Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 6970 0 пікір 30 Сәуір, 2011 сағат 04:31

Мәмбет Қойгелді: «Тарихты тұлғалар жасайды»

- Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі кең ауқымда тойланғалы отыр. Бұл аралық тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, түйін жасайтын, ой қорытатын мәселелер аз емес. Сол себепті әңгімеміздің әлқиссасын тәуелсіздіктің билік пен халық арасындағы көрінісінен бастасақ деймін.

- Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі кең ауқымда тойланғалы отыр. Бұл аралық тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, түйін жасайтын, ой қорытатын мәселелер аз емес. Сол себепті әңгімеміздің әлқиссасын тәуелсіздіктің билік пен халық арасындағы көрінісінен бастасақ деймін.

- Дұрыс-ақ, тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі жетіп артылады ғой. Ол көзі қарақты жанның бәріне мағлұм. Тәуелсіздікті ресми түрде жариялау бар да, мемлекеттіліктің іргесін нығайту бар. Бұл біраз уақытты талап етеді. Мемлекеттілігіміз уақыт өткен сайын қалыптасып келе жатыр. Оның қалыптасу барысында өзіндік кемшіліктері болуы мүмкін, алайда өз бағытымен келеді. Біздің үлкен жетістігіміз осы. Шынымен, мемлекеттілігі жоқ халық - жетім халық. Бұл 1917 жылғы қазан революциясына дейінгі қазақ елінің жүріп өткен жолын негізге алып Әлекеңнің (Әлихан Бөкейхановтың) жасаған тұжырымы. Кеңестік кезеңдегі жетпіс жылдық тарихымыз Әлекеңнің бұл жасаған тұжырымының толық негізі екендігін көрсетіп берді. Мәселен, 1917 жылдың қарсаңында қазақ халқының саны 5,5 миллионнан асып түскен. 1921-1922 ж.ж. және 1931-1933 ж.ж. аштық нәтижесінде халық жартысынан астамын жоғалтты. 1959 ж. халық санағы бойынша Қазақстандағы қазақтардың саны 2,7 млн.-ға түсті. Бұл сандық фактілер кеңестік биліктің өзінің алғашқы жиырма жылдығында қазақ халқының өміріне қаншалықты «жағымды» ықпалы болғандығын көрсетіп-ақ тұр. Бұл цифрлік фактілерге түсінік берудің өзі артық. Жан-Жак Руссоның: «Халықты сандық тұрғыдан азайтып, азып-тоздырған билік ең нашар билік» деген сөзі бар.

- Санның сапаға әсер ететіні тағы белгілі емес пе?

- Ал мәселенің сапалық жағын алсаңыз, ұлт өмірінің қаншалықты терең дағдарысқа ұшырағандығына көзіңіз жете түседі. Халық өзінің белсенді басқарушы тобының (саяси элита) екі бірдей буынын жоғалтты. Олар мақсатты түрде жүргізілген саяси репрессияның құрбаны болды. Бұл екі бірдей буын ғасыр басындағы ұлттық сілкіністің, жаңғырудың нәтижесі еді. Олармен бірге ғасыр басындағы зиялылардың азапты рухани ізденісінің өтемі ретінде өмірге келген ұлттық идея да тұншықтырылды, күнделікті қолданыстан шығып қалды. Міне, осындай қоғам басына түскен ауыртпалықтың адамдардың жеке тұлғалық болмысына тигізген жағымсыз әсерін ешкім де арнайы ғылыми талдауға алған емес. Алдындағы екі бірдей жігерлі де шыншыл буынды баудай түсірген саяси жүйенің беталысын байқаған кейінгі буын енді билікке ұнау, оның талап деңгейінен шығу жолына түсті.

- Тәуелсіздік туралы әңгімеге қайта оралсақ. Халық пен биліктің ара-қатынасы қазір қай деңгейде?

