Сейсенбі, 22 Мамыр 2018
Деп жатыр 2077 2 пікір 24 Сәуір, 2018 сағат 12:23

Өзің диуанасың, кімге пір боласың...

Редакциядан: 2018 жылдың 13-көкегінде Abai.kz ақпараттық порталында  "Елбасыға ашық хат. "Суретшілер Одағында ешқандай жариялылық жоқ" атты профессор Жанарбек Берістен бастаған бір топ белсенді азаматтың  Ашық хаты жарияланды. Онда Қазақстанның Суретшілер Одағының ішкі проблемалары жайлы жазылған еді.

Кейін, профессор Жанарбек Берістеннің жеке басына қатысты кейбір ақпараттар әлеуметтік желі мен БАҚ-та тарады. Сөйтсек, Ж.Берістен мырза алаяқтық жасағаны үшін құзырлы орган тарапынан құрықталып, өз кінәсін мойындаған екен.

Ал бүгін жоғарыдағы Ашық хатқа қатысты ҚР Суретшілер Одағы әкімшілігінің ресми терістемесін жариялап отырмыз. 

Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыру әр оқырманның еркінде. Порталда жарияланған авторлық мақалалар редакцияның ұстанымын білдірмейді. Редакция ұжымы кез келген тараптың уәжін жариялайды. 


Қазақстан Суретшілер Одағынан шу шықты, себебі өтірікті шындай сапыратын, сөйтіп елдің ақшасын сұмдай жымқыратын бір қу шықты.

Профессор, философия ғылымдарының кандидаты деген дардай атағы бар Жанарбек Берістен одақтағы жауапты хатшылық қызметін (сол кездегі) және бірнеше оқу орнындағы ұстаздық міндетін  адал атқару орнына, қызмет бабын пайдаланып, алаяқ әйелмен ауыз жаласа жүріп алтын шығар «құдық» қазуды бастады. Ал «Алтын шыққан жерді  терең қаз» демеуші ме еді атам қазақ?! «Дәніккеннен құныққан жаман» дегенді де қоса айтқан жарықтық аталарымыз. Бірақ, жай адам түгілі, ақ пен қараны ажырата алатын, өзгенің мінін көзіне шұқып, көсіле ақыл айтуға шебер оқымысты ғалымды да жолдан тайдыратын қу дүние көздің құртын жеп бара жатса не дейсің?! Сонымен алаяқтық қалай басталды десеңізші...

2013 жылы қыркүйек айында Т.Жүргенов атындағы  Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында сәндік қолданбалы өнер кафедрасында оқытушы-профессор болып болашақ өнер иелеріне ұстаздық еткен  кейпіпкеріміз Абай атындағы Ұлттық педагогикалық Университетінің оқу бөлімінде істейтін Серікбаева Дариға дейтін келіншекпен қызмет бабы бойынша жақын араласады. Жақын араласқаны сонша, сол келіншектің «Білім министрлігінде жұмыс жасаймын» дегеніне, өзі айтпақшы «сеніп» қалып, «Экспериментальды магистратура жобасына грант шығады,  осы жобаға тыңдаушылар қабылданады, сондықтан докторантура мен магистратураға түсіп оқуды қалайтын, тиісті құжаттары сай тыңдаушыларды тап,  олардың докторантураға түсуді қалайтындары 5000, ал магистратураға түсуді қалайтындар  2000 АҚШ долларын берсін, сен соларды жинап, менің есепшотыма сал»,- деген қылмыспен пара-пар әрекетіне білдей ғалым Ж Берістен кәмпитке көзін сүзген баладай алданып қалды дегенге кім сенеді. Оның көкейінде мұндай іске  араағайын бола жүріп, өз біліміне емес, осындай істі төтесінен шешетін «парақорларға» сенетін кейбір әлжуаз жандардан  өз пайдамды да жымқырып қалсам деген жымысқы ой сумаң еткені анық. Ал грант десе кез келгеніміз  елең ете қалатын бүгінгі заманда бұл нағыз майлы жіліктің басы екені даусыз шындық.

Сонымен, Ж.Берістен мырза барша шәкірттері мен достарына, таныстарына: «Шетелде оқисың, 180 мың теңгедей шәкіртақы аласың», – деп басы бар да, аяғы жоқ  батпанқұйрық ойынын жарнамалауды бастайды. Осы жұрт  неге аңғал әрі сенгіш деп жаның ашитын уақыт емес қазір, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен ойнап жүріп оңай пайданы олжаласам деп, біреудің көз майын тауыса жүріп, адал еңбекпен жететін бақ-талайын көз қысты, бармақ бастымен іліп әкетсем дейтін әлгі ірімшік аңдыған түлкідей сумаңдап, ұрымтал тұсты, түйені түгімен жұтатын дөкей көкелерін аңдыған, яғни кез келген істі парамен шешуді көздеп, соны басты амалы еткен,  тіпті беретін парасын қаттап, ұры қалтасында сақтап жүретін қу, айлакерлердің заманы десек өтірік емес. Үлкен қаланың астынан сасып, борзып аққан жылымық кәріз суындай сол жемқорлық тамырымызды үңгіп, шірітуге жақын қалғанын қалай мойындамайсың.

