Сейсенбі, 22 Мамыр 2018
Осы ғой енді... 1475 8 пікір 2 Мамыр, 2018 сағат 09:50

«Мектеп» баспасының директоры Сатыбалдиев авторларды ойыншық көре ме?

Әр оқу жылының басында оқулықтың айналасындағы дау-дайманның өршуі кейбір баспалар үшін «қара пиарға» айналып кеткендей ой туғызады. Мысалы, «Мектеп» баспасы Алматы қаласы Абай және Гагарин көшелерінің қиылысында отырып, Украина мемлекетінің Қырымын Ресейге бере салған еді ана бір жылдары. Содан Украина мемлекеті тарапынан дау шыққанда, Қырымды Ресейден алып Украинаға қайтарды, сол баяғы Абай және Гагарин көшелерінің қиылысында отырып. Жыл өтпей 2017 жылы осы баспадан шыққан орыс тілі оқулығы төңірегінде тағы айқай-шу пайда болды. Ол шудың аяғы оқулықты биыл қайта шығаратын болып аяқталды.

Адамдардың кейбірі жақсыдан лезде жеріп, жаманға да тез үйренеді емес пе? Қара пиарға еті үйреніп қалған «Мектеп» баспасының биыл да тосын сыйы бар тәрізді. Иә, түсінікті болу үшін бәрін басынан айтып шығайын.

2017 жылдың тамыз айынан бастап жаңартылған мазмұндағы бағдарламаға сәйкес 6, 8-сынып оқулықтарының жобалары «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтына ілініп, көпшілікке таныстырылды, қоғамдық бақылаудан, мамандардың сараптамасынан өтті. Іріктелген оқулықтар 2017 жылдың  қараша айында Қазақстанның барлық облыс орталықтарында жиналған ұстаздарға таныстырылып, арнайы бөлінген мектептерде байқаудан (апрабациядан) өтті. Осындай оқулық жобаларының бірі-«Мектеп» баспасында әзірленіп көпшілікке ұсынылған «Физика-8» оқулығы (авт.: Б.А. Кронгарт, Н.И. Темірқұлова, Ж.К. Баданова).

Осы оқулықтың төрт тарауын (1,2,6,7) мен, Баданова Жұлдызай, баспаның тапсырысы бойынша жазған едім. Қалған үш тарауы Б.А. Кронгарттың материалдары. Оқулық 2018 жылдың қаңтарында арнайы жасақталған Республикалық комиссияның талқылауына кетті (бізге баспа басшылығы осылай деген). Ақпан айында комиссиядан өтіп, ұсынылған оқулықтардың ішінде физика оқулығы да болды. Енді авторлар комиссияның ескертулері бойынша жұмыс жасап, Білім және ғылым министрлігіне оқулықтарды қайта жіберіп, бұйрық күтуі тиіс болатын.

Аталған баспа маған, оқулық авторы ретінде, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығынан келетін комиссияның оқулыққа қатысты жазған пікірін жіберуі тиіс еді. Бірақ хабар болмады. Өзім оқулықтың қазақ тіліндегі нұсқасының редакторына байланысқа шығуға тырысып едім, ол барлық телефон байланыстарын «блокқа» қойып тастаған екен. «Авторлар мектебі» бөлімінің меңгерушісі Д. Ә. Сухаева маған «Елдің мазасын алып телефон соқпа!» деп бірден басыма су құя салды.  Оқулықты компьютерде беттеуші-операторды және орыс нұсқасының редакторын алмастырған. Баспа осылайша белгісіз себептермен мен дайындаған оқулықты табан астында «құпияға» айналдырып жіберді. Сөйтсем, гәп мынада екен: оқулықты тамыз-ақпан айларында көпшілікке ұсынып, байқаудан өткізіп алған соң  Білім және ғылым министрінің 2018 жылдың 5 сәуірінде шыққан №138 бұйрығына басқа фамилияны (Баданова мен Темірқұлованың орнында Носохова тұр!) кіргізіп жіберген.

Мен осы жайлы «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандарының бірімен сөйлескенде, ол: «Баспаның директоры авторларды өзі ауыстыра береді. Оған құқы бар.» - деді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дейді қазақ. Қарғалар заңға түкіруге де арланатын шығар.

