Дүйсенбі, 21 Мамыр 2018
Алашорда 1802 0 пікір 20 Сәуір, 2018 сағат 08:45

Федералист Жаһаншаһ

Асадуллаев Үйінде 1917 жылдың 1–11 мамырында өткен мұсылмандар құрылтайы

Тарихи миниатюра

Жаһанша Досмұхамедов

Мәскеу. 1917 жылғы мамыр айы. Асадуллаев Үйінде күлліресей мұсылмандарының құрылтайы өтіп жатыр. Құрылтайды Петроградтағы бұрынғы Мемдуманың мұсылмандар фракциясы жұмыс істеген ғимаратта отырған Уақытша мұсылман бюросы әзірлеген-тін. Атақты әзірбайжан кәсіпкері, еліндегі мұнай кәсіпшілігінде ірі алпауыт-өнеркәсіпшіл дәрежесіне жеткен Шәмси Асадуллаев ақсақал мұсылман жұрты игілігіне арнап салдырған ғимараттың үлкен залы халыққа лық толы.

Шәмси Асадуллаев

Өтеміс мұнда Уақытша бюроның төрағасы Ахмед Цаликов бастаған топпен бірге келген. Келісімен осындағы  бюро мүшесі Аяз Исхақовтың жігіттеріне қосылды да, ұйымдастыру жұмыстарына бел шеше кірісіп кетті. Сосын мүмкіндігінше құрылтай отырыстарына қатысып отыруға тырысты. Патша тақтан құлағаннан кейінгі болашақ мемлекеттік құрылым, жүріп жатқан жаһандық соғыс мәселелеріне байланысты туындаған қызу пікірталасқа жіті құлақ түрді. Сүйсінткен сөздер көп болғанмен, өзі қадірлейтін татар жазушысы, құрылтайдың осы Асадуллаев Үйінде жағдайлы өтуіне тікелей әсер еткен қаламгер әм саясаткер Аяз Исхақовтың үлкен мінберден айтқан бір сөзін көңіліне ала, тіксіне тыңдады.

 Аяз Исхаки

Өтеміс  бұған дейін оның «Екі жүз жыл өткеннен кейін азғындап өлу» деген фантастикалық хикаятын оқып, терең ойға қалған еді. Сол туындысында Аяз Исхаки татар халқын екі ғасырдан кейін әбден азып-тозып, жоқ болатын этнос ретінде көрсеткен. Оқыған адамның қаны қыздыратын,  отарлық құрсаудың ажал әкеле жатқанын ұғып, одан құтылудың жолын іздеуге ұмтылтатын хикаят. Өтеміс Ғаяз-жазушы тек татардың емес, сондай ахуалдағы күллі түркінің, соның ішінде қазақтың да намысын қайрап отыр деп ұққан. Осылай бағалаған қаламгері, патшалықтың жер-суға қоса жан-дүниені, сананы отарлауы салдарынан болашағы бұлдыр тартқан халықтардың баршасының жанашырына балап жүрген Аяз ағасы, жұрт құмарта оқитын «Сөз», «Ел» газеттерін шығаратын жазушы ағасы осы съезде Өтемісті қайран етті. Ол съезд мінбесінен жария еткен оғаш пікірімен татардан өзгелерді  түгел кеміткендей секілденген еді.

Ахмед Цаликов

Былай болған. Осетин Ахмед Цаликовтың  бұрынғы империялық Россияда құрылмақ жаңа мемлекеттің біртұтастығы сақталуын, яғни унитаризмді жақтаған және әзірбайжан Мәмедәмин Расулзаденің, керісінше,  жаңа мемлекеттің ұлттық бірліктерден жасалған құрама болуын ұсынған, яғни федерализм идеясын алға тартқан баяндамалары оқылғаннан кейін жарыссөз басталды. Патшалық орнына келуге тиіс мемлекеттік құрылым жөніндегі ұсыныстарға  өз көзқарастарын білдірген қызу пікірталас болды. Жаңа Ресейдің унитарлық сипатта ұйысуын жақтаушылар Ахмед Цаликовтың сөзін қолдап сөйлеп жатты. Олардың көшін Ғаяз Исхаков бастады. Оның  көзқарасына   Шәкір Мұхамедьяров, тағы басқа сөйлеушілер қосылды. Тіпті Цаликов те өз баяндамасының негізгі қағидаларын қорғап, мінбеге тағы бірнеше мәрте шықты. Исхаков та қайта көтеріліп, оның ұсынысына  тағы басқа дәйектер келтіріп жақтасты. Оларды тығырыққа тіреген жәйт, әрине, Мұхаммед-Әмин Расулзаде тұғырнамасының көпшілік көкейіне қона кеткендігі еді.  Мәмедәминнің баяндамасын қостап сөйлеушілердің негіздемелері мықты көрінгенін аңғарғандықтан да шығар, олар іле-шала қарсыласқан.

 Әлимардан Топчибашев

Өздерінің Ахмед жасаған баяндаманың дұрыстығына кәміл сенген көзқарастарына жан-жақтан дәлел тартып, одан сайын ширыққан. Сонда федерацияшылдар қатарына әзірбайжан Әлимардан Топчибашев, қырымлы Жағыфар Саидахмедовпен бірге  жарқ етіп, қазақ Жанша Досмұхамедов қосылған еді. Оның сөзін залдың ризашылықпен қолдағанынын Өтеміс қуана бақылаған.

