Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 7173 4 пікір 18 Сәуір, 2018 сағат 09:00

Қазақша ай аты жоқ

Біздің ай аты деп жүргеніміз – жұлдыз аты. Жұлдызға қойған атты сол кездегі туған айға қоя саламыз да, ай аты деп ұғынамыз.
Сол себепті кейде «бұл бәлен ай» деп таласамыз. Мысалы, декабрь жұлдызының он бесінде туған айды жартымыз «қаңтар», жартымыз «ақпан» дейміз.

Менің ойымша, біздің ескі тұқымда (ескі түрікте) ай аты болса керек. Бірақ ол ескі аттар не біржола ұмытылды, не жұлдыз аттарына араласып кетті-ау деймін.

Осы айтылған ескі айлар туралы білетіндерін ескі құлақты қариялар, оқымыстылар «Сарыарқаға» жазса екен. Ескі түріктерде ай аты болмай қоймаса керек дегеніміз: олар он екі жұлдызға ат қойып – бір жыл жасап, он екі жылға ат қойып – бір мүшел жасап, бес мүшелге ат қойып – алпыс жылдық бір айналыс жасап отырған түрік, «жаңа ай», «ескі ай», «толған ай» деп отырған түрік не қылып ескерусіз қалдырсын.

Енді жұлдыз атына келейік. Біздің әр жерде жұлдыз аты әр түрлі. Мысалы, 1916 жылғы 173-нөмір «Қазақ» газетінде ардақты Хасенғалидың Байеке молдадан жазып алған ай (жұлдыз) атын қараңыз: әз, март, отжақпас, көкек, шілде, сарша, қыркүйек, мизан, қараша, қазан, қаңтар һәм ақпан, енді біреуінің атын білмейді. Ал біздің жақта: көкек (март), мамыр, маусым, шілде, тамыз, мизам, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан һәм бірдің айы.

Көрдіңіз бе, атында қанша шатақ! Және бұл екеуін естіген басқа түрлі ат қоюшы қазақтар мұны қандай таңырқар екен! Онан соң жоғарғы жұлдыз аттары арабшадан алынғаны көрініп тұр. Мысалы, мизан, мамыр (мағмур), маусым (маусим) – үшеуі де арабша. Мақалдағы «Қараша-қауыс, кәрі – құртаңды тауыс» дегендегі «қауыс», «Сәуір болмай тәуір болмас» дегендегі «сәуір» арабша, тағы сондайлар толып жатыр.

Мақсұт: қазақша ай атын, ескі түрікшесін іздеп таппақ. Ол табылмаса, амалсыз арабша ай атына халықты жаттықтыру керек деп білемін. Һәм жұлдыз атын тәмам бір атпен ретін бұзбай атау керек деп ұғамын.

Шәкерім Құдайберді

(«Сарыарқа», 1918 жыл, 22 наурыз, № 25)

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610