- Соңғы жиырма жылдықта қазақ мемлекеттілігі жақсылы-жаманды қалыптасу үстінде. Оны мойындауымыз керек. Бірақ оған қандай мазмұн береміз? Әңгіменің төркіні осында. Оны немен толтырамыз? Біз үшін ол басты мәселе. Сондай-ақ бұл екі жаққа бірдей артылған жүк, яғни қоғамға да және билікке де. Үйлесімді әрекет жасау - екі жаққа бірдей артылған міндет. Мазмұн толтыру мәселесі. Мәселен, ұлтта: «мына мемлекет менің мемлекетім, мына билік менің билігім. Бұл билік менің мүддеме сай қызмет атқарады. Сондықтан оны мен қолдаймын, қорғаймын» деген сана қалыптасқаны абзал. Өйткені патша өкіметі, кеңес өкіметі тұсында халық пен биліктің бір-бірінен алшақтау процесі жүрді. Бір-біріне сенімдері болмады. Патшалық билік те, кеңестік билік те қазақ халқына сенген жоқ. Асқар Сүлейменовтің «Бесін» атты повесінде осыған қатысты мындай түйін бар: «Халық пен биліктің арасынан қара мысық өткен бе?» Сәруардың әкесінің айтқан сөзі. Түсініспеушілік негізінде алшақтық пайда болу деген сөз бұл. Өзара жатсынудың салдары. Қысқасы, қоғам мен билік өзара үйлесім тапқанда ғана мемлекеттің асығы алшысынан түседі.

- Жоғарыда сіз айтқан азаматтардың бойына «менің мемлекетім», «менің билігім» деген ұғымды ұялату үшін қандай шаралар атқарылуы керек?

- Ең басты мәселе, халық пен билік арасындағы алшақтыққа жол берілмеуі қажет. Ол үшін билік халыққа риясыз қызмет жасайды. Халықтың мүддесін қорғау, әлеуметтік жағдайын көтеруге мақсатты бағдарламалық шараларды іске асыру... Сонда халықтың санасында «менің мемлекетім», «менің өзімдікі» деген жауапкершілік оянады. Осы процесс жүруі қажет. Екі жақты бірдей. Әсіресе, билік жақтан белсенділік мейлінше жоғары деңгейде болғаны дұрыс-ақ. Мақсатты мемлекеттік билік -  ұлтты қалыптастырушы фактор. Өйткені, ол ұлттың тұлғалық сипатына ықпал жасай алатын күш. Бұл ретте мемлекет - ұлт өмірінің локомотиві. Сол сияқты жауап сезім, жауап қадам, әрекет ұлт жағынан да болады. «Менікі» деген ұғым. Біз осы мазмұндағы жұмысқа пәрменділік беруге міндеттіміз.

- Большевиктер билік басына келісімен өз «геройларын» асқақтату үшін мемлекеттік мәшиненің бүкіл тетігін іске қосты емес пе? Санаға сіңіп кеткені соншалық, «батпандап кірген дүниені мысқалдап шығарып» біте алмай жатырмыз әлі...

- Оныңыз рас. Тарихшы ретінде есімнен кетпейді. Кеңес өкіметі большевиктер билікке келе салысымен-ақ халықтың санасында коммунистік құндылықтарды қалыптастыруды қолға алды. Мысалы, кеңес өкіметі орнай салысымен көше аттарын өздерін қолдаған революционер тұлғаларға берді. Соларға арнап самсатып ескерткіштер қойды. Соларға арналып шығармалар жазылып, фильмдер түсірілді. Спектакльдер дүниеге келді. Мұның бәрі ненің көрінісі? Кеңестік биліктің, компартияның өз құндылықтарын орнықтыру әрекеті. Бұрынғы құндылықтарды ығыстырып, жаңа құндылықтарды қалыптастыру әрекеті. Бұл - мемлекеттік биліктің ең жоғарғы деңгейде жүргізілген идеологиялық саясаты. Осы мазмұндағы әрекет біздің билік тарапынан да байқалғаны жөн. Өкінішке қарай, жаңа биліктің осы бағыттағы саясаты әлсіздеу.

- Жаңа биліктің идеологиялық саясаты әлсіз деп қалдыңыз. Ол қай тұстан көбірек көрінеді?

