Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3872 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 08:24

Мүлгiген сананы оятар Сақ қорғаны

Қала құндылықтары
Мүлгiген сананы оятар Сақ қорғаны
немесе шаһардың мыңжылдық тарихы хақында
Азамат ҚАСЫМ
Биылғы жылы археологтар Алматы қаласына қарасты Ұлжан ықшамауданынан IV ғасырға жататын Сақ қорғанын тапты. Қазба жұмысын Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлерi жүргiздi. Алматы қалалық Мәдениет департаментi қазба жұмысының сәттi жүруiне септiгiн тигiздi. Қорғандағы қазба жұмыстары қалалық Мәдениет департаментi мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бiрлескен «Ұлжан» ықшамауданынан табылған сақ қорғанындағы археологиялық қазба жұмыстары» атты арнайы бағдарлама аясында жүзеге асты. Қорғанға Ұлжан ықшамауданының аты берiлдi.  

Қала құндылықтары
Мүлгiген сананы оятар Сақ қорғаны
немесе шаһардың мыңжылдық тарихы хақында
Азамат ҚАСЫМ
Биылғы жылы археологтар Алматы қаласына қарасты Ұлжан ықшамауданынан IV ғасырға жататын Сақ қорғанын тапты. Қазба жұмысын Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлерi жүргiздi. Алматы қалалық Мәдениет департаментi қазба жұмысының сәттi жүруiне септiгiн тигiздi. Қорғандағы қазба жұмыстары қалалық Мәдениет департаментi мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бiрлескен «Ұлжан» ықшамауданынан табылған сақ қорғанындағы археологиялық қазба жұмыстары» атты арнайы бағдарлама аясында жүзеге асты. Қорғанға Ұлжан ықшамауданының аты берiлдi.  
Бұл Алматы қаласы аумағынан табылған алғашқы қорған емес. Бұған дейiн қаламыздағы «Ақсай» ықшамауданынан қола дәуiрiне жататын түйе мүсiнi, «Самал-1» ықшамауданынан б.э.д. IV ғасырға жататын (Қола дәуiрi) садақшылар бейнеленген шағын көлемдегi металл және Телекешен маңынан б.э.д.IV ғасырға жататын диiрмен тастары табылған болатын. Алматы қаласының батысындағы 44 шақырым жердегi Қарасай ауданының аумағындағы Майбұлақ аймағынан және оның оңтүстiк батысына қарай екi шақырым жердегi Қарғалы аймағынан бұл өңiрлерде өмiр сүрген алғашқы адамдардың мекен-жайлары табылып, ұлтымыздың бай мәдени мұрасының қатарын толықтырды.
    Ғалымдардың айтуынша, Майбұлақ аңғарының 150-200 метр заңғарында өмiр сүрген адамдар тұрағы тас дәуiрiне тұспа-тұс келедi. Бұл жерден қола және темiр дәуiрлерiнде адамдар пайдаланған күнделiктi тұтыну бұйымдарының да қалдықтары табылған. Еңбек құралдарының 75 түрi соның айқын дәлелi. Бұл бiр ғана Алматы қаласының төңiрегiнен табылған дүниелер. Республикамыздың өзге де өңiрлерiнен табылған, ұлттық санамызды жаңғыртуға үлес қосып жатқан тарихи жәдiгерлерiмiз туралы сөз қозғасақ, ол өз алдына таусылмайтын үлкен әңгiме.
 
                                      
                        Ұлжандағы қорған – Алматының анасы
      Алматы қаласы төңiрегiнен табылған тарихи жәдiгерлер ненi айғақтайды? Тарихшылардың сөзiне сенсек, шаһар аумағынан табылған көне археологиялық қазбалар қала тарихының мыңжылдықтар кезеңiнен ары асатынын дәлелдейдi. Бұл Алматы топырағында тас ғасыры кезеңiнде алғашқы адамдардың өмiр сүргенiн әйгiлейдi. Ақиқаты, бұл Алматының арғы тарихынан сыр тартатын мағлұматтар. Ал қаланың төл тарихы қанша жыл дегенге келетiн болсақ, оның мыңжылдықтарға ұштасып жатқанына шүбә келтiрмеймiз. Алайда Алматының тарихын Верный бекiнiсiнен бастап, шаһардың 150 жылдығын тойламақ болған әлдекiмдердiң көздегенi де түсiнiктi. Бәрiне де уақыт емшi. Тасқа басылған тарих – бұлтартпас шындық. Алматы тарихы да мыңжылдықтарға қол созған, тасқа басылып, топыраққа бәдiзделген бұлтартпас шындық. Алматы тарихы мыңжылдықтардан асады. Археологиялық қазбалар: қорымдар, қорғандар, түрлi тарихи жәдiгерлер Алматы тарихын тайға таңба басқандай айқындап бердi. Қазақтың маңдайына бiткен ұлы ғалымы Шоқаннан бастап, әйгiлi тарихшы Бартольд, белгiлi шығыстанушылар Радлов (1862 жылы Алматы төңiрегiнде археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзген) пен ХIХ ғасырдың 70-80 жылдарында Алматыны арнайы зерттеген Пантусов тарихта Алматы атты қала болғанын шегелеп айтып, еңбектерiнде жазып кеттi. Сөз жоқ, мұның бәрi Алматы тарихының тереңде жатқандығын шүбәсiз айғақтайды. Ұлжан ықшамауданынан табылған Сақ қорғаны да Алматы тарихының тереңде жатқанын тағы бiр паш етiп тұр.  
   
