Жұма, 29 Наурыз 2024
Біздің шенеунік 11225 9 пікір 26 Ақпан, 2019 сағат 16:20

«Әкесіне» сенген Сағынтаев қызметсіз қала ма?

Кеше Президенттің төңірегіне топтасқан қыз-жігіттер (жасартып айттық) өзара қызмет алмастырып, кезекті рет рокировкалық жүріс жасады. Президент ұсынған адамдарды Мәжіліс дауға келмей мақұлдап отырып, бас-аяғы 2-3 сағатта ескі кадрлардан құралған жап-жаңа Үкімет жасақталып шыға келді.

Ақордасы бар Астанадағы ауыс-түйіс туралы әркім әртүрлі жазып жатыр. Әзіл-шыны аралас пікірлер айтылуда. Біз де шама-шарқымызша сөз шығындап көрейік, ендеше...

Әуелі Сағынтаевтан бастайықшы. Ол Үкіметтің тізгінін 2016 жылдың қыркүйегінде ұстады. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі 10-шы адам еді, Үкіметті басқарған. Оның алдында премьер креслосында Мәсімов дейтін мұртты ағай отырған.

Бақытжан Әбдірұлы Үкіметке келгенде көп қазақтың іші жылып, Үкіметтен үзілейін деген үміті қайта тұтанғандай болған. Президенттің қатал сынынан кейін бір-ақ күнде қызметінен кетті. Жұрт Сағынтаев Үкіметін – «көп балалы аналар кетірген Үкімет» деп бағалауда. Болжауға бейімі барлар Бақытжан Әбдірұлының ендігі барар жері – Мемлекеттік хатшылық дейді. Оны да көре жатармыз. Мемхатшы министр болып, оның креслосы босаған соң, Президенттің адал жасағындағы жақсы адам жұмыссыз қалмайтын да шығар...

Жұрт алдында екі-үш жылдық жұмысын түкке алғысыз етіп сынаған Президент, кейін сол Сағынтаевты «іскер, адал жігіт» деп мақтады. Ал қызметінен алынған Сағынтаев та қарап отырмады.  Іле-шала Елбасына алғыс айтты, мемлекеттің негізін қалаған көреген көсем, бүкіл ұлттың әкесіне теңеді. Осыдан кейін де «әкесіне» сенген Сағынтаев қызметсіз қала қоймас, сірә...

Осы жерде бір қызық деректі айта кетейік, бүгін қызметіне кіріскен Асқар Мамин Қазақстанның 11-Үкімет басшысы. Бұған дейін ешбір партияға мүше емес бір ғана адам, Сергей Терещенко премьер болса және екі адам Әкежан Қажыгелдин мен марқұм Нұрлан Балғымбаев Қазақстанның халық бірлігі одағынан премьерлікке отырған. Ал 1999 жылдан бастап Қазақстан Үкіметін бұрынғы «Отан», қазіргі «Нұр Отан» партиясының өкілдері басқарып келеді. Иә, 11 премьердің 8-і биліктегі доминант партияның өкілі.

Мамин қазақша ежіктеп сөйлейтіндердің категориясынан

Мамин деп қалдық қой. Президент бұрынғы Үкіметті таратып, уақытша Үкіметті Асқар Мамминге бергенде-ақ, жұрт Асекеңнің осы қызметте тұрақтап қалатынын білді.  Маминге мінездемені екі ауыз сөзбен берейік те, әрі қарай жылжыйық...

Біріншіден, Мамин де қазақ тілінде, мемлекеттік тілде ежіктеп сөйлейтіндердің қатарында. Оны бүгінгі Үкіметтің онлайн отырысынан өздеріңіз де естіп, көрген боларсыздар...

Екіншіден, Маминнің мінездемесін Президенттің өзі берді. «Ширек ғасырдан бері қасымда келе жатыр» деді. Ол рас. Ширек ағсырдан бері Президентпен бірге келеді. Түрлі қызметте болды. Астана әкімдігінде «стажировкадан» өткен. Әуелі кіші әкім, сосын әкім болды. Бірнеше министрлікте кіші министр болған. Министр де болып көрген. Сағынтаев Үкіметі жасақталғанда Бәкеңнің бірінші орынбасары болды. Сөйтіп жүріп, міне, Бәкеңнің өзін ығыстырып шығарды.

