Жұма, 29 Наурыз 2024
3555 0 пікір 23 Мамыр, 2018 сағат 08:46

Амандық Баталов мәдениет қызметкерлерін марапаттады

Талдықорғандағы Салтанат сарайында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтіп, үздіктер марапатталды. «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясының жеңімпазы атанған Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан «Лада Урбан» автокөлігінің кілтін алды. Өзге де жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәдениет қызметкерлерін мерейлі мерекесімен құттықтаған облыс әкімі сала мамандарының ел руханиятын дамытудағы рөліне тоқталып өтті:

- Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұлт руханияты мен мәдениеті жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Төл мәдениетіміз бен өнеріміздің қанат жайып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына осында отырған баршаңыздың үлесіңіз бар деп санаймын, - деді.

Бұдан соң өңірде осы саланы қолдауға бағытталған шараларға да тоқталып өтті.

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мәдениет саласының дамуына тың серпін беріп отыр. Бағдарлама аясында өңірдегі 243 мәдениет үйін қалпына келтіріп, қайта жаңғыртатын боламыз. Жалпы өткен жылы 3 мәдениет нысаны жаңадан салынып, 8 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 20-дан астам мәдениет нысанының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге, күрделі жөндеуі мен құрылысына барлығы 2,8 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр. Жаңа драма театрының да құрылысы аяқталуға жақын, қыркүйек-қазан айларында қолданысқа беріледі. І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 331 млн теңге қаржы бөлінді, - деп атап өткен облыс басшысы А. Баталов мұндай қолдау шараларының жалғаса беретінін жеткізді.

Салтанатты жиын марапаттау шарасымен жалғасты. Жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, жемісті нәтиже көрсеткен өнер ұжымдары, мәдениет мекемелері, жекелеген өнер иелері облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан марапат алды. Атап айтсақ, «Үздік мәдениет қызметкерлері» аталымы бойынша әрбір аудан, қаланың 20 өнерпазы құрметке ие болды. Олардың қатарында аудандық мәдениет үйлерінің, ауылдық клубтың аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары бар. «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік Халықтық» және «Үлгілі ұжым» және басқа да номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Мәселен, «Үздік қолөнер шебері» аталымында «Ұста Дәркембай» музейінің суретші реставраторы Құрманғазы Қадыров қара үзіп шықса, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртістері Кендебай Темірбайұлы мен Біржан Шошабаев «Үздік театр әртісі» атанды. «Үздік өнер ұжымы» ретінде «Алтынай» би ансамблі танылды. Олардың барлығына арнайы диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

«Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атанған облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа «Лада Урбан» автокөлігінің кілті тапсырылды.

Сол сияқты «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, қазақстандық мәдениет, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Жиында әріптестерін мерекемен құттықтаған Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, «Алтынай» би ансамблінің бишісі Жұлдыз Әбдірахманова, І. Жансүгіровтің әдеби-мемориалдық музейінің қызметкері Айжан Оразбаева, «Сүйінбай сазы» ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Ғалия Әбдірейім және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев штат бөлу, концерттік киім тіктіру, республиканың өзге аймақтары мен шетелге гастрольдік сапарларға шығу, материалдық техникалық базаны нығайту сияқты үздіксіз қолдаулары үшін облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында тірі дауыстағы мазмұнды, шағын концерттік нөмірлер ұсынылды.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591