                                      Ерте темiр дәуiрiнiң мұрасы
 
    Ұлжан қорғаны Алматының солтүстiк-батыс бөлiгiнде орналасқан Үлкен Алматы өзенiнiң оң жақ жағалауынан табылды. Бұл – қорғанның жағрапиялық орны. Археологтар «Ұлжан» ықшамауданынан табылған қорғанды сақ дәуiрiне жатқызады. Ескерткiш өзiне бес үлкен қорымды бiрiктiрiп отыр. Солтүстiктен оңтүстiкке қарай созылып жатқан Ұлжан қорғанының биiктiгi – 5-7 метр, диаметрi – 60 метр топырақ үйiндiсiнен құралған. Археология ұғымдарына ұштастырып айтсақ, қорғанның анықталған көлемi: һ ═ 5 382 m; d 60 m. Ескерткiштiң орналасқан жерi апатты жағдайда болғандықтан бастапқыда нысанның көлемi (диаметрi) мен биiктiгiн айқындау қиынға соқты. Қорған табылған жердегi бұзылған үй құрылыстары мен көше төсемдерi үйiндiнi қазуға кедергi келтiрiп, жұмыстың жүруiн кешеуiлдеткенiн де айта кеткен орынды. Алайда мұндай кедергiлерге қарамастан археологтар қазба жұмысын сәттi жүргiзе бiлдi. Бiр таңқаларлығы, қорған пайда болғаннан бергi тiп-тiк қалпын сақтап, бүгiнге күнге дейiн бастапқы қалпын жоғалтпай жеткен екен. Қорған табылған «Ұлжан» ықшамауданының тұрғындардың айтуына қарағанда, үйiндiнiң сырты крепиадамен (Крепиада – тау етегiне орналасқан үйiндiнi қоршаған iрi тастар тiзбегi. Қорғаннның констукциясы Еуразия даласындағы ерте темiр дәуiрiндегi кең тараған үлгiге жатады – А.Қ.) қоршалған және оның iшiнде шаруашылыққа қажеттi заттар жоғалған, тонап алынған. Ең бастысы, бұл сақ қорғаны қатпар-қатпар тас қабаттарынан құралған және үйiндiнiң жоғарғы жағын тұтастай тас қабаттары жауып жатқандығымен ерекшеленiп отыр. Ұлжан қорғаны тек бiртектi топырақ үйiндiсi ғана емес, анықталған қағидаларға негiзделген тұтастай архитектуралық кешен. Тарихшы ғалымдар осындай пiкiрдi нық ұстанып отыр.
 
                                    Мұнда да тонаушылықтың iзi бар
Өкiнiштiсi, археологтар қабiрдi ашу кезiнде қорғанның тоналғанын анықтады. Бiр қызығы, тонаушылар үйiндi төбе орталығына тiкелей (вертикальдi) шұңқыр арқылы емес, оңтүстiк баурай арқылы қысқа диагональдiк тар жол, шағын тесiк арқылы келген. Қорған iшiнен шашылған адам мен жануарлардың сүйектерi, қыш ыдыстардың қалдықтары және алтыннан құйылған әшекей бұйымдары табылды. Бiр айта кетерлiгi, қабiр сыртындағы оңтүстiк және солтүстiк топырақ үйiндiлерi арасынан да адам сүйектерi ұшырасқан. Бұл жерде адамның бас сүйегi мен қабырғасы бiр жерден, қол сүйектерi басқа жерден табылды. Бiр қызығы, қорғаннан табылған қол сүйегi (шынтақтан төмен) анатомиялық тәртiпте ит тұқымдас жануардың бас сүйегiнiң үстiнде жатқан көрiнедi. Егер бұл сүйектер қорған iшiндегi марқұмның сүйектерi болса, онда қабiр өлiктiң әбден шiрiп бiтпей жатып тоналғандығын анықтайды.
 