- Айтайын. Тарихшы болғандықтан өткен кезеңдердің куәліктерімен көбірек жұмыс жасауға тура келеді. Біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге дейінгі жолда елдік үшін, ұлт мүддесі мен құндылықтары үшін халқымыздың ұлдары мен қыздарының санғасырлық күресі жатыр. Қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен біз бірінші буын емеспіз. Бізден бұрын да талай буын өз заманына лайық күрес жолымен жүріп өткен. Сол алдыңғы аға буындардың қызметін, еңбегін, әрине, ұмыта алмаймыз. Бұл мемлекеттілігіміздің негізі болуы тиіс. Рухани, идеологиялық негізі. Бұл бағытта да істеліп жатқан жұмыстар бар. Мақсатты бола түссін деген тілек қой.

- Сонда қай тұлғаларымыз өз деңгейінде бағаланудан қағажу көріп отыр?

- Осыдан бір-екі жыл бұрын Алаш қозғалысына байланысты Балқаш қаласында конференция өтті. Сонда шақырылып, Балқаш қаласының орталық мәдениет сарайында баяндама жасадым. Сонда бір байқалған жағдай. Сол Балқаш қаласынан 40 шақырым жерде Тоқырауын өзені бар. Ә.Бөкейхановтың туған жері сонда. Балқаштан қырық-ақ шақырым жердегі Тоқырауынның бойында. Ал Балқаш қаласында Әлихан Бөкейхановты еске салатын ештеме жоқ. Большевиктердің, коммунистердің атындағы көшелер қаз қалпында тұр.

Сол жерде Балқаш қаласының әкімінен сұрадым: «Әлихан осы жердің тумасы. Мына мәдениет сарайында неге бірде-бір портреті жоқ. Неге ұлт қайраткерінің атында көше жоқ? Неге ол атаусыз қалады? Бөкейханов -  қазақ мемлекетілігін жаңғырту үшін басын қатерге тіккен, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға. Ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ мемлекеттілігінің теориялық негізін қалаушы, қазақ азаттық қозғалысының көшбасшысы. «Алаш» партиясынының негізін қалаушы. Алашорда үкіметін құрушы, төрағасы. Мемлекеттік тәуелсіздігімізге дейінгі кезеңде Бөкейхановтың ізі жатыр. Тәуелсіздік үшін күрес Әлекең бастаған буынның әрекетінен бастау алады ғой...» Бұл сөзім әлгі әкімге онша ұнай қоймады-ау деймін, селсоқ қабылдады. Одан бұрын Қарағандыда мынадай бір жағдай болды. Қарағандылық бір топ азамат қаланың қақ ортасындағы көшенің біріне Әлихан Бөкейханов есімін беруді ұсынады. Осы әңгіме шыққаннан кейін жергілікті орыстілді газеттің бір журналисі мақала жазыпты. «Бөкейханов - террорист» деген. Солай. Біздің төрімізде отырып осындай сөзге ерік береді. Осыдан кейін сол кездегі Қарағанды облысының әкіміне хат жаздым. «Әлихан Қарағанды өңірінің тумасы. Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдығына байланысты ғылыми конференция өткізейік, қайраткердің қызметі туралы жұртқа айтайық. Сіз Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоратына тапсырма берсеңіз» деп. Оған облыс әкімшілігінен тікелей жауап болған жоқ. Жауап Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің проректорынан келді. Онда «университеттің ғылыми конференциялар бойынша жасалған жоспарында Бөкейхановқа арналған конференция өткізу қарастырылмаған, жоспарланбаған» депті. Міне, бұған не дерсіз?!

- Ұлт тарихындағы дара тұлға Әлихан Бөкейхановты ардақтау барысындағы әрекетіміз осындай болса, алаштың басқа қайраткерлері туралы әңгіме қозғау артық болар?! Әйтпесе, тәуелсіздік үшін басын тіккен өткен ғасырдың өзінде қаншама тұлғалар  бар? Керісінше, елге беймәлім, кеңестік идеологияның сойылын соққандар тұғырдан әлі түсе қойған жоқ...

