Жұма, 29 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 9025 29 пікір 8 Ақпан, 2019 сағат 13:13

Денис ісінде қатал сот Жасұланға келгенде неге жұмсақтық танытады?

Өткен жылы 19 шілде күні Алматыда қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен кісі қолынан қаза тапты. Мезгілсіз мерт болған мәнерлеп сырғанаушының өлімі қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Қазақстандықтар спортшыға тілеулестік танытқан еді. Құқық қорғаушылар да тез қимылдап, қылмыс жасаған қос азаматты қолға түсірді. 

Тападай-тал түсте Тенге пышақ сұққандар 1994 жылы туған жас жігіттер болып шықты. Бұл екі азамат машинаның айнасын ұрлап ақша таппақшы болған. Олар осы мақсатын жүзеге асырып жатқанда, көлік иесі - белгілі спортшы Денис Тен оларды байқап қалып ұстап алуға әрекеттенген. Ал ұрылар Теннен қашып құтылу үшін оның санына пышақ сілтеген. Өкініштісі суық қару бата тимей, қата тиіп спортшы көп қан жоғалтқандықтан емханада көз жұмды.

Тергеу жарым жылдан аса жалғасып, биыл қаңтарда спортшыны өлтірген қос азамат 18 жылға сотталды. Қарап отырсаңыз, үш бірдей өрімдей жастың тағдыры бір айнаның себебінен құрдымға кетті. 25 жастағы спортшы жарық жалғанмен ерте қоштасты. Ал 24 жастағы екі жігіт жастық шағын жарық өмірде емес, қараңғы қапаста өткізетін болды. Бұған қоса "қылмысты мәлімдемеді" деген айыппен ұсталған жас ана 4 жылға түрмеге қамалды.

Қандай себеппен жасалса да, қылмыстың аты - қылмыс. Кісі өлтірген екен, жазасын алу керек. Өлген кім, өлтірген кім екені маңызды емес. Заң алдында бәрі бірдей. Демек, Денис Тенді өлтірген жігіттер өз жазаларын алды. Спортшыны ұрлықтарын жасыру үшін жазатайым жазым етті ме, әлде қасақана өлтірді ме, оны сот анықтады. Соған сай жаза кесті.

Осы оқиғадан кейін Шығыс Қазақстан облысындағы Қаражыра көмір кенішінде тағы бір спортшы кісі қолынан мерт болды. Көмір кезегінде тұрған жігіттер арасында жанжал туындап, нәтижесінде танымал спортшы Жасұлан Әбиев көз жұмды. 33 жастағы Жасұланның артында үш баласы жетім қалды. Оның үлкені 6 жаста болса, кішісі 1 жастан енді асқан.

Дзюдодан Қазақстан чемпионатының үш дүркін чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері Жасұлан Әлиев спорттағы мансабын сәл ертерек аяқтаған. Содан бері жеке жұмыспен айналысып, отбасын асыраудың қамында жүрген азамат қапияда көз жұмды. Қандықол қарақшылар спортшының басынан арматурамен ауыр соққы жасаған. Куәгерлердің айтуынша, Жасұлан төбелеске жаға жыртысқан жігіттерді ажырату үшін араласқан. Осы арада бірқанша жігіт оған жабылып кеткен көрінеді. Қаза тапқан спортшының қарындасы Жұлдыз Әбиева ағасына кемі жеті жігіт жабылғанын айтады.

Сол кезде Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті қылмысқа күдікті 1994 жылы туған Семей қаласының тұрғынын ұстаған. Әрі Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағы бойынша (адам денсаулығына қасақана зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Алайда уақыт өте келе қылмыстың сипаты өзгеріп кеткен. Қазіргі таңда күдіктінің әрекеті "абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа зиян келтіру" бабы бойынша қаралып жатыр екен.

Бұл туралы марқұмның анасы кеше Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтың халықпен есептік кездесуі кезінде айтты. Қайғылы ана Жасұланның өліміне қатысы барлардың жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, әкімнен көмек сұрады.

- Оны бір ғана адам өлтірген жоқ. Ол жақта адамдар көп болды. Бірақ, тек бір күдікті ұсталған. Мен ұлымның жарақаттарын көрдім. Оны не үшін өлтірді? Бұл топтық қылмыс болған, - деді ол.

Бұл мәселені естіген әкім бірден прокуратура өкілдеріне назар аударды. Олар, өз кезегінде істің сот қарауында екенін айтты. Ермак Сәлімов қылмыстық істі бақылауда ұстауды тапсырды.

Істің бұлай бұрмаланып кетуінің басты себебі, бұл қанды оқиға халықтың назарын аудара алмады. Денис Тен өлімі кезінде тұтас елді дүрліктірген қазақстандықтар Жасұлан қазасы кезінде жұмған ауыздарын ашпады. Құқық қорғау органдарынан қылмыскерлерді қатаң жазалауды мүлде талап еткен жоқ. Ащы болса да шындық, біздің елде кімнің іздеушісі бар соның сөзі сөз. Әйтпесе ұқсас жағдайда кісі қолынан ажал құшқан екі спортшының оқиғасы екі түрлі өрбімес еді ғой.

Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, екі қанды оқиғаға да тұрмыс тауқыметінің қатысы бар. Екеуінде де елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен қылмыс туындаған. Алғашқысында, қоғамнан өзіне сай орны мен жолын таба алмаған жас жігіттер жаза басып ұрлыққа барған. Ұрлығын жасыру үшін адам өлтіріп алған. Ал екіншісінде ұшан-теңіз байлықтың үстінде отырып аз ғана халыққа көмір жеткізе алмай отырғанымыз байқалады. Соңғы жылдары қыс маусымы бастала бере көмір тапшылығын көріп жүрміз. Алып-сатарлар көмір бағасын шарықтатып жібертіні де жасырын емес. Осындай мәселелерді шеше алмасақ қылмыс пен қарақшылықтың жойылуы мүмкін емес.

Қуаныш Қаппаc

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594