                     Мұралар. Сканвордтың арғы атасы                                                  
          
     Ал қорғаннан табылған керамикалық бұйымдар бiрнеше ыдыстардың үзiндiсiнен құралғаны анық көрiнедi. Оларды екi топқа бөлiп қарастыруға болады:
    1) Жан-жағынан алып қарағанда шағын көлемдегi иiлген қабырғаға ұқсайтын қара-қоңырқай түстi жылтырақ, жұқа бүйiрлi ыдыстар.
     2) Қызыл кiрпiш түстес үш түрлi ыдыстар. Олардың сынған жерлерiнен сұрғылт түстi кварцеттiң қосындысы анық байқалады. Ұсақталған қыш ыдыстардың бiр бөлiгi боялмаған, өрнектелмеген болса, ендi бiр жағы ақ түспен боялған екен. Осы жерден түрлi бояумен әрленген қабырғалар табылды. Сондай қабырғалардың бiрiнде тұйықталған үш қатар жолақ бедерленiптi. Ұлжан қорғанынан табылған тамаша заттардың iшiнен 16 түрлi алтын жалатылған, металға аң бейнелерi ойылып жазылған бұйымдарды ерекше атауға болады. Археологтар оларды 4 түрге бөлiп қарастырады:
    1) Бұғының басы бейнеленген жұқа метал (3 дана).                         
    2) Тауешкiнiң басы бейнеленген жұқа метал(8 дана).
    3) Құс бейнесi бедерленген (2 дана).
    4) Тең жақты үшбұрышқа ұқсас екi жерiнен тесiлген, бет жағына ойылып жазылған квадратты жұқа метал. Бұйымдардың алғашқы екi үлгiсi сақтардың классикалық аң стилiнде жасалған. Бұл Еуразия даласы кеңiстiгiндегi көшпендiлiк өнердiң сыры мен қырын аңдатады. Жұқа металға қашалып салынған бұғының бастары өз дәуiрiнде сақтардың «басқатырғышы» болған секiлдi. Себебi, бiз бұл жұқа металдан бiр қарағанда бұғының басын көрсек, тiптi жақындап көз салғанда сол бастан тағы да мүйiздi бұғыны аңғарамыз. Барлық алтын әшекей бұйымдар қабiрдiң (өлiктiң) тоналған кезiнде қолды болған кебiнге тiгiлген екен. Сөз жоқ, қазба жұмысы кезiнде табылған заттар кезiнде тоналған бай қабiрдiң құнды бұйымдарының бiр бөлiгi ғана. Қорғанның ауқымдылығы, көлемi мен күрделiлiгi, ол жерден табылған заттар жерленген адамның жоғары мәртебеге лайық, ауқатты жан болғандығын айғақтайды. Оның сақ қоғамында, мемлекеттiң қалыптасу тарихында өзiндiк орны болғаны да айқын аңғарылады.
     
     PS.Қазiргi уақытта Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлерi Ұлжан қорғанынан табылған материалдарға сараптама жасаумен айналысып жатыр. Тарихшылардың ендiгi мiндетi – көне тарихымыздан сыр беретiн құнды мұраны ғылыми айналымға енгiзу, тарихи құндылықты келешек ұрпаққа ұлықтау.
 
        Карл Байпақов, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры:
 – Алматы сақтардың, сақ тайпаларының ежелгi мекендерiнiң бiрi. Бұл жерде сақтардың одағы, сақтардың мемлекетiнiң бiр бөлiгi болды. Бүгiнгi табылып жатқан түрлi қорғандар мен қорымдар сол сақтардiкi. Өкiнiшке қарай олардың көбi қиратылды, жойылды. Құрылыстардың бой көтеруiне байланысты басқа жаққа әкетiлдi. Солардың бiрi, Алматы территориясында сақталған – Ұлжан қорымы. Бұл да сақтардың үлкен қорғандарының бiрiне жатады. Бiз бұл қорғанды оның үстiне тұрғызылған үйлерге қарамастан қазып алдық. Архелогтар мiндетi – мұндай құнды мұраларды сақтау, ғылыми негiздеме жасау. Биылғы жылы қалалық әкiмдiктен қаржы бөлiнiп, қазба жұмыстары сәттi жүргiзiлдi. Бiр өкiнiштiсi, қорған тоналған екен. Алайда бұл қорғанды мәдени мұрамызға қосылған құндылық деп тануға толық негiз бар. Бұл жай ғана үйiндi емес, тұтастай архитертуралық нысан. Бұл өнер туындысы. Тарихтан мәлiм, сақтар үй салуды меңгерген. Бұл – сол сақтар өнерiнiң туындысы. Қорғаннан алтын әшекей бұйымдары табылды. Бұл бұйымдар б.э.д. 4 мыңжылдыққа жатады. Ұлжан қорғанына қазба жұмысты келесi жылы жалғастыратын боламыз. Мұндай қорғандар қала аумағында әлi де бар. Соны табуымыз керек, мұқият зерттеу қажет.
    Сақтар – Алматы тарихының бiр бөлiгi ғана. Алматы – сауда-саттық ордасы болған, төңiрегi төрт түлiкке толған, өз билiгi, өз биi болған қуатты шаһар. Өткен тарих осылай сөйлейдi. Алматының тарихы ең кем дегенде мың жылға пара-пар. Бұған Алматы аумағынан табылған қорымдар, қорғандар тайға таңба басқандай дәлел.
«Алматы Ақшамы», №139 (3771), 2006 жыл, 2 желтоқсан.                 

0 пікір