Қалай болғанда да «Мектеп» баспасы мынадай құқық бұзушылық танытып отыр:

1. Баспа ҚР азаматтық кодексінің 50-тарауындағы «Авторлық құқық туралы» 971, 976,977-баптарды өрескел бұзып отыр. 976-баптың 1-пунктіне сәйкес аталған жобаның авторлық құқығы қорғалған. Оған дәлел оқулық жобасы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 2017-2018 оқу жылында байқаудан өткізуге пилоттық мектептерге тарату және 2017 жылдың қараша айында барлық облыс орталықтарында мұғалімдерге таныстыру үшін 2017 жылдың 10 қазанында «Мектеп» баспасы директорының бұйрығымен 373 дана қазақ, 312 дана орыс тілінде басылып шығарылды. Оқулық жобасының басылымында 976-баптың 1-пунктіне сәйкес жоба авторларына айырықша авторлық құқық берілгені және барлық құқықтардың қорғалғаны көрсетілген. Жоба 2017 жылдың тамыз айынан бастап  Республикалық-ғылыми «Оқулық» орталығының сайтында ілініп, көпшілікке ұсынылып келеді.

2. 971-баптың 1-пунктіне сәйкес аталған жоба халыққа заңды түрде таныстырылған болып есептеледі. Себебі мен дайындаған «Физика-8» оқулығының жобасы 373 дана қазақ, 312 дана орыс тілінде басылып, байқаудан өткізуге мектептерге таратылды және барлық облыс орталықтарында мұғалімдерге, демек Қазақстан көлемі бойынша басқа оқулық-тармен бірге таныстырылды. 2017 жылдың қараша айында жобаны мен өзім оңтүстік және батыс облыстарында таныстырдым, ал шығыс және солтүстік облыстарына баспа өкілі таныстырылым жасады.

Маған қатысты баспа әкімшілігі тарапынан авторлық құқық бұзушылықтың болу себебін түсіндірмек түгел, баспаның маңына да жуытпайды. Ақпан айының аяғында Кронгартпен сөйлескенде, ол баспаның инициативасымен оқулықтың 6-тарауын өзгертіп жатқанын айтқан (977-баптың 3-пунктіне сәйкес туындыға қол сұқпаушылық құқығы бұзылып тұр). Бірақ ол қалған үш тарау жайлы ештеңе айтпады. Тек өзінің «Әдістемелік нұсқауын» жөндеу керегін, қолы бос еместігін айтты. Осы нұсқаулықты Назарбаев зияткерлік мектептері мұғалімдерінің ортақ жұмысы деп даулап, сол мектептің мұғалімдері сотқа береміз деп жатқаны жайлы қаңтарда айтқан еді. Ол жайлы Астана қаласында да таныстырылым кезінде сөз болған. Бас редактор Баспақоваға да, баспаның директоры Сатыбалдиевке де осы дау белгілі. Бірақ олар Кронгарттың даулы жұмысын ұсынудан бас тартпады, есесіне еш себепсіз өзім жасаған оқулық жобасының авторлығынан мені алып тастап, авторлық құқықты жобаға қатысы жоқ адамға беріп отыр. Сонда баспа басшылығына біреудің құқығына қол сұғу ауруға айналған ба, әлде әдеті ме?

Жалпы, баспа басшылығы тарапынан  маған түсініксіз жайттар жетерлік:

1. Баспа әкімшілігі, яғни баспаның директоры Е.Ә. Сатыбалдиев пен баспаның бас редакторы Ш.Ы. Баспақова осы істерімен Білім және ғылым министрлігінің білім саласындағы жұмыстардың сапасын арттыру үшін осы іске халықтың қатысуы мен бақылау жасауы мақсатында жасап отырған жариялылық саясатын жоққа шығарды. Айтайын дегенім, баспаның халыққа көрсетіп, жариялайтыны бір тауар, ал сататыны мүлде басқа тауар немесе сол көрсеткен тауар, бірақ авторы басқа. Маған оқулықты көрсетпей, құпия ұстағандықтан (ол ақпаннан бастап сайтқа да ілінбеді), Сатыбалдиевтің осы екі жолдың қайсысын таңдап отырғанын білмедім. Әкесі өлсе де естіртеді, олар маған қандай жағдай болмасын, алдын ала ескертулері заң және адами тұрғыдан жөн еді.