Асекең аз күнде жасақтаған Үкіметте ескі кадрлар ғана емес, жаңа адамдар да баршылық. Жұрттың күдікті көңілін жұбатар жағымды жаңалық та сол. Барлық министрге мінездеме бермесек те, бірқатарын сөз етейік деп шештік.

Президент айтты. Смаилов отырды

Қазақстанның бас қаржыгері Әлихан Смаилов болды. Сұлтанов Астанаға әкім болып ауысқанда, оның орнына осы Смаилов келген еді. Келгеніне де жыл тола қоймады. Өткенде, Үкімет жиынында Президент дәл осы Смаилов үшін өзге министрлерді орнынан тұрғызып, Әлекеңді алдыңғы орынға отырғызған.

«Қаржы министрі? Қаржы министрі үстелдің шетінде отырмау керек. Оның орны вице-премьерден кейін. Қаржы министрі әдетте премьер-минситрдің орынбасары болып саналады, деген еді Президент. Солай болды да. Смаилов «сразу» кіші премьер, премьер болғанда да бірінші орынбасар болып шыға келді.

Атамқұлов, Абаев, Ермекбаев, Тұрғымбаев, Бекетаев, Біртанов, Мұхамадиұлы, Бозымбаев, Жұмағалиевтер өз қызметтерінде қалды. Абаев пен Жұмағалиевтің министрлігі қайта жасақталды демесеңіз, әрқайсысы өз қызметтерін жалғастыра береді. Жә, олардың жұмысының кем-кетігі мен жетістіктері туралы, анау Бекетаев деген министрдің қазақша қақпайтыны туралы, тағысын тағы күнделікті жазылып жүр ғой. Қайталап жатпайық...

Екі-кештің арасында тағайындалған жаңа Үкіметтің су жаңа министрлері 4 адам. Солар туралы сөз етейік деп шештік.

Әбілқасымова әлек болған министрлікті енді Сапарбаев басқарады

Әуелі Сапарбаев туралы айтайық. Бердібек Машбекұлының Үкіметке қайта келуі көптің көңілін жұбатты, рас. Шүрегей тілді Үкіметтегі қазақы мінезді қалыпты адам ғой. Кемшілігі де жоқ емес. Сапарбаев саясаттағы шаруашылықтың адамы. Бұл да жұртшылықтың пікірі.

Сапарбаев келді. Келді де басқа-басқа емес, Әбілқасымова дейтін әйгілі «әй-әй» қызды алмастырды. Қыз ба, келіншек пе, Құдай білсін, әйтеуір сол Мәдинаның енді қайда баратыны ешкімді қызықтырмайтыны да түсінікті. Кеткен Үкіметтегі ең жағымсыз обзардардың бірін дәл осы Мәдина қыз қалыптастырды. Оған ән де арналды. Әрине, кекесін ән.

Мәдина «әй-әй» қыз. Әшекейлі қыз. Бағасы бәленбай долларлық қымбат киімдерге әуес қыз. «Форбс» дейтін бай-бағландар басылатын журналдарға шыққан. Кешегі ашынған аналарды алаңға шығарған да осы Әбілқасымованың әйдік сөзі болды. Еске түсірейікші...

«Әр анаға ай сайын 16 мың 160 теңге жәрдемақы төленіп отыр».

«Биыл инфляцияның орташа дәлізі бес пайыз және соған байланысты жәрдемақы көтерілді. «Күміс алқа», «Алтын алқа» медальдары бар көпбалалы аналарға өмір бойы ай сайын жәрдемақы беріледі. Басқа елдерде мұндай жоқтың қасы. Ресейде ана капиталы бар. Бізде, егер барлық жылдарды санайтын болсақ, бірнеше миллион теңге шығады».

