Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Рух 4303 7 пікір 16 Мамыр, 2018 сағат 15:53

Рыздығым таусылған күні... донор болуға дайынмын

 

Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е.А.Біртановқа!

Құрметті Елжан Амантайұлы!

Бүгін "Абай.кз" ақпараттық порталынан Трансплантация бойынша Республикалық координациялық орталықтың жетекшісі, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев ағамыздың мәйіт донорлығына түсіністікпен қарауға шақырған үндеуін оқып, бір ауыз сөз айтқанды жөн көрдім.

Мен Ауыт Мұқибек биыл 49 жастан астым. Құдайға тәубе, денсаулығым жақсы. Ел қатары Еліме, ұлтыма еңбек етіп келемін. Алдағы жерде қанша жыл тірлік кешетінімді, қай уақытта, қай жерде, қандай жағдайда өлетімді бір Құдайдың өзі біледі. Дегенмен, Алладан ұзақ өмір сұрсем, елуге таяғанда әрең көрген жалғыз қызымның қызығын жарыммен бірге көрсем деген тілегім бар. Сондай-ақ, өзім қолға алып істеп келе жатқан Қазақ көшіне байланысты мәселенің түйіні бұдан да ары өз деңгейінде оң шешіліп, алыста жүрген бес миллион қазақтың Атажұртына оралғанының куәсі болсам деген арман да мені ұзақ өмір сүруге жетелейді. Дегенмен, мұның бәрі, тағы қайталап айтайын, бір Алланың құзырындағы шаруа.
Хакім Абай:
"Адам - бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы" - деген ғой. Демек, өлдің -- біттің. Ел-жұртың "Терең қазып, текпілеп көмуге" асығады. Бір сөзбен айтқанда, "Өлгеннің жазасын көмген береді". Бүкіл денең топырақтың астында қалып, шіриді. Одан гөрі... бұл туралы сәл кейінірек...
Айтпақшы, Ұлы Абайдың жан мен тәннің ара қатынасын анықтап берген тағы бір атақты өлеңі бар емес пе еді,

"Көк тұман - алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер - өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі - арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

Ақыл мен жан - мен өзім, тән - менікі,
"Мені" мен "менікінің" мағынасы - екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе өлсін, оған бекі..."-деп келетін!?

Жақсылық Ақмырзаұлының Үндеуін оқыған әр қазақтың ойына бірден Абай атамыздың осы өлеңі оралатын шығар деймін.

Қысқасы, данышпан ақын жанның өзіңдікі, тәннің өзгенікі (Жердікі) екенін бекер ескертпеген. Сол үшін, Жақаңның көтеріп отырғаны өте орынды һәм керек мәселе!

Осының бәрін ескере  келіп, өз басым төмендегі ойға бел будым:
Алланың қалауымен күндердің күнінде Жер бетіндегі рыздығым таусылып, миым өз жұмысын тоқтатса, өз басым өзге адамның өмірін ажалдан алып қалу үшін керек болып жатса, денемнің керекке жарайтын қалған бөлегін беруге түк те қарсы емеспін.
Егер, осы мәселені реттейтін қолданыстағы Заң болса, сол Заң аясында жазбаша келісімімді беруге де дайынмын. Және бұл жөнінде туыс-туғандарыма да өсиет қалдырамын.
Ал, Заң болмаса, өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, Заң қабылдауды ұсынамын.
Тек, бір ғана шартым бар, менің дене мүшелеріме мұқтаж азаматтың менімен таныстық, туыстық байланысының болу-болмауы шарт емес, тек ҰЛТЫ ҚАЗАҚ, ДІНІ МҰСЫЛМАН адам болса болғаны!

Ауыт Мұқибек

16.05.2018
Астана

Редакциядан: Қазақ көшінің жанашыры, қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек 2014 жылы тамыз айында қан тапсырып, "Қан" деген өлең жазған болатын.

Abai.kz

7 пікір