Жұма, 29 Наурыз 2024
Ғылым-білім 3257 0 пікір 16 Мамыр, 2018 сағат 11:18

Ғалымдарға ұрпақ назы

«Мен құрмет тұтатын ғалым - ұстаздар! Бүгін мұрағаттан сіздердің ғылыми еңбектеріңіздің түпнұсқасын көрдім! Мұрағатта жылтыр мұқабалы кітаптар көп екен. «Қазақ тіліне Еуропа тілдерінен енген кірме сөздер» тақырыбындағы зерттеуім үшін ХХІ ғасырдың ІІ жартысындағы ғылыми еңбектерді қарап, іздену үшін келіп отырмын. Осы кітаптардан өз отбасыларыңызды да танып қалдым. Көп естелік. Қазір біздің жазу-сызуымыздың бәрі ауада. Мұндай ескі суреттерді анамның құжаттарының арасынан көруші едім. Сіздердің еңбектеріңіз кирилл әліпбиінде жазылғандықтан, оны тану мақсатында орыс тілін үйрендім. Иә, қиын тіл, сіздер қалай сайрағансыздар?»  

Менің түсінігімде, тіл білімші деген – тілге қызмет етуші, ал ғалым деген – ғылымға қызмет етуші ұстаз. Ұстаз! Демек адамды ол атқа лайық қылар жалғыз көрсеткіш – шәкірт. Ғалымды шәкірті ұстазым деп атаған сәтте ол мойындалады. Біздің қоғамда диплом беретін орта көп, бірақ шәкірт, ғалым тәрбиелейтін орта бар ма? Ол орта қандай болады? Бүгінгі қоғам бұлақтарының көзін кім ашады? Ұрпақтың ғылымға ынтасы әлсіз яки ұстаз тұтқан ғалымдар нәрсіз. Бірақ біз сіз берген кітап пен сіз жазған еңбекті оқып өстік қой!

Ғалым тұтып, атой  салып шақырған ғылыми жиылыстарда сүйретіп әкеп, алдыңызға отырғызып қойған студент - оқушылардың көкірек көзін көріп, көңілдерін ғылым сәулесімен сусындата алдыңыз ба?

Ғалым деген үлкен лауазымға, ұлы атаққа «ақы арсыздығы» қосылса, тіл сатылар ма, ақыл сатылар ма? Не сатылды, кімге сатылды? «Ғалымдар ортасы» әлімсақтан осындай ма, әлде заман жеткізді ме бұл хәлге?

«Ғылым – бәйге. Бірінен алдың, біріне бердің». Болашақ Қазақ тіл білімшілері ол бәйгеге қалай дайындалып жатыр? Көшіріп, конспект жазып не өз тіл тарихын зерделер ескі жазбалар мен әдебиеттер туралы аударылған ақпарат оқып, түпнұсқасының суретін тамашалап па? Жоқ, ұрпағың мұны қаламайды.

Тілді тіл етіп тұрған оның иесі болса, тілдің бір киесі бар деген сөз. Ол кие болмаса, орыс біздің тілге қол сала зерттеп, өзге елдің ғалымы түркі тілдерінің қатарында салыстырмас та еді. –  Тіл не үшін зерттеледі? Ол зерттеулер кімге және неге қажет? Неге біз бүгінгі сөздің түбірін, мағынасын 10-15 ғасыр бұрынғы ескі мұрадан іздейміз? –  Сабақтастық. Даму. Менің ойымша, ғылым деген – осы. Тіл білімі «мына сөздің мағынасы мынау сияқты», «баяғыда бір шал құлап бара жатып «әуп» депті, содан осы сөз пайда болған»  деген негізсіз пікірлерді көтермеуі тиіс. Сол үшін де ол – тіл білімі ғылымы.

Ал бүгінгі оқулық, бүгінгі жазу, емле, бүгінгі «Қазақ грамматикасы», бүгінгі ғалымдардың ғылыми зерттеулері 10 ғасырдан кейінгі ұрпақтың қажетіне жарар ма екен?!  Қазақ тілі Х ғасырдағы араб - парсы сөздерімен толыққан ортадан әрең босап, ХХІ ғасырдағы қауіпті ортаға сүйреліп жеткенде, оны қабылдап алған сіздің тілді күйретуге қақыңыз бар ма? Қажетке жарамай жатса, болашақта сізге ешкім «сіздің зерттеуіңіз түкке жарамады» деп жарық дүниеден хабар бермес-ау. Бірақ бір еңбегіңіздің беті ашылып, оқылса, сізге өзіңізден бірнеше жүз жас кіші ұрпағыңыздың, шәкіртіңіздің алғысы жетері анық.

Не жазсаңыз да, альбом емес, аманат жазыңызшы! Мен сіздерден үлгі аламын, ұстаздарым!

Үмітпен, ұрпағың...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3626