Сейсенбі, 22 Мамыр 2018
«Соқыр» Фемида 1066 2 пікір 17 Мамыр, 2018 сағат 15:28

Мемлекетке 1,1 трлн. теңге шығын келтіргендер кімдер?

Іздеуде жүрген 82 лауызымды тұлға мемлекетке 1,1 трлн теңге көлемінде шығын әкелген. Бұл турасында бүгін интернет-конференция барысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев хабарлады.

- Қазіргі кезде жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы 82 лауызымды тұлғаға іздеу жариялаған, олардың үштен бір бөлігі шетелде. Олар қызметтік өкілетін асыра пайдалану, пара алу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, қаржы жымқыру және ізін жасыру істері бойынша іздестірілуде. Олар мемлекетке жалпы сомасы 1,1 трлн теңге көлемде шығын әкелген, - деді агенттік басшысы Алик Шпекбаев.

Агенттік басшысының айтуынша, 2017 жылы 38 адам ұсталған, оның 12-сі шетелде ұсталған. Олардың төртеуі Венгрия, Түркия, Ресейден Қазақстанға экстрадицияланған. Қазіргі кезде 8 адам экстрадициялау алдында тұр.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының  дерегінше, жемқорлықпен күрес ұлттық бюросы құрылған 2015-2017 жылдары республикалық бюджетке 35 млрд теңге қайтарылған.

- 2017 жылы екі мың жемқорлыққа қатысты заңбұзу істері тіркелді. 108 жүйелі жемқорлық фактісі және бес ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті ашылды, - деді Алик Шпекбаев.

2017-2018 жылдары сотқа бағытталған жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша жеті адам ақталып шыққан.

Transparency International ұйымының 2017 жылы жасаған есебіне сәйкес, Қазақстанның жемқорлық рейтингісі 2016 жылы 8 орынға төмендеген.

Abai.kz

2 пікір