- Алматыда әл-Фараби даңғылынан жоғары Бағанашыл деген шағынаудан бар. Сол Бағанашылға апаратын көшеге кезінде Ф.Голощекиннің зорлықшыл саясатына ашық қолдау көрсеткен, Смағұл Сәдуақасовтың тобымен «аянбай» күрес жүргізген Н.Сырғабековтың аты берілген. Ол РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы қызметінде болған. С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ж.Сұлтанбеков сияқты тұлғаларды қудалауға алған қызметін айғақтайтын құжаттар мұрағаттарда сақтаулы. Солардың бірінде Н.Сырғабеков Голощекинге жолдаған ұсынысында «Бұдан былай Мұстамбаев біздің қатарымызда болуға тиіс емес..., сол сияқты оның идеологы  Сәдуақасов та партия мүшесі деген атақты заңсыз иемденіп жүр, ал шын мәнінде бізден (яғни коммунистерден - авт.) кеткен».

Осы мазмұндағы басқа да құжаттар баршылық. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Ы.Мұстамбаев сияқты күрескер тұлғалардың есімі көлеңкеде қалып келеді.

- Қазақ ұлтының өзіне ғана тән шектен тыс кешірімшілдігі, «өткен өтті» деген болмысы тарихты таразылауда да зиянын тигізіп отырған тәрізді...

- Бұл ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударуға тура келеді. Біздің халық ХVIII ғасырдан бері Ресей империясының құрамында болды. Қазақ қоғамына бұл мемлекеттен біраз нәрсе өтті. Қайсыбірін өзіміз қабыл алдық, қайсыбірін бізге күшпен қабылдатты... Міне, сол орыс қоғамынан үйренген бір әдетіміз - ол барлық қоғамдық мәселелердің шешімін тек биліктен күту. Бәрін билік шешуге тиіс, ал қоғам билік рұқсат берген нәрсені ғана орындай алады. Мұндай әдет халықтың шығармашылық, жасампаздық қабілетін әлсіретпек, одан жетекшіл тобырды қалыптастырмақ.

Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ісінде қоғамның белсенділігі қажет-ақ. Ол белсенділік, әрине, қоғамдық ұйымдардың қызметі арқылы көрінеді. Қазір қоғамда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үрдісі бар. Бұл халықтың шығармашылық әрекетіне қолдау көрсету.

Ресми орындар көше аттарын белгілеуде, жалпы тарихи мәселелерде ресми емес қоғамдық ұйымдармен кеңесіп, олардың пікірін ескеріп отыруға міндетті. Әкімдіктердің құрамында ондай қоғамдық комиссиялар жұмыс істейді, ұйымдастырылған. Бірақ оларға белсенділік жетпей жататыны бар. Қызметіне өмірлік ұстанымы бар тұлғалы азаматтарды тарту кемшін түсіп жатады.

- Әлихан, Әлімхан және тағы басқа да алаш қайраткерлерін насихаттауды кейбіреулер бүгінгі биліктегілерге көлеңке түсіреді деп ойламай ма?

- Мен олай ойламаймын. Бәлкім, ондай ұстанымдағы кісілер де бар шығар?! Бірақ, менің түсінігімде бұл жете түсінбеуден туып отырған жағдай. Бұл тұрғыдан алғанда, ғалымдар тарапынан, зиялылар тарапынан белсенділік жоқ деп айта алмаймын. Белсенділік бар. Жазушыларымыз да, ғалымдарымыз да айтып, жазып келе жатыр. Әйтсе де, ол билікке бірде жетсе, бірде жетпейді-ау. Өткен жылы Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Серік Біләловтың қолдауымен Қызылжар өңіріндегі тарихи тұлғалардың өмір жолы мен қызметіне арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Алматыдан, Астанадан және басқа қалалардан келіп біраз ғалымдар қатынасты. Сонда, мәселен, кезінде өз еліне білек сыбанып қызмет жасаған Ахмет Жанталин, Жұмағали Тілеулин, Есім Байғаскин, Абдолла Байтасов және басқа осы өңірде туып өскен азаматтар жөнінде баяндамалар жасалып, олардың есімін ел есінде сақтауға байланысты біраз ұсыныстар жасалды. Сол айтылған ұсыныстар жергілікті билік және қоғамдық ұйымдар тарапынан пәрменді қолдау тапса жақсы болар еді.

