Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 6849 37 пікір 3 Шілде, 2018 сағат 11:59

Кей орысты дос көр, жатсынба!

Теледидарды қоссам жергілікті арнадан «Мен - чемпионмын» атты спорттық хабар көрсетіліп жатыр. Орыстың шикілсары баласы қазақша саңқылдап мүдірмей сөйлеп тұр: «Осы жарысқа қатысуды көптен бері армандап жүр едім. Бүгін сол арманым орындалды. Жүлделі орыннан үмітім бар», дейді балалық алабұртқан көңілмен. Субтитрге көз салсам,  есімі Илья Кузьмин екен. Өзіміздің Қызылжар қаласынан. Тілшінің «Сонымен кім чемпион болады? деген сұрағына еш мүдірмей:  «Әрине, мен чемпион боламын!» деп саңқ ете түсті. Егер теледидардың суретін көрмей дыбысын ғана естісем сөйлеп тұрған қазақ баласы деп ойлар едім.

Жалпы біздің өңірде орыс азаматтарының қазақ тілінде еркін сөйлеуі таңқаларлық жай болудан қалған. Солтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі филологиясы кафедрасында дәріс алған талай орыс жастары қазақ мектептерінде қазақ тілінен сабақ беріп жүр. Басқаларын тізбектеп айтпағанда облыстық ішкі істер департаментінде қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыс жігіттері мен қыздарын, Қызылжар қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовты тыңдағанда өзінің емшек сүтімен берілген ана тілінде екі сөздің басын икемге келтіре алмай тершіп, міңгірлеп тұратын қандастарым көз алдыма келіп жерге қараймын. Олардың ана тілінен мақұрым қалып, осындай бейшаралық халге қалай түскенін түсіне алмаймын!

Әрине, қазақ тілінің, жалғыз қазақ тілі емес, «мызғымас Одаққа» кірген барлық ұлттардың ана тілінің өрісін тарылтқан Кеңес дәуірі рухани дүниемізді ойсыратып кетті. Бірақ Кеңестің келмеске кетіп, қазақ өз тағдырын өзіне алғалы да ширек ғасырдан асып кетті ғой. Бұл жоғымызды түгендеп, барымызды орынына қоюға әбден жететін тұтас бір тарихи дәуір! Алайда, қазақ баспасөзінен оқитының баяғы бір «бәріне Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты кінәлі» деген жаттанды сарын, жылап-сықтау, ойбайлау.

Егер сол жылауықтар мәңгірген басын көтеріп айналасына байыптап қараса қазақтың мәртебесін көтеріп жүргендер «ұлтшылмын» деп ауызынан көбігі ағып бөсетін судырлар емес, Елбасы әділ бағалап, лайықты марапаттаған Головкин сияқты орыс отандастарымыз екенін көрер еді. Жуырда WhatsApp желісінен бір бейнекөрініс келді. «Есімім Евгения Викторқызы. Руым  -найман. Абай атамды дүниеге келтірген қасиетті топырақта туылғанымды мақтан етемін» дейді семейлік орыс бойжеткені.

Шынымды айтайын, мен үшін осы ақжарқын Евгения қарындасым, Головкин інім өзім көріп жүрген ұраншыл, өрекпе, боскеуде қазақтардың қай қайсысынан да артық. Жерлесім Александр Винокуров халықаралық велосайыста топ жарып, Қазақстан көкбайрағын желбіреткенде Батыс Еуропа «қазақ Александр Винокуров» деп шу ете түскені есімде. «Қазақ» деген сөзге масаттанып, жүрегімді қуаныш кернеді! Нағыз қазақ деп ұлтымызды әлем тұғырына көтеретін осындай азаматтарды айтса болар! Сол Винокуровты «тегі орыс қой, қайтесің оны мақтап» деген қандасыма: «Оны орыс дейсің, ал қазақ болып өзің қазақ үшін не тындырдың?» деп едім ренжіп қалды.

Қазір әлемдік көштің, тіпті Орта Азиялық көршілеріміздің көшінің соңында қалмай, ғылым мен технологияны игеру үшін білімді мамандар жетіспейді. Қазақ жастарына пайдасыз өлең, кітап жазу дерті мықтап жұққан. Бұл жағдайда отандық өндіріс қайдан дамысын! Инженерлерді айтпағанда Өскеменде ескірген трамвайларды, Астанада бұзылған жеделсатыларды жөндейтін техниктер табылмауы көп жайды аңғартады ау. Өзге қалаларды сөз етпей-ақ қояйын, өзіміздің Қызылжарда қай компьютер жөндеу шеберханасына бас сұқсаң да бір қазақты көрмейсің. Техникаға қатысы бар барлық орындарда, автокөлік шеберханаларында кілең орыс азаматтары. Адамзаттың данасы Абай осыдан екі ғасыр бұрын халқын ғылымды игеруге шақырса да ұйқышыл қазақ бүгін де тойхананы төңіректеп, «өлең» жазып мүлгіп жүр.    

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін орыс ұлтшылдары Супрунюк, Очкасов сияқты есер шовинистердің ықпалымен қазаққа қарсы пиғылдағы әрекеттер өршіп тұрды. Уақыт өте шовинист белсенділер Ресейге кетіп, ұлтаралық жағдай қалыптаса бастады. Орыс ұлтшылдығын өршіткен негізінен Кеңес дәуіріндегі «рахат өмірді» аңсаған, бұрын партияның лауазымды орындарында билеп-төстеп отыруға үйреніп қалған орта және егде жастағы орыстар еді. Бірақ содан бері тұтас бір ұрпақ ауысты. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген, қазақ тарихын, мәдениетін, бойына сіңіріп өскен орыс жастары ертеңгі Қазақстанның кірпішін қалайтын жаңа ұрпақ. Тек оларды жатсынбай бауырымызға тартайық.

Қазақ пен орыстың арасын жік салып, қазақ елінің іргетасын шайқалтуға күш салып отырған Ресей шовинстері Қазақстанда сенімді одақтастарын тапқан сияқты. Олардың одақтасы өздерін «қазақ ұлтшылдарымыз» деп мақтанатын даңғой көкауыздар. Ұлтшыл адам Алаш арыстарындай ұлтын сүйуі керек, солардай ғылым, білімге ұмтылып, ел болашағы үшін тер төгіп, еңбек етуі керек. Олай болмаса қазақтығың қайсы?

Марат Ермұқанов, 

Қызылжар қаласы

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544