Өтеміс Жанша Досмұхамедовті сонау 1905 жылдың соңында Оралда болған қазақ кадеттерінің құрылтайшы жиналысында тұңғыш рет кездестіріп, танысқан-тын. Ол кезде Жанша өзі құралпы жасөспірім еді, содан бергі уақытта сана толысуы жағынан бұдан көш ілгері озып кеткен екен. Жоғары оқуды да бітірген, Сібірде ірі қызметтер де істеген, ал мына күлліресей мұсылмандары съезіне Орал облысы қазақтары атынан делегат болып сайланып келген болатын. Өтеміс оны делегаттарды тіркеп жатқанында көрді. Екеуі бірін бірі танып, жылы сәлемдесісті. Біраздан кейін Өтеміс Жаншаның мұсылман қозғалысының ардагерлері ортасында тұрған сақал-шашы әппақ егде кісіге – атақты қайраткер Бақытжан Қаратаевқа соншалықты балалық ізетпен еркелегендей түр көрсетіп амандасқанын байқады. Тек амандасып қана қоймай, жанындағы беделді тұлғаларға өзінің о баста заң оқуына баруына Бақытжан сұлтанның елеулі әсері тигенін ықыластана жария етті.  Жаншаның әкесі ұлының училище бітіруіне орай, Өлеңті жағасына қонған малды ауылына дастархан жайып той жасап, сыйлы азаматтарды шақырғанда,  осы қадірменді Бақытжан аға Оралдан солқылдақ күймемен арнайы келіп, қонақ болған екен.  Оның жиылған жұрт алдында Жаншаға бата беру іспетті айтқан сөзі  тек өмірлік жолын таңдау сәтін бастан кешіп тұрған жас жігітке емес, күллі халыққа арналған бағдарлама тәрізді болып шыққан еді.

– Қазақтардың өкімет озбырлығын көріп жүргені аз ба, – деген-ді сонда заңгер сұлтан. – Тек сол неден шығып жатыр дегенге ой жүгіртіп көріңіздерші... Мәселе – біздің қазақтың заң жағынан надандығында жатыр. Мырзалар, біз өзіміз қоластында тұрған мемлекеттің заңдарын жетік білмегендіктен, алуан қиындыққа ұшырап жүрміз. Заң мен құқық мәселелерінен қараңғы болғандықтан да, біз ең алдымен, өз ішімізде түрлі топқа, атаға, руға бөлінеміз де, қилы алауыздыққа жол береміз. Сондайда, тіпті, үй сыртында біздің осал тұстарымызды аңдып тұрған діні бөлек қожайынның барын ойламаймыз.

Бақытжан Қаратаев жерлестер ортасында

Той дастарханына жиылған жұртшылық аймақтағы беделі айрықша зор Бақытжан Қаратаев сұлтан сөйлегенде тым-тырыс боп, әр сөзін қалт жібермей тыңдаған. Іштей  қысылып, айтылған сыни сөзді әрқайсысы әртүрлі дәрежеде қабылдаса да, тым-тырыс, ілтипатпен тыңдаған. Сұлтан пікірін өрбіте келіп:

– Ал біздің ондай сауатсыздығымызды өкімет әбден оңды пайдасына асыруда. Билік адамдарының қазаққа қоқаңдап кететіні содан. Біздің  заңды құқтарымызды ажырата алмайтынымызды, яғни заңнаманы қолданып қорғана алмайтынымызды  олар жақсы білгендіктен де  – түрлі озбыр қылықтарын емін-еркін жүргізе береді, – дегенде, бастарын шұлғып, үн-түнсіз мақұлдай берген.

Отарлаушылар жасаған біржақты заңдардың өзі отар елде орнымен қолданылмайды. Сөйтіп, тиісінше, отардағы бодандар тіршілігін қиындата түседі. Бұған кім күмән келтірмек. Ұзақ жыл империяның басқа өңірінде қызмет атқарған, қоғамдық өмірге салыстырмалы түрде қарай алатын заңгер мұны біліп айтады... Ол сөзінің қорытындысы ретінде, Жаншаның болашақта өмірде алатын орнына, жоғары мектепке түсіп, итеруге тиіс мамандығына қатысты бағдар берді.

– Досеке, – деді ол Жаншаның әкесіне бұрыла қарап, – есімін жаһанның билеушісі, шаһы, қаһаны  болса екен деген  үлкен үмітпен Жаһаншаһ деп қойған екенсіз, осы есімімен жаһанға құшағын жайған сіздің балаңыз енді отаршыл өкіметтің озбырлығын біліммен ауыздықтайтын ұрпақтың алды болсын деп тілейік! Сіз оны заң оқуына беріңіз!

Қадірменді зиялының тілегі көптің қолпашына, әкенің құптауына ие болды. Сонда ол қара жусанды сайын дала аспаны астында жас өскінге кең шалқар көңілімен ақ жол тілеп, ақ батасын берді... Міне, сол шақтағы Бақытжан ағаның жүрекжарды тілегін Жанша жоғары оқуда жүрген кезінде бір сәт те естен шығарған жоқ. Ол тек құқықтың қисындарын, империя заңнамасының қыр-сырларын оқып үйренумен шектелмей, ұлы даланың құрыққа түсу тарихын зерттеп, отарлаушылардың бодандарына көрсетіп жүрген заңсыздықтарын зерделеді. Университеттегі оқушы жастардың демократиялық қозғалысына да араласты.  Түрлі саяси жиындарға барып жүрді, студенттік сходкаларға қатысты. Әлгінде салиқалы баяндама жасаған Ахмед Цаликовпен де сол Мәскеу университеті студенттерінің іс-шараларында, соларға өзі де қатыса жүріп танысқан. Міне, енді ол, өзінің университеттесі Ахмедтің мына үлкен құрылтайда жасаған баяндамасын ел қатарлы тыңдады. Мойындайды, өте жақсы, сындарлы баяндама. Ол өз ұсынысын негізгі баяндамасына қоса, пікірталас ыңғайына қарай берген түсініктемелерінде жап-жақсы дәлелдеді де. Бірақ, бәрібір, онысы Жаншаның көзқарасымен мүлдем үйлеспейтін еді. Өйткені, екеуі танысқаннан бері өткен он шақты жыл олардың ұстанымдарын өз аймақтарының нақты әлеуметтік-саяси ахуалдарына сай, бір-бірінен өзгешелеу етіп қалыптастырған әм өзіндік иланымдармен шегендеген болатын.

