Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 8234 0 пікір 14 Маусым, 2018 сағат 15:38

«Ауылдан қарағанда қалада жұмыс істеу оңайырақ...»

Дәрігер. Бүгінгі күні жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Жауапты да жүгі ауыр саланың тізгінін ұстаған жандарға халықтың ризашылығы да ерекше. Ақ халатты абзал жан деп құрметтеп, әрбір науқасқа танытып жүрген ерекше қамқорлықтары үшін алғыстарын жаудырып жатады. Ендеше, осындай ерекше  мамандықтың иесі, бүгінгі таңда Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Аққу ауылының Лебяжі аудандық ауруханасында хирург дәрігер болып қызмет атқарып жүрген, Нұрбеков Айдос Әлімұлымен сұхбаттасқан едік.

-Айдос Әлімұлы, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?

-Мен 1988 жылы Алматы облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келгенмін. 1991 жылдарға қарай отбасымызбен бірге Семей қаласына көшіп келдік. Семей жерінде алғаш балабақшаға барып, мектеп табалдырығын тәмәмдап, медициналық колледж түлегі атандым. Одан кейін Семей Медициналық Академиясына оқуға түстіп, 2009-2016 жылдар аралығында сол оқу ордасын аяқтап шықтым. 2016 жылдан бері Лебяжі аудандық ауруханасында алғашқы жұмыс жолымды бастадым.

-Неліктен осы мамандықты таңдадыңыз?

-Дәрігер болуды мектеп кезінен бастап армандадым. 7-8 сыныпта оқып жүрген кезімде хирург мамандығына ерекше қызығушылық таныттым. Мен үшін бұл сала басқа дәрігерлерге қарағанда 1 саты жоғары тұратын сияқты елестеді. Адам өмірінің арашасы болатын дәрігерлік міндетті арқалап жүрудің өзі оңай емес. Жалпы, осы бала арманыма түрткі болып, күш берген Алматы облысында Абай деген бір білікті хирург бір өзі 500-ден аса ота жасаған екен. Сол адамның берген сұхбаттарына зер салу арқылы мен де мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуге тырыстым. Оған қоса, туыстарымның ішінде де дәрігерлер жоқ емес. Түрлі әңгімелерін естіп отыратын едім.

 

-Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

-Әрі қарай осы хирургия саласында білімімді шыңдап, резидентура жоғарғысын оқып, PhD докторантураға тапсыратын ой да бар.

-Дәрігерлік жолда қандай қиындықтар кездесті?

-Жалпы осы мамандыққа алғаш аяқ басқаннан бастап түрлі қиындықтарға жолықтым. Яғни, студенттік кезден бастап, көптеген қиындықтар болып жатты. Себебі, мамандық адам өмірімен, қауіпсіздігімен, еліміздің болашағымен тікелей байланысты болғандықтан да студент кезінде біздерге көп міндеттер жүктелді. Әрине, бұл қиындықтардың түпкі негізі білікті де білімді дәрігер шығару үшін туындайды ғой. Басқа студент жастар сияқты емес, көп жерге қыдырып бара алмайсың. Бос уақытың бола қалса болды, кітапханаға барып отыратын едім. Ол кезде кітапты үйге бермейтін, сол жерде конспект жасап, барынша ізденетін едік.  Себебі, бір тақырыпты оқымасақ, екінші күні оған басқа тақырып қосылып қиындай түсетін. Оқу бітіргенге дейін де, бітірген соң да барынша сабырлықты, табандылықты бойға жинай түстім.

-Бос уақытыңызда қандай іспен айналысқанды ұнатасыз?

-Негізінде бос уақыт болады деп те айта алмаймын. Бізде кезекшілік, түрлі шақырулар да көп болады. Ал демалыс тек арнайы отпуск алған кезде ғана болады. Сол үшін де әр уақытты ерекше бағалап, басқа адамдар демалып жатқан кезде біз адамдардың амандығы үшін тер төгетінімізге риза да боламын.

-Кей кездері неліктен осы мамандықты таңдадым деген ой туындай ма?

-Жиі болады... Кейде ойлаймын, неге осы мамандықты таңдадым екен, неге жеңіл мамандық таңдамадым екен деген ойлар да пайда болып жатады. Бірақ, артынан өзімді-өзім жұбатамын. Басы ащы болса, соңы тәтті болады...

-Еліміздің денсаулық сақтау саласына қандай баға берер едіңіз?

-Біз енді дамушы мемлекет болғандықтан да, медицина енді-енді дамып келе жатыр. Оның ішінде хирургия саласының аяқ алысы да жаман емес. Небір білікті де білімді мамандар Израль, АҚШ сынды тәжірбиесі мол елдерге барып біліктілік алмасуда. Алдағы бірер жылда біздің денсаулық сақтау саласы да әлемдік деңгейге көтеріле алады деген ойдамын. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ерекше қолдаудың арқасында бәрі де алға жылжып келеді.

 

-Ауылға алғаш жұмысқа тұрған кезде сізді қалай қабылдады?  

-Ауылда алғаш келген кезден бастап өте жақсы қабылдады. Бұрыннан бері танитын таныстары ретінде, өз орталарына бірден кіргізіп, қолдау көрсеткен аурухана ұжымына да ризамын. Аудан әкімі, бас дәрігеріміздің өздері де барынша қолдауларын көрсетті. Басымызға баспана беріп, қамтамасыз етті. Сол үшін де ризашылығымды білдіремін.

-Мықты дәрігер болу үшін қандай қасиеттер қажет?

-Біріншіден, ниет. Өз мамандығыңызға деген ерекше сүйіспеншілік. Егер де мамандықты өз жүрек қалауыңызбен емес, басқа біреулердің айтуы бойынша таңдасаңыз, ол маманнан ешқандай да мықты дәрігер шықпайды. Екіншіден, аянбай ізденіп, оқу керек. Қандай қиындық туындаса да сабырлық таныту қажет. 9 жылғы білімді қанағат тұтпау керек, әрі қарай да ізденіс үстінде болу қажет.

-Аудан мен қалада жұмыс істеудің қандай айырмашылық байқадыңыз?

-Ауданмен салыстырсаңыз, қалада жұмы істеу оңайға түседі. Неліктен? Себебі, барлық құрылғыларды қиындықсыз пайдалана аласыз және қолжетімді. Ауданда мамандар да аз және де кейбір зерттеу құралдарын да таба алмай жатамыз. Әрине, бұрынғымен салыстырған қаланың жағдайына да жетіп келе  жатырмыз. Керекті лабораториялар да алып жатырмыз және жас мамандар саны да өсіп жатыр. Алдағы уақытта қаланың деңгейіне көтеріліп те үлгерерміз.

-Қандай арманыңыз бар?

-Ең басты арманым профессор болу да, шетелге кету де емес. Өз ісімнің білікті маманы болып, Қазақстан Республикасына, тым болмағанда Павлодар облысына еңбегі сіңген дәрігер атанып, халыққа көмегім тиіссе екен деймін. Себебі, бала кезгі арманым жетелеп, осындай дәрежеге жеткізді. Еңбек пен табандылықтың арқасында науқастарды емдеп, кішкене болсын көмегім тиіп жатыр. Алдағы уақытта қандай жағдайлар болсын, қай жерде жүрсем де өз мамандығымды адал атқарып, білімімді жетілдіруге бар күшімді салатын боламын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Көгершін Тілеген

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606