Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3380 0 пікір 14 Мамыр, 2009 сағат 08:41

Құнды қағаздар нарығына жаңа үйлестіруші керек пе?

 

 

«Қазақстанның құнды қағаздар нарығына арнайы қадағалаушы орган керек». Отандық қаржыгерлердің бір тобы осындай пікір айтады, алайда, ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi (Қаржылық бақылау агенттігі) өз қызметін бөліске салуға ниетті емес.
GALA Invest Consulting тобының президенті Галина Шалғымбаева ханым, Қазақстанда құнды қағаздар нарығын бақылауға алатын арнайы орган құрылуы тиіс дегенді айтады.
«Кезінде, елімізде нарықтың бұл саласын қадағалап отырған Құнды қағаздар жөнінде ұлттық комиссия болғаны белгілі, меніңше сол тәжірибеге қайта оралғанымыз дұрыс. Өйткені, Қазақстанда мега бақылаушы (Қаржылық бақылау агенттігі – «Іскер») құрғаннан ештеңе ұтқан жоқпыз. Егер біз қор нарығын дамытуға шын ниетпен назар аударамыз десек, онда нарықтың осы саласымен ғана айналысатын арнайы орган болуы тиіс», - дейді Шалғымбаева ханым.
Маманның пікірінше, құнды қағаздар жөніндегі комиссиядан бас тарта отырып, отандық нарық, ең алдымен осы саланың білікті мамандарынан айрылып қалды. Екіншіден, құнды қағаздар нарығын үйлестіру барысы аталған нарықтың даму қарқынынан қалыс қалып жатыр.
«Бүгінгі өзіміз байқап отырған проблемалар осыдан туындап отырса керек. Әрине, құнды қағаздар эмиссиясын тіркеу формальды түрде болса да жүріп жатыр, бұл процесті Қаржылық бақылау агенттігі үйлестіріп, қадағалап та отыр. Қағаз жүзінде эмитент те қадағалаушы органның барлық талаптарына сай. Соған қарамастан, қазіргі күні біз компаниялардың біразы дефолтқа ұшырап жатқанын көріп отырмыз», - дейді Галина Шалғымбаева.
GALA Invest Consulting басшысының бұл пікірін «Тенгри Финанс» басқарушы компаниясының сараптау және тәуекелді басқару департаментінің директоры Бауыржан Төлепов те қарсы емес. Сарапшының пайымынша, соңғы жылдары банк секторы біршама жоғары деңгейді игеріп, жетекші позицияға шықты, өз тарапынан бұл жетістік – қор нарығын қадағалау мүмкіндігін ойсыратып тастады.
«Менің ойымша, қадағалау қызметін мейлінше жоғары деңгейге шығарған дұрыс, мүмкін, тіпті, арнайы орган құру жолымен де, не болмаса Қаржылық бақылау агенттігі негізінде қадағалау шараларын дамыту керек», - деп есептейді Бауыржан Төлепов.
Сарапшы маманның айтуынша, қазіргі таңда, сондай-ақ эмитенттердің қаржылық есебіне қатысты талаптарды күшейту керек. Сонда, қолында бағалы қағазы барлар компаниялардың шынайы қаржылық жағдайы жөнінде толыққанды мәлімет алып, тиісті бағасын береді. Мысал ретінде Төлепов мырза АҚШ-тың тәжірибесін алға тартады, онда есеп беру стандарттары мейлінше қатаң.
«АҚШ-та эмитенттер есеп мәліметтерін жүзден астам бетке жазып, ұсынады. Онда компанияның бар қызметі, тіпті компания басшыларының болашақ көрсеткіштер жөніндегі пікір-ойы түгел көрсетіледі. Ал, бізде есеп беру дегеніңіз, әншейін, формальды түрде жүргізілетін шара. Кейде, тіпті, есеп авторлары дайын нұсқа, яғни шаблондарды қолданғандай болып көрінеді, өйткені кейбіреулер өз компаниясының атын жазуды, не есеп беру күнін көрсетуді де ұмытып жатады», - дейді сарапшы маман.
Десек те, Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгiнің бұл мәселеде өз пікірі бар. Қаржылық бақылау агенттігі құнды қағаздар нарығын қадағалау үшін арнайы орган құрудың еш қажеті жоқ деп есептейді.
«Бізде мегаүлестіруші бар, яғни қаржы нарығының барлық салаларын біріктіріп отырған біртұтас үйлестіруші. Мегаүлестіруші жүргізіп отырған жұмыс та нәтижелі, өйткені біз қаржы нарығының әр секторын қадағалап, бақылап, үйлестіріп отыру жолында бір ізге салынған бірегей әдістерді қолданамыз. Сонымен қатар, біз нарық ішіндегі процестер қаржы ұйымдарына қалай ықпал етіп отыр және де тәуекел түрінің бір сегменттен екіншісіне өту мүмкіндігі бар ма, соны жіті қадағалап отырамыз, айталық банк тәуекелі құнды қағаздар нарығына өтіп кетпей ме, не зейнетақы, сақтандыру нарықтары ұшынып қалмай ма деген тұрғыда», - деп түсіндіреді бұл тұрғыда Қаржылық бақылау агенттігі төрайымының орынбасары Алина Алдамберген.
Сондай-ақ, Қаржылық бақылау агенттігінің өкілі, эмитенттердің дефолтқа ұшырауына байланысты Агенттік құнды қағаздар нарығына тиісті деңгейде көңіл бөле алмай отыр деп пайымдау қисынсыз, тіпті орынсыз дегенді айтады.
«Агенттік құнды қағаздардың шығарылуы мен инвесторлар құқын қорғауды эмитенттерге бағыштап жүргізеді. Қаржылық бақылау агенттігі эмитенттердің кредит сапасына талап қоймауы тиіс, бүгін көрініс беріп жатқан дефолттар осының салдары. Крдеит сапасын нарықтың өзі және инвесторлар анықтауы тиіс. Алайда, іс жүзінде біз инвесторлардың бұл мәселеде әлсіздік танытып отырғанына куәміз, сондықтан да олар дефолтқа ұшырап жатыр», - деп түсіндіреді Алдамберген ханым.
Сонымен қатар, Агенттік төрайымының орынбасары, бүгінгі таңда Қаржылық бақылау агенттігінде құнды қағаздар шығару тәртібін күшейту жөнінде заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын иілге тиек етті.
«Біз бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқын қорғау бағытында қосымша түрде мынадай элементтерді ұсынып отырмыз: «облигация ұстаушының өкілі» лауазымын енгізу, облигация ұстаушылардың жиынын өткізу, дефолт барысында, не болмаса шығарылым талабын қайта құрып, жасақтауда эмитентпен келіссөз жүргізу дегендей. Қазіргі таңда эмитенттер қолында тиісті қаржысы болмаса да құнды қағаз шығара береді. Ал, инвесторларға бұл қажет емес, олар бұны талап етпейді», - дейді Алина Алдамберген ханым.
«Қазақстан Іскері», №8 (28), 24-сәуір, 2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621