Ахмед Ресейдің европалық бөлігінде, Кавказда, ал Жанша азиялық бөлігінде, Сібірде еңбек етті. Ахмед үнемі қоғамдық-саяси жұмыстарда, ал Жанша мемлекеттік қызметте болды. Рас,  мемлекеттік қызмет оны бірден алақанына салып аялай қойған жоқ. Оқу бітіріп еліне келгенінде бірден Орал облыстық губернаторының басқармасына қызметке алынған еді, бірақ ресми лауазымға тағайындалмастан, босап қалды.  Оған себеп болған – өкіметтің орталық губерниялардан шаруаларды көшіріп әкеліп қазақ жеріне қоныстандыру шараларына байланысты, Жаншаның баспасөз бетінде жариялаған сыни мақалалары  болатын. Содан кейін билік оған, дегенмен, мамандығы бойынша қызмет атқаруға пұрсат береді. Ол бірер жыл округтік сотта басбұзарлық істер бөлімі мен ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судьяның хатшысының көмекшісі болды. Мұнда судья лауазымын алуға кандидат ретінде қызмет атқарған-ды, алайда оған судья лауазымы бұл жерде бұйырмады. 1912 жылы сондай лауазымға аға кандидат болып, Сібірге – Омбы сот палатасына ауыстырылды. Барнаул және Змеиногорск үйездерінде ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судья боп істеді. Одан көп ұзамай Барнаул қаласының прокуратурасына шақырылды. Тағы төрт-бес айдан кейін, 1914 жылдың наурызында Том облыстық прокурорының Каинск үйезі бойынша орынбасары лауазымына тағайындалды. Саяси себеппен жер аударылғандарды бақылау саласын басқарды. Әділет генералы шенінде қызмет атқара жүріп, ол патшалық биліктің көзсіз қолшоқпарына айналмай, демократиялық иланымға берік қайраткер ретінде қалыптасты. Сондықтан да, монархия тағы құласымен, Сібірдегі революцияшыл ұйымдар басшыларының қатарына көтерілді.

Соңғы үш жылы Үлкен Сібір пошта жолында, Тастысудың Омға құйылысында орын тепкен Каинск қаласында өтті. Қала тарихы терең-ді. Ол орыс мемлекетінің Көшім ханды Сібір тарихы сахнасынан ығыстырған дәуірінен көп кейін, Бараба даласын он сегізінші ғасырдың басында мекендеген көшпенді қазақтар мен қалмақтардың шабуылынан қорғану үшін салынған  бекіністен бастау алатын. Том губерниясының округтік қаласына айналғанына да ғасырдан асып бара жатқан. Барабалық түркілердің көбі орыстанып кеткен. Дегенмен, мұсылман дінін ұстанып отырғандары да аз емес-ті: жалпы саны сегіз мың қаралы. Оларды  Бараба  татарлары деп атайды. Іштерінде  бірлі-жарым тегі қазақ екенін ұмытпағандар ұшырасады. Ал таза қазақы салтпен тіршілік құрушылар мүлдем жоқ десе де болады, қалай болғанда да Жанша оларды кезіктірген емес. Барабалықтар орыс шаруалары секілді егіншілікпен және мал шаруашылығымен шұғылданады. Сондай-ақ кірпіш құю және күйдіру, тері илеу, май қорыту, сабын қайнату кәсіпорындарында, диірмендерде, тіпті, арақ және сыра зауыттарында жұмыс істейді. Қалада тұрақты базар бар, жыл сайын жәрмеңке де болады. Жақын маңдағы аймақтардан сауда жасау үшін кездейсоқ келген бірлі-жарым қазақтар да кейде солардан көрініп қалады. Бірақ осылардың бәрінің Каин өлкесінің қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігінде ешбір үлесі жоқ-тын. Жаншаның ойынша, мұндағы көне түркі тайпаларының жұрнақтары мүлдем әлсіреген. Түп-тамырымен байланыс нышаны мүлдем сезілмейді. Көбі ислам дінін ұстанады дегенмен, өз мешіттері жоқ себепті, сол мұсылмандарыңның өзінің діні қатты дей алмайсың. Орысша өмір сүру салты олардың тіршілігіне қалыпты жағдай секілді сіңіп келе жатыр. Тіпті, бұл тұрғыда, синагогалары бар еврейлер де қоршаған ортасынан аса ерекшеленбейді. Осындай сібірлік тіршілікке бауыр басып қалған жылдарының бірінде, қызмет барысындағы жетістіктерін алыстан болса да жіті қадағалап, сүйсініп  жүрген батагөй ағасы Бақытжан сұлтан Қаратаевтан жеделхат алған. Ол облыста адвокатура саласында қызмет атқарып жүрген еді, бір үлкен істі қолға алыпты, соған Жаһаншаһтың Оралға арнайы келіп, істі қарауда прокурор міндетін атқаруын сұрапты. Бала жігіт шағында өзін заң оқуына бағыттап батасын берген үлкен кісінің тілегін жерге тастағысы жоқ еді, бірақ атқарып жүрген жауапты қызметінен уақыт табудың мүмкіндігі болмады. Елге тек Ақпан революциясынан соң ғана арнайы және біржолата келе алды...