Әбілқасымова өзі басқарған министрліктің шаруасын қанша жерден мінсіз атқарса да, ол жұрттың есінде осы бір ора-шолақ сөздерімен қалары анық.

«Әр анаға 16 мың беріледі. Мұндай ешбір мемлекетте жоқ» дегенді ұялмай-қызармай айтқан министр Мәдина қыз көп балалы аналардың ашуына тиді. Ақыры аналар алаңға шықты. Әр қалада көп балалы аналар әкімдіктерге шағымданды. Министр қыздың қызметінен кетуін талап етті.

Аяғы не болғанын өздеріңіз де білесіздер. Сапарбаев келді. Әбілқасымова әлек болған министрлікті енді Сапарбаев басқарады. Нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз...

Балмұздақ сатқан министр кетіп, мұғалім болған министр келді

Кеше тағайындалған су жаңа министрлердің біреуі – Күләш Шәмшидинова. Ол «атақты» Сағадиевті алмастырды. Анығында балмұздақ сатқан министр кетіп, мұғалім болған министр келді.

Күләш Шамшидинованың дәл осы қызметке келуі кешегі ауыс-түйістің жағымды тұсы болса керек, әлеуметтік желіде Шәмшидиноваға жылы пікір білдіруішілер аз емес.

Күләш Шәмшидинова. Бұл кісі қарапайым мұғалім, мектеп директоры, білім басқармасы басшысынан бастап, білім саласындағы барлық лауазымда отырған, вице-министр де болған, бұл салада тәжірибесі жеткілікті, білімді, таза қазақ тілді адам.

Жаңа министр - Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрушысы, директорлар кеңесінің төрайымы. Сондықтан Аслан Сәрінжипов бастап, Ерлан Сағадиев былықтырып кеткен министрліктің жұмысына мазмұн бере алатын адам болса керек деп болжадық.

Қанша дегенмен балмұздақ сатқан адамнан гөрі, білім саласын ішінен білетін адам ғой...

Шәмшидинова апай Сағадиевті алмастырды. Енді осы Сағадиев туралы аз-кем сөз шығарайық.

Сағадиев жұрттың есінде несімен қалды?

Байтұрсыновтың әліппесін алып тастаған да – Сағадиев. Мектептерге үштілділікті енгізген де – Сағадиев. Бірінші сыныптан бастап балаларға ағылшын тілін оқытқан да – Сағадиев. Бір күнделікті азсынып, электронды күнделікті қосамжарлап берген де – Сағадиев. Шетелдіктер білім саласына салған инвестицияны тауысқан да – Сағадиев. Қазақстан географиясы мен тарихын алып тастаған да – Сағадиев. Нөлінші сыныпты енгізген де – Сағадиев. ҰБТ-ны екі рет тапсыртуды ойлап тапқан да – Сағадиев. Депутатпен дебатқа шықпай қойған да – Сағадиев. Қайсы бір жылы Панама оффшорынан ақшасы табылған да – Сағадиев.

Айта берсек бүгін бітпеспіз. Осы жерден тоқтайық. Міне, академик Сағадиевтің министр баласы елдің есінде осы істерімен қалды. «Сағадиев отставкаға кетсін» деген сөз жыл сайын айтылады.

«Мұндай арандатушы сұрақтар қоймаңыздар. Оны шешетін Президент. Президент айтса кетемін» деген. Ақыры кетіп тынды. Ол Білім және ғылым министрлігіне 2016 жылы ақпанда келген.

Сағадиев басқаратын министрлік ЖОО-дағы мамандықтар жіктеуішінің жаңа жобасын қолға алғалы бері, оған қатысты дау ұлғайып барады деп дабыл қақтық. Атынан ат үркетін бір топ академик «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Түркология» сынды бірнеше мамандықтың алынып тасталғанын айтып, үкіметке хат та жолдады.

