Жұма, 29 Наурыз 2024
Мың бір мысал 6630 13 пікір 17 Сәуір, 2018 сағат 16:18

ҚР СІМ Соловьевке шара қолданатын болды

Орыс теле эфирінің прайм-таймында Қазақстан жайлы сөз болды.  Соловьев деген саяси шоумен тағы да қазақты тілдеді.  Кремльдің айтақтағы алатөбеттерін әм саржағал саясаткерсымақтарын жиып, орысты қолдамаған Қазақстанды  сөз етті.

«Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз қай деңгейде? Бәлкім, келесі майдан Қазақстанға бағытталатын шығар?» деген ауандағы алжыма пікірлерін айтып әм айтқызып қойып, әлгі Кремльдің көкбеті көсілді біраз.

Онысымен қоймай, Қазақстанның латын жазуына көшуін келемеждей сөйлеп, қазақта өзі жазу болған ба дегенді айтты. Сасықауыз, сукөтен Соловьевтің сөздерін қазақшаға қотарып жатуды ар санадым. Ойбай, көрейік дегендер үшін сілтемесі міне, тағы:

Соловьев деген кім?

Соловьев – орыс шовинизмнің аттаншысы, орыс саясатының шолақбелсендісі. Кремльдің көсеуі, саяси дезинформатор, су жұқпас сұқиты, су таңдай судырақметі. Қазақстанда діни насихатшы деп танылған тұлға. Гәп оның «Евангелие от Соловьева» және «Апокалипсис от Владимира» дейтін қос кітабында.  Дантенің «Құдыретті комедиясы» немесе Гетенің «Фаусты» секілді Владимир Соловьев те өзін ақырзаманнан құтқарушы әулие ретінде сипаттап, соңғы Пайғамбардың келетінін ескерту үшін теле шоу ашқан қаһарман образын сомдайды. Оның бағдарламасына РФ президенті Владимир Путиннен бастап, Рим папасына дейін болыпты. Сөйтіп адамзат баласына «ақ жолды» нұсқайды-мыс. Қысқашасы осы.

Кремльдің дәлдүріш дипломаттарының аузынан айтылған шовинистік әм басқыншылық пиғылдағы пікірлерді ашық насихаттап жүрген адам.

Өзі еврей бола тұра, «Мы русские! С нами Бог!» деп кітап жазып, өзін Пайғамбарға теңеді. Сөйткен, Соловьев кезекті рет Қазақстанды тілдеді.

Орыс көгілдір экранының көкбеті өз бағдарламасында Қазақстан туралы небір сұмдықты айтып әм айтқызып қойғанына қарамай Қазақстанға емін-еркін келіп жүр. Сөзіміз сұйық шықпас үшін бірнеше дәлел келтірейік.

1.2016 жыл. 22-мамыр. Жер мәселесі жөніндегі жалпыхалықтық толқуларды талқылады. "Россия" арнасында Қазақстандағы митингтер туралы сөйлесті. Сөйтіп Кремль саясаткері Евгений Сатановский «егер бұлай жалғасатын болса, Қазақстан Украинаның кебін киеді» деді. (http://abai.kz/post/48175 )

2.Орыс теле эфирінің төсектегі теоретигі Владимир Соловьев 2017 жылдың 16 мамыры күні «Россия1» арнасындағы өзінің «Вечер с Владимиром Соловьевым» дейтін бағдарламасында Қазақстанның Солтүстігіне шүйлікті. (http://abai.kz/post/53070 ).

3.2017 жылдың көкегінде Соловьев Қазақстанға келіп, «шешен сөйлеуден» шеберлік сыныбын өткізіп, қалтасын қампайтып кетті.

Сөйлегенде сөздің түбін түсіремін деп келген Соловьевті елге кіргізбеуді біз сол кезде-ақ айттық. Біздің бажайымызға бас ауыртқан бір министрлік болмады. Қазақстанды ашықтан-ашық тілдеп, территориялық тұтастығына шүйліккен шүрегейді шегендеуге ҚР СІМ құлық танытқан жоқ. Тіпті, «пәлен, түген» деп жақ ашпады.

Есесіне 2017 жылдың 17-көкегінде Соловьев еліне жетіп алып есіре сөйледі. Қазақ белсенділерін (Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтарын) ашықтан ашық тілдеді. Деліқұлы деді. Психологиялық дертке шалдыққандар, Миларын тарақан тесіп кеткендер деді.

4.«informburo.kz» сайтына сұхбат берген Соловьев аузына келгенін құсты. Кремль шовинизмінің шынжырдағы «саяси  star-ы» (саяси жұлдызы) ұлтымызды тілдегені аздай, азаматтарымызды алжыған, ақылынан ауысқан жындыға теңеді. Қазақстанның құзырлы органдары мұны бей-жай қалдырмауы тиіс еді. Себебі, Соловьев Мәскеуге барып: «Менің ашықтан-ашық неоимпериялық позициямды біле отырып, өзін тәуелсізбін деп жүрген бұл ел маған ешнәрсе істей алмады! Айтарымды айттым, ақшамды да қапшықтап таптым!», – деп көлгірсіді.

Міне, тағы да Соловьевтің сөзі елді дүрліктірді. Бұл жолы БҰҰ-да Ресейдің позициясын қолдамағаны үшін Қазақстанға қабақ шыта сөйлеген Соловьев пен оның саясаткерсымақтарына Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жауап беріпті.

«Мұндай жаңалық түсті. Өкінішке қарай, біздің көршілес, бауырлас елде оқтын-оқтын осындай сипаттағы пікірлер айтылып қалады. Ең әуелі, біз РФ мемлекеттік органдарының ресми пікірлеріне құлақ асамыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Путинмен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы барлығына белгілі. Бізде үкімет, мемлекеттік органдар деңгейінде сенімге құрылған сындарлы диалог жолға қойылған, сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты түрде консультациялар жүргізіледі, сондықтан біз ресми позицияны басшылықа аламыз. Белгілі бір сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің пікірі екі елдің стратегиялық одақтастығына, достық қарым-қатынасына сызат түсірмес үшін біз тиісті шаралар қабылдаймыз», — деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Айта кетейік, АҚШ, Франция және Ұлыбритания үштігі Сирияға соққы жасаған. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл шақырып, АҚШ пен оның одақтастарын айыптаған қарарды ұсынған. Ресей, Қытай және Боливия қолдап дауыс берді. АҚШ, Франция және Ұлыбритания бастаған 8 ел  қарсы дауыс берді. Қазақстан қалыс қалған болатын. Сөйтіп, Ресейдің қарары қабылданған жоқ.

«Қазақстан бізді қолдай қойған жоқ» деп шала бүлінген Соловьев солайша кезекті рет Мемлекетіміздің территориялық тұтастығына шүйлікті. Тілімізді келемеждеді. Сыртқы істер министрі Владимир Соловьев деген шовинист шүрегейге шара қолданатынын айтты. Біздің талап – В.Р.Соловьев «нон грата» адам ретінде жариялануы тиіс! Қазақстанға келуіне тыйым салынсын!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3542