Патшаны тақтан түсірген қаһарлы революцияның зор дүмпуі Сібір қалаларының саяси өмірін де тез жандандырған-ды. Сонда Досмұхамедовтің де аймақтағы беделі айқын танылған. Ол Каин үйезінде болған съезде үйезді басқару жөніндегі азаматтық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланған еді. Бірақ айға жетер-жетпес уақытта ондағы саяси қызметін  дөңгелектеуге тура келді. Өйткені елдегі тағы бір сыйлы ағасынан жүрек толқытар хабар келген болатын. Ақ патшаның ел билігінен тайдырылуы, барлық жерлердегі тәрізді, Жанша туып-өскен өңірге де үлкен жандану әкелген еді. Орал облысының түрлі қызметте жүрген оқыған қазақтары мен ел ішіндегі бас адамдар Текеде бас қосып жиналыс өткізді. Жиналыста жағдайды талқылай келе,  ресми түрде Жайықтың сыртқы бөлігі  деп аталатын даладағы, өзеннің сол жағалауынан әрі қоныстанған қазақтарды басқаратын азаматтық комитет атты басқару ұйымын құрды.   Азаматтық  комитеттің төрағасы болып байырғы қайраткер, заңгер, Екінші Мемлекеттік дума мүшесі, қадірменді Бақытжан сұлтан Қаратаев сайланды. Комитеттің атқару алқасының құрамына облыстық басқарма мен үйездік полицияның қазақ қызметкерлері, бірер беделді болыс басқарушысы, бір белгілі дәрігер енді.  Азаматтық  комитеттің төрағасы Қаратаев бірінші кезекте жаңа Ресей құрылысшыларын құттықтауды жөн көрді. Күзде ғана ол Төртінші Мемдума төрағасы Родзянконың  алдында болып, Қара теңіз жағында қызмет істеп оралған заңгер Жиһанша Сейдалин екеуі әзірлеген қазақтар жайында естелік жазбаларын тапсырған. Қазақ  ішіндегі дүрбелеңді басу үшін – тыл жұмыстарына адам алу мерзімін кейінге қалдыруды сұраған болатын. Бүгінде Родзянко Думаның Уақытша комитетін басқарып, жаңарған Ресейді жасаушылардың көшбасы болып отыр. Міне осы демократиялық өкімет серкесіне айналған октябрист Михаил Владимировичке Орал облысы қазақтарының замана талабына сай ұйысқан басқару құрылымы атынан жеделхат жолдап,  жаңа үкімет жұмысына тілектестік білдірді. Сосын азаматтық комитет атқаруға тиіс қызметтер аясын нақтылауға кіріскен.

Алайда аймақтағы азаматтардың сана-сезімдеріне революция айрықша серпін бергендіктен,  олар ел ісін ескі дақпыртпен төре тұқымына басқарта берудің дұрыстығына күмән келтіре берді. Ақыры, араға екі апта салып,  зиялы қауым қайта жиналыс өткізді де, азаматтық комитетті тарқатты. Оны облыс қазақтарының құрылтайын өткізгенше жұмыс істейтін уақытша қазақ комитеті ретінде қайта құрды. Уақытша қазақ комитетінің төрағалығына болыс басқарушысы Ғұбайдолла Әлібеков сайланды.

Ғұбайдолла Әлібеков

Бұрынғы азаматтық комитеттің мүшелері негізінен жаңа құрылым құрамына кірді, Қаратаев та бір мүшесі болды. Сол тұста ол социал-демократтар ұйыстырған Орал облыстық азаматтық комитеті құрамына Әлібековпен бірге,  қазақ комитеті атынан енгізілді. Онда негізінен Қаратаев белсенді қызмет атқарды, ал Әлібеков қазақ комитеті шаруаларымен шұғылданды. Міне осы Ғұбайдолла Әлібеков, Жаһаншаның жымпитылық жерлес ағасы, сол аймақтағы Өлеңті болысын басқарушы Ғұбайдолла Әлібеков – сақал-шашы ағарған қартамыш Қаратаевтан он шақты жас кіші, қайраты кемелінде тұрған ел ағасы еді. Кезінде  училище, семинария тауысқан, көзі ашық,  лауазымды. Сондықтан да оған қазақ  комитетінің жұмысын жаңаша үйіріп әкетеді деген сенім артылған. Ол да сол сенім үдесінен шығуға тырысты. Озық  білімді, мемлекеттік қызметші дәрежесіндегі биік лауазымға жеткен, патшалықтың юстиция саласында ірі шенмен қызмет атқарып жүрген, орыстар Джиганша деп атайтын Жаншаны – жас та жігерлі азаматты – революция дәуірі талабына сай қызмет қылуы үшін Оралға шақырды.   Сан-салалы тарам жол алдында тұрған туған еліне келуін сұрап, алыс та беймәлім Сібірге жеделхат жолдады. Туған елде тосып тұрған революциялық өзгерістерге Жаһаншаһтай жігіт  тікелей қатысуға міндетті, оның білімі мен жинаған жұмыс тәжірибесі қазіргі таңда мұнда өте-мөте қажет. Демалыс алған сайын жылда бір ат ізін салып кететін Жымпиты түлегі Жайық сыртындағы сардаланы мекен еткен халықты бүгінгі алмағайып заманда білек сыбанып тура жолға бастауы керек...

