президент медициналық көмек көрсетудегі мемлекеттің  міндеттемелерін қайта қарастыру қажеттігін бекерден атап өткен жоқ. Мәселе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің нақты сипатқа ие бола алмай отырғандығында. Тегін  және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің аражігі айқын болмағандықтан, тұрғындар тарапынан қосымша төлем жасау жағдайлары орын алуда. Басқаша айтқанда, медицина саласында көрсетілетін ақылы қызметтердің көлемі біртіндеп артуда. Сондықтан медициналық көмектің қай түрінің ақылы және қай түрінің кепілдік берілген көмекке  жататындығы тұрғындар үшін айқын әрі түсінікті болуы керек.

Соңғы жылдары медициналық ұйымдар заманауи технологиялармен жабдықталуда. Бірақ, мұндай жабдықтарды қолдану тәсілін меңгерген кәсіби мамандар әлі де жетіспей отыр. Сонымен қатар, қымбат бағаға алынған техниканың қолданылмай тұрған жағдайлары жасырын емес. Медициналық қызметтің сапасын арттыру медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтаумен, оларға заманауи технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Бұл ең алдымен, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен олардың тиісті дәрежеде ынталандырылуына тікелей байланысты. Сондықтан, медицина мамандарын дайындаудың сапасы мен оларды тиісті жұмыс жағдайымен қамтамасыз ету аса маңызды мәселе болып табылады.

Медицина қызметкерлерінің еңбекақыларын арттыру және ынталандырудың тиімді жүйесін қалыптастыру күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі. Үкімет денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Мемлекет басшысының жуырдағы Үндеуінде айтылған ауқымды әлеуметтік жобаларды оңтайлы жүзеге асыру азаматтардың, соның ішінде медицина қызметкерлерінің де тұрмыс жағдайын жақсартары анық.

Елімізде медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын 4000-нан астам мамандарды даярлайтынына қарамастан, осы салада, әсіресе ауылдық жерлерде байқалып отырған маман тапшылығы бізді алаңдатады. Олардың кәсіби дайындығының сапасы да сұрақ тудыруда. Кейбір жекелеген сараптама нәтижесіне сәйкес, медициналық жоғарғы оқу орындарын бітіруші түлектердің әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуде. Медициналық жоғары оқу орындарына қабылданатын студенттердің санына емес, оларды дайындаудың сапасына көбірек көңіл бөлген жөн.

Елбасы медициналық сақтандыруға өту бойынша дайындық жұмыстарын мұқият өткізуді тапсырды. Естеріңізде болар, міндетті медициналық сақтандыруды енгізген кезде көптеген олқылықтарға жол берілген  болатын. Ендігі кезекте бұл жұмыстың  тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ету қажет. Алдағы уақытта, тыңғылықты дайындалып, туындауы мүмкін тәуекелдерге жол бермеу керек. Бұл ретте, салаға бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланудың маңызы орасан зор. Жұмыс тиісті деңгейде және тиімді атқарылған жағдайда ғана, денсаулық сақтау саласына тартылған мемлекеттік инвестициялар өзін-өзі ақтайтын болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сүйене отырып, Bloomberg агенттігі жасаған рейтингке сәйкес, әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үздік болып табылатын мемлекеттердің, олардың ішінде Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Испания бұл саланы қаржыландыру деңгейі жоғары деп айтуға келмейді.

Бұл мемлекеттер ресурсты тиімді бөлу нәтижесінде, әлдеқайда оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізуге болатындығын дәлелдеп отыр. Біз сіздермен бірлесіп денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы барлық адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті іс-шаралар атқаруға міндеттіміз.

Елімізде денсаулық сақтауды жоғары деңгейде дамытудың барлық мүмкіндіктері бар деп есептеймін.

Ең алдымен, біз медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, тиімді медициналық сақтандыру жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыру үшін, осы саладағы бәсекелестіктің жандануына барынша қолдау көрсеткен жөн.

Бүгінгі парламенттік тыңдау барысында өтетін талқылаулар ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге септігін тигізетініне сенімдімін.

Қорыта айтқанда, Сенат Төрағасы Денсаулық сақтау министрлігі Елбасы алға қойған міндеттерді  жүзеге асыру бойынша:

Бірінші, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету;

Екінші, медициналық көмектің қай түрінің ақылы және қай түрінің кепілдік берілген көмекке  жататындығы тұрғындар үшін айқын әрі түсінікті ету;

Үшінші, қымбат бағаға алынған техниканы, жабдықтарды қолдану тәсілін меңгерген кәсіби мамандар дайындау;

Төртінші, Медициналық жоғары оқу орындарына қабылданатын студенттердің санына емес, оларды дайындаудың сапасына көңіл аудару және оларды тиісті жұмыс жағдайымен қамтамасыз ету;

Бесінші, ауылдық жерлерде байқалып отырған медицина саласы мамандарының тапшылығын азайту;

Алтыншы, салаға бөлінетін қаржыны тиімді пайдалану;

Жетінші, және ең бастысы, Үкіметтің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажеттігіне баса назар аударылып, нақты бағыттар берілді.

Денсаулық сақтау мәселелері, оларды шешу жолдары және заңнамалық реттеудің келешегі туралы ашық пікір алмасу барысында сөз алған  Денсаулық сақтау министрi Елжан Біртанов, денсаулық сақтау басқармаларының, ұйымдарының басшылары, тиісті мемлекеттік органдар өкілдері, жалпы жиналған жауапты қызметкерлер Сенатта өткен парламенттік тыңдауда көтерілген мәселелерді сыни пікірлерді алдағы жұмыс жоспарларында талқылап, тұжырымдайтынын, мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар қабылдайтынын айтып уәде беріп тарқасты.

Әділбек Қаба

Abai.kz

59 пікір