Жұма, 29 Наурыз 2024
Масқара! 5059 10 пікір 19 Сәуір, 2018 сағат 12:13

Солтаншәріп Сапарғали - Көші-қон полициясы қызметкерлерінің сауатсыздығының құрбаны

Қытайдан Ақмола облысының Ерейментау ауданына көшіп келіп, тіркеу мерзімінің өтіп кетуіне байланысты, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапқа тартылып, соттың шешімімен келген еліне қайтарылғалы отырған Солтаншәріп Сапарғали тікелей Көші-қон полициясы қызметкерлерінің сауатсыздығының құрбаны болып отыр.

Осы мәселені айтып, ол кісіні өткенде Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен қабылдауына кіргізгеміз. Ақын Ұларбек Дәлейұлы ауыру ақсақалды арбамен алып келіп, министрге уәжін айтқызып, өтінішін өз қолымен тапсыртқан болатын.

Солтаншәріп Сапарғалидың алғашында «СОТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ» анықтамаға байланысты, соңынан ауырып қалуы себепті «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны рас. Тек, бір-ақ рет бұзған! Тіркеу мерзімі өтіп кеткені үшін!

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңның «Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер» деген 49-бабының 5) тармағында «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын БІРНЕШЕ РЕТ бұзған;» - деп жазулы тұр.

Көрдіңіз бе, БІРНЕШЕ РЕТ!

Ал, Ерейментау ауданының Көші-қон қызметі полициясының сауатсыз  инспекторы Солтаншәріп Сапарғалиды ТІРКЕУ МЕРЗІМІ ӨТІП КЕТКЕНІ үшін емес, аталған 49-баптың 14-1 тармағымен (14-1 Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;), яғни  САЛЫҚ САЛУ және ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫ саласындағы құқық бұзғандарды әкімшілік құқықбұзушылық жауабына тартатын нормамен ХАТТАМА толтырып, сотқа жіберген ғой!

Осы жерде басын ашып айта кету керек,   «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабының 5) тармағы мен 14-1) тармағын Көші-қон қызметі полициясының  инспекторлары көзін ашып, астын сызып отырып  он қайтара оқулары керек!

Қандастарымызда жиі кездесетін Әкімшілік құқық бұзушылықтың бейнелері – көбінде тіркеу,  виза мерзімін өткізіп алу. Кейде, 13) тармақтың талабына сай, ықтиярхатпен келген еліне кетіп, бір жүз сексен үш күннен артық тұрып қалатындар да болады. «5) тармақ» тек осындай жағдайларда қолданылады.  Бұл жерде БІРНЕШЕ МӘРТЕ деген сөзге ерекше мән беру керек!

Ал, «14-1) тармақ» арнайы САЛЫҚ САЛУ және ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫ саласындағы құқық бұзғандарды тізгіндеуге арналған.

Енді, Солтаншәріп Сапарғалидың ісіне қайта оралайық.

Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың қабылдауынан кейін Солтаншәріп Сапарғалиға Көші-қон қызметі комитеті Төрағасының орынбасары А. Садановтан жауап хат келіпті.

«Баяндалған негізде, Қазақстан Республикасында болуын заңдастыру үшін Қытайға қайта оралуыңыз қажет...» - депті Сапакеңе Төрағаның орынбасары!

Көріп отырсыздар, жауап хатында Садановтың өзі сауатсыздығын көрсетіп отыр. Есі дұрыс қазақ Қазақстанда отырып «Қытайға қайта оралуыңыз қажет...» демейді, «Қытайға қайтуыңыз қажет» дейді.

Қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының аясында Солтаншәріп Сапарғалиды және Солтаншәріп Сапарғали сияқтыларды сотқа жібермей-ақ, 49-баптың 5) тармағымен бірінші рет әкімшілік құқық бұзғаны үшін ескерту беріп, ары кеткенде айыппұл салып, ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУГЕ тұрғыза беруге әбден болады. 49-баптың 5) тармағының көздеген мақсаты да сол!

Қорытынды:

Мәселені оңтайлы шешу үшін, Ұлаш батыр Солтаншәріп Сапарғали ақсақалдан сенімхат алып, Заңнан иненің жасуындай сауаты жоқ, сауаты былай тұрсын бойында бір тамшы қазақы қаны жоқ, ХАТТАМАНЫ дұрыс толтырмаған Ерейментау ауданыны Көші-қон қызметі полициясының инспекторы мен дұрыс жауап жаза білмеген Көші-қон қызметі комитеті Төрағасының орынбасары А. Садановты қосып СОТҚА беруі керек!

Адвокат етіп Абзал Құспанды алса, бар мәселе бірден шешіледі!

Ауыт Мұқибек

19.04.2018

Астана

Abai.kz

 

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553