Міне, солай... Министр болған Сағадиев қазақшаға сақау еді. Сөзжарыстан қорқатын. 2016 жылы академик Кенжеғали Сағадиев Елбасының қабылдауында болып, артынан тұп-тура 1 апта өткен соң, кіші Сағадиев министр болып тағайындалған еді. Ара-тұра Президент арқасынан қаққанға мәз болып отыратын. Енді міне, қызметінен бір-ақ күнде босап қалды. Осымен тәмәм...

Роман Скялр

Кеше ғана министр болған тағы бір адам – Роман Скялр деген сойы бөлек, сорты басқа жігіт. Ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды. Оның кандидатурасын Мәжіліс мақұлдады.  Склярдың еңбек жолын қарадық. Тәжірбиесіз адам емес екен. Павлодарда әкімнің орынбасары болған. Әкімнің бас инспекторы болған. Одан Астана әкімдігіне ауысқан. Ол жерде бірнеше департаментті басқарған. Сөйтіп жүріп, Павлодар облысына ауысыпты. Онда да облыс басшысының орынбасары болған.

2011 жылы ҚР Транспорт және коммуникациялар министрлігінде кіші министр қызметін атқарған. «Қазақстан Темір Жолында» кіші президент болған. Бұдан бөлек тағы бірпнеше министрлікте кіші министр қызметінде жүрген.

Сапархан Омаров

Ескі Үкіметтегі Өмірзақ Шөкеевтің орнына су жаңа министр Сапархан Омаров келіп қонжиды. Ол ауылшаруашылық министрлігін басқарады.

Бұл азамат бірнеше жыл депутат болған. Президент әкімшілігінде де қызмет еткен. Территориялық-ұйымдастыру жөніндегі және Мемлекеттік бақылау бөлімінде инспектор болыпты. Республикалық есеп комитетінде де қызмет еткен. 2014-2016 жылдар аралығында Ауыршалуашылық министрлігінде кіші министр болған. Президенттен Алғыс хат алған адам.

Руслан Дәленов

Асқар Мамин тізгінін ұстаған министрліктің тағы бір жаңа министрі – Руслан Дәленов дейтін азамат. Сырттай білетіндер, қазақы мінезді азамат дейді. Міне, сол жігіт енді ҚР Ұлттық экономика министрлігін басқаратын болады.

Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін біледі екен. Қаржы саласында қызмет еткен. Қаржы министрлігінде кіші министр болған. Одан кейін экономика министрлігінде де кіші министр қызметін атқарған.

Түйін. Жалпы осы. Айтпақшы, сөз соңында су жаңа жасақталған Үкіметтегі азаматтардың жас категориясына да назар аудара кеткенді жөн деп таптық.

Асқар Мамин – 53 жаста

Әлихан Смаилов – 46 жаста

Жеңіс Қасымбек – 43 жаста

Гүлшара Әбдіқалықова – 53 жаста

Бейбіт Атамқұлов – 54 жаста

Нұрлан Ермекбаев – 56 жаста

Ерлан тұрғымбаев – 56 жаста

Дәурен Абаев – 39 жаста

Марат Бекетаев – 41 жаста

Елжан Біртанов – 47 жаста

Арыстанбек Мұхамадиұлы – 56 жаста

Қанат Бозымбаев – 50 жаста

Асқар Жұмағалиев – 46 жаста

Бердібек Сапарбаев – 66 жаста

Роман Скляр – 47 жаста

Сапархан Омаров – 50 жаста

Күләш Шәмшидинова – 60 жаста

Руслан Дәленов – 44 жаста

Жәй, әншейін. Біле жүріңіздер... Сонымен Асқар Мамин командасы жасақталды. Дегенмен күні ертең «Нұр Отан» партиясының кезекті сьезі өтеді. Келер жылы Президент сайлауы болады. Саясаткерлер сол сайлаудың биыл өтетінін болжайды.

Қалай десек те, Президент сайлауынан соң, Үкімет автоматты түрде таратылады. Сөйтіп, жаңа Үкімет жасақталады. Демек, Асекеңнің командасын уақытша Үкімет категориясына жатқызуға әбден болады. Яғни, жаңа жасақталған команды үшін сайлауға дейінгі мерзім – сынақ мерзімі. Қысқаша осы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593