Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 21143 46 пікір 11 Желтоқсан, 2018 сағат 11:54

Барыстың бүкіл Қазақия елінің символына айналатындай не қасиеті бар?

Барысты атам қазақ ежелден киелі санаған. Қарауылға алмаған, қақпан құрмаған. «Алма апаннан аланды,таутан ұрар балаңды» деген мәтел сол кездерден қалса керек. Аталарымыз ежелден барыстың баласын – алан, ал ұрғашысын – таутан деп атаған. Егер, алда-жалда қолдарына барыс терісі түсе қалса, үлкен отаудың төріне іліп құрметтеген. Аталарымыз қай жылы, қай таудың жартасынан барысты көріп қалғандарын жыр қылып айтып отырар еді. Сонда деймін-ау, осы аң қай қылығымен, не қасиетімен қазекемнің жүрегін жаулап алды екен? Бүтін бір Қазақия елінің символына айналатындай не қасиеті бар екен?

Мүмкін, тек қырандар қонақтаған тау биіктерін мекендеген пандығы үшін шығар. Азығын тек қана арқар мен таутеке, ұлар мен кекілік қиялаған орта және биік тау бөктерінен айырған барыс тышқаншылап төменге түспейтін аң.

Әлде, табанына топырақ тимеген, қолқасына шаң кірмеген, ауызына өлексе еті тимеген бекзаттығы үшін бе екен? Буын бұрқыратып қазір алған аңының етіне бір тойған барыстың ол жемтігіне қайта айналып соқпайтын мәрттігі бар. Ол жемтік енді құзғын-қарғаның нәпақасы.

Әлде, оның асқан жүректілігі мен ерекше айлакерлігі үшін бе екен. Сом білекті, өте қайратты барыстар өзінен 3-4 есе үлкен құлжа, маралдарды ебін тауып лақша домалататын. Дүлей күшті тағылар жай оғындай болып осы жыртқыш соққанда қайрат көрсете алмай тыпырлап жатар еді.

Әлде, мүмкін, бұл аң аталарымыздың жаның саф алтындай сиректігімен, санының аздығымен баураған болар? Аң әлемін зерттеуші ғалымдар бұрнағы жылдары біздің тауларда 180-200 бас барыс мекендейді деуші еді. Енді, міне 120-130-дан аспайды, саны азайып барады деп байбалам салуда. Анықтама-танымдық мақалаларды парақтасақ: «Барыстар ақпан-наурыз айларында жұптасып, жаз шыға 2-3, кейде 4 аланға дейін дүниеге әкеледі» деп жазылыпты. «Әйткенмен аңның бұл түрі аз зерттелген, сирек кездесетіні, мекендейтін аумағының зерттеу жұмыстарына қолайсыздығы қолбайлау болып отыр» деп жазылған.  «2-3 кейде 4 алан». Япыр-ау 180-200 бас барыстың тең жартысы таутаны болса, оның әр-қайсысы жыл сайын кемінде егіз тапса, осы уақытта олардың саны мыңнан асатын уақыт болды ғой. Міне, осы сұрақ ғалымдардың да, табиғат жанашырларының да басын қатырып, жүрегін ауыртуда...

Халық айтса – қалып айтпайды. Аспан әлемінің, бүкіл табиғаттың, аң мен құстың түр-сыйпатын, өсу-өзгеру заңдылықтарын танып, тап басып айтып кеткен дана халқымыз бұл сұрақтың да жауабын аңызға арқау қылып қалдырған сияқты. Аңыз түбі – ақиқат. Ендеше соған құлақ түрейік:

18 мың ғаламды даналықпен жаратқан Жаббар Иеміз күллі аңдарды жыйыпты дейді. Өзі жаратқан әрбір махлұққа өмір сүрер ортасын, ауқат қылар риздығы мен төл санын, жүктілік уақытын тағайындапты. Сөйтіп, кезек барысқа да жетіпті. «Мекенің қарлы құз, биік таулар болсын. Азығың таза қанды тау аңдары мен құстары болсын. 12 жылда бір рет қыс айында төлдейтін боласын.» депті Жаббар Иеміз. Сонда таутан былай деп мұңын шаққан екен: «Ей, Жаратқан, мекенім жақпарлы-жартасты тау биігі болса, 12 жылда бір-ақ рет, оның өзінде қақаған қыста  төлдер болсам, бара-бара менің тұқымым құрып кетеді ғой, рақым етіңіз?». «Оған алаңдама, сен төлдеген жылы қыс жылы болады!». Осылай деп Жаратқан барыстың таутаның жұбатқан екен дейді. Және уәдесіне берік Алла Тағала барыс төлдейтін жылды аязсыз, борансыз қылып беріпті.

Табиғат сырларына жетік аталарымыз барыс төлдейтін, 12 жылда бір келетін осы жылды – Барыс жылы деп атапты. Және осы жылы қыс қаһарынан қорықпай ішкі тау бөктерлерін емін-еркін қыстай беретін.

Сонымен, хош, осы бір ақтанкер теңбіл-шұбар тау-тағысынын санын қалай көбейтеміз? Оларға қандай жағдай жасап, қандай мемлекеттік бағдарламалар қабылдағанымыз жөн. Қалай болса да, осы мәселені мемлекет деңгейінде көтеріп, ел болып қолға алатын уақыт жеткен сияқты.

Берікбол Сыдық, Талдықорған қаласы

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3582