Жұма, 29 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 16819 15 пікір 27 Тамыз, 2018 сағат 10:15

Көлгіновтің Исатай-Махамбет ескерткішін «заправканың» қасына орнатуы - әруақты қорлау!

22 тамызда «Abai.kz» ақпараттық порталына "Пушкинге ескерткіш қойған Орал Махамбетке бюст те орнатқан жоқ" атты мақала жариялаған едім. Сол мақалама Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жауап беріпті. «Оралда Исатай мен Махамбетке ескерткіш тұрғызылады» деген жауап менің жариялаған мақаламдағы орын алып отырған кемшілікті  жоққа шығарғысы келіпті.

Исатай мен Махамбет ескерткішін Оралда орнату әбден жыр болды.  Жергілікті әкімдер мен депутаттар «қос батырға ескерткіш саламыз, орны  дайын деп» талай рет халыққа елдің алдында, жиындарда және ақпарат құралдарында  уәдені үйіп-төгіп келеді. Ақпарат құралдарын ақтарып қарасаңыз толып тұр. Мысалы:  2016 жылы «Оралда Исатай-Махамбетке ескерткіш бой көтермек» деп мақала жарияланған болатын. Енді бір-екі сөзі ғана өзгеріп «тұрғызылатын болды» деп, сол әңгімені биыл тағы да  жазып отыр. Қанша ірі көлемде мақала жазылса да, облыс басшылары ел алдында уәдені үйіп төксе де, «Тәуелсіздік алдық. Өшкеніміз жаңғырып, жоғалғанымыз табылды»  деп төс қаққан 27 жыл ішінде Оралда ешқандай Исатай-Махамбетке ескерткіш ортанылмағаны нақты шындық қой.  Олар қалайша  ақиқатты  мойындамайды соған таң қаламыз, ренжиміз.

Облыс әкімдігі енді амалсыздан халықты алдарқату үшін эскиздік жобаларын салып, «Оралда Исатай мен Махамбетке ескерткіш тұрғызылады»  деп жанталаса жауап берген. Облыс әкімдігі берген жауап соңында «Abai.kz» ақпараттық порталының редакция қызметкері: «Талғат Қатауов облыс әкімінің аузымен айтылып, онсыз да салынғалы жатқан ескерткішті жоқтап мәселе көтеруі білместік пе, жоқ әлде саяси ұпай жинаудың жолы ма? Бұл жайды автордың арына аманаттауды жөн санадық» деп жазғанын қалай түсінуге болады. Мен бір ұпай жинайтындай саяси сайлауға түсіп жатырмын ба? Ешқандай партияда емеспін, тек ұлт мүддесі үшін күресіп келе жатқан азаматпын.

«Онсызда салынғалы жатқан ескерткішті жоқтап мәселе көтеру білместік пе» деп жазыпты. Осы сөзді жазып отырған журналист Оралдағы Исатай-Махамбет ескерткішінің көп жылдан бері дауға айналып келе жатқанын, айта-айта жауыр болғанын қайдан білсін және Исатай-Махамбет ескерткіші туралы мақала жазылса немесе әкім айтқанда орнатылса 27 жыл бойы салынбай ма? Осыны білмеді ме екен? Нақты орнатылған ескерткіш немесе бюст пен әлі белгісіз тұрғызылмаған  жобаның арасы жер пен көктей. Ал егер осы кезге дейін Оралда шынында Исатай-Махамбетке ескерткіш тұрғызылып, өтірік жазсам, сотқа берсін, еш өкпем жоқ!

Және бұл жобаның  арты тағы да сиырқұйымшақтанып, біреулер қомақты қаражатты  жымқырып арты дауға айналып кетеді деп қорқамыз.  Олай дейтінім, облыс әкімдігі  осы кезге дейін  (2012, 2013, 2016 жылдары ) бірнеше рет Орал қаласының теміржол вокзалы және Махамбет есімі берілген қара шаңырақ – Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне қарсы алаңға, тағы басқа жерге Исатай-Махамбет ескерткішін орнатпақ болып, ескерткіштің жоба-жоспары дәл осылай жасақталып, жобаның сметалық құнына қомақты қаржы бөлініп, (мұны тіпті Үкімет бекіткен болатын) соның бәрі жоқ болды. Ол туралы ақпарат құралдары уақытында жарыса жазды да. Ал енді сол кездегі Батыс Қазақстан облыс әкімдері мен халық қалауларының Исатай-Махамбет ескерткішін Орал қаласының қақ төріне орнату туралы  шығарған шешімдері мен қаулылары,  халықты алдап айтқан уәделері және мақтанып көрсеткен жобалары қайда? Сол сияқты мына жобаларының соңы тағы да түсініксіз жағдайда сиырқұйымшақтанып, қаулы мен шешімдері тағы да архивтің шаңында көміліп  қалулары әбден мүмкін. Халық осының барлығын біліп ашынып отыр және сол себепті  қазіргі жергілікті билікке де сенімсіздік танытуда.

Ал енді облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жіберген ЕСКЕРТКІШ ЖОБАСЫНА ТОҚТАЛАЙЫҚ!

