Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Біздің шенеунік 13119 39 пікір 18 Қазан, 2018 сағат 11:00

Дариға Назарбаева: "Орыс тілін ұмытпай, қытай тілін үйреніңдер"

Алматыда қалалық белсенді жастармен кездескен Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева қашанғы әдетіне басып елді ауызына қарататын бірқатар мәлімдемелер жасады. Елдің жай-күйін жақсартудың жалғыз жолы шетелге жалтақтау деп білетін Дариға ханым алматылық жастарға жатпай-тұрмай қытай тілін үйреніңдер деп кеңес берді.

- Қытай тілін оқыңдар. Мен мұны қадап айтамын. Ұлтшыл патриоттар мені осы пікірім үшін сөгіп жатады. Бірақ, болашақ сонда деп ойлаймын. Қытай нарығының мүмкіндігі шексіз. Халқының санын айтсаңызшы. Қандай іс бастамаңыз, миллиардер болып шыға келесіз, - деп тамсанған сенатор Қытай нарығында миллиондар шашылып жатқанын айтып жиналған жастардың ауызының суын құрытты.

- Орыс тілін ұмытуға болмайды. Біз ортақ экономикалық, кедендік аймақтамыз. Шекара арқылы да еш кедергісіз өтуге болады. Бұл - үлкен артықшылық, сондықтан оны пайдалана білуіміз керек. Кез келген істі қолға алғанда осы нарықтардағы сұраныс туралы ойлану керек. Одан бөлек, бұл - бейбітшілікті сақтаудың ең жақсы тәсілі, - деп жалғады сөзін Дариға Назарбаева.

Көріп отырсыздар, Дариға ханым жастарға "өз ана тілдеріңді үйреніңдер" деп жақ ашқан жоқ. Орыс тілін ұмытпай, қытай тілін үйреніңдер деді. Әрі осы алтынға бермес ақыл-кеңестерінің бәрін өз түсінігінде мүлде ұмытуға болмайтын тілде айтты. Салауатты сенатордың осы сөздерінен кейін онсыз да сәл ғана демеп жіберсең шетелдік болып кетуге бейім жүрген жастар ойланып-ақ қалғаны рас. Ойланғанда - болашағымды қай шетелмен байланыстырсам екен деп бас қатырғанын айта кетейік. Ойланбағанда қайтеді, қытай тілін білсе миллиардер болып кетуге мүмкіндік мол екен. Ал орыс тілін білсе шекарадан өтуден еш қиындық көрмей, кедендік аймақ деген «өте үлкен» кеңестікті еркін шарлайтыны тағы бар.

Негізі Дариға Назарбаеваның қазақстандықтарды қытай тілін меңгеруге шақырып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Онсыз да Қытайдың елімізге ықпалы жылдан-жалға ұлғайып келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Дариға ханымнан дәріс алғандар ертең Қытай коммунистері Қазақстанға келсе, қызыл ту көретіп шығып күтіп алатын шығар мына түрімен.

Сенатор Алматыдағы кездесу барысында сөз еткен тағы бір тақырып балаларға жыныстық қатынас жайлы 11-13 жастан бастап үйрету болды. Қазақтың ғасырлар бойы «ұят болады» деп тәрбиелеп келген баласын Дариға ханым ұятсыздықпен тәрбиелемекші көрінеді.

- Қаншалықты ертерек бастасақ, соншалықты жақсы нәтиже береді. 18 жасты күтіп отыра бермей, 11-13 жастан бастап контрацепция туралы түсіндіру керек. Себебі кеңестік кезде болмаған жыныстық қатынастың жарнамалары қазір ғаламторда толып тұр, - деген Дариға Назарбаева шетелдегі тәжірибені мысалға келтіре отырып, балалардың санасын ерте жастан ояту керектігін алға тартты. Күнде бола бермейтін кездесу сәтінде сенатордың жастарға отбасын жоспарлау мен сақтап қалу туралы ақыл-кеңес айтқаны әбден орынды. Алайда халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған әдебін қайырып қойып, ата-ана бесіктен белі шықпаған баласымен жыныстық қатынас жайлы ашық әңгімелессін деп кесіп-пішудің керегі жоқ еді деп есептейміз.

Тырнақ астынан кір іздегеніміз емес. Халық ел алдында жүрген тұлғалардан үлкен үміт күтеді. Биліктегі кісілер елдің жыртығын жамап, қисығын түзесе екен дейді. Алайда білдей сенатор біздің жастарға не үйретіп жүр деген сұрақ мазалайды. Дариға Назарбаеваның жастармен кездесу барысында ізденіс пен іскерлік, оқу мен білім, талап пен мақсат - осының барлығы жастар бойынан табылуы тиіс асыл қасиет деп бастаған кеңесіне қуана құлақ қойған едік. Бірақ ол кісінің осы асыл қасиеттердің бәрін қытай мен орыс тілін үйренуге теліп қойғанына наразылығымыз бар.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

39 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499