Жанша Досмұхамедов Каин үйезі аткомы төрағасының жолдасы қызметін қалдыратынын жария етіп, күрестегі үзеңгілестерімен қош айтысты. Сосын бес жылдай мекен еткен Сібір қалаларын, соңғы жылдары мүлдем етене жақын тұтып кеткен Каинск мен Бараба даласын біржолата артқа қалдырып, жан жары Ольганы ертіп алды да, батысқа, Оралға тартып кетті. Оны жерлестері қуана қарсы алды. Ғұбайдолла ағасы оған саяси ахуалды баян етіп, революция толқынымен әр жақтан жиналып жатқан, уақытша қазақ комитеті төңірегіне ұйыса бастаған жігіттерді таныстырды. Жанша олардың біразын бұрыннан білетін, кейбірімен енді білісіп, пікір алмасты. Юстиция саласындағы биік ресми мәртебесі мен көпшілікке баспасөз арқылы мәлім көзқарасы оны ұлттық қозғалыс жетекшісі деңгейіне бірден және дау-дамайсыз көтерді. Уақытша комитет облыс қазақтары съезін дайындайтын ұйымдастыру бюросын құрды. Саясат  істеріндегі жаңа әріптестері Жаншаны сол бюроның басына сайлады. Ол алда атқарылмақ істерді Петроградтағы орталық мұсылман бюросынан келген жалпы нұсқаулар мен ұсыныстардың негізінде тез нобайлады. Бюро  мүшелеріне үйездерде жиналыс өткізіп, мәселені талқылау және облыстық съезге делегаттар сайлау науқанын жүргізу хақында міндеттер бөлді. Жалпы басшылық жасауды өз қарауына қалдыра  тұрып, әр атқарылмақ жұмыс жайында түрлі ақыл-кеңесін беріп отырды. Сосын съезге ұсынылатын басты құжатты – облыстың қазақтар өмір сүріп жатқан Жайық сыртындағы бөлігін басқару ережесін жасады. Құрылтайға үйездер мен болыстардан келгендер тура мына күлліресейлік жалпымұсылман съезіне шартараптан жиналған делегаттар санындай еді. Оралдағы цирк үйіне сегіз жүзден аса өкіл сыйды. Солардың алдында уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков қысқаша құттықтау сөз сөйлеп, съезді ашты. Сосын  құрылтайдың төрағалығына «осы күндері демалысына орай ел ішінде жүрген Том округтік соты прокурорының орынбасары Жаһаншаһ Досмұхамедовты» сайлау жөнінде делегаттарға ұсыныс айтты. Жұрт ду етіп, ұсынысты бір ауыздан қолдады. Сәуірдің  он тоғызы күні талтүсте ашылған Орал қазақтарының құрылтайы төрт күн бойы жұмыс істеді. Делегаттар елдің басқарылу жүйесі жөнінде федеративтік демократиялық республиканы қолдады. Қазақтарға  міндетті түрде кең көлемде ұлттық-аумақтық автономия берілу керек деген қағидаға дауыс берді. Жанша бас болып, заңнамалық сипатпен дәйектеп жасаған Орал облысының Жайық сырты бөлігін басқару ережесін бір ауыздан қабылдады. Барлық күн тәртібіне шығарылған соғыс, сыртқы саясат, жер-су, оқу-ағарту мәселелеріне қатысты ұлттық мүддеге жауап бере алатын бекем шешімдер қабылданды.  Жаһаншаһты бас етіп, атқарушы орган – қазақ комитеті құрылды. Сол жиында ол бір топ үзеңгілестерімен бірге осы бүкілресейлік мұсылман съезіне делегаттыққа сайланды. Яғни енді ол бұл жерде – Мәскеу құрылтайында – Орал қазақтарының ой-пікірін арқа тұтып, облыстық съезде қорытқан көзқарастарын қорғауға тиіс еді.

Сондықтан да Жанша мұсылман съезінде жарыссөз басталысымен, алғашқылардың бірі болып, мінбеге шықты. Империя заңнамасына жетік заң қызметкері әм ұлт қайраткері білігімен қазақ жерінің отарлану тарихын шолды. Империяның ұлы дала тіршілігіне қатысты заңдарын сыни тұрғыда қарастырды. Қазақтың мемлекеттілік белгілерін түгел жоюға бағытталған пәрмендерді, жер-суды бөлшектеп, түрлі әкімшілік бірліктерге қарату, халықты өзінің атамекенінен қилы жолмен ығыстыру әрекеттерін делегаттар алдына айқара ашып тастады.

– Түркі халықтары ішіндегі ең саны көп қалың көшпенді қазаққа мүлдем адам айтқысыз озбырлық жасап отырған ескі үкімет жойылған тұста, оның орнына келген жаңа мемлекеттік құрылым көне жолмен жүріп кететіндей болмауын ойлау керек, – деп, ол прокурор сабырымен ортаға салмақты ой тастады. – Шынайы демократия орнатады екенбіз, демек, кешегі отарлық  дәуірде езілген халықтардың тарихи құқтары қалпына келтірілуі қажет екеніне дау тудырмаған жөн. Қазақ халқы өз жерінде тұтастанып отыр, ол тек империялық басқару жүйесіне күштінің құқымен зорлап кіргізілгендіктен ғана бөлшектеніп қалған, және тиісінше, дамуы кенжелеген. Жаңа ахуалда оның аумақтық автономия  алуы – тарихи қажеттілік болып отыр. Жерлік, территориялық өзін-өзі басқару құқығын жүзеге асыра отырып, қазақ елі  федеративті, парламенттік, демократиялық  Ресей құрамына кіруге әзір болады...

Қазақ халқының өз жер-суымен автономия құруы тарихи тұрғыда әділеттілік болмағын дәлелдей сөйлеген Жанша Досмұхамедов съезде салиқалы баяндама жасаған Мәмедәмин Расулзадені қолдайтынын, оның өте маңызды баяндамасына құптаушылық білдіретінін бар дауыспен жария етті. Бұрынғы империяның шартарабында өз тарихи атамекендерінде тіршілік кешіп жатқан жалпы саны отыз миллион мұсылман қазіргі кезде  –  отарлаушының құрсауы қаусаған, сөйтіп отарлық қамыттан азаттық алған тұста – өз елдік сипаттарын жаңғыруға тиіс. Сол себепті Жаһаншаһ бүткіл халықтар өкілдерін Мұхаммед-Әминнің ұсынысына – жұрттардың ғасырлар бойы тұншыққан армандарына жауап бере алатын мемлекеттік түр ретінде ұсынған жобасына дауыс беруге барша құрылтайға қатысушыларды шақырады! Басқалар да осы рухта сөйледі. Үзілісте оны Өтеміс өткір де дәйекті сөзімен құттықтады. Петроградтағы белді журналистердің бірі, өзінің он шақты жылдан бергі жақсы дос-жолдасы Слава Преображенскиймен таныстырды. Олар ашық-жарқын көңілмен емін-еркін пікірлесіп тұрды. Сол кезде Жаншаның жанына серіктерімен Бақытжан сұлтан Қаратаев та келді. Сәлімгерей сұлтан Жантөрин, Серәлі Лапин, Әлимардан Топчибашев бәрі жастардың саяси беттерін аға ұрпақ ретінде қадағалап отырғандықтан, ризашылықтарын білдіруге арнайы бұрылған екен. Орын алып тұрған ойжарыс ауқымын шолысты. Сосын:

– Шындап келгенде, кешегі біртұтас империя ішінде автономиялық құрылымдар тууына үкімет жол бере қоймайды ғой деп ойлаймын, – деді қарт күрескер Бақытжан Қаратаев, – бірақ мәселе жұрттың өз пікірін айқындауында...