Біздің қоғамда өз дәрежесінде қойылып, шешімін таппай келе жатқан бір мәселе бар. Ол жергілікті жерлердегі өлкетану ісі. «Сен, өз өлкеңді, өз ауылыңды, өз қалаңды білесің бе?» сияқты мазмұндағы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі конкурстар өткізілгені абзал. Патриоттық, отаншылық сана әрбір тұлғаның өз ауылын, елді мекенін, қоршаған ортасын танудан басталады ғой. Бұл ретте бастама жергілікті әкімшілік орындарында, мектеп және басқа оқу орындары ұжымдарының қолында болғаны жөн. Жергілікті билік орындары аздаған қаржы көздерін тауып бұл шаруаға жергілікті мектеп оқытушыларын тарта алса дұрыс болар еді. Мектептегі тарих пәнінің мұғалімі сол елді мекеннің тарихына, оның жеке тұлғаларының өмір жолына қатысты материалдар жинап, ал биолог маман сол өңірдің өсімдіктер әлемі жөнінде бай материалдар жинастырып, мектеп жанынан қызғылықты да тартымды мұражай ашуға болады ғой, әрине, болады. Осы бағыттағы белсенділік жетпей жатыр.

- Қалай дегенде де, «алмас кездік қын түбінде жатпас» дегендей, ақиқат түптің түбінде өз тұғырына қонып, ұлт қайраткерлері туралы әділдік салтанат құратыны анық қой...

- Ол сөзсіз. Мысалы, Смағұл Сәдуақасов сияқты тарихи тұлға жөнінде бір ауыз сөз. Кезінде 1989 жылы партия тарихын зерттеу институтына қабылдандым. Сонда партия мұрағатында Казкрайком бюросының материалдарымен жұмыс істеуге тура келді. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы Голощекин басқарған тұста Сәдуақасовтың ізі сайрап жатыр. Арыстанның ізіндей жүріп өткен. Мен тарихшы ретінде көп нәрсені тура түсінбейтіндігіме көзім жетті. Мұрағат құжаттары арқылы Смағұл Сәдуақасовтың тұлғасымен кезіктім. Сөйтіп, ол туралы мақалалар жаза бастадым. 1990 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше нөмірінде жарық көрді. Қарасаңыз, сол кездің өзі де қарапайым кезең емес-тін. Партиялық идеологияның құрсауында, соның арнасынан шыға алмай, әрі-сәрі болып жүрген кезіміз. Содан бері 20 жыл өтті. Қазір халық Смағұл Сәдуақасовты сол кездегіден мүлдем басқаша қабылдайды. Халықтың тарихи санасы да өзгеріске ұшырады. Қоғамдық құндылықтар да өзгерді. Тарихты басқаша түсінетін, басқаша қабылдайтын жаңа буын, ұрпақ қалыптасып келеді.

Ал 1990 жылы Смағұл Сәдуақасов туралы алғаш жазғанымда қоғамның реакциясы басқа-тын. Халықтың кейбір бөлігі оған ұлтшыл ретінде, белгілі дәрежеде солшыл тұлға ретінде қарайтын. Ал қазір Смағұлды қоғам отаншыл, жаңаотаршыл кеңестік билік жүйесіне тайсалмай қарсы шыққан, саяси ұстанымы негізді, ұлт тағдырына байланысты тура бағыт ұстанған тұлға ретінде қабылдайды. Ұлттық құндылықтар үшін күрескер тұлғаға айналды. Қазіргі қоғамға Смағұл сонысымен бағалы. Сондықтан тарих ілгері жылжыған сайын ұлт қайраткерлерінің қызметі өз орнын тауып қана қоймайды, олардың қызметінің маңызы барған сайын айшықтана түспек.

- Тарихшылар әр кезеңнің, заманның оқиғалармен өрілген деректерін зерделеп, ел тарихын бүкпесіз баяндайтыны хақ. Ел тарихының әр кезеңінде кейінгіге қызметі үлгі болар тұлғалар да аз емес. Ендеше, сол тұлғалардың ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі қандай?