Сөйтіп, Ж Берістен 2013 жылдың қазанынан 2015 жылдың тамызына дейін жүзге жуық адамның басын қатырып, сытырлатып доллар санап, Астанада шалқып жүрген, министрлікте жемқор көкесі бар  сыбайласының есепшотына жасыл қағаз сүңгітумен айналысады. Атап айтқанда, доктурантураға түсуді қалаған 33 адамнан, магистратураға  түсуді қалаған 52 адамнан – жалпы 178 000 (жүз жетпіс сегіз мың) АҚШ долларын астаналық  «қалқашына» жолдайды. Ара-арасында әуесі мен дәмесі оянып кетіп, «кейін салармын» болмаса «әй, осы мен неғып ақ тер, көк тер боп жүрмін осы? Бұл істе менің де үлесім бар емес пе?» - деген ішкі сенімді даусы өршіп кетіп, «бал ұстаған бармағын жалайды» демекші, ақшаның біраз мөлшерін өзі жаратып, аз күн болса да ақшаның буына елітіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ шалқып  жүреді.  Алайда, құр уәдемен күн оздырған «Сәулем, сәулем, сәулемсіңнің» де өтірігі таусылды ма, бұл істің арты сиырқұйымшақтана бастағанын сезген жұрт ақшасын талап етіп алдына барғыштап, Суретшілер одағы хатшысының кабинетін босатпайтын халге жетеді.

Ашынған жұрттың күдігі үдеп, құқық қорғау орындарына шағымдана бастайды. Істің соңы насырға шауып, соттан бір-ақ шыққан әріптесіміз заң алдында осылай айыпты болды. Қылмыскер дүйім халыққа уәде беріп, ақшаны алғанын да,сыбайласына бергенін де, керегінше сол ақшадан өзіне алып қалғанын да мойындаған таспа бейнесі 31 , «КТК» , т.б телеарналардың  жаңалықтарынан жарияға шықты.

«Суға кеткен тал қармайды» демекші, енді Ж.Берістен  шынымен-ақ тұңғиыққа батып бара жатқанын сезгендей, шұғыл қорғанысқа көшіп, тура Суретшілер одағы ғимаратына БАҚ өкілдерін шақырып, баспасөз конференциясын беріп кеп жібереді. Бар мақсаты – қолында тұрған жалғыз дәлелі мен сүйенері - әлгі Астанаға, Д. Серікбаева сыбайласына жіберген төлем түбіртектерін алдыға тартып, бар бәлені соған аудару. «Ойбай, сеніп қалдым, мен де құрбандықпын!» - деп көпшіліктің көзін бояуға тырысқан Жанарбек Берістеннің бір саусағы бүгулі екенін көзі ояу, көкірегі ашық көпшілік ұғып та қалған. Бұл жантүршігер жаңалықтан соң Т.Жұргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы ойланып отырмай ақ Ж Берістенді жұмыстан босатады.

Бостандық аудандық ішкі істер департаменті Д.Серікбаева және Жанарбек Берістеннің  үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» туралы 190-бабы, 2-тармағымен («мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса») айыпты деп танып, №167514031000479 қылмыстық іске тіркеп, 5 томдық тергеу жүргізеді. Ақыр аяғы Бостандық ауданы сотының шешімімен Д.Серікбаеваның алаяқтығы дәлелденіп, шартты түрде жазаға кесіледі.