Серәлі Лапин

– Неге олай ойлайсыз? – деді Серәлі Лапин наразы үнмен. – Революция заңы түбегейлі өзгеріске құрылады емес пе...

– Нақты шындық, алайда, түбегейлі өзгеріске – біз әңгіме еткендей нұсқаға – жол бермеу жағында. – Қаратаев қысық көзін сығырайтып, сөзін ойлана сабақтады. – Биліктегілер қай заманнан орыс мемлекеті ішінде сепаратизм* туып кете ме деп қорқады, ал ұлттық автономия құруға мүмкіндік беру – соған тікелей жол салатын шара. Үкімет өкілін тыңдадыңдар емес пе?! Кадет партиясының құттықтауын жеткізген князьдің сөзіне мән беріп көріңдерші! Оның да лебізі үкімет өкілі сөзіне ұқсас. Оған таңғалатын ештеңе жоқ, билікке жеткеннен кейін кадет көсемдері үкіметтік бағытпен санасуға мәжбүр болды. Қазір олар үкіметтегі өзге серіктерімен бірге Ресейді біртұтас және бөлінбейтін республика деп жариялау амалын қарастырып жатыр...

 * Көпұлтты мемлекеттегі ұлттық азшылық қозғалысының бөлініп кетуге және дербес мемлекет құруға ұмтылысы.

Сәлімгерей Жантөрин

– Қарастырсын, мейлі, бірақ мұсылман қауымы өзіне қолайлы мемлекеттік құрылым түрін айқындап, естіртіп айтқаны жөн, – деді байырғы автономияшы Сәлімгерей Жантөрин. – Және мұндайда жастардың өздерін танытқандары, кешегі Исмаил-бей, Рашид қази секілді жаңа тұрпатты күрескерлер болып келе жатқандарын көрсеткендері бек абзал.

– Бағдар дұрыс, осыған көптің көзін жеткізуіміз керек, – деп, Әлимардан Топчибашев Жаншаны ақырын қарынан қақты.

Дұрысы дұрыс-ау, бірақ, тап осы дұрыстықты қорғап шығу оңай шаруа емес болатын. Жанша Досмұхамедовке дейін Ахмед Цаликовтың баяндамасын дамыта сөйлеген Ғаяз Исхақов тағы да мінберге көтерілді. Таусыла сөйледі. Өз көзқарасын дәлелдей түсті. Қайткенде Ресейдің біртұтас, унитарлық мемлекет болуы маңызды дегенді шегеледі. Ал ұлттық бірлестіктер тек мәдени автономия түрінде ғана дамуды қолға алса, өздеріне пайдалы болмақ, осыны, өкініштісі, біздің түркі тектес бауырлардың біразы ұқпай тұр деді. Құдды Жаншаны нысанаға алғандай болды. Ресейдің федерациялық жүйеде құрылуын қалап, автономия аламыз деп отырғандар, қызығы, Ғаяздың ойынша, соншалықты жеткілікті дами қоймаған халықтардың өкілдері көрінеді. Ресейдің біртұтас болуы маңызды деп шегелей түсті ол. Ұлттық бірлестіктердің мәдени автономия алуы жеткілікті, солай даму ұлттар үшін пайдалы, мұны түркі тектес бауырлар ұқпай тұр деді. Федерациялық жүйе құрылуын қалап, автономия аламыз дегендер – дамуы кенже халықтардың өкілдері деді тағы да. Сосын Аяз қазақтардың, түркістандықтар мен кавказдықтардың «жаппай надан болуы» себепті олардың болашағына сенбейтінін ашықтан ашық жария етті.  Қазақтардың бірлі-жарым көзі ашықтарының осы құрылтайда автономия аламыз деуі сол жолдың халқына қолайлы және дұрыс болары кәміл дегенді білдірмейді, керісінше, автономия алса – олардың халқы бұрынғыдан да бетер сорлайды деді.

– Өйткені патша уақытындағы ақсүйектер билікті қайтадан қолдарына шоғырландырады, – деп дәйектеп жатты ол пікірін. – Хан тұқымдары, қарадан шыққан өзге де бас адамдар қайтадан атқа қонады. Сөйтіп, қазаққа күні кеше патша әкімшілігі жүргізген зорлықты енді өздері жасайды. Оларды ондай озбыр қылықтан имандылық ұстаған болар еді, бірақ олар шын мәнінде мұсылман да емес, – деп, Исхаки сөзін күрсіне сабақтады. – Олар өздерінің дінсіздігімен қоймай, мұсылманшылық қазақ арасына тарап кетпесін  деген пиғылмен, өз қандастарын діннен айыру үшін жанталасуда. Олардың қатарында осында сөйлегендер де, жиынға келмегендер де бар. Ашығын айту керек, қазақ халқының мұсылман болуына араларындағы орысша оқып, орыс тәрбиесін алғандар көп кедергі жасап жүр... –  Мінбер жақтауына қолын тіреп тұрып, өз баяндамасындағы тұжырымын дәйектеп тұрған шешен қазақ әріптестеріне өкпесін одан әрі жайып салып жатты. – Олар осы уақытқа дейін қазақтарды татарларға жолатпауға тырысуда, – деді ол, – түсініңіздер, олар қандастарын татарда едәуір жақсы дамыған ілім-білімге жуытқылары келмейді!  Тіпті  татар молдаларының қазақ арасына барып жұмыс істеуіне де кедергі келтірмек боп  әуреге түсуде! – Шешен қазақтардың ішінде нақты кімді кінәлайтынын ашып айтпады,  бірақ сол аты теріс қазақ оқығандарының зиянды әрекеттерін тізбелей берді. – Олардың есіл-дерті өз халқын тамырынан ажырату, – деп төндіре түсті ол, – олар қазақтарды орыстың ғылымы мен біліміне, мәдениетіне, өнеріне, тіліне үйір қылуға тырысып жүр. Олар баяғы Ыбырай Алтынсарин іспетті миссионерлік жолды қуаттайды. Қазақтың мұсылман болып қалғанынан гөрі, жаппай шоқынуына оң көзбен қарайтындай сыңайлы.

