Жұма, 29 Наурыз 2024
Рухани жаңғыру 8528 11 пікір 15 Мамыр, 2018 сағат 10:25

Алаш ұраны. «Арғы атам - ер Түрік, Біз қазақ еліміз!»

Алаш әскері, Алашорданың атты әскер полктары туралы деректер кейінгі кезде ғана айтыла бастады. Лев Гумилев атындағы ЕҰУ еуразиялық зерттеулер кафедрасының доценті Теңгеш Қаленова «ЖЕБЕ» сайтында 2013 жылы 29 тамызда жарияланған «АРҒЫ АТАМ – ЕР ТҮРІК, БІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІМІЗ!» атты мақаласында: «ХХ ғасыр басындағы қос төңкерісті аумалы-төкпелі заманда Қазақ елінің ұйытқысы бұзылып, әбден берекесі қашқан болатын. Әсіресе, азамат соғысының сұрапыл жылдарында қазақ жеріне кезек-кезек келген ақ гвардияшылар мен қызылдар әскерлері ауылдарды жан-жақтан тонап, әбден басынғаны белгілі. Осындай аласапыран уақытта Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері қысқа уақыттың ішінде панасыз қазақ ұлтына қорған болатын Алаш полкын құрған.  Қазақ зиялылары алдымен үш адамнан тұратын Әскери кеңес құрған.  Ал 1918 жылдың 25 маусымы – ақ гвардияшылар мен ақ казактар және большевиктер әскерінен бірнеше жақтан қыспаққа түскен қарусыз қазақ халқын қорғау, елдегі тұрақсыз саяси жағдайды бақылауға алу мақсатында Алашорда үкіметі шешімімен Алаш халықтық милициясы құрылған күн. Сөйтіп Алаш зиялылары Ресей бодандығын қабылдаған кезден бастап араға жүз жылдан астам уақытты  салып тұңғыш рет Қазақ ұлттық әскерін жасақтауға қол жеткізеді» - деп жазыпты.

Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» романында былай дейді: «Жиналыс биіктеу дөңнің қырқа жотасында ашылды. Жотаға Алашорда адамдары және оларға тілектестердің біразы, - барлығы екі жүзге тарта адам, - салт атқа мініп, әскерше он-оннан сапқа тұрып, командирше олардың алдында Дулатов оғаш отырып, «Арғы атам ер түрік» деп аталатын, Алашорданың гимнін әндете қосылып айтып барды...».

Гүлнар апай Дулатова сол тұста Қостанайда Алашорда комисары болған Елдес Омарұлының зайыбы Эльза туралы және Міржақыптың үзеңгілес серіктерінің бірі, қазіргі Қостанай облысының Қарабалық өңірінде туып-өскен Ғаббас Нұрымовтың үйінде болғанын  тебірене жазады. Ғаббас тұңғыш рет Алаш маршын орындаған. Кейін Совнаркомда жауапты қызмет атқарған, білікті аудармашы болған ардагер ағалардың бірі. Г.Дулатова «Өмір өткелдері» атты  кітабында: «Торғайда төңкеріс қызу жүріп жатқан. Әлі есімде, тәтемдер  елге келгенде, өлең-жыр ағылатын. Сонда   Ғаббас   Нұрымов  бастап, қалғандары шырқай қостап, мына өлеңді айтып бара жатты: Ол «Арғы атам – ер Түрік,  Біз – қазақ еліміз...» – деген жолдардан басталатын. Міржақыптың  құдай қосқан қосағы Ғайнижамалдың айтуынша, Ғаббас Нұрымов сәнді киінетін, домбыра мен мандолинді құйқылжыта тартып, ән салатын», сегіз қырлы, бір сырлы  өнерпаз жігіт болған деген дерек келтіреді. Ал Алаш маршы атанған бұл әннің сөзін жазған Жүсіпбек Аймауытов екені белгілі.

       «Арғы атам - ер Түрік,

       Біз қазақ еліміз.

       Самал тау, шалқар көл

       Сарыарқа жеріміз.

       ...Ат мінсек, жел болып,

       Суылдап шабамыз.

       Лап десек ерленіп,

       Дуылдап жанамыз.

       ...Ер түрік ежелден

       Оқ тескен етіміз.

       Қаймығып еш жаудан

       Қайтпаған бетіміз » - деп келетін жорық жыры азаттық аңсаған ел еңсесін көтергені де ақиқат.

Сәбит Мұқанов «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы 18 маусымда жарық көрген «Об ошибках писателя Б.Майлина» деген мақаласында: «Все эти ошибки не случайны. В №№ 20-22 алашординской газеты «Жас азамат», издаваемой в Петропавловске в 1918 г.,Б.Майлин поместил два стихотворения, где он как довроволец Алашского полка, сформированного Эльдесом Омаровым, призывает казахскую молодежь и всех трудящихся поддержать злейшего врага казахского народа – Алашорду» - деп жазды. Бұл деректен анық байқайтынымыз, Қостанайдағы Алаш полкінің құрамында Би-ағаң да болған.

Қазақтың тақтақ ақыны Нұржан Наушабайұлы 1918 жылы «Қазақ» газетіне «Алашордаға» деген өлеңін бастыртады.

«Бірлік қылсаң, Алашым,

Ілгері қарай басасың.

Қол ұстасып ұмтылсаң,

Қатар жұрттан асасың.

Атағың мәңгі қалдырып,

Жасасын Алаш, жасасын!» - деген жолдардан оның бұдан бұрын жазылған «Ұйықтама, оян, Алашым!» жырының жалғасын тапқанын аңғарамыз.

Бір өкініштісі, Қостанайда құрылған Алаш әскерінің құрамында тағы кімдер болды деген сауалға жауап табылмай келеді. Бәлкім, мұрағаттардан келешекте табылып қалуы. Алаш әскері сапында болған азаматтар ел қорғаны болғаны, туған жері мен елі үшін жан қиюға дайын перзенттер екені дау туғызбайды.

Суретте (солдан оңға қарай): Ғайнижамал Дулатова, Гүлнар Дулатова, Міржақып Дулатов, Әзен Ақбердина, Ғаббас Нұрымов, Мариям Нұрым келіні, Тұрғандар (солдан оңға қарай): Ахметсафа Юсупов, Гүлшаһра Юсупова, Исламбек Ақбердин.

Орынбор, 1924 жыл. (Сурет «Шындық шырағы» кітабынан алынған)

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616