2. Ұсынылып отырған әр оқулықтың, әр кешеннің сапасын жақсартуға Қазақстан     халқы ат салысты десем қателеспеймін. Себебі «Оқулық» орталығы жіберген пікірлердің басымы сайтта жария болғандар. Физика оқулығына «Оқулық» орталығынан келген пікірлер менде сақтаулы. Демек, баспа әкімшілігі мұғалімдерді ғана емес,  оқулықты талдауға қатысқан барша халықты алдап отыр. Халықтың сол оқулықтың сапасын арттыруға жіберген алтын уақытын, сенімін, үмітін аяқ асты етті.

3. Егер Сатыбалдиев кабинетінде отырып өз бетінше авторлық құқықты біреуден алып біреуге бере салатын болса немесе жобаны кез келген уақытта ауыстыра салса,  министрліктің ол жобаларды бүкіл Қазақстан халқына таныстыруы, мұғалімдердің алтын уақытын алып, бюджеттен қыруар ақша шығарып, мұғалімдерді жинауы не үшін керек болды? Осыған кеткен миллиондаған қаражатты мұғалімдерің жалақысына бөлгені жөн еді, себебі оқулықтың тағдырын министрлік емес, Сатыбалдиев шешіп тұр емес пе?!

4. Иә, баспа оқулық авторларын жинап, оны дайындап ұсынады. Дегенмен, еліміздегі Азаматтық кодекске сәйкес жоба авторларына авторлық құқық беріліп, ол қорғалады да. Осыны жақсы білетін Сатыбалдиев не себепті заңды белден басуға бел буды? Мүмкін, ол өзін арыстан, ал мені пілдің табанында қалатын құмырсқа көретін болар. Әрине, Сатыбалдиевтың қолы ұзын, қалтасы қалың әрі елімізде «жең ішімен, қол ұшымен жалғасу» деген таңсық әдіс емес. Оған Украинадан Қырымды Ресейге немесе Ресейден Украинаға бере салу сөз болмағанда қайдағы бір Баданованың құқығын тартып алып, қалағанына беру қиын болып па, тәйірі? Айтпақшы, Қырым жайлы сол дауды туғызған бір ғана сөйлем тарих оқулығының жобасын министрлікке ұсынған нұсқасында болмаған, бірақ мектепке апарған оқулықта пайда болды! Ғажап емес пе?! Осыдан кейін «Оқулықтың сапасы неге нашар?» деген сұрақты кімге қоямыз?

Мен автор болмасам да өмір сүргенмін, талай жерде талай еңбек те зая кеткен. Мен бас редактор Баспақованың қолындағы билігін пайдаланып,  маған тиесілі авторлық құқықты құрбысы, зейнеткер Носоховаға бере салғанын да түсініп отырмын. Ол құрбы, ал мен кіммін? Бірақ мені еңбегімнің еш кеткені емес, құқығымның бұзылғаны, елімізде әділетсіздіктің жиі төрге шығатыны мазалайды. Құқық бұзушылық, заң бұзушылық, көз бояшылық, әділетсіздік, алдау-арбау, зорлық-зомбылық т.б. қашан тиылады? Қашан зиялы, « Малым жаным садақасы, жаным арым садақасы» деген қазақы, адами принциптермен өмір сүретін қоғамға айналамыз?

Біз, Қазақстан азаматтары, адам ретінде өркениетті ел болуды, жарқын болашақты армандаймыз, бірақ адами құндылықтардан жұрдай алдыңғы ұрпақ буыны қалай озық ойлы, жоғары саналы, адамгершілік, мораль, ар-ұжданы биік ұрпақ тәрбиелейді? Мен айтар едім: «Ел болам десең, өзіңнен баста...»

Жұлдызай Баданова 

Abai.kz

 

 

 

 

8 пікір