«Татар ақылманы әм беделді саяси күрескері Әбдірашид қазиды осынау татар жазушысы әрі саясаткері Ғаяз мырза да сыйлайды, ал сол Рашид қази Ибрагимов, бірақ, қазақ Алтынсарин жайында бұлай ойламайды ғой. Ол Алтынсаринді миссионер деп емес, ағартушы деп атаған», – деді іштей Өтеміс өзіне өзі. Алайда оның Аяз мырза Исқақи ағасы мынаған сенімді – жалпы түркі-бұратананы, әсіресе серкелері қатерлі жолға бастап  бара жатқан қазақ халқының бетін бері бұрып, бір мұсылман туы астына жиғанда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады.

– Түбі бір түркі-мұсылман халқы мына күрделі өмірде бірге болуымыз керек, қазақтардың сол тағдырлы бірліктен бөлінеміз деуі өзіне зиян, жарамайды. – Шешен қазақтарды сақтандыра сөйлегендей болды. – Түркі туы астынан бөліну қазаққа тезірек орыстану қаупін төндіреді.

Аяздың ойынша, мұны Өтеміс айқын ұғып тұр, автономия алу – өзгелерден бөлінумен парапар. Иә, автономия алып федерацияға кіру дегеніңіз қате, ол қазақтың ұлттық мүддесіне жауап бермейді дейді саясаткер әм жазушы Ғаяз. Тек унитаризм, бөлінбес біртұтас Ресей ғана қазақты да, күллі мұсылман халықтарын да құрдымға кетуден құтқара алады дегені – оның құлай сенген ойы. Сондықтан, қазақтың да, түркістандықтардың да, кавказдықтардың да  мәселені терең байыптамай, жалаң ұрандатуын қоштауға болмайды...

Қайратты шашын кері бір қайырып тастап, мінбеге Жаһаншаһ қайта шықты. Ол залға қасқая қарап тұрып, хұрметлі Ғаяз Исхақов әпенді айтып тұрған келеңсіздерге қазақ тек қана автономия алу арқылы тоқтау сала алады дегенді нығыздай айтты.

– Ал егер Ресей бұрынғысынша біртұтас та бөлінбес мемлекет болып тұрса, қазақтың атамекеніндегі жер-суды орталық билік түрлі желеумен кесіп алуды жалғастыра береді, – деп сабақтады Жанша сөзін, – бұған ұлы даланың отарлану тарихынан хабардар кімде-кім шәк келтірмес деп ойлаймын...  – Сәл тыныстап, залға ойлана қарады. Жұрттың ынтыға тыңдап отырғанын байқады. Сосын ақырын үнмен былай деп қосты: –  Мырзалар, Ғаяз мырза шошындырып тұрған орыстанудың көкесі сонда болады. Естеріңізде болсын, қазақтар – Ресейдің шегінде өмір сүріп жатқан түркі халықтарының ең саны көбі... Соның өзі тілі мен ділінен айрылудың алдында тұр. Ал өктем де билеуші ұлтқа сіңісіп, жұтылып кету қаупі қазақ түгіл, аз ұлттардың қай-қайсысына да төнгелі қаш-шан! Сондай қатерден қазіргі ахуалда империядағы отар жұрттарды тек автономия  алу мүмкіндігін пайдалану ғана құтқара алады.

Ол ойын осылай бір тұжырып тастады да, қазақ тыныс-тіршілігіндегі дәстүрлі экономика мен оны дамытудағы кедергілер жайында әсерлі әңгімеледі. Қазаққа кезінде империя қилы әдіспен жойған елдігін жаңғырту қажет деп мәлімдеді ол тағы да. Оған қазір қолайлы сәт туғанын айтты. Елдігін жаңғырту арқылы қазақ тарихтағы өз орнын ала алады, өзіне жасалған тарихи қиянатты жойып, әділет орнатады. Мұны тек саяси қайраткер ғана емес, үлкен жазушы, халқының ұлттық мүддесін тереңнен ойлай алатын Ғаяз Исқақи мырза анық білуге тиіс. Сөйте тұра оның кешеге дейін баршамызды өктем озбырлық көрсетуімен, аяусыз қанауымен ренжітіп келген унитарлық мемлекетті тағы да жаңғыртуды қолдайтыны қалай? Бүгінгі азаттыққа қол жеткен ахуалда, болашақ мемлекеттік құрылым жолын таңдау сәті туғанда да, оның тап сол бұрынғы біртұтас империяны басқаша атаумен сақтау жағында тұруы Жаһаншаһ Досмұхамедовке бек түсініксіз. Мойындасын Ғаяз мырза, барша унитаристер де бір сәт қолдарын жүректеріне қойып ой жүгіртсін: күні кешеге дейін отар болып езіліп келген әр түркі жұрты енді мойнындағы бұрынғы қамытты сыпырып тастап, өзімен өзі болуды аңсайды. Қай-қайсысының да күмәнсіз сенетіні – өз ошағын қорғау арқылы, өз елдігін қалпына келтіру арқылы басқа қарындас халықтармен тең дәрежеде қол ұстаса алады. Өз шаңырағының түтінін түзу шығару арқылы ортақ имандылық, адамгершілік мұраттарға жете алады...