Ал оған сыбайласы  Ж Берістен  Бостандық ауданы сотының 24-ші қазан 2016 жылғы №7550-16-00-1/293 жеке ұйғарымымен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек болатын, бірақ Қазақстан Республикасының 25 жылдық тәуелсіздігі құрметіне байланысты амнистия туралы заңына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жанарбек Берістен темір тордың дәмін татпай, қызылкөз пәленің тырнағынан босағандай бір демалып алады да, «жол көрген жолға шыға бередінің» кебін киіп, басқа құйтырқылықтарына көшеді. Мансап пен билікке қолы бір жетіп алса, алмайтын қамалы жоқтығын түсінеді. Алда келе жатқан сайлауда бір секіріп Одақ төрағасы болуды көздейді. Сол үшін жанына жақтастарын жинап, одақ  ішін алатайдай бүлдіруге шындап кіріседі. Түйені түгімен жұтатын Жанарбек Берістеннің  85 Қазақстан азаматынан 178 000 АҚШ долларын алаяқтық жолмен жинап алғанын біле тұра, өз есебім өзімде өлмесең атамнан ары деген қағидамен елағасы жасына жеткен, азамат деп жүрген білдей суретші аға апаларымыздың қолдау көрсеткенін, шашбауын көтеріп шапқылап, жаржақ болғанын көріп есіміз шықты,   Жақтастарына «аспандағы айды әперем» деп уәдені жаудырып, болашақ қызметтерін үлестіріп қойса керек. Өйткені, төрағаның сыртынан өзі қол қойып, жалған хаттар жазып, әкімдерді де қармаққа іліп жатқаны да жағамызды ұстатты.

Суретшілер одағы төрағасының орнына жасанды қол қойып, әкімдерге хат жазып, демеушілік сұрауды жақсы білетін Жанарбек Берістен жалған құжаттар жасау да қылмыстың бір түрі екенін неге қаперінен шығарды екен? Төрағалыққа үміткер қарсыластарын алдын ала жойуды көздеген ол  төраға болуға ниетін білдірген О. Есенбаевты  Жас суретшілер одағын заңсыз құрған және жас суретшілерден  ақша жинап жеп қойды деп үстінен ІІБ на арыз жазады.   Қазақстан  Жас суретшілер одағы  арнайы секретариаттың шешімімен құрылғандығы ( өзі қатысқан, өзі қолдаған), жиналған ақшаның қайда,  қалай істетілгендігі анықталып,  ешбір кемшілік табылмаған  соң  арыз  ары қаралмады.  Десекте, осы жағдайдан соң денсаулығы сыр берген  О.Есенбаев үміткерліктен бас тартады.  Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері,  жас суретшілер  Сырлыбаев Қ., Белегова А., Жазықбаева Ш. және Сағындықова Мөлдір  суретшілер одағына арызданып,  ұстаз  Жанарбек Берістеннің ақшаларын алып, бермей, алдап кеткенін айтып көмек беруін сұрайды.

Осындай  заңға қайшы  істерін қарап шығып, Суретшілер одағының секретариаты 2007 жылдан одаққа мүше Ж.Берістенді 14 қараша 2017 жылы Суретшілер одағы Пленумында Басқарма шешімімен одақ мүшелігі құрамынан шығарады. Ал жауапты хатшы қызметінен 30.11.2017 жылы аластатылған Жанарбек Берістен бүгінде Одақты сотқа беріп, «әділдік» іздегенімен, онысынан ештеңе шықпады. Себебі ол өзінің газеттерге жалған ақпарат бергендігін, төрағаның орнына жасанды қол қойғандығын, жастардан оқуға жәрдем берем деп алдап ақша алғандығын мойындап арызын қайтып алуға мәжбүр болды.Түптеп келгенде  одақтан бүлік шығарардай  ештеңе таппаған бәлеқор философ енді өзіне жақпаған суретшілердің жеке шығармашылығын  дәлелсіз сынап, жақтастыққа керек суретшілерді салыстыра келе, көзсіз мақтағаны, оларды өзіне тартпақшы болған  көмейінің нені аңсайтыны, екі қоянды бір оқпен атпақшы болғанын санасы бар сезіп, көзі бар көріп отырмыз.  Бүгінгі таңда одақта жұмыс қайнап жатыр. Региондардағы шаралармен бірге  Алматы қалалық әкімшілігімен, ҚР Қорғаныс министрлігімен арадағы проектермен бірге жақында болатын көптен күткен  суретшілер одағының сьезіне дайындық қызу жүруде.  «Керуен көшеді, ит үреді» деген ұлы сөз бар, мәйдә шүйдеге көніл бөлмей одақтың негізгі мақсатына қарай  нық қадам басып,суретшілеріміздің өнерімізге елеулі үлес қосуына жағдай жасау үшін, елбасы Н. Назарбаевтың  «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында белсенді жұмыс істей бермек. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының өткені мен бүгінгі ісшаралары туралы, көпшілікті қызықтырған одақтың өткен ғасырдағы сатылып кеткен, айырылып қалған  мүліктері туралы мәліметтерді одақтың  artist-union.kz сайтынан оқи аласыздар, онда одақтағы бар өзгерістер және жоспарлар нақты жазылған, Түбнұсқасымен танысқысы келген одақ мүшелеріне  әкімшілік кез келген жұмыс уақытында мәліметтерді көрсете алады. Одақта жұмыс қайнап жатыр!

ҚР Суретшілер одағының әкімшілігі

 

Abai.kz

2 пікір