Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Арылу 6246 7 пікір 20 Тамыз, 2018 сағат 10:24

Қазақтың қазақша сөйлегенін жетістік санаймыз...

Almaty Arena спорт кешенінде студенттер арасында футзалдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Дүние жүзінің жас футзалшылары қатысатын дүбірлі доданының ашылу рәсмінде Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, FISU вице-президенті Мариан Дымальский құттықтау сөзін сөйледі.

Бізді шын қуантқаны ресми дерек бойынша 14 мыңнан аса көрермен жиналған іс-шара орыс тілінсіз өтті. Бұдан бұрын он адамның басы қосылған жиын-той болса ұйымдастырушылар мемлекеттік тілді бір жаққа сырып қойып, Ресей тілінде сарнайтын еді. Әсіресе, осындай спорттық шараларды орыс тілінде өткізбесе көңілі көншімейтін.

Ал біз сөз етіп отырған футзал тойының ашылу рәсімі тек қазақ және ағылшын тілінде өтті. Арасында жүргізуші Мәдина Сәдуақасованың орысшасы тасып, бір-екі ауыз сол тілде сөйлегенін ескермесек, тіл мәселесі көңіл көншітерлік болды. Тіпті, қазақшаны бастауыштық деңгейде ғана білетін министр Ерлан Сағадиев те сөзіне бір ауыз орысша қосқан жоқ. Обалы не керек, орысша қоспаған соң «Қ» мен «Ұ» дыбыстарын таза дыбыстай алмағанын елеген де жоқпыз.

Бұрындары басшыларға сөз беріле қалса «құрметті отандастар» деп бастап, әрі қарай орысша сарнап, сөз соңында «рақмет» деп аяқтау сәнге айналған еді. Бүгін де басшылар сөзін қазақша бастағанда қашан орысша жалғап әкетер екен деп күдіктенген едік, бізақ, біз күткендей болған жоқ. Әрине, бұған біз қуанбасақ қарсы болған жоқпыз. 17 елдің өкілдері қатысып жатқан бәсеке болғандықтан ағылшын тілінсіз болмайтыны белгілі. Кез-келген халықаралық дода ағылшын тілінде және отағасы елдің тілінде өтпек.

Біз осы шараның басты ұйымдастырушысы Бауыржан Байбекке алғыс айтқымыз келіп отыр. Алып шаһардың екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған әкім еліміздегі ең беделді саясаткерлердің бірі екені сөзсіз. Бұл беделді Бауыржан Қыдырғалиұлы ешкімнен сұрап алған жоқ. Өзінің елге жақындығымен, еңбекқорлығымен қол жеткізді. Мысал үшін айта кетейік, Бауыржан Байбек ел көзіне «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып жүрген кезінде түсті. Бірақ, болашақ әкімнің сол кезде қазақ тілін еркін сөйлей алмайтынын екінің бірі білетін. Еркін сөйлей алмайды дегенде айтпағымыз, таза қазақ дыбыстарын айтуда сәл қиналатын еді. Ал қазір ел алдына шыққанда бала күннен қазақ тілінің қаймағын қалқып ішкен хас шешенше шешіліп сөйлейді. Бұған біз бүгінгі ашылу салтанатында тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық.

Қазақтың қазақша сөйлегеніне бола тақиямыды аспанға атып алақайлағанымыздың сәл оғаш екені шын. Бірақ, біздің елде осының өзі үлкен жетістік. Әйтпесе, ширек ғасыр бойы білдей министрлікті басқарып отырса да әлі күнге ана тілінде сөйлей алмайтындар толып жатыр. Немесе, қазақ тілінде «мыңқ» дей алмаса да облыс пен қаланың майлы жілігін мүжіп отырған әкім-қаралар қаншама?! Солармен салыстырғанда Алматы әкімінің әрекеті айға ұшқандай ерлік екені сөзсіз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505