«Исатай мен Махамбет батырларға арналған атты композиция» ескерткішінің эскиздік жобасы және ең бастысы, ең маңыздысы - оның болашақта  тұрғызылатын орны  халықтың көңілінен еш шықпайды.  Және жобада үлкен кемшіліктер ойып тұрып орын алған. Облыс басшылары мен депутаттар ЕҢ БАСТЫСЫ, ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ - Исатай-Махамбет ескерткіші тұратын жерінің үлкен рухани-тәрбиелік маңызы бар екенін естен шығарып алған. Ескерткіштің  болашақта тұратын орнына  халық мүлде қарсы, ол туралы әлеуметтік желіде көптен  халық, өңіріміздің  тұрғындары,  оралдықтар және жергілікті   зиялы қауым өкілдері өз наразылықтарын білдіруде.  Солардың  бірегейі Қазақстанның құрметті журналисі, елге сыйлы асыл азамат  Тихон ӘЛІПҚАЛИ ағамыз  22 тамызда  өз фейсбук парақшасына: «Бұрынғылар Исатай мен Махамбеттің өздерін өлтірсе, қазіргілер рухтарын қудалап, тыншытпай жүр...» деп үлкен көлемді мақаласын жергілікті басшыларға ашына,  тігісін келтіріп дәлелмен жазған. Аузы дуалы ағамыздың сөзі менің мақаламда жазған жағдайларға және осы сөздеріме  дәлел болады. Осылай ашына, батыл  жазған Тихон ағамыздан  артық не айтуға болады.

Қос батырға БҚМУ алды немесе жаңа шағын аудандағы Тұңғыш Президент есімі берілген алаң өте қолайлы

Елбасы есімі берілген алаң немесе БҚМУ-дың алдындағы демалыс бағы қос батырға ескерткіш орнатуға өте қолайлы және үлкен тәрбиелік маңызға ие.  Өйткені, көптеген оқу орындарының, студенттер жатақханаларының,  мемлекеттік мекемелердің  тоғысқан  жері  және  1 мамыр мен 9 мамыр т.б.  жалпыхалықтық мереке кезіндегі шерулер осы жерден өтеді, сол себепті  бұл жерге  жастарда, студенттерде, үлкендерде және  қонақтарда  жиі келеді.  Исатай мен Махамбеттей қос батырдың тұлғасы Орал қаласының дәл төрінде  асқақтап тұрса, халыққа рух, күш-жігер және жастарға патриоттық сезім берер еді.  Қаладан 12 шақырым жердегі анау айдалаға кім барады, айтыңызшы?

Мүсіннің жобасы көңілден шықпайды                 

Ғалымдардың зерттеуінше ұлт-азатттық көтерілісті басу үшін Орынбордан шыққан подполковник Гекенің  губернаторға жазған,  мұрағаттарда  сақтаулы  хатында  Исатай мен Махамбетті еңселері биік, денелері  еңгезердей деп, тұлғалары арқылы өзгелерден ерекшеленіп тұрады деп суреттейді. Батырлардың соғыста  жауға шабатын арғымақтары  (Тайбурыл мен Байшұбар т.б.)   қандай болғандарын мектеп жасындағы бала да біледі.

Ал, жобада салған батырларды шілмейтіп қойған, бозбаланың дене пішіні секілді. Ал астындағы аттары (тайға ұқсайды) соғысқа жарамайтын аштықтан шыққан көтерем аттар секілді.Тіпті ондай аттармен осы күндегі жастарымыз аударыспақ та ойнамайды.  Құйрығы шолтиған тай ма немене өзіміз түсінбедік?!

Ата-баба салты сақталмаған

Ата-бабамыз тізгінді сол қолмен, ал қасиетті домбыраны оң қолмен ұстаған.  Бұл жобада керісінше, оң қолымен тізгін ұстаса, сол қолмен киелі домбыраны ұстап тұр.

Бұл жерде жоба жасаушылардың ешқандай ұлттық сезімдері байқалмайды. Әйтеуір  мүсінді салу керек деген мақсатпен, ата-баба салтымызға, тарихымызға үңілместен, тек өзінің қияли фантазиясымен ғана сала салғаны көрініп тұр.  Өйткені, бұл жобада  рухтық, батылдық реңк көрінбейді,  патриоттық сезім сезілмейді.

БҚО Мәдениет басқармасына!

БҚО Мәдениет басқармасы фейсбук желісіндегі жауабында «Батырлар ескерткішінің көлемі өте биік,  сол себепті БҚМУ-дың  алдына орнатуға келмейді»   деп жауап беріпті.  Сонда не көк аспан жарамаған ба? Олардың 13 метр биік ескерткіштері  күнге тиіп, күн жерге құлап қалмайтын шығар. Арабияда биіктігі 1080 метр ғимарат салды ғой, одан аспан жерге құлап түскен жоқ. Және  БҚМУ-дың қазіргі Құрманғазы мен Дина ескерткіші тұрған жер  65-70 метр шамасында, яғни бұл жерге ескерткіш орнатуға нақты келеді. Оған дәлел осы кезге дейінгі жобада қос батырдың ескерткіші БҚМУ-дың алдындағы алаңға орнатылатын болып келісілген және ол жобаны Үкімет кесіп-пішіп бекіткен болатын.  Енді аяқ асты келіп ескерткіш  БҚМУ-дың алдына сыймайды деулері және қаланың төрінде орын жоқ деулері, онсызда Оралда қос батырға арналған  ескерткіштің дауы ұзаққа созылып, әр жобаның арты түсініксіз жағдайлармен тоқтап қалғаны халықты одан әрі  ашындыруда. Егер БҚМУ алдына жоба келмесе, мәдениет басқармасы айтқандай ескерткіш сыймаса Үкімет бекітпес еді ғой.  Онсызда Оралда  қос батырға арналған  ескерткіштің дауы ұзаққа созылып, әр жобаның арты түсініксіз жағдайлармен тоқтап қалғаны халықты ашындырып отырғаны рас.

Түйін: Көлгіновтің Исатай-Махамбет батырдың  мүсіндерін қаладан 12 шақырым жердегі айдалаға және жанар-жағармай құятын бекеті қасына орнатуы - аруақты қорлау! Исатай мен Махамбет  өте еңселі, аруақты адам болғандарын естен шығарып алғандай!

Құрметпен, Талғат Қатауов

Орал қаласы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3592