Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 6570 7 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 07:15

Атырау жастарын кім қаруландырып отыр?

Атырау облысы бойынша қазақ жастарының бір-бірімен қырық пышақ болып қырылып төбелесуі үлкен бір өзекті мәселеге айналып отыр. Тіпті жас болғанда да бесіктен шыққан белі әлі қата қоймаған, аузынан ана сүті құрғамаған уылжыған жас өспірімдер!  Бұларды әлі енесін еміп жүрген лақтар десе де болады. Бұларға әлі әскерге бару да ерте, бұлар әлі мектеп қабырғасында жүрген оқушылар! (Оқушы дейін десең қандықол қылмыскерлер).  

Ал осы балаларға сонша қатыгездік пен айуандықты үйретіп жүрген кімдер? Ата-ана ма, әлде қоғам ба? Баланың қоршаған ортасы ма, әлде түрлі бағыт-бағдар сілтеп отырған шектеусіз әлеуметтік интернет желі ме? Балалар арасына түйіні шешілмейтіндей жік салушы кімдер? Бұл балаларды шолақ мылтық, пневмат секілді түрлі тапаншалармен қаруландырып отырған кімдер? Тек қаруландырып емес, бұларды қаржыландырып отырған кімдер? Тұтас бір ауылды бөлшектеп, оған атау беріп отырған кімдер? Бұлардың артында қандай күш, қандай идеология иелері отыр? Бұлардың артында бимәлім бір күш иесі болмаса жұмысы жоқ, қалтасында көк тиын қара бақыры жоқ жас бала қаруды қолға қалай түсіреді? Бұлардың артында "ұсталып қалсаң көмек береміз, тиын жинаймыз, шаруаны шешіп тастаймыз" деген бір сенімді күштер бар. Өздерінше баяғы ортақ түсінік, "общековски понятия".

Бұлардың қырылыстары не жер дауы, не жесір дауы емес. Ұлтшылдық пен елдікке титтей де қатысы жоқ. Мықты болса, басшыларының (гловарь-вожактарының) титтей де намысы болса жер дауына араласар еді ғой, елі үшін күресер еді ғой. Жүгенсіз кеткен жастардың ел тыныш, айдың аманында бір-бірін аяусыз соққыға жығып, соңы өлтіріп, жер жастандырып жүргендері еріксіз қабырғаңды қайыстырады екен. Қанша шаңырақ опат болды, қанша ата-ана қайғыға батып қара жамылды. Жастар суицидтен бір өледі, төбелестен және өліп жатыр. Осыларды бақылап, осы жастарға анализ жасап отыратын ұйым не орта бар ма ?

Мысалы, Құлсарыда 1 мен 3-ші ықшамаудан қатар орналасқан. Бар болғаны ортасын бір ғана асфалть жол бөліп тұр. Әлде бұлардың өмірлік "қыжақтарына" сол қара сызық себеп болып тұр ма? Онда жолды сүріп күреп тастайық не ақпен сырлап тастайық! Мысалы, өзі алақандай 1 ықшамудан үшке бөлінген. Арғы басы "Шанхай" деп аталады. Бұл атау Ақтөбе қаласында да бар. Бұл Шанхай атауы Қызылқоға ауданы Сағыз аулына да кіріп кеткен. Сағыз, Мұқыр, Миялы ауыл жастары да бөлініп-бөлініп алып бір-бірін асқан қатыгездікпен қырып жатыр. Қанша жас қыршынынан қиылып о дүниеге аттанып кетті. Қаншасы өмірлік мүгедек болып қалды. Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында да осы көрініс, ол жақта да өлген жастарымыз бар.

Біздің ел Ливан ба, Сирия ма? Мынаған бір тоқтау бар ма? Мына шайтани жауынгерлерге, яғни ібілістің әскерлеріне шектеу қоятын біреу бар ма? Шанхай деген не? Біз кімбіз сонда? Шанхайшылар кімдер? Ауылдың беделді, намысты азаматтары қайдасыңдар? Ауылда көнекөз қария, ақсақал-абыздарымыз бар ма? Ең болмаса, баяғыша айтқанда "авторитет, смотрящий" сияқты біреулерің бар ма? Хабарлассаңдаршы, бас қосып жоспар құрайық!

Біз қазір тыныштықта отырған елміз! Бірақ, былай да бола бермейді. Алдымызда бізді небір сын сағаттары күтуде. Ертеңгі күні артымызға ереді деген, ертеңгі күні біздің ұлан-байтақ жерімізді, ел-халқымызды қорғайды деген жастарымыз бір-бірін аяусыз қызыл қан қылып қырып жатса, онда мына түрмен 2050 ге дейін жер бетінен қазақ ұлты жойылып кетер қаупі бар екен. Жастардың бір-бірімен итше қырылысып шыбынша өлуі ешкімді алаңдатпайтынына таңым бар. Қырылып жатқан балалар біздің соңымыздан ерген жас буындарымыз емес пе? Бұлар өз қазақ, өз мұсылмандарымыз емес пе? Бұлар біздің ұрпағымыз емес пе? Сонда мына төбелес, мына өлімге бей-жай қарап отыра беруіміз керек пе?

Мына келеңсіздікті ел-халық болып қолға алайық, күшпен болса да тоқтатайық! Қайта ауыл мен ауыл төбелестері түсіндірме жұмыстары жүргізілуі себепті тоқтады. Әйтпесе, бұрын сайдың ішіндегі төбелестер сай сүйегіңді сырқырататын еді. Ал енді, алақандай ықшамаудан төбелестерін тоқтата алмасақ не болғанымыз? Арты қайғылы төбелестер болмашы нәрседен бастау алып отыр. Біреуі "не" дейді, екіншісі "же", бітті, отқа тамызық құйылды дей бер. Неге екі есек үшін түгел ауыл бір-бірімен қырылу керек? Екеуі жекпе-жектен қорықса о бастан құйрықтарын қысып жүрмей ме? Ал енді екі тарапқа да қолдау білдірушілер, ерушілер, бошықтырушылар: "мен досымды сатпаймын, мен ол үшін тұрамын" - дейтіндер. Тұрады дейін десең, полиция табалдырығын аттаған сәттен-ақ бір-бірін сата жөнеледі, бірден өз қара басын қорғауға көшеді, сол үшін түрлі тәсілге барып жала да жабады. Сол ма мықтылық? Біз мынандай қоянерлермен қайда бармақпыз? Ел сенген ерлеріміздің қылықтары мынандай болса, болашақ расында да бұлыңғұр екен

Тұрар Шапқара

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564