Мұхамед-Әмин Расулзаде

Қызына сөйлеп, жаңа Россияның федерациялық сипатта құрылуына дауыс беруге шақырған федералист Жаншаны қолдаушылар көбейді. Жалпы мұсылман қозғалысының әр кезгі мақсаттарын жаңғырта отырып, бүгінгі таңдағы міндетті туындатқан Әлимарданның сөзі, баяндамашы Мұхамед-Әминнің өзі ұсынған негізгі қағидаларын қайтадан, басқа қырынан дәйектеуі, Жағыфардың Қырым тарихын тереңнен қозғап, унитарлы, отаршыл да озбыр, біртұтас мемлекет құрамында қырымлы жұрты көрген масқаралықтарды тізбелеуі ешкімді жайбарақат қалдырмады. Не керек, федерациялық құрылым жағындағылар анық басымдық көрсете бастады. Сонда унитаристер серкесі ретінде Ахмед мен Ғаяз мінбеге кезек-кезек, қайта-қайта ұмтылды. Олар ендігі бір ретте Ресей мұсылмандарының бірлесуі керектігін айтты.

– Патша тақтан кетіп, империя дағдарыста тұрғанда, мұсылмандар үшін батыс пен шығыс мәдениетін қоса сіңіруге  қолайлы дәуір туды, – деді бірі.

– Мұсылмандардың бірлікке қол жеткізуінің маңызы зор, – деді екіншісі.

Қай-қайсысына да мәлім, Ахмед мұны орталықтағы саяси партиялардың жұмыстарына араласып жүргендіктен мүлдем анық біледі, бүгінде орыс адамдары көп партияға бөлініп алған. Олардың ортақ мақсаттарын бірлесіп айқындаулары да, өзара тіл табысулары да қиын.  Себебі бағдарлары сан түрлі. Осыны жадтарында мықтап ұстасын жалпымұсылман съезінің делегаттары... Ахмедтің пайымын Ғаяз үстемеледі. Ол да орыс адамдары алауыз болып сан партияға бөлініп тұрғанда, исі мұсылманның бір болуы маңызды екенін баса айтты.

– Біздің баршамызға бұрынғыдан да жақындасып, тұтасуға тырысу керек. – деді ол. – Сонда ғана орыстың заң шығаратын мекемесінде бүкіл мұсылман мүддесін ұтымды қорғауға болады...

Бүкіл  мұсылман мүддесі... Өтеміс аға деп құрметтейтін татар қаламгері және мұсылман қозғалысының беделді қайраткері Ғаяз Исхаки қазақ оқығандарын сынауын енді осындай ұранға ұластырды. Өз ұсынысының дұрыстығын дәлелдеу жолында ол қазақ қарындастарына сенбестік көрсетуін жасырмай айтқаны өз алдына, енді басқа бір үгітке көшкендей. Бәрібір астарында қазақтың федерацияшылдығына қарсылығы көзге ұрып тұр. Обалы нешік, Орынбордан келген делегат, баспагер және мерзімдік басылым редакторы Мұхаммед-Фатых Каримов мырза жарыссөзге шығып, қазақ пайдасына біраз сөз айтқан. Сондай-ақ лауазымды заңгер Жаһаншаһ Досмұхамедов те мінберге бірнеше рет шығып, қалай дәлелді сөйледі.  Бәлкім, сондықтан да Ғаяз мәселеге енді басқаша қырынан келген шығар. Әйтсе де...

Өтеміс күрсінді. Ғаяз мырзаның ой-пікірлері бас қауашағы ішінде небір сумаңдаған ой толқындарын туғызған. Өкініштісі, бүкіл  мұсылман мүддесі түгіл, бүтін қазақ мүддесі хақында қазақ оқығандары ой біріктіре алмағанына куә ғой Өтеміс. Олардың іс-әрекеттері осынау татар саяси қайраткері әм қаламгері Аяз Исхақовтың назарына ілікпей қалмаған да... Бірақ бұл сонша дабыралататын нәрсе ме еді... Өтеміс іштей  Ғаяз Исхақов ағасына өкпеледі. Артынша ойға қалды. Қанша өкпелегенмен, оның айыптауларының жаны да бар екені анық... Зиялылар ішіндегі өзі білетін, қазақ азаттық қозғалысының көпшілік мойындаған қос серкесінің – Бақытжан Қаратаев пен Әлихан Бөкейхановтың – жұлдызы жараспауы көпке аян еді, соның жайына Өтеміс қинала ой жүгіртті...

Әлихан Бөкейханов

...Өтеміс санасында атойлаған естеліктерді сейілтіп, Асадуллаев Үйінде өтіп жатқан мұсылман съезіне оралды. Мұнда, міне, қазақ қайраткерлерінің кемшілігін ашып айтқан шешенге тойтарыс берген жас күш көрінді. Жаһанша Досмұхамедов.  Жанша. Ол өзінің заманауи көзқарасымен талайдан озық екенін танытты. Оны күлліресей мұсылмандарының құрылтайы мойындап отыр...

Асадуллаев Үйі, Мәскеудегі қазіргі татар мәдени орталығы

Съезд барша Ресей мұсылмандары одағының атқару комитетін (Икомус, исполнительный комитет союза мусульман России) жасақтады. Құрылтай Жаншаны мұсылман атқару комитетінің мүшесі, одан, атком төрағасының орынбасары лауазымына сайлады. Бұл жәйтке Өтеміс қатты қуанды. Іс-әрекеттегі, көзқарастағы қайшылықтарымен өкпелетіп тұрған қос серкенің кемшілігін жөндейтін, оларды ортақ парыз арнасында табыстыратын тұлға табылды деп қуанды. Бүкіл мұсылман әлемі құрылтайында жарқ етіп көзге түсіп, ерекше беделге ие болған тұлға.  Жанша Досмұхамедов.  Ертең Икомус жаңа құрамымен Питерге аттанады. Сонда тұрып тұрақты қызмет атқаруға барады. Яғни Өтемістің Жаншамен көбірек пікірлесуге мүмкіндігі болады. Демек, көңілді қобалжытқан мәселені әлі талай мәрте бірге талқылайды. Олар барша мүдделі азаматтармен бірлесіп, сөз жоқ, пайдалы ой қорытады. Қолайлы шешімге келеді. Елім деген ерлер үшін алда небір саяси мүмкіндіктер ашылып тұр емес пе...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz  

0 пікір