- Сіз әбден орынды сұрақ қойып отырсыз. Біздің елімізде қазіргі уақытта «Мәдени мұра» бағдарламасы жүргізілуде. Бұл біздің тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениет саласында атқарып отырған зор кешенді қызметі. Отан, ел тарихына қатысты біраз жұмыстар атқарылды. Ендігі уақытта осы бағдарлама аясында ХХ ғасырдағы саяси репрессиялар құрбаны болған тарихи тұлғаларға арнайы назар аударылып, түрлі ғылыми жобалар іске асырылса әбден орынды және өз уақытында атқарылған жұмыс болар еді. Мен бұл ұсынысты репрессияға қатысты мұрағат құжаттарымен жақсы таныс маман ретінде жасап отырмын. Егер қоғамдық ұйымдар тарапынан осындай ұсыныстар түсіп, оны үкімет қолдап жатса, қане.

Осы ретте біздің қоғамның рухани тазалығы үшін қажет аса маңызды бір мәселе ұмытылып қалмағаны жөн. Ол өткен замандарда билік алдында қазақ елінің жоғын жоқтап, сөзін сөйлеген орыс және басқа ұлттардың азаматтары болған. Мәселен, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары Николай Лукич Скалозубов, Тимофей Седельников, мемлекет қайраткері Орест Авеньярович Шкапский сияқты тұлғалардың есімі ел есінде сақталуға әбден лайық. Олар жөнінде кітаптар даярланып, оқулықтар мен оқу құралдарында айтылғаны орынды болмақ. Н.Л.Скалозубов өмірден қайтқанда көңіл айту жазған Әлекең (Әлихан Бөкейханов) «Бірігіп іс қылған есіл ер Николай Лукич кезегің мезгілсіз жетіп, кеткенің де! Сен кеткен соң қазақ ісінің көбі жетімсірер!» деп жазғаны бар.

Өткен ғасырдағы біздің қоғам жеке талантты тұлғаларға бай болған. Олардың өз ортасына ықпалы да зор еді. Сондай-ақ, біздің қоғамда жеке талантты тұлғаға деген сұраныс та, құрмет те жоғары болатын. Өкінішке қарай, маған осы дәстүр сәл әлсіреп қалғандай көрінеді. Өзін-өзі, өз құндылықтары мен қасиеттерін бағалай алмаған ел, табиғатына жайт басқаның қадір-қасиетіне еліктегіш келеді. Алла мұндай жолдан сақтасын.

- Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, осы уақыт ішінде мемлекеттіліктің іргесін нығайтуға үлес қосқан тұлғаларымыз да болды ғой. Бүгінгі ұрпақ солардың есімдерін де жадына тоқып өсуі тиіс қой?..

- Задында, кез келген мемлекет өз тұлғаларын құрметтеу арқылы өзінің идеологиялық ұстанымын бекіте түседі. Тарихты халық, оның тұлғалы азаматтары жасайды. Өткен тарих тағы жақсы істер бүгінге жалғасып, біз кешеден келген ұлттық игі құндылықтарымызды жас ұрпаққа бере алсақ, өмір сабақтастығы осы да.

Әңгіме тәуелсіздік мерейтойының төңірегінде өрбіп отырғандықтан, бүгінгі заман тұлғаларының да еңбегін лайықты бағалаған абзал. Тәуелсіздік туралы заңның қабылдануы сәтінде арыстандай арпалысқан Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев сияқты тұлғалардың рөлі зор болды. Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандық көрсеткен Сағадат Нұрмағамбетов қазақ армиясын қалыптастырудың да ұйытқысына айналды. Айтпақшы, ұлты бөлек болса да, қазақ тілінің ұпайын түгендеуге жанын салған Жоғарғы Кеңестің сол кездегі депутаты болған Александр Княгининге қазақ жұрты қашан да разы. Ел тәуелсіздігін нығайтуға өзіндік үлес қосқан саясаткер, мемлекетшіл тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлының орны ойсырап тұр бүгінде. Тоқетері, қазақ халқы қашанда тұлғаларға кенде болмаған. Бүгінгі біздің басты міндетіміз - соларды өз деңгейінде бағалай білу. Тарихи тұлғаларын дәріптеген халықтың алар асуы да асқақ, тәуелсіздігі де баянды болмақшы.

- Әңгімеңізге рахмет. Ұлт үшін атқарып жүрген еңбегіңіз жемісті де жеңісті болсын.

Әңгімелескен   Ғабит МҮСІРЕП

«qogam.kz» cайты

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530